Абенбаев С. ТЖТӘ, 2016. Оқулық (1). Алматы 2016 Бл ебегімді азастанны педагогика ылымына танымал, крнекті педагогалым, педагогика
Скачать 0.6 Mb.
|
Мұғалім- педагогикалық процестің субъектісі. Өйткені ол мектептегі тәрбие мен оқыту жұмысын іс жүзінде жүзеге асыратын бірден-бір тұлға. Г.Лихтенберг «Ана сүтін дене үшін табиғат әзірлейді, рух үшін оны біздің мұғалімдер әзірлейді» деп, мұғалімдердің бала тәрбиесіндегі жетекші рөліне аса мән береді. Сынып жетекшісі– оқушылардың сабақтан тыс тәрбие жұмысын ұйымдастыру, үйлестіру және өткізумен айналысатын педагог және мектептің тәрбие жүйесіндегі бірден-бір басты тұлға. Әлеуметтік педагог – балалар және үлкендермен әлеуметтік-мәдени және отбасы-тұрмыстық салада жұмыс істейтін арнайы маман. Оның құзыретіне жатады: -оқушылар немесе тәрбиеленушілердің тұрғылықты мекен жайында, мекемелерде тәрбие, білім беру, дамыту мәселелерін және олардың тұлғасын әлеуметтік қорғауда кешенді іс-шараларды жүзеге асырады; -оқушылардың тұлғалық ерекшеліктерін, олардың шағын ортасын, өмір сүру жағдайын зерттеп таниды; -оқушылардың қызығушылығын және қажеттілігін, қиыншылығы мен проблемаларын, дау-дамай жағдайын, мінез-құлқындағы ауытқушылықты анықтайды және өз уақытында оларға әлеуметтік көмек және қолдау көрсетеді; -оқушы тұлғасы мен мекеме, отбасы, орта, әртүрлі әлеуметтік мекемелердің мамандары арасында делдал (посредник) қызметін атқарады; -әлеуметтік педагогтардың жұмыстарының міндеттерін, формаларын, әдістерін, тұлғалық және әлеуметтік мәселелерді шешу тәсілдерін анықтайды, әлеуметтік қорғау және көмек көрсету бойынша шешім қабылдайды; -оқушылардың әлеуметтік белсенділігін дамытуға, әлеуметтік жобаларын және бағдарламаларын жүзеге асыруға бағытталған әртүрлі әрекеттерін, шараларды ұйымдастырады, оларды жасау және бекіту жұмыстарына қатысады; -әлеуметтік ортады гумандық, адами қарым-қатынас орнатуға ықпал етеді; -оқушыларға психологиялық комфорт және қауіпсіздік жағдай жасауға ықпал етеді, олардың өмірі мен денсаулығына қамқор болады; -жұмысқа, потранажға, орналасуына, баспанамен қамтамасыз етуге, пособья, зейнет ақы, ата-анасыз қараусыз балаларға және т.б. мәселелерге қатысты жұмыстарды жүзеге асырады; - (мұғалімдер, ата-аналар немесе олард алмастырушылар, әлеуметтік қызметкерлер, қайырымдылық қорларымен және т.б. балаларға қамқоршы болуға көмек көрсетуде өзара әрекеттеседі және т.б. Әлеуметтік психолог – педагог маман, оның міндетіне жатады: -балалар мен жасөспірімдердің психологиялық тұрғыдан денінің саулығы мен дамуының қамтамасыз етілуіне; -бала тұлғасының дамуына кедергі болатын жағдайларды анықтау; -балалар мен жасөспірімдерге психологиялық профилактика, психологиялық диагностика, психологиялық корекция, психологиялық кеңес беру және сауықтыру жұмыстарын жүргізеді. Мектеп әкімшілігі– қойылған мақсатқа сай білім беру мекемелері ұжымының әртүрлі әрекеттерін басқарушы және ұйымдастырушы педагогикалық әрекеттің субъектлері. Оқушылар – оқу-тәрбие әрекетінде, өзара қарым-қатынасында өздерінің қажеттіліктерін қанағаттандыруға талпынған белсенді әлеуметтік топ. Ата-аналар– баланың отбасын құрайтын ең жақын туыстары (әкесі, анасы). Олар баланы туған кезінен бастап тәрбиелейді, кәмілетке толып ержеткен шағына дейін рухани және материалдық жағдайының жақсы болуына қамқор болады. Күнұзақ тобының жетекшісі – бастауыш сынып оқушыларының сабақтан тыс кездерінде сабаққа даярлануы мен демалысын ұйымдастыратын арнайы педагог. Жұртшылық - бұл қоғамның құқықты мүшесі немесе заңды тұлғасы ретінде (қызметкерлер, жұмысшылар, еңбек адамдары, қоғам және өнер қайраткерлері, бұқаралық ақпарат өкілдері және т.б.) тіркелген бір немесе бірнеше адамдардың әлеуметтік тобы. Жұртшылық – бір-бірімен өзара тікелей қарым-қатынас жасамаса да белгілі бір ортақ мүдде жолында біріккен, алайда ресми түрде ұйымдаспаған топ, көпшілік қауым. Мектептің тәрбие жүйесін басқару (педагогикалық мененджмент) мектепішілік және мектептен тыс жағдайда жүргізіледі. Мектепішілік басқару – бұл негізінен мектеп көлемінде балалардың өзара бірлескен әрекеттерін және қарым-қатынасын, демалысын ұйымдастыру, жағымды психологиялық-педагогикалық күйді орнықтыру, оларға жан-жақты тәрбиелік ықпал ете отыра тұлға ретінде дамуына жағдай тудыру және т.б. Мектептен тыс басқару қосымша білім беру мекемелері тарапынан жүзеге асады. Мектептің тәрбие жүйесін басқаруда негізгі қызымет мектеп әкімшілігінің өкілі, бас педагог-тәрбиеші, балалардың сабақтан тыс уақытта тәрбие әрекеттерін ұйымдастырушы және бағыттаушы, сонымен бірге қадағалаушы директордың тәрбие жөніндегі орынбасарына жүктеледі. Оның жұмысының негізгі мақстаты – оқушылардың сабақтан тыс уақытында тәрбие жұмысының жүйесін құру, ұйымдастыру, оған басшылық жасау, үйлестіру. Бұл мақсатты жүзеге асыру келесі міндеттер арқылы атқарылады: 1) бала тұлғасын шексіз құндылық ретінде тану; 2) мектептің тәрбие жұмысының негізі ретінде гуманистік қатынасты орнату; 3) баланың тәрбиелік ортасын анықтау және құру; 4) мектеп оқушыларын тәрбиелеудің бағдарламасын құру; 5) тәрбие процесін ұйымдастыруда жаңа көзқарасты орнықтыру (жүйелік-құрылымдық, гуманистік, мәдени, ұйымдастырушылық-іс-әрекеттілік, тұлғалық бағдарлық, кешенділік және т.б.); 6) ұжымдық әрекетті ұйымдастыру, өзін-өзі басқару ұйымдарымен жұмыс; 7) оқушы тұлғасының тәрбиелік деңгейін анықтау және т.б. Мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасарының функционалды қызметіне жатады: аналитикалық-бақылау, ұйымдастыру-үйлестіру, әдістемелік, кіріктіру (интеграция). Аналитикалық-бақылау қызметін орындау барысында ол: а) мектептің тәрбие әрекетіне талдау жасайды; б) мектеп ұжымының даму сипатын, оқушылардың тәрбиелік деңгейін талдайды, сынып жетекшісімен «риск тобын» анықтайды; в) жалпы өлшем бойынша тәрбие жұмысының мазмұны мен сапасын анықтау үшін сынып жетекшілерінің жұмыстарына талдау және бақылау жасайды; г) мектеп бірлестіктерінің (үйірмелер, секциялар, студиялар және т.б.) жұмыстарына талдау және бақылау жасайды. Ұйымдастыру-үйлестіру қызметі барысында: а) мектепішілік әртарапты тәрбие әрекеттерін жоспарлайды және ұйымдастырады; б) сынып жетекшілері, күнұзақ топтарының тәрбиешілеріне, пән мұғалімдеріне, қосымша білім беру педагогтарына тәрбие жұмысының жоспарын құруға және үйлестіруге көмек көрсетеді; в) мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасарымен бірге пән мұғалімдерінің сабақтан тыс тәрбие жұмыстарын ұйымдастыруды үйлестіреді; г) мектептің оқушылардың өзін-өзі басқару ұйымдарының ұйымдастырады; д) әкімшілік, тәрбие ісі жөнінідегі әдістемелік бірлестік, сынып жетекшілерімен бірлесе педагогикалық кеңес және психология-педагогикалық консилиум дайындайды және өткізеді; е) қосымша білім беру педагогтарының жұмыстарын үйлестіреді. Әдістемелік қызметті орындау барысында: а) сынып жетекшілеріне, күнұзақ тобының тәрбиешілеріне, қосымша білім беру мекемелерінің педагогтарына сабақтан тыс шараларды ұйымдастыруға кеңес береді; б) сынып сағаттары, мерекелердің сценарилерін және мектептегі басқадай тәрбиелік шаралардың әдістемелік үлгісін таңдайды және жасайды; в) сынып жетекшілері мен қосымша білім беру мекемелерінің педагогтарының әрекеттерін бағалау өлшемдерін жасауға және бекітуге қатысады. Интеграциялық қызметті орындау барысында: а) бала тәрбиесінде мектеп пен әртүрлі тәрбие мекемелер және ұйымдарының өзара байланысын орнықтырады және бірлескен өзара әрекеттерін ұйымдастырады; б) оқушылармен тәрбие жұмысын ұйымдастыруда мемлекеттік ұйымдар және әкімшілікпен үнемі өзара байланысты жасап тұрады; в) ата-аналар белсенділері мен қоғамдық ұйымдарды бала тәрбиесіне ортақтастырады. Мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасарының құқы: 1) педагогикалық ұжымның жасаған теориялық концепциясы негізінде мектептің тәрбие жүйесін құруға қатысу; 2) мектепті басқаруға қатысу, шығармашыл және тәжірибелі педагогтарды сынып жетекшілігіне тағайындауға ұсыныс жасау; 3) сынып жетекшілерінің, тәрбиешілердің, педагог-ұйымдастырушылардың тәрбие жұмыстарын үйлестіру; 4) тәрбие жұмысында педагогикалық технологиялардың түрлерін таңдау және еркін пайдалану; 5) мұғалім-тәрбиешілерді аттестациялауға қатысу; 6) педагогтің кәсіби әрекетіне жағымды жағдай тудыруды талап ету (кәсіби біліктілігін үнемі көтеру; әдістемелік күнді орайластыру; жеке жұмыс бөлмесінің болуы; мектепте және мектептен тыс жұмыс уақыттарын өз бетінше жоспарлауға және т.б.); 7) төмендегідей өлшемдер негізінде тәрбие жұмысының субъектілеріне баға беруге: квалификациялық талаптарға педагог-тәрбиешілердің кәсіби сапасы мен деңгейінің сай келуі; педагог-тәрбиешілердің тапсырылған тәрбие жұмыстарына жауапкершілікпен, шығармашылықпен сапалы орындауы және т.б. Мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасарының міндеті: 1) балалардың денсаулығын, қызығушылығын және құқығын қорғау; 2) білім беру мекемелеріне қатысты нормативтік іс-қағаздарын білу; 3) педагог-тәрбиешілерге, ата-аналарға, оқушылар белсенділеріне тәрбие жұмыстарын ұйымдастыруға сай әдістемелік көмек көрсету; 4) ата-аналарды және жұртшылықты бала тәрбиесіне қатыстыру; 5) мектеп пен мектептен тыс тәрбие мекемелерімен, өндіріс орындарымен және шығармашылық ұжымдарымен оқушыларды тәрбиелеуде бірлесе әрекет ету үшін тығыз байланысты орнату; 6) мектепте жағымды моралдық-психологиялық климатты, ынтымақтастық қарым-қатынасты, педагогтар мен оқушылар ұжымында қайырымдылықты, ізгілікті орнатуға ықпал ету; 7) оқушылардың қосымша білім алу мекемелерінің жұмыстарын (үйірмелер, клубтар, балалардың бірлестіктері) мектептің оқу-тәрбие жұмыстарымен үйлестіріп отыру және т.б. Сынып жетекшілері бірлестігінің жұмыстары Сынып жетекшілерінің бірлестігі – мектептің әдістемелік жұмыстарының бірден бір көп тараған формасы ретінде педагогтардың кәсіби білімі мен біліктілігін көтеруге тамаша мүмкіндік береді. Әдістемелік бірлестіктің жұмысын даярлау, өткізу және ұйымдастыруға жетекшілік ету мектеп әкімшілігінің бекітуімен оның басшсы ретінде сынып жетекшілерінің ішінен педагогикалық ұжымда беделді, тәжірибелі және сыйлы педагог тағайындалады. Оның құзыретіне: әдістемеліктің жұмысын жоспарлау, оның мәжілісін даярлау және өткізу, оның жұмысының нәтижесін талдау, түзету енгізу және қорытындылау жатады. Мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасары оның жұмысына әдістемелік көмек көрсетеді. Мәселен, әдістемелік бірлестіктің жоспарын құру, сынып жетекшілерінің арасында тапсырмаларды бөлісу, баяндамалар әзірлеу, ашық тәрбие сағаттарын өткізу және кеңестер беру. Бірлестіктің жетекшісі ұйымдастыру жұмыстарына жауап береді, мәжілістің өтуі жайында хабарландыру, сынып жетекшілерін, қонақтарды, баяндамашыларды оның жұмысына қатысуға шақыру және т.б. Әдетте бірлестіктің мәжілісі аз дегенде тоқсанда 1 рет өткізіледі. Әдістемелік жұмыстың жетекшісі оның жұмысын жоспарлауда ең алдымен келесі міндеттерді анықтауы қажет: -мектептің тәрбие жұмысының нәтижелілігін көтеру және жетілдіру; -сынып жетекшілеріне тәрбие процесінің жаңа педагогикалық технологиясын меңгеруге көмектесу; -педагогтардың жеке қабілеттерін ескере отыра олардың шығармашылық потенциалын көтеру; -педагогтарға оқушылармен тәрбие жұмысын ұйымдастыруда іс жүзінде практикалық көмек көрсету және т.б. Сынып жетекшілерінің бірлестігі жаңа оқу жылына тәрбие проблемаларын анықтайды және мәжілісітің отырысында оның кейбір аспектлерін талдайды. Нәтижесінде әдістемелік бірлестік талдап алынған проблемалардың мазмұны мен оны жүзеге асырудың әдістемесіін анықтайды, бір-бірінің тәжірибесімен танысады, бірыңғай педагогикалық стратегияны жасайды. Әдістемелік бірлестіктің мәжілісінде жоспарланған тақырыптар бойынша 2 немесе 3 сұрақтар талқыланады, қорытындысында белгілі бір ұсыныстар әзірленеді. Бұған қосымша жаңа әдістемелік әдебиеттер және педагогика ғылымының жетістіктері талқыланады, күнделікті жұмысқа қатысты мәселелер қарастырылады. Сондай-ақ, сабақтан тыс ашық тәрбиелік шаралардың нәтижесі де талқыланады. Әдістемелік бірлестіктің мәжілісінің шамамен алынған үлгісі. 1.Әдістемелік бірлестіктің жетекшісінің мәжілістің мақсаты мен қаралатын проблемалары және оның күн тәртібі бойынша сөзі. 2.Мәжілістің күн тәртібіне байланысты сөйлеушілердің сөзі. 3.Мәжіліске қатынасушы сынып жетекшілерінің қаралып отырған мәселеге қатысты сөзі, тәжірибе алмасуы. 4. Жаңа әдістемелік әдебиеттерге шолу жасау. 5.Ұсыныстар әзірлеу. 6.Күнделікті жұмыстарды талқылау. 7.Қорытынды. Шешім шығару. Бақылау сұрақтары 1.Мектептегі тәрбие жүйесі мектептің біртұтас әлеуметтік-педагогикалық құрылымы дегенді қалай түсінесіз? 2.Мектеп дамушы және өзін-өзі дамытушы тәрбие жүйесі ретінде деген көзқарасқа келісесіз бе? 3.Мектептің тәрбие жүйесін құру мен басқарудың қажеттілігі неде? 4.Не себепті мектеп сыныбы тәрбие жұмысы жүйесінің бастапқы өзегі ретінде қарастырылады? 5.Мектептің тәрбие жүйесін ің субъектісі ретінде сынып жетекшісі қызметін тағайындау қажеттілігі қандай? 6.Мектептің тәрбие жүйесінде мектеп психологы, әлеуметтік педагог, күнұзақ тобының тәрбиешісі және мектептегі басқадай бірлестіктердің қызметінің маңызы қаншалықты? 1.4. Сынып жетекшісі, оның тәрбие жұмысын ұйымдастыру қызметі. Сынып жетекшісі институтының қалыптасу кезеңдері 1.4.1. Сынып жетекшісі, оның міндеттері мен жұмысының ерекшелігі Мектеп өмірінде мұғалім - басты тұлға. Мектеп мұғалімі балаларды оқытып қана қоймайды, сонымен бірге оларды тәрбиелейді. Ол белгілі бір сыныпта оқушылардың оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастырушысы әрі ұстазы, ақылшы-кеңесшісі болып саналады. Сондықтан да ол қиын да әрі жауапты міндетті атқарады. Соған қарамастан мұғалімдердің кейбіреуі бұл міндетті өздерінің білім беру қызметіне қосымша іс ретінде санаса, ал басқалары оны өздерінің негізгі педагогикалық әрекеті ретінде қарастырады. Дегенмен, сынып жетекшісінің тәрбиелік қызметі қаншалықты қиын болғанымен де, әрине ол балаларға өте қажет. Себебі, мектеп құрылымындағы ең негізгі буын ол – сынып. Мұнда оқушылардың таным әрекеті ұйымдастырылып, олардың өзара әлеуметтік қатынастары қалыптасады. Балалардың болашақ әлеуметтік жағдайға бейімделуі, олардың демалысына қатысты мәселелері, алғашқы ұжым болып қалыптасу дәрежесі, соған сәйкес сыныптың моральдық-психологиялық жағымды көңіл-күй жағдайы жүзеге асырылады. Сынып жетекшісі – ол оқушылардың сыныпта және сыныптан тыс оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастырушы және мектептің тәрбие жүйесінің субъектілерінің (мұғалімдер мен оқушылар, мектеп әкімшілігі мен ата-аналар және жұртшылық)өзара бірлескен тәрбиелік әрекетін үйлестіруші басты тұлға. Оны мектеп әкімшілігі мектептің педагогикалық кеңесінің шешіміне сай тағайындайды. Ол белгілі бір сыныпта тәрбие жұмысын ұйымдастырады және ынтымағы жарасқан оқушылар ұжымын құрады, сол сыныпта жұмыс істейтін пән мұғалімдерінің тәрбие әрекеттерін үйлестіреді және ата-аналар мен жұртшылықты бала тәрбиесіне ортақтастырады. Оған тікелей балалардың өмір сүруі және оқу-тәрбе жағдайын қамтамасыз ету жауапкершілігі жүктеледі. Олай болса, сыныпта оқушылардың оқу-тәрбие әрекетін ұйымдастыру, сыныптан тыс тәрбие жұмыстары мен тәрбиелік шаралардың ықпалын үйлестіру тек сынып жетекшілеріне жүктеледі. Ол оқушыларға қатысты мектеп өміріндегі мәселелерді шешуде нақтылы көмектесуге және оларды тартымды әрі қызық ұйымдастыруға тырысады. Оған К.Д.Ушинскийдің «...тәрбиешінің жеке басының жас жанға ететін ықпалы оқулықтармен де, жақсы әдет-ғұрыпты құлаққа сіңіретін уағызбен де, жазалау және мадақтау жүйесімен де ауыстыруға көнбейтін тәрбиелеушілік күшке ие» деген тағылымдық мәні зор пікірі дәлел болмақ. Бұған қосымша Д.И.Менделеевтің «Мұғалімнің бүкіл мақтанышы – шәкірттерінде, өзі шашқан ұрпақтарының өсіп-өнуінде» деген мұғалім мамандығына қатысты пікірі және Я.Корчактың «Өзін тәрбиелей білмеген, өзгені де оңдырмайды» деген ұстанымы сынып жетекшісінің жеке басының тәрбиелік сапасына да айырықша маңыз берілгендігін байқаймыз. Сынып жетекшісі жұмысының негізгі мақсаты – өмір сүріп отырған қоғам талабына сай мектеп оқушыларын саналы және белсенді, іскер, қоғамшыл, ұлтжанды азамат етіп тәрбиелеуге, нәтижесінде тұлға ретінде қалыптасып дамуына барынша ықпал жасау, оған бүткіл жұртшылықты тарту. Сыныптағы әрбір жеке тұлғаның ғылыми дүниетанымының қалыптасуын, адамгершілік қасиеттерін, еңбекке деген сүйіспеншілігін қамтамасыз етіп, жан-жақты жарасымды дамуына жағдай туғызу. Сондықтан оның жұмысының мазмұны мен тәрбиелік шараларының бәрі осы мақсатқа бағытталуы тиіс. Атап айтқанда тәрбиенің негізгі салалары: ақыл-ой, адамгершілік, эстетикалық, еңбек және дене тәрбиесіне т.б. тәрбие міндеттерін мектеп пен сыныптың нақтылы өмір жағдайларына байланысты қарастыру. Сынып жетекшісінің міндеті - сан алуан. Сол себепті ол жүргізетін тәрбие жұмысы өзінің педагогикалық-психологиялық мазмұны жағынан өте күрделі әрі көп ізденісті талап етеді. Сынып жетекшісі жұмысының негізгі міндеттері: 1. Сыныптағы оқушылардың талап-тілектері мен мүдделерін және олардың жеке басының ерекшеліктерін жан-жақты зерттеп білу. 2. Сыныптағы оқушылардың не нәрсеге бейімділігін анықтап, оларды ынтымағы жарасқан, белсенді, саналы ұжымға ұйымдастыру. 3. Сыныптағы пән мұғалімдері мен мектеп әкімшілігінің және оқушылардың ата-аналарының балаға жасайтын тәрбиелік ықпалын үйлестіру, оқушыларға қоятын педагогикалық талаптардың бірлігін қамтамасыз ету. 4. Тәрбие үрдісінде мектептің, отбасы мен жұртшылықтың тығыз қарым-қатынасын қамтамасыз ету. 5. Оқушылардың ата-аналарымен үнемі байланыс жасап, отбасындағы бала тәрбиесіне байланысты педагогикалық оқу, насихат жұмыстарын жүргізу. 6. Оқушыларды тәрбиелеуде сыныптан және мектептен тыс түрлі бағытта тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру. 7. Тәрбие мен өзін-өзі тәрбиелеудің бірлігін қамтамасыз ету. 8.Тәрбие қызметінің тұтастығын, жүйелігін, тәрбиелік шаралардың бірлігін қамтамасыз ету. 9.Тәрбиенің негізгі бастауы - ұлттық тәлім-тәрбиені сынып жетекшісі қызметінің маңызды бір саласы ретінде қарастыру т.б. Ол үшін: сыныпта жұмыс істейтін басқа пән мұғалімдермен бірге оқушыларды мектеп Ережесіне сай тәрбиелеу; оқушылардың танымдық қызығушылығы мен қабілеттерін дамыту, олардың оқу үлгерімін көтеру және кәсіптік бағдар жұмыстарын жүргізу; оқушылардың денсаулығын қорғау және дене бітімінің дұрыс дамуына қамқор болу; оқушылармен бірге оқудан тыс түрлі бағытта тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру; оқушылардың қоғамдық пайдалы істері мен балалар ұйымдары және бірлестік жұмыстарына педагогикалық тұрғыдан көмек көрсету; бала тәрбиесінде оқушылардың ата-аналарымен тығыз қарым-қатынас орнату және олармен педагогикалық ағартушылық жұмыстар жүргізу т.с.с. Сынып жетекшісінің негізгі міндеттерімен толығырақ таныс болу үшін ССРО ағарту министрлігінің «Класс жетекшісінің жұмысы туралы» (1975) методикалық хатпен, жалпы білім беретін орта мектептердің Жарғысымен және т.б. көптеген құжаттармен таныс болу қажет. Олардың тізімі әдебиеттер бөлімінде көрсетілді. 1.4.2. Сынып жетекшісінің педагогикалық қызметі Сынып жетекшісінің педагогикалық әрекетінің мазмұны және тәрбие жұмысын ұйымдастыру әдістемесі оның жан-жақты педагогикалық қызметі арқылы анықталады. 1. Педагогикалық және әлеуметтік-гуманитарлық қызметі. Оның бұл қызметі балаға барлық бағытта көмектесу: әлеуметтік қалыптасуы мен дамуына жағдай тудыру; тұлғалық өзекті мәселесін шешу; әлеуметтік өмірге араластыру; өз бетінше өмір сүре білуіне көмектесуге бағытталған. Баланың отбасымен, тәрбиенің басқа да мекемелерімен өзара тығыз байланыс орнату. Рухани-адамгершілік және рухани-эстетикалық мәдениетін қалыптастыру және т.б. 2. Ұйымдастырушылық қызметі. Тәрбие процесін ұйымдастыру. Балалардың орынды талап-тілектерін қолдай отыра, ынтымағы жарасқан, саналы да белсенді әрі іскер сынып ұжымын қалыптастыру. Олардың танымдық, шығармашылық, еңбек, эстетикалық әрекеттерін және демалысы мен еркін қарым-қатынасын ұйымдастыру. Сыныптағы өзін-өзі басқаруды дамыту. Тәрбиелеуші ортаны қалыптастыру. 3.Оқушылардың жалпы әрекетін басқару және әдістемелік қызметі. Оған: диагностикалық, мақсатқоюшылық, жоспарлау, болжам жасау, жобалау, талдау жүргізу, бақылау және түзету (коррекция) енгізіп отыру қызметтерін жатқызуға болады. Диагностикалық қызметі сыныпта оқу-тәрбие процесін нәтижелі ұйымдастыру үшін, оның жетекшісі оқушылардың тәрбиелік деңгейі мен сапасын анықтап отыруы, соған сәйкес олардың тұлғалық және жеке-дара қабілеттері мен мінез-құлық ерекшеліктерін зерттеуі, оған талдау жүргізуі; сыныптағы келеңсіз жағдайдың себебін анықтап, оны болдырмаудың тәсілдері мен жолдарын және т.б. қарастыруды көздейді. Сынып жетекшісі осындай жұмыстарды атқару барысында, біріншіден, өзінің педагогикалық әрекетінің нәтижесін көре алады. Екіншіден, диагностикалық зерттеу жұмысының нәтижесін талдауда, оны баланың жеке тұлғасын қалыптастыру және дамыту құралына айналдыру мүмкіндігіне ие болады. Бұл процесс оқушылардың жас және дара ерекшелігімен сынып ұжымының қалыптасу дәрежесіне байланысты жүзеге асады. Тәрбие жұмысында сынып жетекшісі диагностикалық зерттеу жұмысының нәтижесіне сүйеніп, оның мақсатын анықтайды. Сынып жетекшісінің мақсатқоюшылық қызметі тәрбие жұмысын жоспарлауда көрініс табады. Жоспарлау – бұл сынып жетекшісінің педагогикалық және сынып ұжымының оқу-тәрбие процесіндегі әрекеттерін нәтижелі ұйымдастырудағы маңызды әрекеті.Жоспардың қызметі – балаға жасайтын педагогикалық ықпалды жүйеге келтіру, педагогикалық талаптарды орындаудың біртұтастығын қамтамасыз ету, ондағы белгіленген тәрбие шараларының бірізділігі мен басқару тиімділігін арттыруды көздейді. Жоспарлау - мақсатқа жетудің бірден-бір негізгі жолы. Тұлғаны тәрбиелеуде оның ертеңгі қуаныш күнін, болашағын болжау, оны жобалаудың да маңызы ерекше. А. С. Макаренко адамдағы жақсы қасиет әркезде оны жобалау арқылы келетіндігіне үнемі назар аударады. Сол секілді В. А. Сухомлинский де «тәрбиені ғылыми тұрғыда алдын ала болжамау, онда ол қарапайым көрініске: тәрбиеші – сауатсыз күтушіге, педагогика – балгерлікке айналар еді. Онсыз тәрбиедегі, біріншіден мақсаттылықтың, екіншіден, тіпті тәрбие процесінің өзі де болмаған болар еді» – дейді. Сондықтан, тәрбие процесінің нәтижесін алдын ала жобалау, болжау сынып жетекшісі қызметінің маңызды бір буыны болып есептеледі. Сол секілді сынып жетекшісінің оқушылардың оқу және тәрбие процесіне бақылау жүргізіп және оған түзету енгізіп отыруы – бұл оның нәтижесін, сапасын қадағалауға мүмкіндік береді, оны үнемі жетілдіріп отыруды қамтамасыз етеді. Бақылаудың нәтижесіне талдау жасау барысында сынып жетекшісі, қажет болған жағдайда балалар ұжымына немесе жекелеген оқушылардың әрекеттеріне түзету енгізуді жүзеге асырады. Дегенмен де, сынып жетекшісінің оқу-тәрбие процесінің нәтижесін бақылауы және түзету енгізіп отыру қызметі тек оқушылармен және пән мұғалімдерімен бірлескен жұмыстары барысында ғана нәтижелі болады. Сынып жетекшісінің жоғарыда көрсетілген педагогикалық қызметі, оның педагогикалық әрекетінің мазмұнын анықтайды. Қазіргі мектепте сынып жетекшісінің қызметіне қатаң қойылған регламент жоқ. Ол өзінің ұстанымын өзі таңдайды, тәрбиенің мазмұны мен құралдарын өзі таңдайды, оқушылармен гуманистік қарым-қатынасты орнату бағытын өзі белгілейді. Оның табысты болуы, негізінен сынып жетекшісінің қойылған мақсатқа сай өзінің педагогикалық әрекетінің түпкі нәтижесін алдын-ала жақсы көре, болжай, сезіне білсе ғана мүмкін болады. Соңғы 80-90 жылдары сынып жетекшісі қызметінің шамадан тыс артуы белең алды. Ол, бір жағдайда, барлық жерде балалар ұйымы /октябрят, пионер, комсомол/ жұмысының тоқталуымен байланысты болса, ал екінші жағдайда, көптеген мектептен тыс балалар мекемелері қызметінің ақылы жүйеге ауысуы да тәрбие жұмысына кері әсерін тигізді. Соған орай, мүмкіншілігі жоқ кейбір балалар тобы, оның қызметін көре алмауда. Бұл сынып жетекшілері үшін де қосымша жұмыс болып есептелінді. Оның орнын толтыру, ендігі жерде сынып жетекшілерінің басты мәселесіне айналды. Сондай-ақ, қазіргі қоғамда ғылымның, техниканың, өндірістің, мәдениеттің жоғары дамуы тәрбие жұмысының мазмұнын қыйындатуда және оған қойылатын талаптар да артуда. Бұған қосымша қоғамды демократияландыру жағдайы да мектептің сипатын, мазмұнын, тәрбиелік іс-әрекеттің формасын және оны басқару стилінің өзгеруіне де өз ықпалын тигізуде. Мұндай жағдай, сынып жетекшілері және пән мұғалімдерінен мектептің оқу-тәрбие жұмысына шығармашылықпен, ізденпаздықпен қарым-қатынас жасауы, оны ұйымдастыруда жаңа бейдәстүр формаларды көптеп ендіру қажеттілігін күшейтіп отыр. 1.4.3. Сынып жетекшісі институтының тарихи қалыптасуы мен жұмысының ерекшеліктері Дұрыс тәрбие - балаға өмір бойы азық. Сол дұрыс тәрбиені ұйымдастыратын басты тұлға - мектептегі сынып жетекшісі. Кеңес өкіметі орнағанға дейін патшалық Ресейдегі оқу мекемелерінде арнайы тәрбие жұмысын ұйымдастырушылар болмады. Ол тек ХІХ ғасырдың 70 жылдары ғана пайда болды. Дегенмен, тәрбие мәселесімен кәсіби айналысушы адамдар ертерек пайда болды. Олар ақсүйек және ауқатты отбасыларында бастапқы кезде “күтушілер”/няньки/, кейіннен “гувернанткалар” ретінде қызмет етті. Ал оқу мекемелерінде, 1804 жылғы “Университеттік мекеме Жарғысына” сәйкес оқушыларды тәрбиелеу ісі үйретуші - ұстаздарға (ерлер гимназияларында), ханымдарға (әйелдер гимназияларында) негізінен өз оқушыларының мінез-құлқын бақылап, тәртібіне жауап беру міндеті жүктелген. 1828 жылғы гимназия және училище туралы Жарғыда, оқушыларды таңдау мақсатында олардың жеке басын танып білу қажеттігі де баса көрсетілген. Дегенмен, орта оқу мекемелерінде балалардың тәрбиелеу ісін ұйымдастыру мәселесі оқытушылармен қатар, оқушыларды қадағалаушыларға да (“надзиратели”) жүктелген. Олардың негізгі міндеттері тәрбиеленушілердің тәртібін қатаң бақылау; оқушылардың жетістіктерін, теріс қылықтарын, не нәрсеге бейімділігін, мінез-құлықтарын анықтап отыру мақсатында күнделік жүргізу тапсырылды. Сонымен бірге, олар тәрбиеленушілердің қолы бос уақытында кітап оқуын қадағалауға да міндетті болды. 1871 жылғы “гимназиядағы сынып тәрбиешісі” Жарғысына сәйкес сынып тәрбиешісі қызметі ресми түрде бекітілді. Соған сәйкес сынып тәрбиешілері мұғалімдер есебінен тағайындалып, олар білім берумен де айналысты. Сынып тәрбиешілерінің міндеттерінің ауқымы кең болды: сабақта тәртіпті сақтауға ықпал ету, сабаққа қатысуды қадағалау; мектеп іс-қағаздарын жүргізу; оқушылардың дамуын, таным қабілеттерін бақылап зерттеу; сол сыныпта сабақ жүргізетін оқытушылармен ай сайын мәжіліс өткізу. Сонымен қатар сынып тәрбиешілері тәрбиеленушілердің мемлекеттік заңдарды және оларды орындаушыларды сыйлауға, Отанға және мемлекетке берілгендік сезімдерін тәрбиелеуге міндетті болды. Мұнда діни сезімге көптеп көңіл аударылды. Бірақта, іс жүзінде сынып тәрбиешілерінің әрекеті тек оқушыларды бақылау және тәртіпті сақтаумен ғана шектелді. Себебі, оқу мекемелеріндегі мұндай қызметтің мәртебесі онша жоғары болмады. Әрі онда негізінен оқуға көптеп көңіл бөлінді. Сондықтан, сынып тәрбиешілерінің тәрбие жұмысымен айналысуға уақыттары да аз болды. ХІХ ғасырдың аяғы ХХ ғасырдың бастапқы кезеңінде қоғамдағы кейбір өзгерістерге сай баланың жеке тұлғасына деген көзқарас өзгеріп, оның қажеттілігі мен қызығушылығына көңіл бөле бастады. Дегенмен де сынып тәрбиешілерінің қызметі 1871 жылғы Жарғыға сәйкес өзгеріссіз қалды. Олардың маңызды міндеті - оқу процесін ұйымдастыру болып есептелді: сабақта тәртіп орнату; оқушылардың сабаққа қатысуы; қосымша сабақ ұйымдастыру; үй тапсырмасын орындату т.с.с. ХХ ғасырдың басында оқушылардың сабақтан тыс жұмыстарын, демалысын, әр түрлі пәндер бойынша қосымша сабақтарын және әдеби кештер мен дене қимылы (гимнастика) үйірмесін ұйымдастыруға мақсатты түрде көңіл бөліне басталды. 1913–1914 жылдары сабақтан тыс жұмыстардың жаңа формамалары пайда болды: тілдік, сурет салу, музыка, балшықпен жабыстыру ісімен шұғылданатын үйірмелер; қойылым (спектакль) қою, әдеби-музыкалық, би кештерін, көрме жұмыстарын ұйымдастыру; саяхатқа бару. Осындай жұмыстарды атқару барысында сынып тәрбиешілері тағыда негізгі ұйымдастырушы және оларға қатысушы бола алмады. Олардың міндеті тек оқушыларды бақылаудан аспады. Кеңес дәуірінің алғашқы кезеңдерінде де сынып жетекшісі деген қызмет болмады. Оқушылармен тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру мұғалімдердің бәріне бірдей жүктелді. Оларды топ жетекшілері деп атады. Негізгі міндет коммунистік идеология аясында оқушылардың саяси тәрбиесіне көптеп көңіл бөлу. Оқушылардың бастауыш ұжымдарында жалпы мектептік өзін-өзі басқаруды ұйымдастыруды мақсат етіп қойды. Іс жүзінде тәрбие жұмысына онша көңіл бөлінбеді. Мұғалімдердің қызметі оқушылар және олардың ата-аналары жайында мәліметтер жинастыру, сабаққа қатысуын қадағалау т.с.с. болды. 1928 жылы сынып тәрбиешісі қызыметі ресми түрде жойылып, оқушылардың өзін-өзі басқару ұйымына басымдылық берілді. Дегенмен де бұл бағытта да оң нәтижеге қол жеткізу мүмкін болмады. 1930 жылдары отандық мектепте өте маңызды өзгеріс болды. ВКП Орталық Комитетінің 1931 жылғы «Бастауыш және орта мектеп туралы» және 1932 жылғы «Бастауыш және орта мектептің тәртібі туралы» тарихи қарары негізінде оқу процесіне сыныптық сабақ жүйесін енгізу, оқушылардың жеке-дара білімдерін жүйелі түрде есепке алу, тұрақты оқу бағдарламалары мен оқулықтарды жасау т.б жұмыстары жүйелі жүргізіле бастады. Осыған байланысты топ жетекшілерінің де жағдайы өзгерді. 1934 жылы “Жалпы еңбек мектебінің” Жарғысы мен Ережесінің қабылдануы, мектептердегі оқу-тәрбие процесін топтан оқыту тәртібіне көшіруі, сыныптық-сабақ жүйесіне өтуге байланысты 1931 жылдың 3 қараша айыында арнайы енгізілген топ жетекшісі қызметі, сынып жетекшісі деп өзгертіліп, олардың тәрбиешілік қызметтерінің міндеттері мен мазмұны, формалары мен әдістері жаңа сипатқа ие болды. Осы Ережемен бірге сынып жетекшісінің қызметі де бекітілді. 1947 жыла сынып жетекшісі туралы жаңа Ереже қабылданды. Онда сынып жетекшілерін тағайындаудың жаңа тәртібі белгіленіп, олардың қызметі нақтыланды. Сонымен бірге тәрбие жұмысын жоспарлау және есеп беру формалары туралы нұсқау берілді. Бастауыш сынып ұжымын ұйымдастыру және оны қалыптастыруға, ондағы тәрбие жұмысының негізі оқушылардың идеялық-саяси тәрбиесіне аса мән берілді. Пионер және комсомол ұйымдарымен жұмыс істеу, оқушылардың “Оқушылар ережесін” үйренуі міндеттелді. Осыдан 1971 жылғы жаңа “Сынып жетекшісінің Ережесіне” дейінгі мерзімде сынып жетекшілерінің міндеттерінде айрықша өзгеріс болмады. Соңғы жылдары кейбір мектептерде “Сынып жетекшісінің” орнына тек тәрбие мәселелерімен айналысатын дербес “Сынып тәрбиешісі” деген қызмет пайда болуда. Оның себебі, біріншіден, бүгінгі таңдағы әлеуметтік өмірдің барлық саласындағы маңызды өзгерістердің ықпалы. Олар қоғамдық және тұлғалық қатынастарға кең көлемде ықпал етуде. Бір жағдайда, бұл қатынастар субъект ретінде бәсекеге төтеп бере алатын барлық оған қатысушыларға тым қатаң талап қойса, екінші жағдайда, адамның қоғамдағы өз тағдырын өзі еркін шешуге, әлеуметтік мәселелердің тәсілдерін таңдауда оған мүмкіндік береді. Мұндай көзқарас мектептегі педагогикалық процеске қатысушылардан жаңа ізденпаздықты талап етеді. Соған орай тек білім беру саласында ғана емес, сонымен бірге ұстаздар мен оқушылар, мектеп әкімшілігі мен педагогикалық ұжым арасында қызықты жобаларды қарастыру, оларды педагогикалық процеске ендіру қажеттігі басымдылық танытуда. Олардың негізіне ынтымақтастық және тең құқықтық серіктестікті жатқызу көзделіп отыр. Екіншіден, білім беру жүйесінде жаңа сипаттағы оқу орындарының пайда болуы: гимназия, лицей т.с.с. Соның барысында кейбір классикалық тұрғыдағы білім беретін жалпы орта мектептерінің педагогикалық әрекеті өзгеріске ұшырауда. Соған сәйкес сынып жетекшісі қызметінің мазмұны мен сипаты да өзгеруде: -пән мұғалімі, бір мезгілде сынып жетекшісінің қызметін атқарушы; -сынып жетекшісі, аз мөлшерде оқу жүктемесі бар пән мұғалімі; -сынып жетекшісі, тек тәрбие жұмысымен айналысатын мұғалім; -сынып тәрбиешісі (кейбір оқу мекемелерінде пайда болған жаңа қызмет). Осындай жіктеуге қарамастан, сынып жетекшілерінің, тәрбиешісінің қызметі, құқығы мен міндеттері өзгеріссіз қалуда. Себебі, мектептің педагогикалық қызметі оның Жарғысы бойынша әрекет етеді, яғни сынып жетекшісінің тәрбие қызметі де осы құжатқа негізделген. Дегенмен, баланы тәрбиелеу ісі оның әлеуметтік ортамен өзара тікелей белсенді әрекеті жағдайында жүзеге асады. Мұндай жағдайда сынып жетекшісінің қызметі оқушылардың әлеуметтік өмірде өздерін-өздері тани білуіне, сынып және мектеп ұжымында өз орындарын таба білуіне көмектесе отыра, олардың дамуына қолайлы жағдай туғызу. Бүгінде қоғамды реформалау жағдайында мектепке, оқушылар мен мұғалімдерге қойылатын талаптар да жаңа сипатқа ие болуда. Дегенмен, сынып жетекшісі қызметінің маңыздылы жойылған жоқ. Ол жаңа жағдайға сай өзара байланысты 3 қызметті атқарады: -әртүрлі бағытта сыныптағы оқушылардың оқу-тәрбие әрекетін ұйымдастыру; - әрбір оқушының тұлға ретінде дамуына қамқорлық жасау; - сыныпта туындаған мәселелерді шешуде балаларға көмек көрсету. 70–80 жылдардағы мектептен өзгешелігі, тәрбиенің ықпал ету күші негізінен баладан тысқары байланыста болғаны. Бүгінде көптеген сынып жетекшілерінің ол жөнінде көзқарастары басқаша. Яғни, тәрбиені баланың ішкі жан дүниесін дамытуға жағдай жасау деп түсінеді. Осыдан барып тәрбие жұмысының бағыты мен жүйесі өзгереді. Мұндай көзқараста баламен жеке жұмыс жасау мүмкіншілігі күшейеді. Ол әрбір баланың дене және рухани-психикалық дамуын қамтамасыз етумен байланысты қарастырылады. Мұндай жағдайда, бірінші кезекте, негізінен сыныптың ішкі көңіл күйін көтеруге, онда жағымды психологиялық жағдай туғызуға, балалардың өзін-өзі басқаруын қалыптастырып, дамытуға, әрбір жеке баланың өзін-өзі танып, қоршаған ортаға қатысты ашылуына жағдай туғызуға, оқушыларды шынайы әлеуметтік өмірмен қарым-қатынас жасауға аса көңіл бөлінеді. 1.4.4. Сынып жетекшсінің оқушылардың тәртібі мен оқу үлгеріміне қатысты атқаратын жұмысы Сынып жетекшісінің маңызды міндетінің бірі - ол оқушылардың оқуға, білім алуға қатысты оқу-танымдық қызығушылықтарын үнемі арттыру, соған сәйкес олардың жауапкершілігін, ақыл-ой мәдениетін қалыптастыру. Бұл жауапты міндетті жүзеге асыру тек сыныпта саналы тәртіпті орнатумен тікелей байланысты қарастырылады. Оқуға қатысты бұл міндеттерді шешуде сынып жетекшілері: -оқушылардың күнделікті сабаққа қатысуы мен үлгеріміне үнемі жүйелі түрде бақылау жасау, қадағалау; - сынып жорналдарын тексеру; -сол сыныпта сабақ беретін пән мұғалімдерімен кездесіп, оқушылардың оқуға ынтасы мен қызығушылықтарын анықтап, жалпы айтқанда пәнге қатынасы туралы әңгімелесу; -сабақтарға қатысу; -сыныптың оқу секторымен жұмыс; -пән мұғалімдері тарапынан оқушыларға сабақ барысында және сабақтан тыс кездерінде, әсіресе үй тапсырмаларын орындауда әдеттен тыс талаптар қоймауын қадағалау және талаптарды ортақтастыру; -оқу-құрал жабдықтарының сапасын тексеру және олардың күнделікті қолда болуын қадағалау; - пән мұғалімдерімен бірлесе оқушылардың он күндікке, олимпиадаға қатысуын, даярлығын ұйымдастыру; -оқушылардың оқуға қатысты жоғарыда аталған жұмыстарының нәтижесімен ата-аналарды өз уақытында хабардар етіп отыруы және т.б. жұмыстарды атқарады. Сынып жетекшісінің жүргізген осындай жүйелі жұмыстары негізінде оқушылардың мектеп ережесін жауапкершілікпен мүлтіксіз орындауы өз нәтижесін берері анық. 1.4.5. Сынып жетекшсінің оқушылармен атқаратын тәрбие жұмысы Тәрбиенің қоғамдағы жалпы қызметі, біріншіден, ұрпақтан-ұрпаққа әлеуметтік тәжірибе мен мінез-құлық нормаларына қатысты білім, білік және дағдыларын беру процесі болса, ал екіншіден, адам баласында адамгершілік сапа жүйесін қалыптастыру. Сондықтан, тәрбиені әлеуметтендіру процесінің педагогикалық компоненті ретінде қарастырған жөн. Ол мақсатты түрде адамның әлеуметтік дамуына жағдай тудыруды көздейді. Мұндай көзқараста баланы әртүрлі әлеуметтік қатынастарға қатыстыру басшылыққа алынады: оқу, еңбек, қарым-қатынас, ойын, практикалық әрекеттер т.с.с. Оны жүзеге асыруда сынып жетекшісі мектеп мұғалімдерінің оқушыларға тәрбиелік ықпалын үйлестіріп, олардың оқушылармен сабақтан тыс уақытта мақсатты түрде әртүрлі педагогикалық әрекеттерін ұйымдастыруын қадағалайды. Сондықтан, біз мұғалімдердің кәсіби қызметін жүзеге асыруда балаға жасаған ықпалы туралы айтар болсақ, онда мұндай педагогикалық әрекетті – тәрбие жұмысы деп атаймыз. Сынып жетекшісінің тәрбие жұмысы бірыңғай ұйымдастырушылық және мектеп алдында тұрған педагогикалық міндеттерді шешуді қарастырады. Ол оқушының жан-жақты нәтижелі дамуын, соған сәйкес тәрбие міндеттерін шешудің формалары мен тәсілдерін таңдап және оны жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Ол негізінен 3 бағытта жүзеге асады. 1. Оқушыға тікелей ықпал жасау: -оның жеке-дара даму ерекшелігін, қызығушылығын, қажеттілігін, бейімділігін, қоршаған ортасын танып білу; -тәрбие жұмысын алдын ала болжау, жобалау; -жеке-дара және ұжымдық жұмыста тәрбие формалары мен тәсілдерін жүзеге асыру; -тәрбие жұмысының нәтижесіне талдау жүргізу. 2. Тәрбиелеу ортасына жағдай тудыру: -белсенді, ынтымағы жарасқаноқушылар ұжымын қалыптастыру; -онда жағымды моральдық-психологиялық көңіл-күйді орнықтыру; -оқушыларды жан-жақты әлеуметтік әрекетке қатыстыру; -оқушылардың өзін-өзі басқаруын дамыту. 3. Баланың әлеуметтік қалыптасуына ықпал ететін әртүрлі субъектілерге көмектесу, бақылау жасау: -отбасына әлеуметтік-педагогикалық қолдау көрсету; -мұғалімдер ұжымының педагогикалық әрекетіне қолдау көрсету; -бұқаралық ақпарат құралдарының балаға ықпалын бақылау; -мектептен тыс тәрбие мекемелерімен өзара бірлескен іс-қимыл жасау. Сынып жетекшісі жұмысының шамамен алынған циклограммасы: Күнделікті атқаратын қызметі: 1) Оқушылардың күнделікті сабаққа қатысуы мен даярлығын, оқу-құрал жабдықтарының нақты қолда болуын тексеру, қадағалау және сабаққа кешігіп келген немесе келмей қалған оқушылардың себептерін анықтап, олармен жеке-дара мұмыс жүргізу. 2) Оқушылардың тамақтануын ұйымдастыру. 3) Сыныпта кезекшілікті ұйымдастыру, оның санитарлық-гигиеналық талаптарға сай келуін қадағалау. 4) Оқушылармен жеке-дара жұмыс жүргізу (сабаққа үлгерімі, жекелеген пәнгі қызығышылығы, берілген үй тапсырмаларын дер кезінде орындауы, жеке басының тазалығы, оқу-құрал жабдықтарының сапасы және т.б.). Апта сайын атқаратын қызметі: 1)Оқушылардың күнделіктерін тексеру. 2)Жоспар бойынша сыныппен жұмыс жүргізу. 3)Ата-аналармен жұмыс (нақты жағдайға байланысты). 4)Пән мұғалімдерімен жұмыс (нақты жағдайға байланысты). 5)Мектеп психологы, дәрігерімен кездесу (қажеттілігіне орай). 6)Оқушылармен бірге тәрбие сағаттарын даярлау, өткізу. 7)Мектепішілік іс-шараларға қатысу, оқушыларды оларға даярлау. 8)Апта соңында жоспар бойынша сыныпта атқарылған іс-шаралар, оқушылардың оқу-үлгерімі, тәртібіне және т.б. мәселелерді қорытындылап, оларға талдау жасау. Келесі аптаға атқарылатын іс-шараларды іріктеп, оларға жоспар құру, оқушыларға тапсырма беру. Ай сайын атқаратын қызметі: 1)Өз сыныбындағы сабақтарға қатысу. 2)Ата-аналар комитетімен кездесу. 3)Сыныптың өзін-өзі басқару ұйымының мәжілісіне қатысу, оның жұмысына үнемі қолдау көрсетіп отыру. 4) Оқушылар жиналысын өткізу. 5)Оқушылардың сабақ үлгерімі, мінез-құлқы, сабаққа қатынасы, тәрбиелік сапасының деңгейін анықтап отыру мақсатында үнемі диагностикалық зерттеу жұмыстарын жүргізіп отыру. 6) Мектеп әкімшілігі, әдістемелік кеңес жұмыстарына қатысу. 7)Оқушылардың қоғамдық ұйымдары мен бірлестіктері және қосымша білім беру мекемелерінің жұмыстарына қолдау көрсету. 8) Оқушылардың демалысын ұйымдастыру, оларға үнемі қолдау көрсетіп отыру. Тоқсан сайын атқаратын қызметі: 1) Тоқсан қорытындысы бойынша сынып жорналын, оқушылардың үлгерім табельдерін толтыру. 2) Тоқсан бойынша оқушылардың оқу үлгерімі, атқарылған тәрбиелік шараларды қорытындылап, талдау жасап, әкімшілікке есеп беру іс-қағаздарын әзірлеу. 3) Оқушылардың оқу-үлгерімі мен тәрбиелік сапасының деңгейіне мониторинг жасау. 4) Ата-аналар комитетімен жұмыс. 5) Ата-аналар жиналысын өткізу. 6) Келесі тоқсанның оқу-тәрбие жұмысының жоспарын құру. Жылына бір рет: 1) Оқу жылын қорытындылау (есеп-қисап қағаздарын әзірлеу). 2) Ата-аналар жиналысын өткізу. 3) Сынып жиналысын өткізу. 4) Оқушылармен жүргізген диагностикалық зерттеу жұмыстарына талдау жасау. 5) Келесі оқу жылының оқу-тәрбие жұмыстарының шамамен алынған жоспарын құру. 6) Оқушылардың оқу-құрал жабдықтарын кітапханаға өткізу жұмыстарын ұйымдастыру, қадағалау. Сынып жетекшісі жұмысының нәтижесін бағалау өлшемі: 1) сынып өмірінің тұрақтылығы; 2) сынып ұжымының жетілу және қалыптасу дәрежесі; 3) сыныпта моральдық-психологиялық көңіл-күйдің (жағдайдың) қалыптасу дәрежесі; 4) оқушылардың тәрбиелік деңгейінің сапасы мен жалпы мәдениетінің нақты даму жағдайы (интелектілік, адамгершілік, эстетикалық, құқықтық т.с.с.); 5) сыып жетекшісінің оқушылардың өмірін ұйымдастыру және оған ата-аналар мен жұртшылықты тарта білу қабілеті, белсенділігі, педагогтік шеберлігінің дәрежесі және т.б. |