Главная страница
Навигация по странице:

  • – баланың өзін-өзі дамытуы және өзін-өзі жүзеге асыруы

  • формалар мен әдістер

  • Абенбаев С. ТЖТӘ, 2016. Оқулық (1). Алматы 2016 Бл ебегімді азастанны педагогика ылымына танымал, крнекті педагогалым, педагогика


    Скачать 0.6 Mb.
    НазваниеАлматы 2016 Бл ебегімді азастанны педагогика ылымына танымал, крнекті педагогалым, педагогика
    Дата10.10.2022
    Размер0.6 Mb.
    Формат файлаdocx
    Имя файлаАбенбаев С. ТЖТӘ, 2016. Оқулық (1).docx
    ТипДокументы
    #725725
    страница5 из 27
    1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   27

    Қарым-қатынас – жүйеге қатысушы субъектілер арасында өзара байланысты орнықтыруда және дамытуда пайда болатын тұлға белсенділігінің бірден бір әмбабап формасы (таным, еңбек, ойын және т.б.). Ол тәрбие жүйесінің міндетті компоненті ретінде өзінде 3 элементтің бірлігін қарастырады: ақпараттық (ақпарат алмасу), перцептивтік (өзара түсіністік) және интерактивтік (тәрбие жүйесіндегі субъективтердің өзара әрекеті, олардың бір-біріне ықпалдастығы).

    Қандай да бір жүйе белгілі бір ортасыз өмір сүре алмайды. Тәрбие жүйесі тәрбиелік ортаны қалыптастырудан басталады. Тек тәрбиелік орта ғана балаға мақсатты түрде оның дамуына нәтижелі ықпал ете алады. Философиялық-педагогикалық көзқарастар бойынша «ортаның» мағынасы кең болып келеді.

    Бұл, біріншіден, табиғи және географиялық орта. Ондағы әртүрлі жағдайлар мен факторлар бала тәрбиесіне әртүрлі жағдайда ықпал етеді. Фактор (латынша factor – делающий, производящий - жасаушы, шығарушы) – белгілі бір процестегі мәнді жағдай, қозғаушы күш, себеп деген ұғымды білдірсе, жағдай (условия) - белгілі бір нәрсенің соған байланысты болу шарты.

    Мәселен, Қазақстан Республикасының оңтүстік пен солтүстік, шығыс пен батыс аймақтарының жер және климаттық жағдайлары, өсімдіктері мен өзен-көлдері, таулы ормандары мен шөл аймақтары және ауылдық жер мен қалалық жерлер, ондағы өндіріс-мәдени орталықтары, еңбек-құрал жабдықтары және т.б.

    Екіншіден, баланың кең көлемде әлеуметтік-мәдени ортасы. Оған:

    -жалпы алғанда қоғамның экономикалық, саяси, әлеуметтік, мәдени дамуы;

    -нақты алғанда мектеп, тәрбиешілер; мектептен тыс тәрбие мекемелері; қоғамдық ұйымдар; ресми және бейресми бірлестіктер; мәдениет ошақтары мен қызметкерлері; бұқаралық-ақпарат құралдары және т.б. жатады. Бұлар баланың өмір сүруінің макро ортасы ретінде танылады.

    Ал баланың отбасы, оның мүшелерімен өзара қарым-қатынасы, ауласы, ондағы достары, туған-туыстары, көршілері оның микро ортасы болып саналады. Бұлар оның тұлға ретінде қалыптасуында маңызды рөл атқарады. Сондықтан да тәрбие процесінде жүйелік ілім тәрбие жүйесінің ортамен барынша өзара тығыз қарым қатынасын үйлесімді дамытуға мүдделі.

    ХХ ғасырдың орта тұсында Батыстың педагогикалық теориясында тек «мектеп жағдайындағы орта» ғана білім және тәрбие процесінің сапалық ерекшеліктерін анықтайды деген қорытынды шығарады. Осы теориялық көзқарастың негізінде Англия, Австралия және Америкада «нәтижелі мектеп» («эффективная школа») деген атпен тәрбие жүйесін құра бастайды. Өйткені «нәтижелі мектеп» балалар үшін өмір сүру ортасын құруға толыққанды мүмкіндік тудырады. Онда балалардың оқу-тәрбие процесінде бірігіп өзара ынтымақтастықпен, тату-тәтті, еркін қарым-қатынас орнатуға қол жеткізуге болады деп есептейді. Бұндай жағдай балаларды тек оқуда ғана жақсы жетістіктерге қол жеткізіп қана қоймайды, сонымен қатар олардың әрқайсысында өзін-өзі бағалауда жағымды қасиеттердің қалыптасуына да оң ықпал етеді - деп есептеген.

    Тәрбие жүйесінің нәтижелі өмір сүруінің негізгі өлшемібала тұлғасын дамыту. Соған байланысты тәрбие жүйесін басқару өзінде, ең алдымен жүйе мен оған қатынасушы субъектілердің өзара әрекеттесуін және олардың өзара ықпалдасу процесін басқаруды қарастырады. Бұл субъектілердің мақсатты анықтау процесіне, ортақ шығармашылық әрекетке, ұжым өмірінде туындайтын тұлғааралық және топтық қарым-қатынасты жетілдіруге белсенді қатысу жолдарын іздестіруді талап етеді.

    Олай болса, педагогикалық әдебиеттерде «тәрбие жүйесі – тұлғаның рухани және адамгершілік жағынан қалыптасуы мен шығармашылық дамуын қамтамасыз ететін әлеуметтік шындық компоненттерінің тобы (В.С.Кукушин)

    Немесе «тәрбие жүйесі – жалпы нәтиже беретін тәрбие процесінің тәртіпке салынған компоненттерінің жыйынтығы» (Евтушенко С.В.) ретінде, сондай-ақ «тәрбие жүйесі – бұл педагогикалық тұрғыдан тәрбиелік әрекетті сипаттайтын тәртіпке салынған өзара байланысты компоненттердің жиынтығы» деп те қарастырылады (Г.М.Афонина).

    Л.И. Новикова, Н.Л. Селиванова және т.б. тәрбие жүйесінің құрылымына өзара байланысты 4 компоненттердің жиынтығын қарастырады: басқару, мазмұн, ұйымдастыру, қарым-қатынас.

    Л.А. Байковой, Л.К. Гребенкиной және т.б. пікірінше тәрбие жүйесін басқару – бұл «мақсат қоюда, оған жету жолдарын анық белгілеуде (стратегия), іс-шараны ұйымдастыруда (тактика), нәтижелерді бақылау және бағалауда өнер».

    Осылайша тәрбие жүйесі мақсаттар, ұжымдық қатынастар, шығармашылық істер, тәрбие жұмыстарын ұйымдастырудың әртүрлі формалары мен тәсілдерінің бір-бірімен өзара тығыз байланысты жиынтығы ретінде қарастырылады.

    Тәрбие жүйесін басқарудың негізгі қызметіне жатады:

    - тәрбие процессі және оған қатысушылардың әрекетін диагностикалау;

    - оқу-тәрбие процесінің тұтастығын қамтамасыз ету (ондағы мақсат, мазмұн, формалар және әдістер);

    - оқу-тәрбие процесіне қатынасушылардың өзара даму, шығармашылық әрекеттерін ұйымдастыру;

    - мектеп, отбасы және жұртшылықтың бала тәрбиесіндегі тығыз қарым-қатынасын орнықтыру;

    - үлкендер мен балалардың өзара қарым-қатынасын ізгілендіру.

    Тәрбие жүйесінің мазмұны 2 аспектіні қарастырады:

    - ғылыми білімдер, көзқарастар, құндылықтар және тәрбие мазмұнында қарастырылатын компоненттер;

    - тәрбие мазмұнын, қалыптасқан әлеуметтік тәжірибелерді меңгертудегі әртүрлі іс-әрекеттер.

    Тәрбие жұмысын ұйымдастыру – бұл жүйедегі барлық компоненттер мен оған қатынасушылардың іс-әрекеттерін тәртіпке келтіру немесе реттеу, ол өз кезегінде оның мақсатын қоюда, қызыметін және дамуын үйлестіруге мүмкіндік береді. Тек ұйымдастырудың арқасында ғана тәрбие жүйесінің барлық құрылымдары қалыптасады: басқару құрылымы, педагогикалық әрекеттің құрылымы, ұжымдағы қарым-қатынас құрылымы және т.б.

    Тәрбие жұмысын реттеу жүйеге іштен немесе сырттан ықпал ету барысында болуы мүмкін. Сонымен бірге, тәрбие жүйесі өзін-өзі ұйымдастыруға қабілетті болып келеді. Басқаша айтқанда, белгілі бір жағдайда жүйе жаңа құрылымды және құрылым жаңа элементтерді тудыруы мүмкін.

    1.2.2. Тәрбие жүйесін құру және дамыту міндеттері
    Бүгінде тәрбие процесін іс жүзінде белгілі бір жүйе арқылы құру нәтижелі болады. Бұл мектепте тәрбие жұмысын ұйымдастырудың негізгі буыны болып табылады. Соған орай белгілі танымал ғалымдар В.А.Караковский, Л.И.Новикова, Н.Л.Селиванова әдістер, амал-тәсілдер, құралдар қандай да бір қызығарлықтай (заманчивый) болмасын, тәрбие жүйесі болашақта педагогиканың ең көп тараған негізгі ұғымы болады деп санайды. Бұл жүйеде педагог қаншалықты дарын иесі болмасын, ол жалғыз, тек пікірлес ұжым ғана (коллектив единомышленников) жүйені құрады және оны дамытады [2,С.356]. (Маленкова Л.И.) Сондықтан да тәрбие жүйесінің өзегі тәрбиелеуші ұжым болып табылады.

    Бұл жүйеде педагогтар мен оқушылар ұжымы өмір сүреді. Педагогтар ұжымы – жүйені басқарушы, ал оқушылар ұжымы – жүйедегі басқарылушы объект және субъект ретінде танылады.

    Тәрбие жүйесін құрудағы негізгі мақсат – баланың өзін-өзі дамытуы және өзін-өзі жүзеге асыруы үшінжағымды ортаны қалыптастыру.

    Тәрбие жүйесін құру және дамытуда бірнеше міндеттерді жүзеге асыру қажет.

    1) Балаларда әлем жайында біртұтас және ғылыми тұрғыдан дәлелденген көзқарастарды қалыптастыру. Балалар бұл тұтастықты өздері жете түсінуі және нақты сезінуі шарт.

    2) Балаларда азаматтық сананы дамыту. Бұл, өз кезегінде елдегі жүріп жатқан түрлі жағдайлар мен құбылыстарға жауапкершілікпен қарайтын азаматты тәрбиелейді.

    3) Балаларды жалпыадамзаттық құндылықтарды меңгеруге тарту және оларда оған барабар мінез-құлық қалыптастыру.

    4) Тәрбие жүйесінде маңызды бір міндет – тұлғаның шығармашылық күшін дамыту.

    5) Балалардың өздерін және өз мүмкіндіктерін іске асыру және өзін-өзі көрсете білуіне барынша көмектесу.

    Тәрбие жүйесін бұлай құру ерекшелігі субъект ретінде барлық жағдай тек бала үшін жасалынады.

    Тәрбие жүйесін құрудағы нәтижелік – бұл мақсатты айқын анықтаумен байланысты болады.

    Мақсаттың нәтижелі болуы тек іс-әрекетке байланысты анықталады. Іс-әрекет тәрбие жүйесінің біртұтастығын қамтамасыз етеді. Ол екі блоктан – дидактикалық блок және тәрбие жұмысының блогынан тұрады. Бұлар жүйеқұрушы әрекет деп аталады (танымдық, еңбек, спорт, көркемөнер, шығармашылық және т.б. әрекеттер). Жүйеқұрушы әрекеттер оқушы тұлғасының дамуын қамтамасыз етеді.

    Жүйенің іс-әрекетке апаратын маңызды элементерінің қатарына оны ұйымдастыратын формалар мен әдістер де жатады.

    Форма (педагогика тұрғысында) – оқу-тәрбие процесінде өмір сүретін тәсіл, оның ішкі мәні, мазмұны мен логикасының сыртқы қабығы (оболочка); педагогикалық процесті барлық компоненттерінің бірлікте аяқталуы. Форма ең алдымен оқушылардың санымен (жеке, топтық, ұжымдық), уақытпен және оқу-тәрбие процесінің орнымен (өткізіліп отырған), оны жүзеге асыру тәртібімен байланысты қарастырылады.

    Тәрбие жұмысын ұйымдастыру формасы – бұл соның шеңберінде жүзеге асатын тәрбие процесі; тәлімгерлердің ұжымдық және жеке-дара әрекетін мақсатты ұйымдастырған жүйесі; ұйымдастырылған нақты актілердің (бөлік), жағдаяттардың белгіленген тәртібі, белгілі бір педагогикалық міндеттерді шешуге бағытталған тәрбие процесіне қатынасушылардың өзара әрекеттесуінің тәртібі (процедурасы);

    Тәрбие жұмысын ұйымдастыру формасы жіктеледі:

    1) тәрбие жұмысының бағытына байланысты:адамгершілік, эстетика, дене және т.б тәрбие салаларын ұйымдастыру формалары;

    2) тәрбие жұмысына қатынасушылардың санына байланысты: жеке-дара, топтық, ұжымдық формалар;

    3) кез келген тәрбие жұмысының мазмұнына байланысты жалпы формалар (лекция, кездесу, кеш, мәден жорық, ертеңгіліктер, сайыстар, көрмелер, даталы күндер, мейрамдар және т.б.

    Әдіс – (грек тілінде metodos – таным немесе зерттеу жолы) – белгілі бір нақты міндеттерді шешуде, практикалық немесе теориялық ақиқатты меңгеруде бірыңғай, біртектес амал-тәсілдердің, операциялардың жиынтығы. Форманы қарастырғанда әдіс оның ішкі құрылымында тәрбие жұмысының мақсаты мен міндеттерін, соған сәйке мазмұнын жүзеге асырудың бірыңғай амал-тәсілдерінің жиынтығы ретінде қарастырылады. Педагогика ғылымында тәрбие және оқыту әдістеріне қатысты мәселелерін талдау, зерттеу, жіктеу (классификация) жұмыстары оның негізгі буын болып саналады.

    Тәрбие жүйесі, сонымен бірге ортамен де өзара байланыста құрылады. Өйткені тәрбие тұлғаның нәтижелі дамуына ықпал ететін тәрбиелеуші ортаны құрудан басталады. Олардың қатарына табиғи және әлеуметтік орта жатады.

    Демек, тәрбие жүйесінің барлық элементтері жүйеқұрушы әрекетте өзара тығыз байланыста болады.

    Тәрбие жүйесін құруда төмендегідей принциптер басшылыққа алынады.

    1)жүйелік принципі;

    2)объективтілік принципі;

    3)оптималдық принципі;

    4)нәтижелілік принципі;

    5)мақсаттың нақты болу принципі;

    6)мәліметтердің дәлдігі принципі;

    7) кері байланыс принципі;

    8) демократилық принцип;

    9) тәртіптілік принципі;

    10) ынталандырушылық принципі;

    11) бастамашылықты марапаттау принципі.

    Тәрбие жүйесінің даму процесі сипатталады:

    а)әр түрлі идеялардың тууы және жоғалуы;

    ә)әр түрлі іс-әрекеттердің пайда болуы;

    б)ұжымның қалыпты өмір сүруі немесе күрделенуі.

    Тәрбие жүйесін басқару мәселесіне келсек, онда ол 3 аспектіден құралған.

    1.Жүйенің даму процесін басқару.

    2.Жүйенің біртұтастығын бекітуге бағытталған басқару.

    3.Балалар мен үлкендердің ұжымдық қарым-қатынас жүйесін басқару.

    1.2.3. Тәрбие жүйесінің қалыптасу және даму кезеңдері, олардың ерекшеліктері. Тәрбие жүйесінің қалыптасу деңгейін анықтау өлшемі
    Тәрбие жүйесі статистикалық, бір ғана немесе мәңгілік қалыптасқан құрылым болмайды. Ол үнемі өзгереді, дамиды. Оны дамытудағы бірден-бір мақсат - тәлімгерлердің тұлғасын жан-жақты дамыту қажеттілігімен байланысты қарастырылады. Әртүрлі тәрбие жүйесін дамыту бірнеше кезеңдермен жүзеге асыруда мүмкін болмақ. Сондықтан да тәрбие жүйесін қалыптастыру процесі әрі ұзақ және ол жекелеген кезеңдерден тұрады. Олардың қатарында міндеттер, әрекет түрлері, ұйымдастыру формалары қарастырылады.

    Бірінші кезеңжүйенің құрылуы. Ондағы негізгі мақсат– жаңа педагогикалық жобаны құру, пікірлес ұжымды қалыптастыру. Соған сәйкес, онда белгілі бір әрекеттің түріне қатысты адамдарды көптеп тарта бастайды. Содан кейін біртіндеп дәстүрлерді және оған қатысушы тараптардың өзара әрекеттесу тәсілдерін, құндылық бағдарды қалыптастыра бастайды. Бұл жағдайда жүйені тәртіпке салу жұмысы басымдық танытады. Жаңа мен ескінің арасында күрес болып тұрады. Бұл кезеңде жүйенің қоршаған социуммен өзара әрекеттесуі стихиялық (бей-берекеттілік) жағдайда болады. Саналы, мақсатты түрде мәдени ортаны меңгеру процесі өз дәрежесінде орнықпайды. Жалпы алғанда, жүйенің құрылымындағы компоненттердің бір-бірімен өзара ішкі байланыс әлсіздігімен сипатталады.

    Ол үшін, ең алдымен мектептің жағдайын зерттеуден бастаған жөн: оқушылар мен педагогтардың қызығушылығы мен қажеттілігін, іс-әрекетке қатысушы барлық субъектілердің шығармашылық мүмкіндіктерін, педагогтар мен оқушылар ұжымының даму деңгейін, олардың өзара қарым-қатынасының сипатын және т.б. Онда педагогиканың әртүрлі зерттеу әдістерін пайдаланады. Мәселен: бақылау, әңгімелесу, сауалнама, жүргізу, мектептің іс-қағаздарымен танысу және т.б. Олардың нәтижесіне талдау жасап, сол кезеңдегі мектеп өміріне қатысты проблеманы және жүйе ретінде оның даму деңгейі мен бағытын анықтайды.

    Дегенмен жүйені құрудың бастапқы кезеңі тым созылып кетпеуі тиіс. Ол жоғары қарқынмен мектеп өмірін сапалы ұйымдастыруға ықпал етуі қажеттілігімен тығыз байланысты болғаны жөн.

    Екінші кезеңмектеп өмірін тұрақтандыру. Ол тәрбие жүйесінің құрылымы мен жүйеқұрушы ұжымның іс-әрекетінің мазмұнымен байланысты анықталады. Бұл кезеңнің ерекшелігі: жүйедегі компоненттердің ішікі байланысы әлі де болса тұрақсыз болып келеді, бірақ, оларды тәртіпке салу процесі үнемі жүріп жатады. Мектеп әкімшілігі ұжымдық іс-әрекетте тәжірибе жинақтайды, әрекеттегі ең нәтижелі тәсілдер мен дәстүрлер бекітіледі. Бұл кезеңде мектептің оқу ұжымы мен өзін-өзі басқару ұйымдары, спорт, көркемөнер, техникалық шығармашылық, клуб жұмыстары саласында даму процессі анық қарқын ала бастайды. Ұжымда оқушы тұлғасын бекіту мүмкіндіктері кеңейеді, балалардың бір-бірімен бірігіп, уақыттарын мейлінше бірге өткізуге деген қажеттілігі, ата-аналардың мектепке, өз балаларына, мұғалімдерге көмектесуге (оқу кабинеттерін жабдықтау, бұқаралық шараларды бірге атқару, спорт, мәдени жорықтарды бірге ұйымдастыру және т.б.) талпыныстары артады. Балалардың мектепішілік іс-шараларға қатысуына қызығушылықтары біршама күшейеді.

    Үшінші кезеңде тәрбие жұмысының жүесін құру аяқталады, оның компоненттерінің ішкі байланысы тұрақтанады, мектеп өмірі тәртіпке келеді, оқу-тәрбие жұмыстары қабылданған ережеге сәйкес атқарылады. Кірігу процессі күшейеді, нәтижесінде бұл процесс оқушылар ұжымның оқу және оқудан тыс әрекеттерін толыққанды қамтыйды. Соның негізінде мектеп ұжымы жаңа сапаға көтеріледі. Ол көбінесе оқушылар мен мұғалімдердің, оқушылар мен ата-аналардың, мұғалімдер мен ата-аналардың тығыз қарым-қатынасының жалпы мақсатқа және жалпы жауапкершілдікке бағытталған шығармашылық әрекеттерімен сипатталады.

    Бұл кезеңнің негізгі бір маңызды ерекшелігі оқушылардың ұжым болып шығармашылықпен өзара жұмыс істеуінің басымдылық жағдайда болуы. Мәселен, ұжымдық шығармашылық іс-әрекетті ұйымдастыруда:

    - белгілі бір әрекетке дайындық жұмыстары; әрекетті жоспарлау; өзара іс-қимыл; шараны өткізу; шараның нәтижесін қорытындылау және т.б. жұмыстары тек балалардың өзара бірлескен ұжымдық шығармашылық белсенді әрекеті негізінде атқарылады.

    Бұл кезеңде оқушылар ұжымының дамуына, оқушы тұлғасының сапалық қалыптасуына және мектепті педагогикалық-психалогиялық тұтастай білім тұрғысынан басқарудың рөліне мән берілуі айрықша артады. Мұғалімдер тәжірибе жинақтау барысында тұлғалық-бағдарлық ұстанымды өз дәрежесінде меңгереді.

    Нәтижесінде оқушылар жүйені басқаруға көптеп қатыса бастайды. Жүйені басқарудың әкімшілік формасы жойылады. Өзін-өзі басқару және өзін-өзі реттеу процессі күшейеді.

    Тәрбие жүйесін басқару қарастырады:

    • тәрбиелік шаралардың нақты бір формасын таңдау;

    • шаралардың мақсаттары мен міндеттерін анықтау;

    • шараларды өткізуге ынталы топ пен оқушыларды таңдау;

    • ынталы топпен бірігіп тәрбие жұмыстарын жоспарлау;

    • шараларды ұйымдастыру және өткізу жұмыстарын ынталы топ мүшелеріне бөліп беру;

    • шараларды өткізуге дайындық жұмыстары;

    • сынып жетекшісінің тәрбие шараларын дайындауда оқушыларға ақыл-кеңес беруі;

    • ынталы топпен бірігіп шараларға дайындықты тексеру;

    • тәрбиелік шараларды өткізу;

    • оқушылармен бірігіп өткізілген тәрбиелік шараларға талдау жасау;

    • алдағы жұмысты жоспарлау.

    Тәрбие жүйесінің қалыптасу деңгейін анықтау екі өлшем, яғни факт және сапа арқылы жүргізіледі. Бірінші өлшем тәрбие жүйесінің қалыптасқан немесе қалыптаспаған жағдайын анықтауға мүмкіндік берсе, ал екіншісі – оның деңгейі мен нәтижесін анықтайды.

    Бірінші өлшемнің көрсеткіші болып танылады:

    • мектептің өмір сүру әрекетінің талапқа сай келуі (оқу-тәрбие жұмысының мазмұны, көлемі және сипаты, мүмкіндігі және жағдайы);

    • бірыңғай мектеп ұжымының қалыптасуы;

    • тәрбиелік ықпалдың болуы, педагогикалық күштердің шоғырлануы.

    Екінші өлшемнің көрсеткіші:

    • тәрбиелік жүйе негізіне кіретін педагогикалық тұжырымдамалар, идеялар және ұстанымдарды жүзеге асыруда қойылған мақсаттың жуықтау деңгейі;

    • мектепте жалпы психологиялық жағымды көңіл-күйдің, жүйедегі субъектілердің өзара тығыз қарым-қатынасының болуы және олардың әлеуметтік қорғалу жағдайы;

    • оқушылардың тәрбиелік деңгейі, өзінің беделін сезінуі т.с.с.

    Бұндай өлшемдер мектептің тәрбие жүйесінің дамуына қатысты нақтыланып отырады.

    Дегенмен, қазіргі тәрбие жүйесін нәтижелі дамытудың маңызды өлшемі ретінде тұлғаны дамыту идеясы болып табылады.

    Тәрбие жүйесінің белгілері ретінде құзырлық (компонентность), құрылымдық (структурность), көпдеңгейлік (многоуровневость), себепшілдік (обусловленность) және олардың өзара байланыстылығы (взаимосвязанность) саналады.
    1.2.4. Педагогика тарихында тәрбие жүйесінің жан-жақтылығы
    Қазіргі педагогикалық ақиқаттың феномені ретінде біртұтас педагогикалық процесте тәрбие процесін жүзеге асыратын, тәрбие жүйесі танылады. Бұл, ең алдымен педагог-новаторлардың (Щетинин, Тубельский, Захаренко, Тарасов және т.б.) авторлық мектептері. Бүгінде олар құбылыс ретінде гуманистік тәрбиенің негізін құрайды. Гуманистік – бұл Адамды жоғары құндылық ретінде тануды қарастыратын дүниетанымдық ұстаным. Гуманизм болмаған жерде өмір жоқ және өмірдің бақытын ойлаудың қажеті болмайды (Н.Е.Шуркова).

    Бүгінгі таңда көпшілік мектептерде тәрбие жүйесінде авторитарлық, әкімшілік жүйе сақталып отыр. Олардың жұмыстары жоғарыдан берілген нұсқаулар, бұйрықтар негізінде атқарылады. Бұл жағдайда шығармашылықпен жұмыс істейтін педагогтардың ізденістері ескерілмейді. Олар әкімшілік тарапынан қарсылықтарға тап келіп отырады.

    Дегенмен педагогика тарихында тәрбие жүйесінің көптеген түрлері қалыптасты. Атап айтсақ, С.Т.Шацкий, С.М.Ривеса және Н.П.Шульман, М.М.Пистрака, В.Н.Сороки-Росинский, А.С.Макаренко, С.Френе, Я.Корчак, В.А.Сухомлинский, Ф.Ф.Брюховецкий, А.А.Захаренко, В.А.Караковский, А.Н.Тубельскийлер құрған жүйелерінің маңызы ерекше болды.

    Бұған қосыша «әділдікке бірлескен» (справедливыми сообществами) Вальдорф, Кольберга мектептерін және Англиядағы А.Нилла мектебін атауға болады.

    Педагогика ғылымының пайда болуы мен даму тарихында көптеген тәрбие жүйесі пайда болды. Олар философиялық, әлеуметтік және психология-педагогикалық тұжырымдамаларға негізделді. Солардың кейбіріне тоқталайық.

    Ерте дәуірдегі бізге жеткен тәрбие жүйесіне қатысты жекелеген идеялар және бағыттар грек қалалары мен мемлекеттерінде, Спарта мен Афинада құрылып, солардың экономикалық және саяси құрылымдарының ерекшеліктерін бейнеледі.
    1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   27


    написать администратору сайта