Абенбаев С. ТЖТӘ, 2016. Оқулық (1). Алматы 2016 Бл ебегімді азастанны педагогика ылымына танымал, крнекті педагогалым, педагогика
Скачать 0.6 Mb.
|
Бақылау сұрақтары 1.Сынып жетекшісінің оқушымен жеке жұмысындағы мақсат нені көздейді? 2.Сынып жетекшісі оқушымен жеке жұмысының нәтижесін қамтамасыз етуде қандай шарттарды ескеруі тиіс? 3.Сынып жетекшісінің оқушымен жеке жұмысының бағыттары мен ерекшеліктері қандай? 4.Сынып жетекшісінің оқушымен жеке жұмысының әдістемесі қандай? 3.4. Сынып жетекшісінің оқушылар ұжымын тәрбиелеу маңыздылығы 3.4.1. Мектеп және сынып ұжымын қалыптастыру және дамыту оқушыларды тәрбиелеуші және дамытушы орта ретінде Мектептегі сынып жетекшісінің тәрбие жұмысындағы негізгі міндеті - оқушылардың жеке басын қоғамның талабына сай тәрбиелеу. Бұл міндетті орындау, әдетте оқушылар ұжымын қалыптастырудан басталады. Оқушылар ұжымы - оқушылардың жалпы мақсатпен және қоғамдық пайдалы бірлескен еңбекпен топтасқан тұрақты бірлестігі. Оқушылар ұжымына тән қасиет: мақсаттылығы, ауызбірлігі, белсенділігі, іскерлігі, жауапкершілігі т.б. Сынып жетекшісі тәрбие жүмысын жоспарлағанда оның ең басты, шешуші саласы балалардың достығы жарасқан тату-тәтті, іскер ұжымын құру екендігін ұмытпауы тиіс. Оқушылар ұжымының өмірін қызықты ұйымдастырмайынша, мектеп алдында тұрған міндеттерді орындау мүмкін емес. Оқушылар ұжымын тәрбиелеудің маңыздылығы, мектеп қабырғасынан шыққаннан кейін олар әртүрлі ұжымға тап келеді. Сондықтан да олардың сынып және мектеп ұжымдарында жеке бастарының қаншалықты үйлесіп, қалыптасуы-на байланысты оның кейінгі уақыттардағы психологиялық жағдайы сәйкестенеді, қайсібір әрекеті нәтижелі болады. Сынып ұжымында бала өзінің үлкендермен қарым-қатынастағы қабілетін тәрбиелейді. Соған орай ұжымдағы өзара қарым-қатынас жүйесі бір-бірімен байланысты іскерлік және достық жағдайында болып келеді. Олар негізінен ұжым болып қалыптасу кезеңінің алғашқы мерзімінен бастау алады. Аристотельдің айтуынша, адам баласы қоғамның тірі организмі болғандықтан, тек қоғамда ғана ол өзінің табиғатын дамыта алады. Олай болса, ол қарым-қатынас жасау барысында өмір сүруге және ғылымға қатысты білімдерді алады, әр түрлі әрекетке қатысты білік пен дағды қасиеттерін меңгереді, қоршаған ортаның тылсым құбылыстарын түсіне бастайды және соған өзгелер де бейімделеді. Сыныптағы оқушылардың өзара дұрыс қарым-қатынасы – тұрақты көңіл-күйді, бір-біріне сенім мен сыйласымдылықты қалыптастырады. Дұрыс қарым-қатынас - өмір құбылыстарын бағалау өлшемін және ақиқат, жақсылық, әсемдік туралы көзқарасты тәрбиелейді. Сондықтан, тек адамдармен шынайы іскерлік, достық қарым-қатынаста ғана адамның өзін-өзі дамуына мүмкін туады. Ол үшін, адамға қолайлы жағдай жасау қажет. Оқу-тәрбие процесінде мұндай жағдай негізінен оқушының жолдастары арасында өзара достық қарым-қатынаста мүмкін болады. Осындай қарым-қатынастағы балалар тобын – оқушылар ұжымы деп атауға болады. Педагогика ғылымында балаларды ұжымда, ұжым арқылы тәрбиелеу идеясы 1920-1930 жылдардан бастау алып, бүгінгі күні ол толық зерттеліп, мектеп практикасында жүзеге асып отыр. Қазіргі қоғамды реформалау идеясы, нарық жағдайында жиі-жиі сынға алынуда. Ондағы негізгі себеп, ұжымдық қатынас тұлғалық ерекшелікті басады, оның пікірін көпшіліктің пікіріне бағындырады. Соның негізінде тұлғаның өзінің белсенділігі азайып, ұжымға жалтақтау, яғни, конформизмнің тууына ықпал етеді. Демократиялық, жария-лық, тұлға дамуындағы еркіндік идеяларымен үйлеспейді деген көзқарасты дәлелдейді. Мұндай көзқарас кейбір мектептердегі мұғалімдердің өктемдік әрекетінен туындайды. Себебі, 80 жылдардың орта кезеңіне дейін мұғалімдер оқушылардың нақты өмір жағдайына қатысты қызығушылығын, талап тілектерін көбінесе ескермей, біржақты қатаң жүйемен оқу-тәрбие процесін ұйымдастырып келді. Бүгінде жағдай бөлек. Көптеген мұғалімдер педагогикалық әрекеттегі тұлғалақ-бағдарлық көзқарасқа сай сыныптың көңіл-күйі мен психологиялық жағдайын жақсартуға көңіл бөле бастады. Олай болса нағыз оқушылар ұжымын қалыптастыруды нәтижелі ұйымдастыру, шынайы әлеуметтік өмірге сай балалардың қажеттілігін ескеріп, мұғалімдермен өзара әрекеттесуінде ынтымақтастық сипат орын алған жағдайда ғана өз жемісін берері анық. А. С. Макаренконың тұжырымдауынша, ұжым – ол тірі әлеуметтік организм, ондағы даму, “қозғалыс - ұжымның өмір сүру формасы”, “тоқтау – оның өлу формасы”. Ұжымның ондағы әрбір мүшесіне – ол “тұлғаға әсер ету құралы”. Олай болса ұжымның тәрбиелік қызметі кең көлемді міндеттерді шешеді: қоғамдық маңызы бар ортақ мақсатты және соған сәйкес өзара әрекеттесу болашағын ойластыруды; оның әрбір мүшесінің өзара тіршілік етуінде белсенді қатынасын қамтамасыз етуді; жоғары адамгершілік межелері мен жалпы адамзаттық мәдени құндылықтарды меңгеруді; оның жекелеген мүшесіне өзін-өзі дамытуға мүмкіндік туғызуға, ол үшін ұжымда жағымды көңіл-күйді қамтамасыз етуге т.с.с. “Ұжым” – латын тілінен енген ұғым. Ол бізге әр түрлі түсінікті ұғындырады: жиналған жұрт, жиын, топ, бірлестік т.с.с. Нақтылағанда – оны әрекеттің түріне байланысты адамдардың тобы деп түсінген дұрыс. Дегенмен, қандай да бір топты “ұжым” деп айтуға бола ма? Әрине, ол олай емес. Қазіргі педагогикалық әдебиеттерде “ұжымды” екі түрде түсіндіреді. Біріншісі, қандай да бір ұйымдасқан адамдар тобы (мысалы, өндірістегі еңбек ететін адамдар тобы), екіншісі, тек жоғары деңгейде ұйымдасқан адамдар тобы немесе бірлестік. 3.4.2.Оқушылар ұжымының белгілері мен құрылымы және оны ұйымдастыру әдістемесі Оқушылар ұжымына келсек, оның өзіндік белгілері бар. Атап айтсақ: 1. Жалпы әлеуметтік маңызы бар ортақ мақсаттың болуы. Мақсат қандай да болмасын топта болады. Мысалы, көлікке отырған жолаушыда, балалардың тұрғын жайындағы жолдастары ортасында, тіпті қылмыскерлер ортасында да болады. Ал, біздің әңгіме қозғап отырған оқушылар ұжымына келсек, ондағы мақсаттың сипаты олардан тіпті бөлек. Ол қоғам және мемлекет тарапынан қолдауға ие болып, басымдылық танытатын мемлекеттік идеология және заңдар мен Ата заңға қайшы келмей, солардың шеңберінде әрекет жасайды. Себебі, ондағы мақсат міндетті түрде қоғамның мақсатымен сәйкес келеді. Мәселе, адамның тағдыры үшін қандай мақсат нәтижелі әрі дұрыс бағытталған, соны айыра білу қажет. 2. Әрекет етуде өзара бірлескен іс-қимылдың болуы. Балалар ортақ мақсатқа жетуде бірлесе іс-қимыл жасайды. Ол үшін оның әрбір мүшесі бірлескен өзара әрекетке белсенді қатысуы міндетті. 3. Өзара қарым-қатынаста жауапкершіліктің болуы. Яғни, өзара әрекеттесу барысында, оның әрбір мүшесінен жоғары жауапкершілік талап етіледі. Соған сәйкес, ұжымның әрбір мүшесінің өзара ерекше қарым-қатынасы белгіленеді: көңіл-күйдегі әсерленушілікте, моралдық межеде, өзара пікір алмасуда, белгілі бір мәселеге қатысты бірыңғай ортақ көзқарастың болуы. 4.Ортақ сайланған басқару ұйымның болуы. Ұжымда демократиялық қатынас орнайды. Соған сәйкес белгілі бір басқару ұйымы құрылады. Ол тікелей және ашық сайлау негізінде қалыптасады. Ұжымды қалыптастырудың жоғарыда аталған белгілерінен басқа тағы да өзгешеліктердің болуы мүмкін. Бұл белгілер ұжымның ішкі қалыптасу құрылымы мен психологиялық жай-күйдің және оның әрбір мүшесінің бір-бірімен өзара қарым-қатынасының көрінісі немесе өлшемі ретінде сипатталады. Сондықтан, жақсы ұйымдасқан ұжымда өзара көмек және өзара жауапкершілік, бір-біріне тілектестік және адал ниеттілік, сын және өзара сын орнығады. Сонымен қатар, еңбекке, қоғамдық пайдалы жұмыстарға, жолдастары-на, тіпті өзінің міндетіне жауапкершілігі мұқият қалыптасады. Татулық пен достығы жарасқан ұжымдағы өзара қарым-қатынас жеке басының мүддесін қоғамдық мүддеге бағын-дырумен анықталады. Мұндай көзқараста белгілі бір әлеумет-тік объективтік және субъективтік құбылыстарға ұжымның әрбір мүшесінің айқын да сенімді қатынасының қалып-тасуына оң ықпалын тигізеді. Мектеп ұжымы кұрылымындағы ең тұрақты ұжым болып – сынып ұжымы есептелінеді. Соның негізінде оқушылардың негізгі оқу әрекеті жүзеге асады. Тек сынып ұжымында ғана оқушылар арасында өзара байланыс және қарым-қатынастың алғышарттары пайда болып, берік қалыптасады. Соның шеңберінде жалпы мектеп ұжымының іргесі қаланады. Олай болса, оқушылар ұжымы деп – ортақ әлеуметтік маңызы бар мақсатқа біріккен, соған сай белсенді әрекет ететін және ортақ сайланбалы ұйымы бар, барлық мүшелерінің құқықтары мен міндеттері бірдей және өзара жауапкершілдікке негізделген оқушылар тобын атаймыз. Оқушылар ұжымын қалай ұйымдастыруға болады? Оқушылар ұжымының күнделікті ісі белгілі бір сыныптағы балалардың басым көпшілігінің мінез-құлқына, аңсары ауып тұратын ісіне жауап беретіндей ұйымдас-тырылуы қажет. Тәрбие жұмысын осылай құру оқушының дүниетанымын, рухани байлығын, моральдық тазалығын, дене тәрбиесінің жетілуін, бір сөзбен айтқанда жас ұрпақтың жан-жақты үйлесімді қалыптасуын қамтамасыз ететін тәрбиелік шаралардың басты саласы болып табылады. Сынып жетекшісі оқушылар ұжымын құруда, олардың сапалы білім алуы мен саналы тәртібін қамтамасыз етудің маңызы ерекше. Саналы тәртіп болмаған жерде сапалы білім алуда болмайды. Бұлар бір-бірімен өзара тығыз байланысты болып келеді. Саналы тәртіп - мақсатты тәртіп. Ол қоғамның мақсатымен ұштасады. Саналы тәртіпке тән сипат - өз мақсатын қоғам мақсатына, жеке бастың мүддесін, оқушылар ұжымының мүддесіне бағындыра білу. Оқушыларды саналы тәртіпке тәрбиелеудегі негізгі міндет - білім алу мен оқу әрекетінің сапасын үнемі арттырып отыру. Сынып жетекшісінің бұл бағыттағы тәрбие жұмысы мектептегі “Оқушыларға арналған ережелердің” мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету және пән мұғалімдерімен бірлесе отырып оқушылардың жоғары үлгерімге жетуіндегі оқу әрекеттерін ұйымдастыру. Оқушылардың оқу-тәрбие процесіндегі әрекеттерін жандандыруда сынып жетекшісі белсенділер тобына арқа сүйейді. Бүл сынып жетекшісінің ұжымды топтастырудағы атқаратын жұмысының маңызды екінші кезеңі. Сынып белсенділері бір жағдайда үлгілі оқушыар болса, екінші жағдайда қоғамдық тапсырмаларды атқара алатын қабілетті балалар тобы. Олар - ұжымының ұйтқысы. Сынып жетекшісінің тәрбие жұмысы әрі қиын әрі күрделі және жан-жақты. Сондықтан да ол осы жауапты жұмыс-тарды атқаруда оқушылардың өздеріне, тіпті олардың белсен-ділеріне арқа сүйегені жөн. Мүндай жағдайда сынып жетек-шісінен жан-жақты білімділікті, асқан шеберлікті қажет етеді. Сынып жетекшісінің шеберлігі дегеніміз - оқушылар ұжымының алдына қызықты мақсат қойып, ұжымдық іске ұйтқы бола білуінде, әрі оны ұйымдастыудағы білімі мен қабілеті. Сынып белсенділері неғұрлым күшті болса сынып жетекшісіне тәрбие жұмысын ұйымдастыруда соғұрлым жеңіл болады. Оқушылардың ынтымағы жарасқан іскер ұжымын ұйымдастыруда, олардың жоғары адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру қажет. Ол үшін, оларды ұстамдылыққа, кемшілікке төзбеушілікке, сенімділікке тәрбиелеу керек. Бұл тұрғыда, сыныпта қоғамдық пікірді орнықтырудың маңызы ерекше. Оқушылар арасындағы қоғамдық пікір өздеріне деген шынайы ортақ көзқараста, оқу әрекеттері мен қоғамдық жұмыстарының сапасын бағалауда, әділ сын мен өзара сын орын алғанда, жекелеген оқушының жағымсыз қылықтарын сынып талқысына салып отырған жағдайда ғана қалыптасады. Қоғамдық дұрыс пікір орныққан сыныптарда жолдастарының оқу-тәртібіндегі кемшіліктерін оқушылардың өздері-ақ талқыға салып отырады. Демек, ұжымдық талқылау, бағалау, жариялық, әрекеттік, қоғамдық пікірдің негізгі ерекшелігі. Қоғамдық пікірдің ұйымдастырушылық, ынталан-дырушылық мәнін де жоққа шығаруға болмайды. Ұжым өмірін қызықты етіп ұйымдастыруда жақсы дәстүрлердің тәрбиелік мәні ерекше. Дәстүр – оқушылар ұжымының өмірін, белсенділігін нығайтады және дамытады. Дәстүр - бұл жақсы әдет-ғұрып, ұжым өмірінде орныққан істің жағымды тәжірибесі. Мектеп өмірінде қалыптасқан жақсы дәстүрлер бар. Олар жалпы мектеп көлемінде не болмаса белгілі бір сынып ішінде қалыптасқан. Мектеп жағдайына келетін болсақ: мектеп бітіруші-лердің соңғы қоңырауы; Алтын күз мейрамы; Жаңа жыл шыршасы; Махаббат күні (День святого Валентина); Көркем-өнерпаздар байқауы; Спорттық жарыстар; Мейрам күндерін тойлау; Наурыз мерекесін атап өту; Көрмелер ұйымдастыру т.б. Сынып жағдайына келсек: оқушылардың белгілі бір сыныпта өз шежірелерін жүргізу; Туған күндерін атап өту; Алыс немесе жақын шетелдегі достарымен хат алысу; Қарттарды қамқорлыққа алу; Қысқы және жазғы демалыс кездерінде туристік саяхат жасау т.б. Сынып жетекшілері дәстүрлі шараларды өткізгенде оқушылардың өздерінің белсенділіктері мен іскерліктеріне сүйеніп, қалыптасқан жақсы дәстүрлерге ұқыпты қарағандары жөн. Дәстүрлерді сырттай таңуға болмайды. Ондай жағдайда оқушылар тарапынан қолдау таппайды. Дәстүрлерді оқушылар қолдаған жағдайда ғана сақталып, дамып отырады. Дәстүрлі шараларды өткізу және ұйымдастыру барысында оқушылардың ата-аналары тарапынан оны қолдау немесе оларға қатынасуларының тәрбиелік маңызы ерекше. Мысалы, балаларымен бірге туристік жорыққа шығу, спорттық жарыстарға қатысу (“Мама, папа және мен” ойыны), тәрбие сағаттарын бірлесе өткізу т.б. Өмір жағдайына байланысты дәстүрлердің түрі, сипаты, мазмұны өзгеріп, толығып, жаңарып отырады. Жоғарыда келтірілген дәстүрлер кеңестік дәуірдің жемісі. Қоғамымыздың бүгінгі таңдағы жаңаруы, мектеп өміріне де өз ықпалын тигізуде. Сондықтан, сынып жетекшілері оқушылар ұжымын жақсы тәрбиелеуде бүгінгі қолы жеткен табыстармен шектелмеуі қажет. Жаңа жағдайда бейімделіп, жаңа білім, тәжірибелер жинақтап оқушылар өмірін қызықты ұйымдастыруда дәстүрлі тәрбие мәселелеріне айрықша мән берулері керек. Оқушылардың санасы мен белсенділіктерін арттыруды, оларды қоғамдық пайдалы жұмыстарға қатыстыру, тапсырмалар берудің ықпалы және тәрбиелік мәні зор. Қоғамдық пайдалы жұмыстарды орындау барысында оқушыларда жауапкершілік пен іскерлік қасиеттері қалыптасады. Бүл үшін сынып жетекшісі оқушыларды қоғамдық жұмысқа мүмкіндігінше көбірек тартуға тырысқаны жөн. Қоғамдық жұмыстарды атқару барысында жекелеген оқушылардың қабілеттерімен жеке басының ерекшеліктерін танып білуге мүмкіндік туады. Екінші жағдайда, қоғамдық тапсырмаларды орындау барысында балалардың бір-бірімен араласуы, оны атқаруға деген ынтасы артып, өзара тез тіл табысып кетуіне мүмкіндік туғызады. Қандайда бір жаңа іс сынып өміріне қозғау салады, оны мазмұнды да жарқын етеді. Сондықтан да сыныптың әрбір мүшесі белгілі бір тапсырмаға ие болып, оны өзінің шамасына қарай орындауы керек. 3.4.3. Оқушылар ұжымын қалыптастыруда өзін-өзі тәрбиелеудің мәні мен ұжымды ұйымдастырудың формалары Оқушылар ұжымын қалыптастыруда оның жекелеген мүшелерінің өзін-өзі тәрбиелеуі өте маңызды. Өзін-өзі тәрбиелеу - баланың белгілі бір нақты мақсат көздеген саналы әрекетінің нәтижесі. Ол үшін балада міндетті түрде қоғамдық-әлеуметтік мотив (түрткі) болуы керек. Оқу - тәрбие жұмысының барысында оқушылардың сана-сезімін ояту, өз бетінше жұмыс істей білуге үйрету - сынып жеткешісінің негізгі міндеттерінің бірі. Ол әрбір оқушының білімге, өнерге қызығушылық ынтасын, спорт ойындарына құштарлығын анықтайды, өзін-өзі тәрбиелеуге сай осы бағыттағы жұмыстарын ұйымдастырып, ақыл-кеңес беріп отырады. Оқушылардың мәдени ой-өрісін кеңейтуде, құштарлығын және білім сапасын арттыруда олардың бос уақыттарында әдеби көркем шығармаларын оқуының пайдасы көп. Ол үшін оларды жүйелі түрде кітап оқуға дағдыландыру қажет. Сынып жетекшісі мектеп кітапханашысымен ақылдаса отырып, қай оқушыға, қандай кітаптарды оқу қажеттігі туралы кеңес беріп, оны таңдауға, оқу дағдысын игеруіне көмектеседі. Жақсы көркем шығармаларын сынып болып талқылауын ұйымдастырады. Оқушылардың ата-аналарына сыныптан тыс оқуды ұйымдастыру туралы кеңес беріп отырады. Көркем шығармаларды аз оқитын оқушыларға үнемі көңіл бөлу қажет. Көбінесе, сондай оқушылардың оқыған кітаптары бойынша әңгіме ұйымдастырып, олардың қызығушылығын арттырып отыру міндетті. Өзін-өзі тәрбиелеу жұмыстары барысында оқушылар-дың театрға, киноға, мұражай және көрмелерге барып тұрулары мен оның нәтижесін ұжым болып талқыға салуды дәстүрге айналдырудың да маңызы ерекше. Табиғатқа және өндіріс орындарына жорықтар жасап, еңбек және соғыс ардагерлерімен, өнер қайраткерлерімен қызықты кездесулер, кештер ұйымдастырудың да тигізер пайдасы зор. Атақты адамдардың үлгі-өнегесінде тәрбиелеу - оқушылардың сана-сезімін, адамгершілік қасиеттерін қалыптастырудың басты құралы. Қазіргі кезде сыныптағы оқушылардың бірлескен әрекетінің мазмұнын анықтау күрделі мәселе болып отыр. Сірә, оның мазмұнын жаңартып, толықтыру қажет болар. Сондықтан да оның негізін жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтар құрауы тиіс. Яғни, ол адам баласы әрекетінің құрамдас бөлігі ретінде қайырымдылық және табиғатқа жанашырлықпен байланыста қаралуы тиіс. Сынып ұжымын ұйымдастыру формасы жеке топ және ұжымдық шығармашылық әрекеті түрінде атқарылады. Соның ішінде ұжымдық істерді ұйымдастырудың нәтижелі формасына - жеке топ болып әрекет етуді жатқызамыз. Ол барлық балаларды ұжымдық істерге қатысуға, олардың жеке мүмкіншілігін, қажеттілігін ескеруге жағдай тудырады. Жеке топтық жұмыс тұлғаның қажеттілігін және қызығушылығын жүзеге асыру барысында оның дамуына мүмкіншілік тудырып қана қоймайды, сонымен бірге қабілетін де шыңдап, басқа да топтардың өзара әрекеттесуі барысында жалпы сынып ұжымының дамуына ықпал етеді. Дегенмен де қазіргі психологиялық - педагогикалық зерттеулерде сыныпта ұжымдық шығармашылық әрекеттің басым болу қажеттілігіне аса маңыз берілген. Ондағы себеп, ұжымдық әрекет балалардың өздеріне және басқа да адамдарға ізгілік қатынастарын дамытуда, мұғалімдерге оның жалпы бағытын ұстанып отыруына мүмкіндік береді деген пікірді алға тартады. Ұжымдық шығармашылық форма - оған қатысушы жақтардың өзара бірлесіп іздену жұмыстары негізінде жүзеге асады. Ол үшін: -әрбір қатысушының қызығушылығы және қажеттілігі ескерілуі тиіс; -жеке тұрғыдағы мақсат топтық және ұжымдық мақсатқа қарама-қайшы келмеуі тиіс; -ұжымдық шығармашылық іс, жалпы ортақ істе әркімнің өзінің орнын таба білуіне мүмкіндік туғызуы тиіс. Ұжымдық шығармашылық әрекет формасы басқалардан тәрбиелік міндеттерді қою және оқушылардың тәжірибе жинақтау сипатымен ерекшеленеді. Оның негізін ұжымның барлық мүшелерінің өзара бірлескен әрекеттері, ынтымақтастығы жағдайы құрайды. Мұндай жағдайда олар сыныптағы оқу-тәрбие жұмыстарына қатысты жоспар құруды, тәрбие шараларын дайындау және өткізуді бірлесе атқарады. Ұжымдық шығармашылық істі ұйымдастыру негізінен 5 кезеңнен тұрады. 1. Дайындық жұмысы. Мұғалімдер сынып ұжымымен болашақта атқарылатын шығармашылық істің жоспарын алдын-ала белгілейді, оның нақты тәрбиелік міндеттерін анықтайды, балаларға оның әр түрлі жобасын талқылау ұсынылады, олардың пікірлерімен санаса отыра, жоба нақтыланады, соның барысында әрбір оқушының оған белсенді қатысын орнықтыратын тәсілдері қарастырылады. 2. Ұжымдық жоспарлау. Балалар бұл кезеңде өздері әрекет етеді. Яғни, олар қойылып отырған мәселеге сай оның шешімін ұжым болып немесе топ-топ болып бірлесе қарастырады. Шараның құрылымын белгілеп, нақты жоспарын құрады. Белсенді топ құрылып, жауапты адамдар тағайындалады. Басшысы сайланады. 3. Ұжымдық іс-қимыл. Ұйымдастыру тобы дайындық жұмыстарының жоспарын құрып, оны нақтылып, қажет болған жағдайда түзетулер енгізеді. Оны ұйымдастыру барысында жекелеген оқушыларға немесе топқа тапсырмалар бөлініп, олардың барысын қадағалап отырады. Сынып жетекшісі бұл кезеңде оқушылардың бастауларына қолдау көрсетіп, олардың шығармашылықпен ынталы жұмыс істеуіне себепкер болады. Кейбір жекелеген оқушының бастамасы мен белсенділігін басқаларға үлгі тұтып отырады. 4. Шараны өткізу. Бұл кезеңде жоспар нақты жүзеге асады. Оқушылар алдын ала дайындық жұмыстары және белгіленген жоспар бойынша өздерінің ойларын ұжым болып атқарады. Сынып жетекшісі шараның өту барысында ынталы топқа қолдау көрсетіп, бағыт бағдар беріп, жағымды көңіл-күй тудырып, кейбір кемшіліктер туындап отырса, оны бейресми түрінде түзетіп отырады. 5. Шараның нәтижесін қорытындылау. Шараны өткізіп болғанан кейінгі кезекте, оның нәтижесін қорытындылап, жоспар бойынша қалай белгіленді, ал ол қалай атқарылды деген сұраққа ұжым болып жауап іздейді. Бұл жауапкершілігі мол кезең. Сондықтан, оған оқушылардың барлығы белсенді қатысуын ұйымдастыру сынып жетекшісі үшін маңызы ерекше. Мұндай жағдайда оқушыларды асықтырмай, олардың өзара талқылауына біраз уақыт және мүмкіндік берген жөн. Шараның жетістігі мен кемшілігі сарапталып, болашақта оны болдырмау-дың жолдары қарастырылады. Пікір алмасуы барысында оқушылардың ұсыныстарын ескеру қажет. Сынып жетекшісі онда айтылған пікірлерді қорытындылап, кейбір ұнамдысын өзінің қойын дәптеріне жазып отырады. Ұжымдық шығармашылық жұмыс өзінің ұйымдастыру формасы жағынан бірден-бір қолайлы әлеуметтік және педагогикалық құбылыс. Сондықтан да оны ұйымдастырудың жолдары да әр түрлі. Соған байланысты сынып жетекшісінің кейбір жағдайларды ескеріп отырғаны жөн: -сынып жетекшісі ұжымның шығармашылық мүмкіндігін қамтамасыз етуі тиіс; -белгіленген шараға дайындық және оны өткізу барысында бұрын өткен шарамен байланысын, бірізділігін қамтамасыз ету; -шараның мақсаттылығын қамтамасыз етуде, бұрмалаушылыққа жол бермеу; -оқушылардың оқу-тәрбие процесінде алған білімдері мен тәжірибесіне ескере отыра, жалпы педагогикалық тәжірибелер басшылыққа алу; -белгілі бір шараны белгілеп, оның дайындау және өткізу барысында, оқушыларға қамқор болуды үнемі естен шығармау; -шараның нәтижесін қорытындылап, талдау барысында бірде бір оқушының қалыс қалмауын қадағалау. Ұжымдық шығармашылық әрекеттің қандай да бір формасын алмайық, оның нәтижелі болуы мұғалімдер болсын, оқушылар болсын барынша ой фантазиясын, тапқырлығын, өзінше көзқарасын көрсету қажет. Сонда ғана ол олар үшін көңілді де қызық болады. Әрине, мұндай қатынас мұғалімдер үшін де әсерлі. 3.4.4. Сынып оқушыларының өзін-өзін басқару ұйымдары және оны ұйымдастыру кезеңдері мен шарттары Оқушылардың өзін-өзі басқаруы – олардың мектеп жағдайындағы өмірлерін ұйымдастырудың басқа формаларына қарағанда демократиялық тұрғыдағы түрі. Мысалы, сынып жетекшісі сынып ұжымын ұйымдастыруда оған балалардың белсенді қатынасын ескермесе, ол өктемшіл басқару жүйесі болып есептелінеді. Бұған керісінше, оқушылар өздерінде туындап отырған мәселелерді өздері шешіп отырса, онда ол демократиялық жүйе болып саналады. Оқушылардың өзін-өзі басқаруын дамыту сынып ұжымын басқару жүйесінен өзін-өзі дербес басқару жүйесіне көшуді қамтамасыз ететін біртіндеп өзгермелі үздіксіз сапалы процесс. Сондықтан да оның қозғалмалы күші ең алдымен оқушыларға бағытталған. Себебі, ол өзінің болашақ қоғамдық маңыздылығымен ерекше. Олай болса, оқушылардың өзін-өзі басқаруы - қоғамдық маңызы бар мәселелерді шешуде оқушылар ұжымының өмірін ұйымдастырудың демократиялық бағыттағы формасы. Соған сәйкес оның өзіндік белгілері бар: -оқушылар ұжымының белгілі бір мәселеге қатысты өз алдына дербес шешім қабылдауы және оны жүзеге асыру мүмкіндігінің болуы; -дербестігін дамыту мүмкіндігінің болуы; -сынып ұжымының өмірін педагогикалық тұрғыдан демократиялық жолмен ұйымдастыру мүмкіндігінің болуы; -ұжымның әрбір мүшесінің оқушылардың сынып, мектеп және қоғамдық өмірлерін басқаруға дайын бола білуі т.с.с. Бұдан шығатын қорытынды ретінде, өзін-өзі басқарудың шартты түрде алынған негізгі ұстанымына: -“өзіміз шараны ойластырамыз”; -“өзіміз жоспарлап, өзіміз оны атқарамыз”; -“өзіміз қортынды жасаймыз” қағидаларын жатқызуға болады. Тәрбиенің гуманистік сипатында оқушылардың өзін-өзі басқару жүйесін құру және дамыту негізгі мәселенің бірі ретінде қарастырылады. Өзін-өзі басқару арқылы мектеп өмірін демократияландыру идеясы жүзеге асырылады. Сондықтан, қазіргі тәрбие теориясында өзін-өзі басқару идеясы балалар ұжымының негізгі бір қағидасы боп қалыптасты. Оның мәні, оқушылардың сайланбалы ұйым арқылы сынып, мектеп өмірін басқаруға шынайы қатысуы. Сол үшін де, өзін-өзі басқару ұйымы шынайы құқыққа ие болып, өзінің әрекетіне іс жүзінде нақты жауап береді. А. С. Макаренконың көзқарасынша “Өзін-өзі басқаруды әрекет тудырады, басқадай болуы мүмкін емес”. Олай болса, өзін-өзі басқару тек ортақ мақсатқа жетудегі белсенді әрекеттің жемісі. Өзін-өзі басқарудағы ерекшелік, оның кейбір мүшелерінің белсенділік әрекетінің болуымен сипатталады. Ол тек ерікті жағдайда пайда болады. Сондықтан да оның жоғары ұйымы ретінде оқушылардың жалпы жиналысы болып табылады. Өзін-өзі басқару ұйымының құрылымы негізінен 3 кезеңнен тұрады. 1. Сынып жағдайында өзін-өзі басқару: оқу, еңбек, көпшілік-мәдени, спорт секторларының жұмысы. Олардың жұмысына сынып кеңесінің төрағасы басшылық жасайды. 2. Мектеп оқушыларының өзін-өзі басқаруы. Мұнда әрбір сыныптың өзін-өзі басқару ұйымының төрағалары мүше болады. Оны жалпы мектептің өзін-өзі басқару ұйымының төрағасы және оның орынбасары басқарады. Олар тек оқушылар есебінен сайланады. Бүгінде мұндай дәстүрлі тәжірибе кейбір алдыңғы қатарлы мектеп практикасында “Парламент” түрінде өзінің жұмысын жалғастыруда. Оның жұмысына мектеп әкімшілігінің тәрбие жөніндегі орынбасары жетекшілік етеді. 3. Мектеп жағдайында тең төрағалық (сопредседатель) басқару жүйесі арқылы атқарылады. Оның құрамына оқушылардың өзін-өзі басқару ұйымының атқарушы кеңесі мүшелері (тұрақты комиссиялардың бағытына байланысты шамамен – 7 оқушы), кеңесші мұғалімдер – 5, ата-аналар - 2 адам кіреді. Мұның қызметі негізінен мектептің даму болашағы мен оның өмірін жақсарту және шешім қабылдау мәселелелерін стратегиялық жоспарлауды көздейді. Мектеп және оқушылар өмірін басқарудың мұндай жүйесі қоғамды демократия жолмен басқарудың негізін қалайды, соған сәйкес оқушыларды тәрбиелейді. Бүгінде оқушылардың өзін-өзі басқаруды дамытуда белсенділерді (лидер) даярлау міндеті өзекті мәселе болып отыр. Ол үшін олардың мектеп, қоғам өміріндегі саналы көзқарастарын орнықтырып, олардың мектепті басқару ісіне еркін араластуына, әрбір оқушының әлеуметтену процесіне қатысуына жағдай туғызу қажет. Әрине, негізгісі оларды осындай етіп міндетті түрде тәрбиелеу керек. Оқушылар ұжымындағы өзін-өзі басқаруды дамыту үлгісін шартты түрде былай көрсетуге болады. 1. Әрекеттің мақсатын анықтау. 2. Ұжым болып мақсатты белгілеу (мақсатты ұжым болып талқылау). 3. Басқару мәселесін қою (идея ұсыну). 4. Шешімді ұжым болып талқылау (жобасын немесе нақты бір нұсқасын таңдау). 5. Шешімді қабылдау (жобаны бағалау). 6.Шешімді жүзеге асыру (әрекетті пәрменді түрде ұйымдастыру). 7.Ұжым болып нәтижесін қортындылау (өздерінің мүмкіншілігін бағалау). Өзін-өзі басқару процесінің қозғаушы күші – ондағы мотивтің болуы. Сондықтан, өзін-өзі басқарудың жоғарыда келтірген әрбір кезеңі мотивті қалыптастыруға нақтылы ықпал етуі тиіс. Бақылау сұрақтары 1.Мектеп өмірінде оқушылар ұжымын қалыптастырудың қажеттілігі не? 2.Ұжым деп нені айтамыз және оның белгілері мен құрылымы қандай? 3.Оқушылар ұжымын қалыптастырудың әдістемесі қандай? 4.Оқушылар ұжымын қалыптастыруда өзін-өзі тәрбиелеудің мәні мен ұжымды ұйымдастырудың формалары қандай? 5.Оқушыларының өзін-өзін басқару ұйымдары дегеніміз не және оқушылар ұжымын қалыптастыруда оның маңызы қаншалықты? 6. Оқушыларының өзін-өзін басқару ұйымдарын ұйымдастыру кезеңдері мен шарттары қандай? 3.5. Сыныптағы оқу-тәрбие жұмысы нәтижесінің талдауы 3.5.1. Сынып жетекшісінің оқу-тәрбие жұмысының нәтижесіне талдау жүргізудің мәні мен кезеңдері Бұл сынып жетекшісі жұмысының ішіндегі ең күрделі кезеңі. Себебі, ол педагогикалық процестің мәнін танып білуге аса зор ықпал етеді. Әрбір жағдайды талдау жұмысының нәтижесінде, оған дер кезінде дұрыс шешім қабылдап, түзетулер және толықтырулар енгізіп отыруға мүмкіндік туады. Ол сынып жұмысының мақсат міндеттері және оны жоспарлау жұмысымен тығыз байланысты болады. Сондықтан да сынып жетекшісі үшін, оны атқарудың маңызы ерекше. Талдау жұмысының мақсаты - оқу жылының соңында сынып көлемінде жалпы педагогикалық процестің нәтижесін бағалауды, келешекте оның жұмысын жетілдірудің жаңа нұсқасын жоспарлауды және жаңа оқу жылының мақсат, міндеттерін анықтап, негіздеуді көздейді. Оның нәтижесі оқушылармен, ата-аналармен және пән мұғалімдерімен атқарылатын оқу-тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру және жоспарлау барысында қолданылады. Оқу жылының қорытындысына талдау жүргізу негізінен бір жыл бойы жүргізілген жұмыстардың мәліметтері, оларды талдау қорытындысы, сауалнама жүргізу және зерттеу нәтижесі барысымен байланысты атқарылады. Қоры-тындысында, педагогикалық әрекетті жетілдіруге сай нақтылы ұсыныс білдіру және бірыңғай ортақ көзқарас қалыптастыру жұмыстары жүргізіледі. Оны мамыр және маусым айларында атқару тиімді. Оқу жылында атқарылатын жұмыстарға қатысты басқа да мәліметтерге және тоқсандық оқу-тәрбие жұмыстарының нәтижесіне талдау жұмыстарын жүргізуге қарағанда, жылдық талдау көлемі, сипаты жағынан күрделі болып келеді. Сондықтан да ол комплекстік (кешенді) жұмыс болып есептелінеді. Дегенмен де оқу жылының нәтижесіне кең көлемде талдау жүргізудің өзіндік қиындықтары болады. Ол үшін, ондағы негізгі атқарылған жұмыстарды топтап, соның ішінде басымдық танытатын және жоспарда көрсетілген міндеттерге сай келетін оқушылар ұжымының оқу-танымдық, тәрбиелік әрекеттерін дерлік тұтастай қамтитын көлемді бөлігін бөліп көрсету қажет. Мұндай талдау жұмыстары негізінен 3 кезеңде атқарылуы мүмкін. 1. Жалпы сынып ұжымының өміріне талдау жасау (Оқу-тәрбие жұмыстары). 2. Сынып жұмысындағы кейбір негізгі мәселелерді талдау (Қоғамдық-пайдалы әрекеттері. Мысалы, сыныптағы кезекшілікті ұйымдастыру, жалпы мектеп аралық істерге қатысу, оқушылардың сыныптағы өзін-өзі басқаруын дамыту т.с.с.). 3. Жеке оқушымен жұмыс нәтижесін талдау. Жоғарыда көрсетілген бөлімдерге сәйкес, талдауға қатысты мәселелер оқу жылының басында белгіленген міндеттерді ескере отыра, сынып жетекшісінің басшы-лығымен анықталады. Талдауға қатысты сұрақтар топтамасы шартты түрде мынандай болуы мүмкін: 1. Қаралып отырған мәселенің нәтижесі қандай? Алға жылжу бар ма, болса оның қозғаушы күші қандай? 2. Жоғары нәтижеге қол жеткізу мүмкіндігі немесе керісінше болудың себебі қандай? 3. Сынып өмірінде қандай оң өзгерістер болды? 4. Біздің сынып басқа сыныптарға қарағанда қандай өзгешеліктерге ие? 5. Болашақта қол жеткізген жетістіктерді қалай сақтап, дамытуға болады? Ол үшін біз не істеуіміз керек? 6. Сіздерді сынып өмірінде көңілдеріңізге қонбайтын қандай мәселелер толғандырады? 7. Біз өткен оқу жылымен салыстырғанда қандай жетістіктерге қол жеткіздік? 8. Келесі оқу жылын қандай негізгі мәселемен бастаған жөн деп ойлайсыз? 9. Сынып өміріндегі қандай кемшілікті жою басты мәселе деп ойлайсыз? 10. Оқу жылының қорытындысына сай сынып оқушыларынан кімдерді ынталандыру қажет деп ойлайсыз? т.с.с. Ата-аналардың қорытынды жиналысында: биылғы оқу жылында қандай жаңа оң нәтижеге қол жеткіздік деп ойлайсыз? пән мұғалімдері, ата-аналар және мектеп әкімшілігі қандай мәселелермен айналысты? сынып жетекшісінің оқушылармен және ата-аналармен жұмысында қандай нәтиже болды? келесі оқу жылын қалай ұйымдастыру лайықты деп ойлайсыз? деген сұрақтарды талдау да өз нәтижесін берері анық. Осындай жұмыстарды атқару барысында қажетті материалдарды жинау және оған талдау жүргізу қажет. Ол үшін жиналыстың хаттамасын жүргізу және арнайы топ құрып, жинақталған материалдарды сұрыптау және негізгі ой-пікірлерді қорытындылау үшін ата-аналар және оқушылар белсенділерін тартқан жөн. Міне, осындай талдау жұмыстарын атқару үшін уақыт тапшылығымен санаспай, жан-жақты ізденісті ұйымдастыру қажет. Тәжірибе көрсеткендей, ол болащақтағы атқарылар істерге қатысты нақтылы мағлұматтар алу үшін, әрқашан да өзінің жемісін берері анық. 3.5.2. Сынып жетекшісінің оқу-тәрбие жұмысының нәтижесіне талдау жүргізу жұмыстарының шартты түрде алынған жоспарының үлгісі Сынып жетекшісінің оқу жылының қорытындысына талдау жүргізуді ұйымдастыру жұмыстарының шартты түрде алған жоспары: 1. Талдау жұмыстарының мазмұны мен формасын белгілеу үшін оқушылар және ата-аналар белсенділерінің отырысын ұйымдастыру. 2. Сынып жетекшісінің тәрбие жұмысының нәтижесін анықтау үшін “срез” тәсілін жүргізуі. 3. Сынып ұжымымен талдау жұмысының әдістемесін ойластыру. 4. Сынып жұмысының қорытындылауға сай оқушы-лардың пікірін ескере отыра, оларға тапсырма беру. 5. Оқушылардың және ата-аналармен, пән мұғалімдерімен бірлесе отыра ұжымдық талдау жұмыстарын жүргізу. 6. Талдау жұмыстарының материалдарын өңдеу (са-раптау, кесте, сызбалар сызу т.с.с.). 7. Оқушылар және ата-аналар белсенділерімен талдау жұмысының нәтижесін жазбаша қорыту. 8. Талдау жұмысының қорытындысын мектеп әкім-шілігінің тәрбие жөніндегі орынбасарына тапсыру. Әрине, мұндай жұмыстарды атқару сынып жетекшісінен шыдамдылық пен төзімділікті, орасан күш-жігерді және кең көлемді тәжірибе мен асқан ұйым-дастырушылық қабілетті қажет етеді. Сондықтан, талдау жұмысының нәтижесін қорытындылау барысында, оған қатысты барлық материалдарды ой елегінен өткізіп, негізгі кезеңдер мен ондағы шешімдерді бөліп көрсетіп, болашақта сыныпта атқарылатын жұмыстарды сипатын, мазмұнын анықтау пайдалы болмақ. Талдау жұмысының нәтижесімен сол сыныпта жұмыс істейтін барлық пән мұғалімдері таныс болуы тиіс. Себебі, олар болашақта атқаратын педагогикалық әрекеттерін жоспарлауда, оның нәтижесін ескерулері тиіс. Сынып жетекшісі оқу жұмысына талдау жұмысын ұйымдастыруда бірнеше қиындықтарға тап болады. Солардың ішінде талдау сызбасы мен оның құрылымын анықтау. Ол көбінесе талдаудың мақсаты және міндеттеріне, ұйымдастыру тәсіліне байланысты анықталады. Сондықтан, әрбір атқарылған іс-шара соңында ұжым болып талдау жұмысын атқарып отырған пайдалы. Бүгінде мектеп тәжірибесінде қолданып жүрген талдау жұмысының әр түрі бар. Олар көбінесе нысанаға (нендей нәрсе талданады), субъектіге (кімдер талдайды), талданып отырған мәселенің мазмұны мен уақытқа сәйкестігіне байланысты қарасырылады. Дегенмен де әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар. Мұндай жағдайда сынып жетекшілері нақты жұмыс формаларына сай талдауды жүргізеді. 3.5.3. Сынып жетекшісінің оқу жылына талдау жұмыстарының шартты түрде алынған үлгісі І. Сыныптағы педагогикалық жұмысты талдаудың жалпы нәтижесі. 1.1. Оқушылардың тәрбиелік және әлеуметтік өзгеру сапасы (әлеуметтік маңызы бар сапасының дамуы, мінез-құлқы, әрекеті, белсенділігі т.с.с.). 1.2. Оқушылар ұжымының даму деңгейі, ұжымдағы оқушылардың, мұғалімдер мен оқушылардың және ата-аналар мен оқушылардың өзара қарым-қатынасының сапалық көрсеткіші. 1.3. Педагогикалық тәсілдерді қолдану нәтижесі. ІІ. Сынып алдында қойылған міндеттердің орындалуына талдау. 2.1. Бүгінгі күн тұрғысында өткен оқу жылындағы міндеттердің дұрыстығы, өз уақытында қойылуы, уақытпен сәйкестігі. 2.2. Оқу жылының ішінде қандай міндеттер нәтижелі атқарылды? Оның көрсеткіші қандай? 2.3. Қандай міндеттер орындалмады және оның себебі? Олай болса, сынып жетекшісі педагогикалық процестің нәтижесін талдау барысында анықтайды: -сынып ұжымы мен өзінің педагогикалық әрекетінің нәтижесін; -сыныптағы атқарылған педагогикалық жұмыстың мақсатқа сәйкестілігін; -нәтижеге қол жеткізудің факторларын, қозғаушы күштерін, себептерін; -пайдаланылған педагогикалық құралдарының нәтижелілігін және сынып жұмысының нәтижесіне олардың ықпал ету дәрежесін; -педагогикалық әрекеттің жетістіктері және кемшіліктерін, олардың себебін; -пайдаланбай қалған мүмкіндіктер мен педагогикалық құралдарын, болашақта сынып жұмысын жетілдірудің қосымша көздерін қарастыруды т.б. Бақылау сұрақтары 1.Сынып жетекшісінің оқу-тәрбие жұмысының нәтижесіне талдау жүргізудің мәнісі не? 2.Талдау жұмыстары қанша кезеңде жүргізіледі? 3.Сынып жетекшісінің оқу жылының нәтижесіне талдау жүргізуді жоспарлау қажеттілігі мен мазмұны қандай болмақ? 4.Белгілі бір сыныптың оқу жылына жүргізілген талдау жұмыстарының бағыттары мен мазмұны қандай (шартты түрде алынған)? 3. 6. Сынып жетекшісінің күнделік дәптері Бұл – сынып жетекшісі жұмысының есебін жүргізудің маңызды және қажетті буыны. Себебі, сынып жетекшісінің күнделігі оқушылар ұжымының оқу-тәрбие жұмысының орындалуы мен нәтижесіне талдау жүргізу, оған түзетулер енгізіп, бағыт-бағдарын нақтылап отыруды жүйелеп атқаруға мүмкіндік туғызады. А. С. Макаренко мұғалімнің тәрбие жоспарына сай күнделік жүргізу қажеттілігіне ерекше мән беріп: “Жақсы тәрбиеші міндетті түрде өз жұмысының күнделігін жүргізуі тиіс. Онда тәрбиеленушілерінен байқағандарын, белгілі бір адамды сипаттайтын жайларды, олармен болған әңгімелерді, тәрбиеленушінің ілгерілеуін жазып отырады, әрбір жаста барлық балаларда болатын дағдарыстарды немесе күрт өзгерістерді талдап отырады ”, – дейді. Сынып жетекшісінің күнделігі сол сыныптың шежіресі іспеттес. Онда жалпы сынып жайлы және жекелеген оқушылардың өміріндегі елеулі оқиғалар, деректер және атқарған істері, жетістіктері мен кемшіліктері туралы мағлұматтар жазылып, талданып әрі олар күнделікті педагогикалық процесті жетілдіру мен оған түзетулер енгізіп отыруда пайдаланылады. Педагогикалық процесті бұлай ұйымдастыру, атқарылған іс-шаралардың есебін жүргізіп, оны бағалап отыруға дағдыландырады, сонымен қатар сынып ұжымында жақсы дәстүрлердің қалыптасуына да оң ықпалын тигізеді. Оқу жылының соңында сынып жетекшісі мектеп әкімшілігіне сыныпта атқарылған тәрбие әрекеттеріне қатысты кең көлемде есеп жұмыстарын тапсырады. Бұл есебінде ол оқу-тәрбие жұмысына талдау жасап, сынып ұжымының даму дәрежесі мен көңіл-күйін баяндайды. Осының бәрі сынып жетекшісінің күнделігінде қорытылып, оған қатысты жалпы мағлұматтар жүйеленеді. Мұндай жүйелі жұмыс болашақта атқарылатын педагогикалық әрекеттің дұрыс ұйымдастырылып, жоспарлануына және тәрбие процесінің сабақтастығына үлкен септігін тигізеді. Соған орай, төменде сынып жетекшісінің күнделік дәптерінің шартты түрде алған құрылымының үлгісін ұсынамыз. 1-бет; Мектеп директоры Тәрбие жөніндегі орынбасары “Бекітілді” “Келісемін” Мерзімі Сынып жетекшісінің аты-жөні Сынып 2-бет; Қоңырау кестесі. Сынып сабағының кестесі. 3-бет: Оқушылардың тізімі:
4-бет: Ата-аналары туралы жалпы мағлұмат. 5-бет; « !» сыныбының тоқсандық жалпы үлгерімінің нәтижесі. 6-бет; Көп балалы отбасы туралы мағлұмат 7-бет: Ата-ана комитетінің құрылымы. 8-бет: Сынып ұжымына жалпы мінездеме. 9-бет: Өткен оқу жылындағы атқарылған тәрбие жұмысына педагогикалық- психологиялық талдау. 10-бет: Биылғы оқу жылының мақсат-міндеттері. 11-бет: Тәрбие жұмысының жоспары. 12-бет:Тәрбие жоспарына сай сыныпта атқарылған жұмыстарға педагогикалық-психологиялық талдау жұмыстары. -Оқу жылының соңында сынып көлемінде атқарылған жұмыстарға жалпы қорытынды. -Оқушыларға жалпы психологиялық мінездеме. Бақылау сұрақтары 1.Сынып жетекшісінің күнделік дәптері дегеніміз не және оның тәрбие жұмысында маңызы қаншалықты? 2.Күнделік дәптерінің құрылымы мен мазмұны қандай? 3.Күнделік дәптерінде тәрбие жұмысына қатысты сынып жетекшісінің педагогикалық-психологиялық талдау жүргізу жұмысының қажеттілігі не? |