Абенбаев С. ТЖТӘ, 2016. Оқулық (1). Алматы 2016 Бл ебегімді азастанны педагогика ылымына танымал, крнекті педагогалым, педагогика
Скачать 0.6 Mb.
|
3. 7. Жастар қозғалысы: балалардың қазіргі ұйымдары мен бірлестіктері3. 7. 1. Тәрбие процесінде балалардың ұйымдары мен бірлестіктерінің маңыздылығы және оның түрлері Жеке адам қоғамнан тыс өмір сүрмейтіні анық. Себебі, оның жан дүниесі тек айналасымен қарым-қатынас жасау үстінде, тәлім-тәрбие, оқу-іздену арқылы әр кез белгілі бір мазмұнға ие болып отырады. Сондықтан да, оның айналысатын іс-әрекетіне қоса, бүкіл тыныс тіршілігіне, ұстанған бағытына себеп болатын түрткілер көп. Солардың бастылары: қызығушылығы, танымы мен сенімі, мұраты мен талғамы, мақсаты мен мүддесі. Адам баласына ой салатын осындай әртүрлі ұғымдар санаға ұяласа ғана сенім пайда болады. Адамның бір-біріне сенімі жоғалса, тіршілігінің де мәні болмайды. Сенім адамға бірден келмейді, ол өмір көріністерін топшылау, салыстыру, тәрбие жинақтау арқылы екінші жаққа өз тағдырын тапсырады. Сенім – адамның ерік-жігерін, оның бір-біріне қарым-қатынасының қандай екенін дәлелдейтін ұғым. Ендеше, баланың берік сенімі болмаса, онда бір-біріне ынтымағы да жойылады. Сенімсіздік болған жерде топ ыдырайды, іс-әрекет құлдырайды. Балалар бір-біріне сенген жағдайда ғана, қоғамға пайдалы үлкен іс атқаратын ұйым құра алады. Ондай іс-әрекетті балалар қозғалысына жатқызуға болады. Іс-әрекет сыртқы ортамен байланыс жасаудың, жалпы тіршілік етудің негізгі шарты. Ол – адамның түрлі қасиеттеріне, мақсатына жетуге жан-жақты көмек беретін күш. Соған сәйкес, оның нақты мақсаты мен міндеті, орындау жолы туралы бағыт беретін жоспары болады. Қозғалыс – бұл қоғамда балалардың, жас өспірімдердің және жастардың статусын өзгертуге бағытталған әртүрлі бірлестіктердің өзара әрекеттесуі, оларды барынша қоғамдық өмірге және әрекетке қатыстыру, әлеуметтік шығармашылықтары және әлеуметтік ортасында азаматтық өзндік санасын дамыту, кәмілеттік жасқа толмағандардың құқығы мен қызығушылықтарын қорғауды көздейді. Ұйым – бұл қоғамдық бірлестіктердің ерекше түрі және келесі белгілер оның қандай болуы керектігіне жауап береді: нақты мақсаттың болуы, оның орындалуында балалар мен үлкендердің өзара әрекеттесу; ұйымға ерікті түрде кіру және одан шығу құқығының болуы; ұйымға қатысты мүшелікке белгіленуі; өз бетінше ұйымдасуы, өздерін басқаруы, өзара әлеуметтік шығармашылықта әрекет етуі; ұйымның әрбір мүшесінің жағдайын анықтайтын құрылымның нақты болуы; ұйым мүшелерінің бәріне ортақ нормалар мен ережелердің болуы; ұйымның барлық мүшелерінің өзара бірлесіп әрекет ету құқығына кепілдіктің болуы (әрекетті жүзеге асыруда оның түрін, формасын және амал-тәсілдерін таңдау құқығының болуы); үлкендермен ерікті түрде біріккен кәмілетке толмаған балалар мен жастардың басымдық жағдайда болуы және т.б. Балалар және жастардың бірлестіктері олардың белсенділігін және өздік әрекеттерінің дамуына, әртүрлі қызығушылықтары мен қажеттіліктерін қанағаттандыруға, яғни олардың әлеуметтік қалыптасуы мен дамуына барынша ықпал етеді. Тұлғаның белгілі бір салада өзін-өзі жүзеге асыруына, қолы бос уақытын тиімді пайдалануға, құқық бұзушылықтың алдын алуға, жариялық мәдениет нормаларын меңгеруіне жағдай тудырады. Олай болса, балалардың және жас жеткіншектердің дамуында маңызды фактор - құрбылар қауымдастығы. Бала өзінің құрбыларымен қарым-қатынасында қосымша мағлұматтар алады, өмірлік тәжірибесін молайтады, әлеуметтік мінез-құлық ережелері мен құндылық бағдарды меңгереді, жолдастық және достық сезімін қалыптастырады т.с.с. Сондықтан да тәрбие жұмысының теориясы мен әдістемесінде балалар қозғалысын - тұлғаны дамытудың маңызды факторы ретінде оған айрықша маңыз береді. Біріккен Ұлттар Ұйымының баланы қорғау Конвенциясына сәйкес олардың жас мөлшері 7 – 18 деп қарастырылған. Жастар қозғалысына назар аударсақ, ол – дүниежүзінің барлық халықтарында болып, іске асатын қозғалыс заңы. Қайсы бір қозғалыс болмасын, ол белгілі бір мүддені көздейді. Кеңес Одағының тарауымен, соған сәйкес 1990 жылы Бүкілодақтық пионер слетінің шешіміне орай балалар мен жас жеткіншектердің қоғамдық қозғалысының формасы мен басқару өкілдігі тоқтатылды. Біздің елде де пионер және комсомол ұйымдарының өз жұмыстарын тоқтатуы салдарынан, балалар қозғалысы белгілі бір уақыт аралығында құлдилау жағдайында болды. Ол мектепте және балалар ортасында тәрбие жұмысын ұйымдастыру жүйесіне кері әсерін тигізді. Бүгінде жағдай өзгеруде. Көптеген обылыстарда балалар қозғалысы күш алуда, оны ұйымдастырудың әдістемесі және мазмұны жаңаша сипатқа ие болуда. Мысалы, кезінде Алматы обылысы әкімшілігінің қолдауымен құрылған «Мың бала қозғалысы» осы бағытта балаларға үлкен тәрбиелік ықпал етіп, өнегілік іс-шаралар атқарды. Қазіргі кездегі балалар қозғалысы жаңа жағдайға байланысты принциптік тұрғыдан өздерінің жұмыстарын ұйымдастыруда ерікті, өзін-өзі басқаратын қоғамдық негізде жұмыс істеуде. Әрине, бұл тұрғысында мемелекет тарапынан қолдауға ие болғанымен де, өз әрекеттері барысында олар әлеуметтік жеке мәртебеге ие. Соған сәйкес, балалар мен жас жеткіншектердің ерікті түрде өз қалауы бойынша ұйымдастырылып жатқан қоғамдық бірлестіктерінің мақсаттары – өмір сүріп отырған қоғамның азаматы болып қалыптасуына жағдай тудыру, ол үшін олардың құқықтарын қорғауды жүзеге асыруды көздейді. Қоғамдық бірлестік – бұл қоғамдық құрылым, онда өз бетінше немесе үлкендермен бірге кәмілеттік жасқа толмағандар және толғандар өздерінің әлеуметтік қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында ерікті түрде бірлесіп әрекет ету үшін бірігеді. Балалардың және жастардың қоғамдық бірлестіктеріне олардың топтары, командалары, клубтары, секциялары, үйірмелері, өзін-өзі басқару және т.б. қоғамдық бағыттағы ерікті құрылымдар мен бірлестіктердің ассоциациялары жатады. Мәселен, топтарға: Қоғамдық-саяси топтар – скауттар, пионерлер, комсомолдар, тарихи-патриоттық құрылымдар. Әлеуметтік белсенді топтар – жаханданушылар, тарихи және мәдени ескерткішті қорғаушылар. Радикалды топтар – скинхедтар (скиндер), фашкілер (фашисты), рокерлер және т.б. Экология-этикалық топтар – жасыл және көгілдір патрулдер және т.б. Өмір сүру салты топтары панкилер, хиптер және т.б. Қызығушылығы бойынша топтар – спорттық және музыка фанаттар (бір идеяға ынтасымен берілген адам), салауатты өмір сүру салты бойынша топтар, шығыс күресіне әуесқойлар және т.б. Дәстүрлі және дәстүрле емес дініи бірлестіктер – Кришиндер, буддистер және т.б. жатады. Дәстүрлі бірлестіктер заңдылық тұрғыдан тіркелсе, ал дәстүрлі емес құрылымдар заңдылық немесе юристік негізде емес психологиялық факторлардың әсерімен бірігеді. Дегенмен өзінің бұрынғы өткен тарихында, балалар мен жас жеткіншектер қозғалысы ХХ ғасырдың бастапқы кезеңінде «Скауттер» деген атпен тұңғыш рет дүниеге келді (шамамен 1907 жыл). Оның негізін қалаған ағылшын полковнигі Р. Баден-Поуэлл (1857-1941) болды. Скаутизм – ағылшын тілінде SCOT, яғни “барлаушы” деген ұғымды білдіреді. Оны құрудағы негізгі мақсат – балалар мен жас жеткіншектерді сол дәуірдегі үстем тап өкілдеріне берілгендік рухта тәрбиелеуді көздеді. 1921 жылы ол Ұлыбританияда, Германияда, Италияда, Францияда, Индияда өз жұмыстарын жалғастырса, ал 1972 жылғы көрсеткіш бойынша оның таралуы 106 мемлекетті қамтыған. Ал Ресей жерінде 1909 жылы оның бірінші отрядтары құрылды. Дегенмен де, 1917 жылы Ұлы Қазан жеңісінен кейін 50 мыңдық скауттар ұйымын құраған Ресей топырағында, 1918-20 жылдардағы комсомолдардың 2,3, және 4 съездерінің шешімдері бойынша оның жұмыстары тоқтатылып, орнына жаңа балалар ұйымы, яғни пионерлер ұйымы құрылды. Ол – 19 мамыр 1922 жыл еді. Оның алдына қойған мақсаты – жас жеткіншектерді коммунистік рухта тәрбиелеу болды. Содан бері 70 жылдай уақыт ішінде жастар қозғалысы октябрят, пионер, комсомол ұйымдары болып, кезең-кезеңмен коммунизм құрылысшыларын тәрбиеледі. Оның жетекшісі комсомол ұйымы болды. 3. 7. 2. Балалар ұйымдары мен бірлестіктерінің қызметі мен ұйымдасу формалары Бүгінгі жағдайда Қазақстан елі үшін қызмет ететін балалар мен жас жеткіншектерді тәрбиелеуде қызмет ететін ұйымдарға – олардың қоғамдық негіздегі бірлестіктері жатады. Олар 1980 жылдардың орта шенінде пайда болып, пионер ұйымдарымен қатарласа жұмыс істеп келеді. Олардың қызметі негізінен 3 бағытты қамтиды: 1. Дамытушылық қызметі. Ол тұлғаның азаматтық, адамгершілік қалыптасуын және оның әлеуметтік шығармашылық дамуын, адамдармен қарым-қатынас жасау біліктілігін, қоғамдық және тұлғалық маңызды мақсатқа қол жеткізуін қамтамасыз етеді. 2. Бағыттаушылық қызметі. Мұнда адамгершілік, әлеуметтік, саяси және мәдени құндылық жүйесін меңгерудің бағытын қамтамасыз етуді көздейді. 3. Компенсаторлық қызметі. Бұл балалардың қажеттілігі мен қызығушылықтарын және мүмкіншіліктерін жүзеге асыру үшін жағдай тудыруды көздейді. Бүгінде балалар бірлестіктері: -өзінің ұйымдастыру-құқықтық формасына (бірлестік, ұйым, қозғалыс, орталық, клуб); -көлемі мен деңгейіне (пионер одағының ұйымы, республикалық “Невада” қозғалысы (Семей қаласы), аймақ аралық клуб); -әрекеттерінің мақсаты және мазмұнына (елжандылық, экологиялық, саяси, скауттық, пионер); -әрекет ету бағдарламасына (Атамекен, Дәстүр, Жұлдыз, Ұлан, Азамат, Мың бала, Ата кәсіп т.с.с.); -құрылымына (буын, бригада, команда, отряд, дружина, клуб: ерлік мектебі, ынтымақ, кәсіпкерлер, шымырлар, салауат, ұландар клубы – бұлардың өздерінің ережесі, рәміздері болады); -басылымдарына (газет, жорнал, альманах, әдістемелік-хабаршы бюллетені); -ұйымдастыру базасына (балалар бірлестіктері, жалпы орта мектептері, қосымша білім беру және мәдени мекемелер, клубтар, балалар үйі, тұрғылықты мекен жайы); -ұйымдастырушыларына (жетекші, лидер, вожатый, нұсқаушы, әлеуметтік педагог т.т.) байланысты әртүрлі болып келеді. 1991 жылы Мәскеу қаласында Пионер ұйымдарының одағы құрылды. Ол демократиялық тұрғыдағы ерікті қоғамдық ұйым. Оның идеологиялық бағыты – гуманистік, жалпы адамзаттық құндылықты ұстану және мақсат ету. Негізгі міндеті - өсіп келе жатқан ұрпақтың рухани жан дүниесін дамыту, жалпы адамзаттық құндылықтарды меңгеруі мен әлеуметтік маңызды істерге тарту. Басымдық танытатын ұстанымдары (принциптері) – еріктілігі, тең құқықтылығы, өзін өзі басқаруы, заңдылықты сақтауы, жариялығы. Қазіргі кездегі құрылып жатқан балалардың мұндай бірлестіктері бұрыннан қалыптасқан пионер ұйымдарының іс-тәжірибесіне арқа сүйеуде. Олардың теориялық-практикалық негіздерін қалаған Н. К. Крупская, А. С. Макаренко, В. А. Сухомлинский және И. П. Иванова. Қосымша білім беру мекемелерінің жарғылары мен типтік ережелеріне сәйкес балалар және жас өспірімдердің бірлестіктері мен ұйымдары құрылады. Мекеме әкімшілігі олардың жұмыстарына барынша қолдау көрсетіп отырады. Мәселен, бүгінде білім беру мекемелерінде балалар мен жастардың бірлестіктерінің әрекетін жүзеге асыру мақсатында педагог-ұйымдастырушылар, аға вожатый қызметтері қарастырылған, олардың қалыпты жұмыс істеуіне қажетті орындар (үй- жай, бөлмелер) бөлінген. Дегенмен мемлекет қоғамдық бірлестіктердің ішкі жұмысына араласпайды, ол тек білім беру мекемелерімен өзара әрекеттесуінің құқықтық базасын қалыптастырады және оның орындалуын қамтамасыз етеді. Оның ішкі жұмысына бірлестіктердің Қазақстан республикасының териториясында жұмыс жасайтын қолданыстағы заңдарды бұзуы барысында ғана араласады. Құқықтық база ретінде – «Қоғамдық бірлестіктер туралы» Заң танылады. Елде соғысты, озбырлықты, ұлттық араздатуды насихаттайтын және қарулы құрылымды құруға бағытталған бірлестіктерді қалыптастыруға жол берілмейді. Бірлестіктер, тек оның құрамында аз дегенде 10 жасөспірім (балалар бірлестігі үшін) және 18 жастан асқан жастар мен қыздар болса ғана (жастардың бірлестігі үшін) құрылады. Олардың Жарғысы жасалынып, құрылтай жыйылысы (съезд, конференция) шақырылады. Жарғы қабылданып, басқару ұйымы құрылады. Жарғының қажетті мекемеде тіркелуі бірлестікке заңды тұлға ретінде құқық береді. Жарғыға сәйкес қоғамдық бірлестіктердің әрекеттері төмендегідей принциптерге (ұстанымдарға, қағидаларға) негізделеді: еріктілік; тең құқылық; өзін-өзі басқару; заңдылық; жариялық. Демек, балалар және жастардың бірлестіктерінің білім беру мекемелерімен өзара әрекеттесуі - тәрбие және қосымша білім беру мәселесінің нәтижесін көтеруге байланысты бірден бір қолайлы жағдай болып табылады. Ол үшін олардың ұлттық, мәдени-этнографиялық, әлеуметтік ортасының, білім беру мекемелерінің ерекшеліктерін, қызығушылықтары мен қажеттіліктерін ескеру қажет. 3.7.3. «Мың бала» патриоттық қозғалысының бағдарламасы мен мазмұны 1. ”Білік мектебі” Халқымыздың ерлік тарихын, жауынгерлік мектебін оқып үйренеді. Соғыс пен бейбітшілік мәселелерін зерттейді, сабақтар, конференция, семинарлар, кездесулер өткізеді. 2. Біз бейбітшілікті сақтаймыз. Бейбітшілік жақтайтын балалар іс-әрекетін ұйымдастырады, өзара қарым-қатынас орнатады. 3. Мен ертеңгі жауынгер. Болашақтағы әскери өмірге үйренеді. Әскери сипаттағы жарыстар өткізеді. Әскери бөлімшелерге, шекара бекеттеріне таным жорықтар ұйымдастырады. 4. Тәні саудың - жаны сау. Денесін шынықтырып, спорт түрлерімен айналысады. Басқа халықтардың қорғану әдістері, олардың түрлерімен танысады. 5. Салауат клубы. Салауатты өмір салты насихатталады. Арақ ішуге, темекі тартуға, нашақорлыққа т.б. денсаулыққа зиянды әрекеттерге қарсы күрес жүргізеді. “Мың бала”атты оқушы жастар ұйымының негізгі өнеге етіп ұстар тұтқасы, алатын жолы он бес жасар Сартай батырдың адамгершілік пен отаншылдық ерлігі. Мың баланы басқарған “Сартай батыр” дастанында елжандылық, қазақ халқын бірлікке, татулыққа, өнерге, ерлікке шақыру жағы басым. Сартай батырдың ерлігін дастан етіп жазған ақын Нұрмағанбет Қосжанұлы (1897–37 жыл) осы дастанды жазғаны үшін “Халық жауы” деп атылды. Дастандағы әр сөз тәрбиенің әр саласына арналған қасиетті тұмардай, кейіпкерлердің іс-әрекеті бір-бір тақырыптағы тәрбиелік көрініс. Болған оқиға үш ғасырға айналса да мазмұнын жоймаған. Қазіргі жастарға, ел басқарған әкім, қара басының қамын ойлап байыған қорқауларға арналғандай. 3. 7. 4. І–ХІ сыныптарға арналған ”Атамекен” бағдарламасының мазмұны (Мұхамед-Рахим Қыдырбайұлы) “Атамекен”- Қазақстандағы жалпы білім беретін мектептердегі оқу-тәрбие процестерінің өзіндік ұлттық, айшық ерекшеліктерін анықтайтын қазақ халқы педагогикасының тәлім-тәрбиелік ұстанымдарына негізделген ғылыми педагогикалық және методикалық бағдарлама. Бағдарламаның негізгі мақсаты - ұлттық өзіндік ерекшеліктерді ескере отырып, оқу-тәрбие жұмысының жаңа үлгісіндегі жұмысын жасау, балалар мен ересектерді біріктіретін ауылдық, аудандық, қалалық, облыстық, аймақтық “Атамекен” ордасын /штабын/ құру. “Елімай” атты ұлттық-этнографиялық іскерлік, шығармашылық-көріністік ойындарын өткізу, өз туын, ел таңбасын, төсбелгісін, ұлттық киім үлгісін және өзге рәсімдік-рәміздік белгілерді иелену, әрбір мектепте тарихи ұлтық-этнографиялық мұражайлар ашу. Қызметі: “Атамекен” негізгі 30 шығармашылық бағыттан құралған. Онда халықтың салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары, тарихы, этно-мәдениеті мен этностық тілдері, рухани игіліктерін қолдана отырып барлық ағарту-тәрбие процестері кешенді /комплексті/ түрде қарастырылған. Шығармашылық бағыттарды толығынан жүзеге асыру үшін мектептерде, мектептен тыс мекемелерде, педагогикалық жоғары оқу орындары мен училищелерінде және өзге құлшыныс танытқан орындарда іс-әрекет етуші “Атамекен” ордасы құрылды. Орда төрағасы, орынбасарын, 3-бірлестіктің жетекшілерін І–ІV сынып “Балдырғандар ата-баба елінде”, V–VІІ сынып “Мұрагер” және VІІІ–ІX–XІ сыныптар – “Мирас” бірлестіктерін құрып, толық шығармашылық жұмыстар жүргізеді. Әрбір бірлестік өздерінің жас ерекшеліктеріне қарай және өз тілектеріне орай бағыттарын белгілейді. Олар белгілі бір мерзімдер бойынша бірлестіктерге тапсырылып, салтанатты және дәстүрлі түрде жалғастырып отырады. Қоғамдық пікірлер арқылы өзгертіліп және толықтырылып отырады. Әрбір шығармашылық бағыт өзінің ұлттық-рәміздік елтаңбасын иеленеді. Негізгі шығармашылық бағыттары: 1. “Салт” бағытында - мұғалімдер, тәрбиешілер және оқушылар Қазақстан территориясында тұратын қазақ және өзге де халықтардың бесік жыры, қыз ұзату, тұсау кесу, атқа шабу, ерулік беру, жерлеу және басқа да көп ғасырлық салт-дәстүр және әдет-ғұрыптармен кеңінен танысады, сондай-ақ жергілікті өлкені терең зерттеу бағытында шығармашылық-этнографиялық жұмыстарды белсенді түрде жүргізеді, фольклорлық материалдар жинастырады. 2. “Шежіре” бағытында - ересектер мен балалар қазақтардың тарихи /тайпалар, рулар, жүздер, хандықтар, сақтар, қыпшақтар т.б./ және өзге тайпалардың өзге халықтармен /қытайлар, орыстар, монғолдар, татарлар және жоңғарлар/ байланыстары мен қарым-қатынастары және көкейкесті мәселелері туралы деректермен танысады, өткен ғасырларда өмір сүрген ата-аналар өмірінің әлеуметтік-экономикалық, тарихи-географиялық, діни-тұрмыстық, әскери-көшпенділік өмірлерінің қыр-сырларымен терең танысып, маңызды тарихи өлкетану мәліметтерін жинастырады. 3. “Шаһар” бағытында - мұғалім-педагогтар мен оқушылар Қазақстан территориясында орналасқан көне қалалардың тарихи пайда болуы туралы терең танысып біледі. Отырар, Сайран, Сауран, Созақ, Иассы, Таразы, Сығанақ, Мавреннахр, Испиджаб және басқа шаһарлар тарихын, әлеуметтік-экономикалық, сәулеттік маңызын және жергілікті жерлердегі ұмыт қалған ежелгі қала орындары туралы жұмыстар атқарылады. 4. “Жібек жолы” бағытында - балалар мен ересектер тарихи-географиялық жерлер мен орындарды, жаугершілік шайқастарды, сауда-керуен жолдарын - Ұлы жібек жолы, Жоңғар қақпасы, Ұлытау, Ордабасы, Мөртөбе, Оқжетпес және әрбір туған өлкедегі тарихи-өлкелік орындардың ежелгі атаулары, топонимдері туралы белсенді түрде жұмыстар атқарып, оқып, зерттеп үйренеді. 5. “Сөнбес жұлдыздар” бағытында - мұғалімдер мен оқушылар қазақтың және өзге халықтардың біртуар перзенттері - хандар мен батырлар, билер, жыраулар, көрнекті қоғам, саяси, өнер және мәдениет, халық ағарту қайраткерлерінің өмірлері мен қызметтерін терең оқып танысады, олардың есімдерінің көшеге, мектептерге т.б. жерлерге берілуіне, мемориальды ескерткіш тақталар ашуға ат салысады, ұлттық-этнографиялық мұражайға маңызды деректер жинауға көмек көрсетеді. 6. “Толғау” бағытында - "Атамекен" бағдарламасын жүзеге асырушылар халық ауыз әдебиетінің айтыс, терме, күй, ертегілер, аңыздар және өзге де құнды фольклорлық-шығармашылық жанрлар мен эпостық жырлар сынды бай танымдық мәні зор мұраларын оқып үйренеді, халық ауыз әдебиеті жанрлары туралы маңызды деректер көзін жинастырады. 7. “Асыл мұра” бағытында - мұғалімдер, тәлімгерлер мен оқушылар күні бүгінге дейін сақталып келген көненің Қожа Ахмет Иассауи, Арыстан Баб, Айша бибі, “Алтын адам қазынасы” тарихи сәулет өнері ескерткіштерін, сондай-ақ жергілікті жердегі тіркеуге алынбаған ежелгі тарихи ескерткіш-обалар, мазарлар, бейіт-зираттар, таңбалы тастардың құндылық жағына назар аударып, өзге де сәулеттік жай-қорымдарын зерттейді, оларды қамқорлыққа алады. 8. “Домбыра-Дастан” бағытында – балалар мен ересек-тер қазақтың домбыра, шертер, қобыз, сазсырнай, сыбызғы, шаңқобыз секілді фольклорлы-этнографиялық, музыкалы ас-паптары және Қазақстан халықтарының өзге де музыкалық аспаптары түрлерімен танысады, олардың пайда болу тари-хын зерттейді, мектептегі мұражайға көне музыкалық аспап-тарды жинастыруға қомақты үлес қосып, қолқабыс етеді. 9. ”Наурыз” бағытында – мұғалімдер, тәрбиешілер және оқушылар наурыз, тасаттық, ерулік беру, соғым секілді ертеден келе жатқан халқымыздың мейрам-жоралғылары, діни мерекелерімен танысады, үлкен кісіге құрмет көрсету тәлім-өнегесінен үлгі алады, сондай-ақ Қазақстанда тұратын өзге халықтардың салт-дәстүрлерімен танысады, бірлескен жалпыхалықтық шаралар өткізеді. 10. “Зергер” бағытында – балалар мен ересектер қазақ және өзге халықтардың ұлттық қолөнер туындылары – алаша, текемет, кілемдер, зергерлік бұйымдар – моншақ, тана, білезік, сырға секілді көне ұлттық қолтаңбалы қолөнер бұйымдарымен танысып, әралуан көрмелер өткізіп, насихаттайды, мектептегі ұлттық-этнографиялық мұражайға шығармашылық көмек көрсетеді. 11. “Төрт түлік” бағытында – республикалық "Атамекен" бағдарламасын жүзеге асырушылар халқымыздың мал шаруашылығы арнасында ежелгі кәсіптердің маңызына ерекше тоқталып, қой, жылқы, түйе, сиыр т.б. мал бағудың өзіндік ерекшеліктерін мұқият зерттеп, оның адамды еңбекке тәрбиелеу және қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық маңызымен терең танысып біліседі. 12. “Көкпар” бағытында – мұғалімдер мен оқушылар халқымыздың көкпар, ақсүйек, аударыспақ, қыз қуу, тоғызқұмалақ секілді ұлт ойындарын, Қазақстан халықтары-ның өзге де ұлттық ойындарымен жете таныса отырып, оларды мектептерде, мектептен тыс мекемелерде белсенді түрде енгізіп, ұлттық-спорттық, мекемелермен бұқаралық бірлескен шаралар өткізеді. 13. “Дулыға” бағытында – балалар мен ересектер халқымыздың ұлттық киім үлгілері – қамзол, тақия, шапан, мәсілермен қатар, хандар, билер, батырлардың ұлттық киім түрлері, қару-жарақтар, бес қару түрлері – дулыға, қалқан, найза, сауыт, жебе, қорамсақ т.б. тарихи мәндерімен танысады, ол атауларды күнделікті оқу-тәрбие жұмыстарында жүзеге асырады, мектеп мұражайына көмек береді. 14. “Қасиет” бағытында – мұғалімдер, тәрбиешілер, оқушылар халық арасындағы жұлдыздардың, емші-тәуіптердің көне іліми-тәлімдерін талдап, танысады, көне халық күнтізбелерінің пайда болу сырларымен танысады, жекелеген адамдардың, астрологтардың биологиялық табиғи дарын қабілетін зерттеп бақылайды, қоршаған орта, Зодиак белгілерінің ғарыштық құпияларын танып-білуге тырысады. 15. “Ас” бағытында – оқушылар мен тәрбиешілер бесбармақ, бауырсақ, қазы-қарта, жал-жая секілді дәстүрлі ұлттық тағам түрлерімен, сондай-ақ қымыз, шұбат, айран секілді сусындардың емдік қасиеттерімен, медициналық-шипалық маңыздарымен танысады, мал еттерінің мүшелерін - бас, сирақ, омыртқа, ортан жілік, жамбас, кәрі жілік т.б. түрлерін ажыратуды үйренеді. 16. “Бабалар өсиеті” бағытында – оқушылар мен мұғалімдер қазақ даласында өмір сүрген дуалы, от ауызды, орақ тілді шешендердің ұрпақтан-ұрпаққа, атадан балаға мұра ретінде жеткен асыл сөздері, мақал-мәтелдері, ел аузындағы аңыздар, сонымен қатар халық арасында кең тараған ырымдар – табалдырықта тұрмау, жақ таянбау, үйде ысқырмау, отбасындағы адам басын санамау т.б. нақыл сөздердің шығу төркіндерімен танысады. 17. “Зерде” бағытында – балалар мен ересектер көне Шығыстың, Иолық, Әл-Фараби, Бируни, Ибн Сина, Ұлықбек, Омар Хаям, Физули, Фердоуси, Әл-Жауһари, Махмуд Қашғари, Қорқыт баба сынды ұлы ойшылдардың ғылыми жетістіктерімен мұқият танысады. Қазіргі заманғы ғылыми-техникалық прогресс өрісіне белсене араласу барысында білім-тәрбие шаңырақтарын компьютерлендіруде өзіндік үлесін қосады. 18. “Құсбегі” бағытында – “Атамекен” бағдарламасын жүзеге асырушылар халқымыздың ежелгі көшпенділік өмірлерінде маңызды тұрмыстық-экономикалық рөл атқарған аңшылық өнер түрлері – бүркіт баулу, жылқы мен тазыны жарату, балық аулау, қақпан құру, сонымен бірге олардың сыр-сипатымен, ер-тұрман әбзелдерінің түрлерімен, ерекшеліктерімен тереңірек танысады, оны күнделікті өмірде бақылайды, аңшылық өнерге арналған сайыстар өткізеді. 19. “Қыз бен жігіт” бағытында – мұғалімдер, тәрбиешілер мен оқушылар қазақ жігітімен қызының бойын-дағы ұлттық салт-дәстүрімізге сай көріктілігін, ептілігін, сегіз қырлы, бір сырлы жан-жақты ұлттық қасиеттерін танып біледі, сонымен қатар гигиеналық, этикалық, жыныстық, психологиялық ерекшеліктер мен байланыстарға назар аударып, оларды оқу-тәрбие жұмыстарына енгізу мен байланыстыру мәселелеріне ат салысады. 20. “Заман-ай” бағытында – оқушылар мен мұғалім, педагогтар өлкенің, аймақтың табиғатын қорғау жөніндегі ірі, ауқымды жұмыстарға араласады, құстар мен жануарлар, өсімдік-топырақ әлемін қорғау шараларына, сондай-ақ тұрғылықты жерлердегі ежелгі географиялық-топонимикалық атаулардың тарихымен танысуға және "Семей – Невада", "Арал – Балхаш" экологиялық қозғалыстарына белсене араласады. 21. “Алыстағы бауырлар” бағытында – оқушылар мен мұғалімдер Америкада, Қытайда, Түркияда, Монғолияда және Батыс Европада тұратын қандас қазақ балаларымен ауқымды шығармашылық жұмыстар жүргізеді, тәуелсіз дипломатиялық қарым-қатынастар орнатады, озат тәжірибелер, делегациялар алмасып, конгресс-шерулер ұйымдастырады. 22. “Достық” бағытында – мұғалім-педагогтар мен оқушылар егеменді тәуелсіз қазақ мемлекетінің дамуы мен гүлденуіне өз күш-қайратын, жігерін қосқан туысқан ұлт өкілдері – В. Татишев, Г. Потанин, М. Поло, Т. Шевченко, Ф. Достоевский, М. Масанчи, Г. Розыбакиев, А. Затаевич, Л. Хамиди және басқа адамдардың өмірлері мен қызметтері туралы терең оқып танысады. Тұрғылықты жерлерде интернационалдық бағыттағы істерді жандандыруға ат салысады, ұлттық мәдени орталықтармен жан-жақты тығыз байланыс орнатып, шығармашылық жұмыстар жүргізеді. 23. “Ардагер” бағытында – балалар мен ересектер бірінші дүниежүзілік соғыстың, революцияға дейінгі кезеңдердегі патшалық Ресейдің отаршылдық және миссионерлік саясатына қарсы күрескен ұлт-азаттық қозғалыстың ардагерлері, репрессия құрбандары, Ауғаныстан оқиғасы, Алматыдағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының репрессия құрбандары туралы керекті материалдар жинап, оларды насихаттау жұмыстарын жүргізеді, мұражайға көмектеседі. 24. “Ою-өрнек” бағытында – мұғалімдер мен оқушылар ұлттық ою-өрнектердің өзіндік және қайталанбас зергерлік айшықтарымен, олардың ой-түйін, мән-мағыналарымен, этнографиялық өзіндік үрдіс өрнектерімен, халық ісмерлері шеберліктерімен терең танысып, насихат жұмыстарын жүргізеді, мектеп мұражайына үлкен көмек көрсетеді. 25. “Бейнелер сыры” бағытында – балалар мен ересектер бабаларымыздың ежелгі Қазақстан аумағында сақталған көне көркемдік бейнелер мұралары – тастағы, үңгірлердегі, балбалтастағы жазулар, мазарлар мен бейіттердегі әсем айшықтар сырларымен танысады. Ұлттық-тарихи тақырып-тарға өнер-сурет сайыстарын өткізеді. Орта Азия мен Қазақстандағы бейнелеу өнері тарихымен танысады. 26. “Ата-ана” бағытында – мұғалім-педагогтар мен оқушылар тұрғылықты жерлерде ата-аналармен, қоғамдық ұйымдармен, ауқымды шығармашылық жұмыстар жүргізеді, қазақ әулетінің отбасы, ошақ қасының жас ұрпақ тәрбиесіндегі өзіндік мәні бар психологиялық-педагогикалық ерекшеліктермен танысады, мектеп жанынан ана-әке, ене, әже, жеңгелер тәрбиесі үйірмелерін ашады. 27. “Шариғат-Құран” бағытында – балалар мен ересектер ғасырлар бойы өскелең жас ұрпаққа ауқымды тәрбиелік ықпал еткен қасиетті Құран кітабының тәрбиелік мәселелерімен терең оқып танысады, оның басқа діни нанымдармен байланыстығы мен ұқсастығына назар аударады. Тұрғылықты жерлерде діни-философиялық тақырыптарда пікірталастар ұйымдастырады. 28. “Сәби” бағытында – мұғалім-педагогтар мен оқушылар тұрғылықты жерлерде мектепке дейінгі сәби балаларды қамқорлыққа алу бағытында шығармашылық жұмыстарға белсене араласады, оларға ағалық көмектер көрсетеді, бірлескен іс-шараларды ұйымдастырады. 29. “Қайырымдылық” бағытында – “Атамекен” бағдар-ламасын жүзеге асыратын мұғалімдер мен оқушылар жал-ғызілікті қартайған әжелер мен қарияларға, ақыл-естері кем-тар және балалар үйіндегі жетім балалар мен жасөспірімдер т.б. көмек қажет ететін басқа да адамдарға тікелей қамқорлық көрсетуді басты мақсат етеді, олармен мәдени-шығар-машылық жұмыстарды нығайтады. 30. “Сауда” бағытында – “Атамекен” бағдарламасын жүзеге асыруды оқушылар мен мұғалімдер еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосу барысында сауда-саттық, делдалдық, жалға беру, ілкімділік /предпринимательство/, менеджерлік, дипломатиялық т.б. экономикалық маңызы зор қазіргі істерге белсене араласады. Мектеп, кәсіпорын, ұжымшар, кеншар жанынан ашылған кооперативтер, шағын кәсіпорындар, сондай-ақ жалға жерлер алып, мал шаруашылығы т.б. істермен айналысады. Мектепте өздерінің арнайы қаржы есепшоттарын ашады. Бағдарлама 1991 жылы 7-желтоқсанда “Атамекен” ұйымының І Құрылтайында қабылданды. Бақылау сұрақтары 1.Тәрбие процесінде балалардың ұйымдары мен бірлестіктерінің маңызы қаншалықты? 2.Балалардың қозғалысы дегеніміз не және олардың түрлері мен жұмыстарының мазмұны қандай? 3.«Мың бала» патриоттық қозғалысының мақсаты мен бағыттары қандай? 4.«Атамекен» бағдарламасының мақсаты мен шығармашылық бағыттары және олардың мазмұны қандай? 5.«Мың бала» патриоттық қозғалысы мен «Атамекен» бағдарламасының ерекшеліктері қандай? 6.Қазіргі кезде мектептерде құрылған балалардың қандай ұйымдары мен бірлестіктерін білесіздер? 3.8. Оқушылардың сыныптан тыс тәрбие жұмысын ұйымдастыруда клуб жұмысының маңыздылығы 3.8.1. Клуб жұмыстары оқушылардың мәдени-ағартушылық жұмыстарын ұйымдастырудың формасының құрамдас бөлігі ретінде және оның тарихи қалыптасу кезеңдері Идеялық сенімділігі мен адамгершілік парасаттылығы жоғары, қоғамдық белсенділігі мен рухани байлығы дамыған тұлғаны қалыптастыру тек оқу-тәрбие процесінде ғана мүмкін болмақ емес, сонымен бірге оған өмір көрсеткендей қоғамның барлық саласы ықпал етеді (отбасы, бұқаралық ақпарат құралдары, қоғамдық ұйымдар, еңбек ұжымдары, қарым-қатынас ортасы т.с.с.). Соған орай тәрбие жұмыстарының нәтижелі болуы адамдардың өмірі мен әрекеттерінің барлық салаларын қамтыған олардың тұрмыс, демалыс және отбасылық қатынастарының маңызы ерекше болмақ. Сондықтан да тұлғаның қалыптасуы күрделі процесс. Мұндай көзқарас оқушы жастардың бәріне де ортақ. Олай болса, олар оқу орындарында өткізген өмірлерінде тек белгілі бір бағытта ғана, яғни теориялық білім алуымен шектелмей ой-өрістерін жан-жақты кеңейтіп, жан-жақты тәрбие де алулары тиіс. Ол үшін, қандай да бір оқу орындары болмасын, олардың дүниетанымдарының қалыптасуына жан-жақты әсер ете отырып, толыққанды дамуына толық мүмкіндік жасауы тиіс. Бұл міндетті шешуде оқушы жастардың қолы бос уақытын тиімді пайдалану барысында тәрбие жүйесінде клуб жұмыстарын ұйымдастыру қажеттілігі туындайды. Тәрбиедегі осындай көзқарс барлық қоғамдық институттардың оқушы жастарға тәрбиелік ықпалында бірыңғай әрекетінің болуын қамтамасыз етуді мақсат тұтады. Сондықтан да оқушы жастармен клуб жұмыстарын ұйымдастыру, оқу орындарының мәдени-ағартушылық жұмыстарын ұйымдастырудың құрамдас бөлігі болып табылады. Клуб жұмысы – бұл педагогикалық әрекет. Оның нәтижесі тұлғаның жетілуімен бағаланады. Нәтижесі табысты болу үшін, ол оқушы жастар өмірінің барлық салаларындағы әрекеттерін толығымен қамтуы тиіс (оқу, тұрмыс, демалыс т.с.с.). ХІХ ғасырдың аяғы ХХ ғасырдың бастапқы кезінде Ресейде балаға “Еркін тәрбие” беру (свободное воспитания) идеясы пайда болды. Оның теориялық негізін қалап, насихаттаушы К. Н. Вентцель (1875-1947) болды. Осыған орай “Баланың еркін үйі” (Дом свободного ребенка) – балалар, ата-аналар, педагогтардың еркін қарым-қатынас жасау мүмкіндігін туғызуды көздеді. Оның негізіне балалардың қызығушылығын және олардың шығармашылық қабілетін, дербестіктерін және белсенділік қажеттіліктерін дамыту көзделді. Бұл идея балалардың қызығушылықтарына орай топ болып жұмыс істеуге және өзін-өзі басқаруға деген ынтасын тәрбиелей отырып, клуб жұмыстарын дамытуға көптеп әсерін тигізді. Осы жылдары клуб мекемелерінің жұмыстарын насихаттауда “Еркін тәрбие” атты жорнал ерекше қызмет атқарды. Ресейде балалардың клуб жұмыстарының нәтижелі дамуына шетелдік тәжірибе де өз әсерін тигізді. Мұндай жұмыстар, әсіресе Америка, Швейция, Норвегия, Англия, Швецария елдерінде көптеп тартылды. Ал, Ресейдегі клуб жұмыстарының ерекшелігі, ол негізінен мектепке бармайтын, бос уақытын көшеде жүріп өткізетін кедей отбасы бала-ларына арналып құрылды. Оның жұмысына демократиялық сипат беруге күш салды. Жоғарыда аталған шетелдік тәжірибеге келсек, оның жұмысын ұйымдастыру талабы ерекше жағдайда болды. Атап айтсақ, клуб жұмыстарына жетекшілік тек ересек адамдар тарапынан болуын ғана жақтап, оған мүшелікке жоғары төлем ақы негізінде қабылдау басшылыққа алынды. Сон-дықтан, мұндай көзқараста қоғамдағы барлық жасөспірім-дерге еркін тәрбие беру қажеттілігіне кереғар, тіпті кедей отбасы балаларының қоғамдық негізде тәрбие алу мүмкіндігіне қарама-қайшы жағдайда болды. Ресейдегі клуб жұмыстарында діни тәрбие берілмеді. Педагогтардың ұйымдастыруындағы осындай жұмыстарға ата-аналарды да көптеп тартылды. Яғни, олар мектептен тыс тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру қажеттілігіне көпшілікті тарту идеясын жақтады. Мұндай көзқараста прогресшіл бағыт үстем болды. Осындай жұмыстардың қатарында Мәскеуде құрылған С. Т. Щацкийдің (1878–1934) клубы болды. Олардың жұмыстарының ұстанымы, мазмұны және әдістемелері келешекте балалармен тәрбие жұмысын ұйымдастыруды қалыптастырып, дамытуға айтарлықтай көмегі тиді. С. Т. Щацкий эстетикалық тәрбиенің педагогикалық негізінің дамуына көп септігін тигізді. (Өмірінің соңғы кездерінде ол Мәскеу консерваториясының директоры болып қызмет істеді). Щацкийдің клуб жұмысына ерекше назар аударуы, біріншіден онда балалардың өзара қарым-қатынасын ұйымдастыру мүмкіншілігінің жоғары болуы, ал екіншіден олардың белсенділігі мен дербестілік жағдайын одан әрі дамыту болды. Нәтижесінде, ол клуб жұмысында бірінші кезекте балалардың қызығушылығын дамыту қажет деген шешімге келеді. Кешкілік клубқа жиналу барысында олар әртүрлі ойындарды өткізуге, мерекелік бағдарламаларды ұйымдас-тыруға қатысып, педагогтардың әңгімелерін тыңдауға мүмкіндік алды. Сондықтан да балаларды клубтың тек жай қатысушылары ғана емес, керісінше оның негізгі ұйым-дастырушылары, жүргізушісі, тіпті қожасы деп санауға да болды. 1908 жылы Щацкий құрған клуб жұмысында жаңа кезең басталады. Клуб жұмысының құрылымы сол қалпында сақталып (балалардың жалпы жиналысы, ойын-сауығы т.с.с.), оның мазмұны бұрынғыдан да кеңейтілді: балалар өздерін қызықтыратын істермен айналысуға мүмкіндік алды. Клубтың құрылымына үйірме жұмыстары енгізілді. Онда балаларға үйірменің қайсыбірін қалау және қанша мерзімге қалу мүмкіндігі толық берілді. Мұндай еркіндік жағдайы балаларға жаңа күш-қайрат, жаңа бастама, жаңа шығармашылық табыс әкеледі. Соған сәйкес Щацкий клубында тәрбиенің негізгі ұстанымында “балалардың қызығушылықтары мен шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында оның әрбір мүшелерімен жеке-дара қарым-қатынас орнату” идеясы басшылыққа алынды. Щацкий клуб жұмысы мерзімінің ұзақ болуын әрі ол педагогикалық тұрғыда жедел қарқында ұйымдастырылу қажеттілігі жайындағы көзқарасты жақтады, балаларға ойына келген істермен айналысу құқығы берілмеуіне, керісінше ол жоспар арқылы атқарылу қажеттілігіне аса маңыз берді. Осындай алдыңғы қатарлы педагогтардың іс-тәжірибелері тек клуб жұмыстарында ғана кең көлемде ағартушылық және насихаттаушылық жұмыстарын ұйымдастыруға, көркемөнер шығармашылығын дамытуға, балалардың өнерге деген қызығушылық белсенділіктерін арттыруға және олардың әртүрлі бағытта демалыстарын ұйымдастыруға мүмкін болатынын көрсетті. Клуб жұмыстары “балаларға өзінше бір педагогикалық ықпалды жүргізуші” ретінде қарастырылды. Н. К. Крупская клуб әрекетінің маңыздылығы, оны “қоғамдық өмірдің жанды орталығына” айналдыру қажет деп есептеді. (Задача внешкольного образования в Советской России. –Пед.соч., т.,7, с.27). Н. К. Крупскаяның пайымдауы бойынша клуб жұмыстарының негізгі міндеттері болып жастарды қоғамдық тұрғыда тәрбиелеу болып табылады. Себебі, ол жастардың жеке қабілеті мен бейімділігін дамыта отырып, бір мезгілде саяси, эстетикалық және дене тәрбиесімен айналысуға мүмкіндік береді, сонымен бірге қоғамдық белсенділіктерінің қалыптасуына ықпал етеді. Сондықтан оның мүшелерін ұжым болып әрекет етуге тәрбиелеу қажет деп есептеді. 1918 жылы “біртұтас еңбек мектебі” жайында қабылданған декретке байланысты, барлық клубтар білім беру мекемелерінің құзырында болды. Соған сәйкес оның жұмысын басқару, клуб мекемелерінің міндеттері, оларды ұйымдастыру және қаржыландыру жұмыстары бірлікте қарастырылып, бір орталыққа бағындырылды. 3.8.2. ХІХ ғасырдың аяғы және ХХ ғасырда клуб жұмыстарын ұйымдастыру ерекшеліктері Сол дәуірдегі балалар клубын ұйымдастыру құрылымы және әрекет ету сипатына орай бірнеше түрге бөліп қарастыруға болады. Мысалы, барлық балалар жас ерекшелігіне байланысты топтарға бөлінді. Олардың әрқайсысында балалардың барлық бастамасына қатысушы жетекші-тәрбиешілері болды. Бұған қосымша қызығушылық-тарына байланысты үйірмелер құрылып, онда әр жастағы топтың балалары бір мезгілде бір немесе бірнеше үйірмелерге қатысуға мүмкіндік алды. Әрбір үйірменің педагог-нұсқаушылары болды. Клубта, сонымен бірге әңгіме, мәнерлеп оқу, саяхат жұмыстары және еңбек, көркемөнер сабақтары ұйымдастырылды. Соңғысы оның барлық мүшелерін қамтыды. Тәрбиешілер клуб жұмыстарын балалардың өзін-өзі басқаруына бағыттап отырды. Сондықтан да клуб жұмысы-ның негізгі басқару ұйымы – жалпы жиналыс болып есептелді. Онда балалар педагогтармен клуб өміріне қатысты мәселелерді бірлесіп шешіп отырды. Клуб жұмыстарын қолдай отыра, 1925 жылы Халық ағарту комисариаты мектептерге (І – бастауыш және ІІ – орта буын) сабақтан тыс үйірме жұмыстарына арналған “Клуб күнін” енгізді. Әдеттегідей, “Клуб күні” 3 бөлімге бөлінді: алдымен үйірмелердің жұмысы өткізіледі, содан кейін – барлық мүшелерінің жалпы жиналысы. Онда баяндама тыңдалады немесе әртүрлі тақырыпқа хабарлама жасалынады, болмаса көркемөнерпаздар ұжымының концерті тыңдалады, үйірме-лердің жұмыстары және олардың нәтижесі талқыланады немесе әртүрлі ұйымдастыру жұмыстары қаралады. 30 жылдарда клуб жасөспірімдерге коммунистік тәрбие берудің әртүрлі бағыттарын қамтып ұйымдастыруда оқудан тыс тәрбие мекемелері ретінде қабілетті болып қалыптасты. Одан кейінгі жылдары клуб жұмысы негізінен оның құрылымын жетілдіруге бағытталды. 60–70 жылдары оның әрекетіне педагогикалық бағыт беруге, жасөспірімдердің қызығушылығы мен қажеттіліктерін тереңірек танып білуге сай жұмыстар кең көлемде атқарылды. Сондықтан, біз көріп отырғандай, ұйымдасқан клуб жұмыстары негізінде: - клубтың әрекеті қоғамдық маңыздылығы, өздігінен әрекет етуі, мүшелерінің жеке-дара өзара қарым-қатынас жасау мүмкіндігінің болуы, қызығушылығы, бұқаралығы; - клубтың үнемі жұмыс істеуінің маңыздылығы және оның мүшелері құрамының тұрақтылығы; - клуб жұмысы мазмұнының ағартушылық-эстетикалық бағытта болуы; - оның жұмысының әр тарапта жүргізілуі; - оның мүшелерінің белсенділіктері мен өздік жұмыс істеу қабілеттерінің дамуына айтарлықтай ықпал етуі; - дұрыс ұйымдастырылған клуб жұмыстарында оның мүшелері жалпы қоғамдық тұрғыдағы ұйымдастырылған пайдалы іс-әрекеттерге ортақтастық сезімнің қалыптасуы. Клуб жұмысын ұйымдастырудың бастапқы кезеңінде, ол қандай болуы керек деген сұрақ туады. Бұл, әрине заңды құбылыс. - Клуб жұмысының бірінші кезеңінде оның белсенділерін құру тиімді болмақ. Мұндай жағдай клуб жұмысының барысында оның мүшелеріне өздерінің болашақ-та атқаруға тиіс істерін талқылауға мүмкіндік берілді. -Клуб жұмысына қатысушы оның әр бір мүшесімен жазбаша сауалнама жұмыстарын жүргізіп, өздерінің оған қатысы мен оның жұмысының мазмұны және талаптарын орындауға көзқарастары анықталып отырады. -Клуб жұмысында оның президенті және кеңес мүшелері сайланады. Кеңес клуб жұмысына басшылық жасап, оның жұмыс жоспарын жасап, үйірмелердің әрекетін үйлестіріп отырады. Сондықтан да клуб пен үйірмелердің жұмыстары жеке-дара тапсырмаларды орындауды міндет-темей, керісінше олардың әрекеттері бір бағытта жалпы жүйелі тапсырмаларды орындауға бағытталды. - Клуб жұмысының ұйымдастыру формасы балалардың өзін-өзі басқаруына негізделіп құрылуы тиіс. - Клубқа келген әрбір жас оның өмірімен байланысты әрекеттің әртүрлі бағытына араласуы тиіс. - Клуб мүшелерінің жүйелі түрде өнер, музыка, әдебиет және поэзия саласынан танымдық белсенділіктерін арттыруға және эстетикалық саналарын оятып, көркемөнерден талғамдарын дамытуға бағытталуы тиіс. - Клуб жұмысын осылай ұйымдастыру – белгілі бір дәстүрдің, жүйеліліктің болуын қамтамасыз етеді. Екінші кезеңде оның мүшелерінің қызығушылықтарына сай үйірмелер құрылады: ұлт аспаптар оркекстрі; мәнерлеп оқу үйірмесі; тарихи-әдеби және музыкалық класс; француз, неміс, ағылшын тілдерінде театр поэзиясы, т.с.с. Үшінші кезеңдетақырыптық лекция, әңгіме, кездесу, мәдени жорықтар, театр, көркемсурет көрмесі, мұражайға, музыкалық кештер ұйымдастырылады. Әрине, клуб жұмысының осындай ағартушылық және мәдени ұйымдастырушылық жұмыстары, оған жалпы көпшілік болып қатысуын қамтамасыз ете алады. Клуб жұмысының ең бастапқы кезеңінен бастап балаларға оның жұмысы тек олардың қызығушылықтары мен қажеттіліктерін өтеуге көмектесуі ғана емес, соның негізінде олардың өздері де қоғамға пайдалы іс атқарулары тиіс екендігін түсіндіру қажет. Міне, сонда ғана оның жұмысының қоғамдық бағытықалыптасады. Клуб жұмысының құрылымын нақты ұйымдастыру – оның жұмысының нәтижелі болуына кепілді бола алады. Ол, өз алдына оның әрекетінің сипатын анықтауға мүмкіндік беріп, тәртіпті нығайтуға ықпал етеді, ұжымда өзара жағымды қарым-қатынас орнатады. Клуб жұмысыныңмақсаты – бірлескен қоғамдық пайдалы әрекетке құрылуы тиіс. Клуб жұмысының негізгі міндеті – таңдап алған көркемөнер әрекетіне қатысты оның әрбір мүшесінің қажеттілігі мен қабілетін тәрбиелеу. Қоғамдық маңызы бар ұстанымы оның әрбір мүшесін өздік білім алуға, өзін-өзі тәрбиелеуге және өзін-өзі жетілдіруге ынталандыру. Мұндай ұстаным оның жұмысында күнделікті басшылыққа алынып отырады. Сонымен бірге тәрбие мен өзін-өзі тәрбиелеудің органикалық тұрғыда бірлігін қамтамасыз етеді, яғни тәрбиеде тұлғаның тәрбие объектісінен әрекеттің субъектісіне айналуын қамтамасыз етеді. Өзін-өзі тәрбиелеуді ынталандыруда кешенді бағдарлама құру – бірден-бір педагогикалық міндет болып, клуб жұмысына балалардың өздік әрекетін тұрақты жетілдіруге мүмкіндік береді. Клубтың ерекшелігі өз еркімен ұйымдасқан тәрбие мекемесі ретінде оған қолы бос қатысушыларды жинайды. Сондықтан да ол клуб мүшелерінің қызығушылығы мен қабілеттерін дамыту және қалыптастыруды көздейді. Ол үшін, біртіндеп оқушылардың қолы бос кездерін табу, білу қажет. Осындай жұмыстарды атқарған кезде ғана клуб жұмысын нәтижелі ұйымдастыруға мүмкін болып, оның қоғамдық маңызды бағыты қалыптасады, тіпті ол адамгершілік тәрбиесінде де үлкен рөл атқарады. Дегенмен, тұлғаны қалыптастыру процесі ұзақ та жүйелі педагогикалық ықпалды қажет етеді. Сондықтан да клуб жұмысы оның алдына қойылған міндеттеріне сай белгілі бір топтың әлеуметтік-психологиялық ерекшеліктерін нақты және терең білуді қажет етеді. Клуб жұмысы көп ізденуді қажет етеді. Ол үшін педагогтар мен оның жұмысын ұйымдастырушылардан талмай ізденуді, тың серпінді күш-қайратты талап етеді. Екіншіден, ұстаздардың шығармашылық бастамасы мен халық педагогикасының асыл мұрасын клубтың мәдени-тәрбие жұмыстарында үнемі пайдалана білулері тиіс. Клуб әлеуметтік мекеме ретінде өскелең ұрпақтың дүниетанымын және әлеуметтік нақтылы көзқарасын қалыптастыруда оқу мекемелерінің, басқа да идеологиялық мекемелер мен құралдарының ықпалын толықтыруға қабілетті. Сондықтан қазіргі тәрбиедегі кешенді көзқарас жағдайы оның жұмысын ұйымдастыруда мемлекеттік тұрғыдан әдістанымдық негіз бола алады. Негізінен ол клубтың тәрбие жұмысында педагогикалық бірлікті қамтамасыз етеді: мақсаты, ұстанымы, міндеттері, мазмұны, тәсілдері және жұмыс формасының тұтастығы. Сондықтан да тәрбиедегі кешенді көзқарас біртұтас педагогикалық процесс ретінде тәрбие әрекетінің нәтижесін, сапа деңгейін үнемі арттыруға ықпал етеді. Кешенді көзқарас – жалпы алғанда тұлғаны қалыптастыруға бағытталып, тәрбие процесінің нақтылы заңдылықтарына тең келіп, барлық құбылыстарды тұтастық жүйеге біріктіруге ықпал етеді. Осы тұрғыда А. С. Макаренко: “Адам баласы бөлшектеніп тәрбиеленбейді, ол синтез ретінде барлық ықпалдың жиынтығынан жаратылады. Әрі оған өзі де ұшырайды (тап келеді)”-, дейді. (Пед.соч. –М.-Л., 1948, с.38). Сондықтан да тәрбиедегі кешенді көзқарас тұлғаның барлық қасиеттерінің дамуына ықпал етуде пайда болады: санасы, эмоциясы, мінез-құлқы т.с.с. Тек бірлікте ғана бұл қасиеттер өскелең ұрпақты жан-жақты тәрбиелеуді қамтамасыз етуі мүмкін. Яғни, тұлғаның барлық қасиеттеріне тек кешенділік жағдайында ықпал ету, өскелең ұрпақтың бізді қоршаған ақиқат өмірге тұлғалық қарым-қатынасын қалыптастыру мүмкін болады. |