Абенбаев С. ТЖТӘ, 2016. Оқулық (1). Алматы 2016 Бл ебегімді азастанны педагогика ылымына танымал, крнекті педагогалым, педагогика
Скачать 0.6 Mb.
|
2.7. «Денсаулық сағатын» өткізу әдістемесі “Денсаулық сағаты” адамның жалпы денсаулығын дамытатын сауықтыру шарасы. Мәселе дене тәрбиесі сабақтарында қолданылатын дәстүрлі жұмыс түрлеріне, әдістері мен жүктемелер жиынтығына айналып кетпеуінде. Оны өткізгенде жергілікті жағдайларға сәйкес паралель кластарда немесе оқушылардың жастарына қарай, мысалы, І–ІІ, ІІІ–ІV, V–VІ немесе І–ІІІ, ІV–VІ, VІІ–VІІІ, ІХ–Х (ХІ) және басқа сыныптарды біріктіруге болады. Мұндай сабақтардың мазмұны мен жүктеме оқушылардың жастарына сәйкес әртүрлі болуы керек. “Денсаулық сағатында” сыныптар арасында жарыстар, шаңғы, коньки, жүгірушілер “сағаттары” кішкене шаналар тебу, дәстүрлі халық ойындары және басқалары ұйымдастырылады. Оқушылар, әдетте, сабақтардың түрлерін өздері айқындайды, спорт құралдары мен жабдықтарын, сабақ өтетін жерлерді күні бұрын дайындайды. “Денсаулық сағатына” берілетін негізгі баға барлық оқушылардың қатысуы, “Денсаулық сағатын” өткізудегі тапқырлығы мен бір нәрсені аяқ астынан ойлап шығарғыштығы, оған қатысушылардың көңіл қоштығы және сабақтарға қатысуға ниеттілігі, насихаттық және санитарлық-ағартушылық жұмысы, сабақтарды өткізуге оқушылардың ата-аналарын, спортшыларды, қамқоршы кәсіпорындар жастарын, мектептің дене тәрбиесі жөніндегі белсенділерді тартқаны үшін мадақталуы мүмкін. “Денсаулық сағатын” өткізгенде дене тәрбиесі сабақтарына қойылатын ұйымшылдықпен бастау, денеге түсетін ауырлықтың бірте-бірте өсе түсуі, сабақтың соңында оның төмендеуі секілді негізгі талаптар сақталуы керек. Оқушылардың денесіне түсетін ауыртпалық көзге түсетін сыртқы белгілері арқылы, кейбірін бөліп қарау, тамырын ұстап байқау арқылы бақыланады. Денеге түсетін ауыртпалықты көтере білгендік оқушылардың бастапқы деңгейге дейінгі 10 минуттық үзіліс соңында жүректің бір кеңейіп, бір тарылып соғу жиілігінің кемуінен байқалады. Жүрек соғуы жиілігінің минутына 15-20 және одан да көп болуы жүктеменің артып кеткенін, жаттығуының аз екендігін немесе сырқаттығын дәлелдейді. “Денсаулық сағатынан” бұрын немесе кейін өткізілген дене тәрбие сабағының оқушылардыың дене шынықтыру жаттығуларымен айналысуларына және ойнауларына кеселдік жасамайды. Ойындар мен жаттығуларды іріктеп алғанда негізінен дене тәрбиесі жөніндегі оқу бағдарламасының материалдары пайдаланылады. “Денсаулық сағатын” ойын және жарыс түрінде өткізгенде бағдарламаның тиісті тарауларына сәйкес дене тәрбиесі сабақтарында оқытылған жаттығулар орындалады. Шәкірттердің қимыл-қозғалыс режімін ұлғайту және олар сабақтарға тұрақты қызығушылығын тұрақтандыру мақсатында, сондай-ақ ауа райына және жыл мезгілдеріне сәйкес “Денсаулық сағатының” мазмұнына барынша қарапайым ережелер бойынша спорт ойындарының жарыстарын, би жаттығуларын, түрлі эстафеталарды велосипед және самокат тебу және басқалары сияқты спорттық шаралар кіргізу ұсынылды. Шәкірттерге дүркін-дүркін сабақтардың алдында және дербес, үй ішінде өткізілетін ертеңгі гигиеналық гимнастика кешендерін үйретуге болады. Олардың өздерінің қалаулары бойынша тренажерлерде дербес немесе доп, гирь, штанг, скакалка, гимнастикалық таяқшалар секілді спорт құралдарын пайдаланып айналысуларына болады. Сөйтіп, “Денсаулық сағаты” мазмұнына педагогтар ұйымдастырған ойындар мен жаттығулар да, шәкірттердің өздері дербес өткізетін ойындар мен сауықтар да кіреді. Олардың арасалмағы қатаң шеңберге алынбайды, сабақтардың мазмұны мен міндеттеріне, шәкірттердің жастары мен мүдделеріне сәйкес өзгертіледі. Кіші жастағы оқушылар сабақтарында дербес ойындарға 30–35 процентіне дейін беруге болады. Орта жастағы шәкірттерге, олардың өсіп келе жатқан дербестігіне және қимыл-қозғалыс тәжірибесіне байланысты, жаңағыдай уақытты 50–70 процентке жеткізуге болады. Сабақтар олар өткізілетін жерге ұйымдасқан түрде барудан басталады. Сабақтарды өткізуші шәкірттерге міндеттерін түсіндіреді, ойындардың шарттарын таныстырады. Шәкірттердің организмін денелеріне түсейін деп тұрған ауыртпалыққа дайындау мақсатында сабақтың бас жағында жүру, орташа қарқындағы сауықтыру жүгірісін, денені жалпы дамытуды көздеп қолданылатын жаттығулар өткізуге болады. Орташа қарқынды жүгіріс “Денсаулық сағатының” маңызды бөлігі. Дұрыс мөлшерленген жүгіріс жүрек-қан тамырлар жүйесін, өкпені, аяқтың бұлшық еттерін және кеудені дамытады. Кез-келген ауа райына қарамай ашық ауада жүгіру оқушыларды шынықтырады, салқын тиетін ауыруларды болдырмайды, ерік қасиеттерін тәрбиелейді. Сонымен қатар, секунтына 2,5–3 метр жылдамдықпен жүгіру шыдамдықты дамытудың негізгі құралы ретінде қолданылаады. Оқушылардың жасына және олардың денелерінің даярлығына қарай жүгіруді бірте-бірте көбейткен жөн. Күнбе-күнгі жүгіру дене тәрбиесі мұғалімінің ұсынысы бойынша оқушыларға белгіленген бір жылға, тоқсанға, айға есептелген километражға кіреді. “Денсаулық сағатының” негізгі уақыты ойындарға жұмсалады. Белгілі бір қимыл-қозғалыс қасиеттер дамытуды және белгілі бір қабілетін жетілдіруді көздеген, сондай-ақ шаршағандықты тоқтатуды көптеп ұйымдастырылған бірнеше ойын немесе ойнау тапсырмалары өткізіледі. Жылдам қозғалатын ойындармен қатар спорт ойындарының элементтері пайдаланылады. Шәкірттердің бұл сабақтарға деген тұрақты қызығушылығын сақтау және көңіл қоштығын орнықтыру үшін жаттығулардың орындау шарттарын дүркін-дүркін ауыстырып тұру керек: бастапқы қалыптың түрін, мақсатын өзгертіп, қосымша тапсырмалар беру керек. Әр сыныптың сабақ өткізетін орны белгіленеді, ол дүркін-дүркін ауыстырылады. Мысалы, Ставрополь өлкесіндегі Новоалек-сандровский ауданының №12 орта мектебінде әр сынып үшін арнаулы кесте бойынша әр күн сайын өткізілетін сабақтардың орындары белгіленіп қойылған. Олардың ішінде футбол, волейбол, баскетбол, қол добы алаңдары, жеңіл атлетика комплексі, гимнастика қалашығы бар. Сонымен, “станциялар бойынша” сабақтар өткізуге жағдай жасалады. Тирасполь сыныбындағы №12 орта мектепте бір “Денсаулық сағатында” белгілі бір уақыт сайын орындарын ауыстырып тұратын әдіс қолданылады. “Денсаулық сағаты” соңында жүру, жайлап жүгіру, зейін аударуға есептелген ойындар өткізу арқылы оқушылардың денесіне түсетін ауыртпалықты жеңілдету және оларды келесі шараларға дайындау көзделеді. Қыс ұзаққа созылатын аймақтарда “Денсаулық сағатын” өткізуде қайсібір қиындықтар тууы мүмкін. Мұндай аймақтардағы шәкірттер үшін әдеттегідей шаңғы, коньки, кішкене шаналар тебуден басқа ашық ауада серуендеу, қысқы құралдарды қолданатын эстафеталар, қарда футбол ойнау, нысанаға және қашықтыққа қар лақтыру, жылдам қозғалатын ойындар ұйымдастыру ұсынылады. Әр сабақтан соң қорытындысын шығарып, ең тәуір ойыншыларды, командаларды, сыныптарды атап өткен дұрыс. Денсаулығына байланысты арнаулы медициналық топқа жатқызылған шәкірттер басқа құрбыларымен қатар “Денсаулық сағатына” қатысады және әрқайсысының денсаулық жайы, өзін сезінуі, денелеріне түсетін ауыртпалыққа көнбестігі еске алынады. “Денсаулық сағатын” ұйымдастыру оқу және оқушылар күн ұзағына болатын топтарда дене тәрбиесі, сауықтыру шараларын (сабақтарға дейінгі гимнастика, сабақтардағы дене тәрбиесі минөттары, оқушылар күн ұзағына болатын топтардағы “Денсаулық сағаты”, денсаулық және спорт күндері) ұйымдастыру керектігін теріске шығармайды. Дегенмен “Денсаулық сағаты” шәкірттерді сауықтырудың, олардың белсенді қозғалысын жақсартудың негізгі түрлерінің бірі болып алады. 2.8. Мектеп жағдайында оқушылардың көру мүшесінің аршауын және жақын қашықтықтан көрмеу себептерін болдырмау, ескерту жұмыстарына арналған жаттығулар Мектептегі оқу процесінде оқушылардың көру мүшесіне артық салмақ түседі, соның салдарынан олардың көздерінде шаршау, жақын қашықтықтан оқи алмау жағдайлары жиі кездеседі. Ол үшін, мұғалімдер, сынып жетекшілері төменде ұсынып отырған шарттарды естен шығармағандары жөн: 1. Ай сайын оқушылардың орналасу қатарын, отырған орнын ауыстырып отыру. 2. Оқушылардың партада дұрыс отыруын, көзбен кітап, дәптер арасындағы ара қашықтықты дұрыс сақтауын қадағалап отыру. Ол 30–33 см. қашықтық аралығында болуы тиіс. 3. Әрбір сабақ барысында оқушылар көздерінің шаршау жағдайын болдырмау және оның алдын алу мақсатын көздей отыра, 3 минут шамасындай уақыт аралығында көзді шынықтыру жаттығуларын жүргізу. Олар мыналар: 1. Партада отырған қалпында оның арқасына шалқайып, ішке қарай терең тыныс алу, содан кейін партаның бетіне еңкейіп, демін шығару. Мұндай жағдайды 5–6 рет шамасында қайталау. 2. Партада отырған қалпында оның арқасына шалқайып, көздерін қатты жұмып, қайта ашу. Бұл 5–6 рет қайталануы керек. 3. Партада отыру жағдайында қолдарын белдеріне қойып, бастарын оңға бұрып, оң жақ шынтақтарына қарау. Содан кейін, бастарын солға бұрып, сол жақ шынтақтарына қарау, бастапқы жағдайға қайта оралу, 5–6 рет қайталау. 4. Партада отырған қалпында көздерін жоғары көтеріп, сағат тілі бағыты бойынша айналма қозғалыс жасау, содан кейін сағат тіліне қарсы, кері айналма қозғалыс жасау, 5–6 рет қайталау. 5. Партада отырған қалпында қолдарын алға қарай созып, саусақтарының ұшына қарау. Қолдарын жоғары көтеріп, терең тыныс алып, бастарын көтермей көзбен ғана жоғары қарау. Содан кейін, қолдарын түсіріп, демін шығару, 4–5 рет қайталау. 6. Партада отырған қалпында 2–3 секунд аралығында көзді мұрынның ұшына аудару, 6–8 рет қайталау. 7. Партада отырған қалпында көзін жұмып, 30 секунд аралығында саусағының ұшымен көзін уқалау. 2.9. Тәрбие сағатын ұйымдастырудың дәстүрлі және бейдәстүр формалары мен технологиясы 2.9.1. Пікірталас – оқушылардың адамгершілік қасиеттері мен сенімдерін қалыптастыруда тәрбие формасы Оқушылардың адамгершілік түсініктері және сенімдерін қалыптастыруда тәрбие сағатын пікірталас түрінде өткізудің маңызы ерекше. Пікірсайыс – бұл жағдайда, оқушыларда егер талқыланып отырған сұраққа қатысты кейбір білім көлемі болса, сонда ғана ол нәтижелі болады. Пікірсайыс – бұрын өткізілген тәрбие сағаттарының жалпы алғанда белгілі бір көлемде нәтижесін, өміршеңдігін көруге мүмкіндік туғызады. Пікірталас – оқушыларда қоғам және адамдар өміріндегі оқиғалар мен күнделікті тыныс-тіршілік жайлы олардың көзқарастары мен сенімдерін, жоғары адамгершілік қасиеттері мен жағымды мінез-құлық нормаларын қалыптастырудың оңтайлы құралы. Пікірталас барысында оқушылар қоғамдағы құбылыстар мен оқиғаларды, олардың себептерін терең анықтау, жолдастарының және айналасындағы адамдардың әрекеттерін терең сезініп, ұғынуға үйренеді. Пікірталастың әңгіме тәсіліне ерекшелігі, онда сынып жетекшісінің қоғамдағы ортаға байланысты адамгершілік мәселелерін айқын меңгеруі. Соңынан, ол оқушылардың адамгершілік сенімдерін қалыптастырудың бірден-бір құралы бола алады. Өйткені пікірталас кезінде оқушылардың көзқарастары кеңейіп, тіпті жай тыңдаушылар қатарында емес, соңынан оларды сөйлей білуге, өз ойларын еркін жеткізіп, дәлелдей білуге, өз жолдастарының ойына салмақтылықпен пайымдауға үйретеді. Тәжірибелі сынып жетекшілері бүгінгі күннің көптеген өзекті мәселелерін оқушылар алдында көтере отырып, қаралып отырған сұрақ төңірегіндегі жағдайды олардың анық аңғара, талдай білуіне, оның себебін анықтап, қорытындылай білуге ықпал етеді. Пікірталас барысында талқыланып отырған мәселе төңірегінде оқушылардың ойларын дамытып, көзқарастарын қалыптастыру қажет. Осылардың негізінде оқушылардың пікірінде әртүрлі қарама-қайшылықтар пайда болады. Ендігі жерде сынып жетекшінің рөлі олардың пікірсайысындағы қарама-қайшылықтарын дұрыс арнаға бағыттап отыру, дайын қорытындылар бермей дұрыс шешімді өздігінен табуға көмектесу. Пікірталас қорытындыларын шығарған кезде қате пікір мен тұжырымдар айтқан оқушыларды әдеппен түзету. Пікірталастың мақсаты оқушыларды ұжым болып пікір таластыруға, алмасуға, өз ойларын нақтылы жеткізе білуге, ең негізгісі өз беттерінше ойлай білуге үйрету. Пікірталастың табысты өтуінің негізгі шарты алдын-ала дайындық жұмыстарының дұрыс ұйымдастырылуына үлкен мән беріліп, оған жауапкершілікпен қарау. Ол үшін алдын-ала жоспар құрылып, оның тақырыбы айқындалады және өткізілетін күні белгіленеді. Сонымен қатар пікірталастың негізгі сұрақтарын ойластыратын топқа, немесе жекелеген оқушыларға тапсырмалар беріледі. Олар онымен қоса пікірталасты өткізу жайлы хабарландыру іліп, оған қажетті әдебиеттерді іріктеп алады да, оларды оқушыларға оқуға ұсынады және көрме ұйымдастырады. Көрнекті ақын-жазушылар, мемлекет және өнер қайраткерлерінің еңбектерінен тақырыпқа сай нақыл сөздерді жазып іледі. Кейбір жағдайда сауалнамалық сұрақтар таратылып, оның қорытындысын талдап, пікірталас барысында оларды пайдаланды. Пікірталас жүргізуші адамды тағайындауға да үлкен мән беру қажет. Ондай адам біреу немесе екеу болғаны жөн. Олар өздерін оқушылар алдында еркін ұстай білетін, таза және тілі жатық, әсерлі сөйлей алатын беделді баланы сайлаған жөн. Пікірталастың сұрақтарын дайындау барысында оның санына емес, сапасына, тәрбиелік маңызына көңіл бөлу қажет. Олар әрі нақтылы болу қажет. Сұрақтарды алдын ала оқушыларға таратып, не болмаса іліп қою міндетті. Тақырыпқа сай оқылатын әдебиеттердің тізімі де күнілгері оқушыларға беріледі. Пікірталасты өткізу барысында баяндама жасалмайды. Пікірталас мәдениетті түрде, оған қатынасушылардың бір-бірінің көңілін қалдырмай, дөрекі жауап бермей, әркімнің өз пікірін сыйлау, құрметтеу жағдайында өткізіледі. Жүргізуші кіріспе сөз сөйлеп, оның мақсатын түсіндіреді, одан әрі қарай пікір алмасу басталады. Пікір-талас кезінде сөйлеген адамдарға сұрақ қоюға болады. Сұрақтар талданып болғаннан кейін жүргізуші, сынып жетекшісі, қатынасқан мұғалімдер тарапынан қорытынды жасалып, дұрыс және теріс пікір қайшылықтарын көрсетеді. Сонымен тілек айтылып, белгілі-бір әрекеттерді атқаруға шешім қабылданады. Пікірталасты өткізу кезінде ескерілетін негізгі мәселе, ол – дәлелді ой-пікірдің айтылуы, нақтылы деректермен тұжырымдалу. Оқушылардың белсене қатысуы, адалдықпен сөйлеуі. 2.9.2. Әңгіме – баланың адами мораль құндылықтарын қалыптастыруда тәрбие әдісі Тәрбие сағатында ең көп қолданылатын тақырып – адамгершілік тәрбиесі. Соған орай этикалық әңгімені ұйымдастыру: жолдастық және достық, әділеттілік және әділетсіздік, қарапайымдылық және озбырлық, жомарттылық және қатыгездік, біреуге шын жүректен жақсылық жасау қасиеттеріне қатысты мәселелер қаралады. Осы мәселелерге қатысты өткізілген әңгімеде оқушыларға жалпы адамдық мораль ұстанымдарын жақсы ұғынуға, өмір тәжірибесін дұрыс та, нәтижелі қорытуға көмектеседі. Мұғалімнің әңгімесі оқушылардың жауаптары, пікірлерімен ұштасып отырады. Мұндай әңгімені ұйымдастыруда, ең алдымен адамгершілік ұғымдардың мазмұнын анықтап, түсіндіруден бастаған жөн. Сонымен бірге әңгіме барысында адамгершілік ұғымдарының мәнін түсінуге нәтижелі мүмкіндік туғызатын нақтылы мысалдар, деректерді келтірген дұрыс. Дегенмен де, олардың балалар үшін жағымды, мезі туғызбағаны, аз танымал болғаны жөн. Жағымсыз мысалдарды талдау барысында үлкен жауапкершілікті, сезімді қажет етеді: соншалықты адамдардың мінез-құлқын емес, көбінесе олардың істеген қылықтарының моралдық жағына көңіл бөлу қажет. Осы тұрғыда әңгімені үнемі өсиет айту, үгіт-насихатқа айналдырып жібермеу керек. Ол үшін жеткіншектермен әңгімені өткізгенде адамгершілік мазмұнды жағдаят формасында ұйымдастырған жөн. Әңгіме жүргізу негізінен бастауыш сынып оқушыларын қамтиды. Әңгіменің негізгі бағыттары мыналар: өз Отанына адал берілгендігі; өзі өмір сүріп отырған қоғамның идеологиясна шынайы сенімділігі; шыншылдығы; қайрымдылығы, қарапайымдылығы, адалдығы; саналы тәртіп пен мінез-құлық, мәдениетіне жауапкершілігі; жолдастық, достық қарым-қатынастыққа адалдығы; немқұрайлылыққа және жамандыққа төзбеушілігі; еңбекке, еңбек адамдарына және халық мүлкіне ізгілікті қарым-қатынасы. Жоғарыда көрсетілген әрбір бағыттың маңызды, мазмұнды нақтылы тақырыптарда жан-жақты талданады. Олардың көлемі, мазмұнның сапасы сыныптың өсуіне, оқушыларды жас ерекшеліктеріне сай күрделеніп, ауқымы кеңейіп отырады. Әрбір қаралған тақырыпта оқушылардың көзқарасын, адамгершілік түсініктерін жаңа деректермен, этикалық нораларын байытып, адамдардың бойында, іс-әрекетерінде, қарым-қатынастарында кездесетін жағымсыз қалыптардың болу себептерінің мәні ашып беріледі. Әңгіме әдісін өткізуге дайындық барысында оның тақырыбын, мақсатын, ең басты, түйінді сұрақтарын анықтап, соған сәйкес жоспарын құрады. Тақырыптың сұрақтары оның өзекті мәселесіне айналуы қажет. Дайындық бөліміндегі тағы бір жауапкершілігі мол, қиын кезең, ол өткізілетін әңгіменің тақырыбына сай оқушыларға берілетін тапсырмалардың көлемін, сипатын, бағытын және оларды бөлуде оқушылардың қабілетін, ықыласын анықтау болып табылады. Осыған орай, олар қандай әдебиетті оқуы, өмірдегі қандай құбылысқа көңіл бөлу керек, өз тәжірибесінде нені еске түсіру қажет екендігі алдын-ала ойластырылады. Берілетін әрбір тапсырма оқушылардың шамасына сай келуін олардың шығармашылық өсуін қамтамасыз өту қажет. Мұғалім әңгіме өткізу оқушыларға оқығандарынан әлденені оқып беруге, немесе еске түсіруге, адамдар арасындағы қарым- қатынастарға қатысты өздеріне белгілі бір оқиғаны өзіне алып, оған баға беруге ұсыныс жасайды. Егер әңгімелесу емін-еркін жағдайда өтсе және оқушылар өздерінің пікірлерін қысылмай-қымтырылмай айтатын болса, онда бұл пікірлердің қарама-қарсы болуы табиғи нәрсе. Қате пікір талқыға салынатын болсын, оқушыны қателігі үшін жазғыруға болмайды, оны да, басқа оқушыларды да дұрыс қорытындыға келуіне бағыттау керек. Бірақ мұғалім балаларға дайын қорытынды ұсынуға тиісті емес. Әңгіме өткізілгеннен кейін оқушыларға оның қаншалықты әсер еткендігін, олардың күнделікті өмірде: оқуда, жолдастарымен қарым-қатынастағы оның нәтижесінің сапасын бақылап, талдау жасап, соған қатысты келешекте тағы да басқадай нендей шаралар ұйымдастырылуы қажеттігіне көңіл бөлу керек. 2.9.3. Саяси хабарлама – оқушылардың саяси сенімі мен көзқарасын қалыптастыруда тәрбие формасы Бұл – саяси білім берудің аза маңызды және кең тараған формасы. Мұның өзі оқушылардың еліміздегі және шет елдердегі аса маңызды саяси оқиғалармен танысуына көмектеседі. Сонымен бірге ол ұлттық патриотизм сезімін, басқа елдердің халықтарына деген құрмет, өз елінің табыстары мен жетістіктеріне деген мақтаныш сезімін тәрбиелеуге жағдай туғызады. Мектеп тәжірибесінде саяси хабарларға шолу, тақырыптық, жедел хабар әдістері көптеп қолданылады. Саяси шолуға арналған хабарда бір-екі жұма ішінде біздің еліміз бен шетелдерде болған оқиғалар туралы хабар беріледі, мысалы, бұл хабарды мынадай жоспар негізінде өткізуге болады: 1. Бір аптадағы әлемдегі саяси жағдайларға қысқаша сипаттама. 2. Біздің еліміздегі, республикамыздағы ең маңызды, ең көрнекті табыстар, жаңалықтар туралы хабар. 3. Халықаралық жағдайдағы негізгі оқиғалар туралы хабар. 4. Шетелдердегі жастар өмірі туралы хабар. 5. Қорытындылар. 6. Тапсырмалар, кеңестер, ұсыныстар. Тақырыптық саяси хабарларда белгілі бір нақты мәселеге байланысты толығырақ ақпарат беріледі, мерекелік және даңқты күндерге, ғылымның, техниканың, өнердің аса жаңа жетістіктерін атап өтуге арналады. Мысалы, “Жастар және саясат”, “Қайта құрудың жаңалықтары”, “Қазақстан Республикасы” т.б. Жеделхабарлар төтенше оқиға жағдайында, Парламент сессиялары кезінде, Үкіметіміздің аса маңызды шешімдері қабылданғаннан кейін өткізіледі. Оқу министрлігінің мектептер бас басқармасы, оқушы-жастар бөлімі мақұлдаған жалпы білім беретін мек-тептерде саяси хабарлама өткізу жөніндегі ұсыныстарында саяси хабарламаның аптасына бір рет өткізілуі керек екені атап көрсетілген. Саяси хабарламаның өтілу мерзім ұзақтығы да белгіленген: І-ІІ сыныптар үшін 5-10 мин; ІІІ-ІV сыныптар үшін - 10-15 мин; V-VІІ сыныптар үшін - 15-20 мин; VІІІ-X сыныптар үшін - 20-30 мин. /Н. И. Болдырев, Мектептегі тәрбие жұмысының методикасы. –Алматы, Мектеп. 1987, 118 бет/. Саяси хабарламаны өткізу әдістемесінде ағымдағы оқиғалар туралы қысқа, әсерлі және бейнелі әңгімелеу және сұрақтарға жауап беру көзделеді. Мұның өзі саяси хабарламаны жандандырып, оған деген ынтаны арттыра түседі. Егер оқушылар хабарламаға жақсы әзірленсе, олар құлшына сұрақ қойып, хабарламаны талқылауға белсене қатысады. Жоғары сыныптарда саяси хабарламаны өткізу жақсы дайындалған бір оқушыға тапсырылады. Саяси хабарлама өткізу барысында сынып жетекшісі кіріспе сөз сөйлеп, оқушылардың пікір алмасуын ұйымдастырып, оған қорытынды жасап отыруы тиімдірек. Саяси хабарламадан кейін оқушылардың альбом, плакаттар дайындап, кестелер жасаған орынды. Газет, жорналдардан алынған аса маңызды материалдарды қиынды түрінде сыныпқа, арнайы жасалған тақтайшаға іліп отыру орынды. Мұның бәрін кейінірек сабақ кезінде және бос уақыттарында, белгілі-бір тәрбие сағатында пайдалануға болады. Саяси хабарламаны ауызекі жорнал, дөңгелек стол басындағы әңгіме, баспасөз конференциясы, саяси радио хабары секілді формаларда өткізуге болады. Саяси хабарламаны дайындау және өткізу барысында газет, жорнал, радио хабарларының материалдарын қолданумен қатар, көрнекі құралдарды /географиялық карталар, суреттер портреттер, сызбалар, диафильмдер т.с.с./ пайдалануға болады. Мұның бәрі саяси хабарламаны түсінікті етіп, әрі оқушылардың қызығушылығын оятуға көп әсерін тигізеді. Саяси хабарламаны өткізуге, сонымен қатар, үгіт-насихат жұмысын жүргізушілерді және ата-аналарды тартқан жөн. Саяси хабарлама оқу жылының барысында ғана емес, сонымен бірге оқушылардың жазғы демалысы кезінде де, өндіріс бригадалары, жазғы еңбек тынығу лагерлерінде өткізіп отыру қажет. |