Главная страница
Навигация по странице:

  • Спорттық-сауықтыру әрекеті.

  • Қоғамдық пайдалы еңбек әрекеті

  • Көркемөнер-шығармашылық әрекет.

  • Ерікті қарым-қатынас әрекеті.

  • Абенбаев С. ТЖТӘ, 2016. Оқулық (1). Алматы 2016 Бл ебегімді азастанны педагогика ылымына танымал, крнекті педагогалым, педагогика


    Скачать 0.6 Mb.
    НазваниеАлматы 2016 Бл ебегімді азастанны педагогика ылымына танымал, крнекті педагогалым, педагогика
    Дата10.10.2022
    Размер0.6 Mb.
    Формат файлаdocx
    Имя файлаАбенбаев С. ТЖТӘ, 2016. Оқулық (1).docx
    ТипДокументы
    #725725
    страница17 из 27
    1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   27

    Таным әрекетінұйымдастыру: сыныптан тыс тәрбие жұмысының танымдық әрекеті баланың танымдық қызығушылығын, оқуға жағымды мотивациясын тудыру, оқу дағдысын жетілдіруді көздейді. Ол оқу әрекетінің жалғасы ретінде тек басқадай формада қолданылады. Мысалы, ауызша жорнал, білім байқауы, “Не? Қашан? Қайда?”- викторина ойыны, ғылыми апталық, психологиялық практикум немесе мұражайға, көрмеге саяхат т.с.с.

    Көңіл көтеру әрекеті. Ол қызықты кездесулер (әдебиет және өнер адамдарымен), түрлі бағыттағы бәйгелер, шығармашылық кештер, тәрбие сағаттары (мораль-этика тақырыбына), интеллектуалдық шоу, дебаттар, балалардың демалысын ұйымдастыру (Жаңа жыл, күзгі және көктемгі бал кеші, көркемөнерпаздар кеші, этикалық театр, әдеби-музыкалық композиция, авторлық өлең кеші, театр, мұражай, көрмелерге бару және т.б.), ұжымда жағымды эмоция, жылы шырай көңіл күйіді тудыру, жолдастық-ынтымақтастық жағдай орнату, жүйке шиеленісуін болдырмау т.с.с.

    Дегенмен де сабақтан тыс тәрбие жұмысының танымдық және көңіл көтерушілік әрекеттері өзара жиі байланыста болады. Мысалы: әртүрлі байқаулар, бәйгелер, викториналарды ұйымдастыруда балаларды қызықты тың мәліметтермен қаруландыру және т.б.

    Спорттық-сауықтыру әрекеті. Балалар үшін сабақтан тыс тәрбие жұмысының осындай әрекеті олардың толыққанды денсаулығы мен дене бітімінің үйлесімді дамуы үшін қажет. Спорттық-сауықтыру әрекеті табиғатқа саяхат жасау, спорттық, жылжымалы ойындар, спартакиада, туризм, жорықтар және Денсаулық күні, туристік слет, туристік жорық, “Жүгірушілер күні”, “Көңілді старт”, “Кіші Олимпиадалық ойындар”, ауызша жорнал “Спорттық калейдоскоп”, “Спорттық ”Огонек”, “Салауатты өмір мектебі” т.с.с. арқылы жүзеге асады.

    Еңбек әрекеті. Ол еңбектің әр түрінің мазмұны арқылы көрініс береді: тұрмыстық, қол еңбегі, қоғамдық пайдалы, өзіне-өзі қызмет көрсету. Оқушылардың әртүрлі жүйелі еңбек әрекетін ұйымдастыруда балада еңбек ету қажеттілігін және өзін танып білуге деген құштарлығын қалыптастырады. Еңбек әрекеті көбінесе сыныптағы кезекшілік, оның тазалығын сақтау, мектеп шеберханасында жұмыс істеу, сенбіліктерге қатысу, сыныптың, болмаса мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына қатысу, сабақтар жүйесінде көрнекі құралдарын жасау, шефтік жұмыстарын атқару, көгалдандыру жұмыстары барысында атқарылады.

    Қоғамдық пайдалы еңбек әрекеті. Дәрі-дәрмек шөптерін, қағаз, темір қалдықтарын жинау, қайырымдылық, ынтымақтастық акциясын ұйымдастыру, балалар бақшасы және үйін қамқорлыққа алу т.с.с.

    Көркемөнер-шығармашылық әрекет. Оқушылардың бейімін, қызығушылығын дамытуды, олардың шығармашылық күшін жетілдіруді көздейді. Шығармашылық әрекет концерттік қойылым, көркемөнерпаздар байқауы, көркемсөз оқу, қолөнер шеберлері және сурет көрмесінің байқауын ұйымдастыру формасында көрініс береді. Осындай әрекет барысында оқушылардың адамгершілік, әсерленушілік және ерік-жігер қасиеттерін тәрбиелеу міндеттері атқарылады.

    Ерікті қарым-қатынас әрекеті. Авторлық өлең кеші, табиғат аясында немесе қала бойынша саяхат, концерт, байқау “Алло, біз дарындарды іздейміз”, поэзия кеші, психологиялық тренинг, мектеп балы және т.б.

    2.4.4. Тәрбие жұмысын ұйымдастыруға әдістемелік нұсқау

    Тәрбие жұмысының әртүрлі формасын дайындау және өткізу барысында оның белгілі бір үлгісі жасалуы шарт. Ол тәрбие процесін сауатты және тиімді ұйымдастыруды қамтамасыз етеді. Оның элементтері мынандай болып келеді.

    І. Мақсаты мен міндеттерін анықтау. Мақсат – педагогтардың ұйымдастыруымен арнайы белгіленген істің нәтижесінің болжамы. Мысалы, «Жаңа жыл шыршасы», «Қайырымдылық акциясы», «Ғылыми апталық» т.с.с.

    Мақсат – тәрбие жұмысының формасында нақтыланады, өйткені бір актімен тәрбиелік ықпалды қалыптастыруға болмайды. Яғни, тәрбиеші мақсатқа жетуде бірнеше міндеттерді белгілейді.

    Мысалы, «Адамға музыка не үшін керек?» тақырыбының мақсаты – оқушылардың музыкалық мәдениетін дамытуды көздесе, оның міндеттеріне:

    1) оқушылардың музыкалық талғамы және қызығушылығын айқындау (сауалнама, әңгіме жүргізу, шығарма жаздыру, үнтаспа тыңдату арқылы т.с.с.);

    2) музыка жайында көзқарастарын және түсініктерін қалыптастыру (кеш өткізу, кездесу ұйымдастыру, театрға саяхат жасау, байқау ұйымдастыру);

    3) әртүрлі музыка жанрларына белгілі бір қатынастарын орнықтыру (мұғалімнің сөзі, оқушылардың пікірі, әңгіме жүргізу, мәдени жорық, кездесу өткізу).

    ІІ. Тәрбие жұмысының формасын таңдау, шараның тақырыбын анықтау. Мысалы, пресс-конференция, оқырмандар конференциясы, тақырыптық сағат, демалыс кеші, көңілділер мен тапқырлар клубы, пікірталас, кездесу, дөңгелек стол т.с.с.

    ІІІ. Алдын ала дайындық жұмыстарын жүргізу: шараның мазмұнын, құралдарын анықтау, қонақтарды шақыру, тапсырмаларды бөлу, сыныпты безендіру жұмыстары, хабарландыру ілу, шараның жоспарын құру, оқушыларды психологиялық тұрғыдан даярлау.

    ІҮ. Тәрбие шарасын өткізу. Оның кезеңдері:

    - шараның басталуы, психологиялық көңіл күйді орнықтыру: әдеби-музыкалық, поэзиялық, драмалық безендіру, күй табақ немесе үнтаспа ойнату;

    - ұйымдастыру кезеңі: ұйымдастырушының сөзі, шараны ашу, мақсатын, барысын баяндау;

    - негізгі бөлім: шараның міндеттері, жоспарына сай мазмұнының баяндалуы, оқушылардың шығармашылық әрекеттері;

    - қорытынды бөлім: шараны қорытындылау, оқушылардың алған әсерін талқылау, шешім қабылдау, марапаттау, тапсырма беру т.с.с.

    Ү. Педагогикалық талдау жұмысы: шараның өту нәтижесін және оқушылардың белсенділігін бағалау, алдағы уақытқа бағдар құру, қолданылған тәрбие құралдары, амал-тәсілдерінің нәтижелілігіне талдау жүргізу т.с.с.

    Осындай тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру барысында оның дайындық кезеңдерінің маңызы ерекше.

    Мәселен, халық ертегілерін оқу, дидактикалық материалдарды жүйелі жинастыру, атаулы күндерге арнап тақырыптық кештің жоспарын құру, соған қатысты тақпақтар жаттау, ән үйрену, қабырға газетін шығару жұмыстарының тәрбиелік маңызы ерекше. Сонымен қатар, мұндай тәрбиелік үлкен маңызы бар жұмыстарды атқару барысында әр оқушыға өздері білетін мақал-мәтелді, жұмбақты, кейбір әндерді жазып алуына тапсырмалар беріледі. Ретіне қарай үнтаспаға жазылған батырлар жырын, қазақ ертегілерін тыңдау, әр шығарма бойынша викториналар ұйымдастыру мен түрлі ойындарды ойнау да жүзеге асырылады.

    Бұлар сынып жетекшісінен әрбір оқушының білімін, психологиялық ерекшелігін, әр оқушының өз уақытын қаншалықты тиімді пайдаланатынын және т.б. алдын ала анықтап білуді қажет етеді.

    Әрине, біз бүгінде мектеп тәжірибесінде орын алған тәрбие жұмысының формаларын толық қамтыған жоқпыз. Оны істеу мүмкін емес. Себебі, өмірдің талабына сай мектеп практикасы жаңа-жаңа формаларды тудыруда. Ол мұғалімдер мен оқушылардың өзара бірлескен шығармашылық ізденістері барысында туындап отырады. Шығармашылықпен жұмыс істейтін мектеп мұғалімі тәрбиенің мақсат-міндеттеріне сай ондағы жаңа идеяларды өзі құрастырады. Дегенмен, тәрбие процесінде мектеп мұғалімінің шығармашылық өрісін кеңейтуге мүмкіндік беретін алгоритм бар. Оның негізіне екі идеяны жатқызуға болады:

    1. Әртүрлі ұйымдастырылған формадағы тәрбие мазмұны ғылым және өнер арқылы байытылады. Олардың негізіне әртүрлі әрекеттер кіреді: танымдық салада - этика, эстетика, мәдениеттану, саясаттану ғылымдары сала-сындағы тарихи, құндылық-бағдарлық білімдер жатады; өнер саласында – эстетика, музыка, кескіндеме, поэзия, дизайн, мәдениет саласындағы көркемдік білімдер; дене шынықтыру саласында – салауатты өмір салты жайында теориялық және практикалық білімдер; еңбек саласы – халық дәстүрлері, қолөнеріне қатысты білім, іскерлікті жатқызуға болады; еркін қарым-қатынас бойынша – оқушылардың әр тараптағы демалысын ұйымдастыру т.б.

    Мұндай жұмыстар тәрбие жұмысының барлық формасын жаңа деңгейге көтеруде тек мұғалімдерге ғана емес, сонымен бірге оқушылар, олардың ата-аналары, мектептен тыс мекемелердің қызметкерлеріне, қоғам қайраткерлеріне мүмкіндік береді.

    2.Мұғалімге тәрбиедегі көзқарасты шығармашылықпен ұйымдастыруға педагогикалық тәсілдер көмектеседі. Солар арқылы әртүрлі әдістер және формаларды құруға болады.

    2.4.5. Сыныптан тыс тәрбие жұмысының ұйымдастыру мазмұнына әсер ететін факторлар және оған қойылатын талаптар жүйесі
    Сыныптан тыс тәрбие жұмысының ұйымдастыру мазмұнына әсер ететін факторларға:

    1. Мектептің ерекшелігі және ондағы қалыптасқан дәстүр. Мысалы, егер мектепте оқуға басымдылық берілген болса, онда сабақтан тыс тәрбие жұмысында таным аспектісі басым болады т.с.с.

    2. Оқушылардың жас, жеке-дара және сынып ерекшелігі.

    3. Мұғалімнің өзінің жеке басының ерекшелігі, қызығушылығы, бейімі т.с.с. Егерде мұғалім оқушыларды оқытуда жоғары нәтижеге қол жеткізуге тырысса, онда оның мақсатына жетуге ықпал ететін сабақтан тыс тәрбие жұмысының мазмұнын таңдайды. Басқадай мұғалім үшін, мүмкін оқыту процесінде тұлғаны қалыптастыру маңызды болса, онда сабақтан тыс тәрбие жұмысында еңбек және шығармашылық әрекетке басымдылық беріледі; оқушыларға спорттық-сауықтыру әрекеті арқылы ықпал ету, көбінесе спортты жақсы көретін мұғалім арқылы болады.

    Сыныптан тыс тәрбие жұмысының ерекшелігіне сай ұйымдастыруға қойылатын талаптар жүйесі:

    1. Сыныптан тыс тәрбие жұмысын дайындау және өткізу барысында, бірінші кезекте оның мақсатын анықтау міндетті. Мақсатты белгілемеу немесе оның нақтылы жағдайға байланысты анықталмауы немқұрайлылықты, жалғандықты тудырады, мұғалімдер мен балалардың қарым-қатынасында селқостыққа және тәрбиенің кері нәтижесінің тууына әкеліп соғады.

    2. Сыныптан тыс тәрбие жұмысын ұйымдастырудың бастапқы кезеңінде ондағы қол жеткізетін нәтижені алдын ала болжау. Бұл жалпы мақсатқа жетуде әлеуметтік тәжірибені меңгерудің міндеттерін нәтижелі шешуге септігін тигізеді.

    3. Сыныптан тыс тәрбие жұмысында оптимистік көзқарастың болуы қажет.

    4. Сыныптан тыс тәрбие жұмысын ұйымдастырушы мұғалім немесе сынып жетекшісі жоғары тұлғалық сапаға ие болуы тиіс. Ол баламен тікелей ынтымақтастық қарым-қатынасты орнатудан бастау алады. Өйткені оқушылар, ең алдымен мұғалімнің тұлғалық сапасын бағалайды. Ондағы жалғандықты, екіжүзділікті, келеңсіз моральдық жат нормалардың болуын кешірмейді.

    5. Сыныптан тыс тәрбие жұмысын ұйымдастыру барысында жаңа формалар мен тәсілдерді үнемі ойластыру және оларды қолдануға бағытталған тұрақты шығармашылық ізденістің болуы шарт. Сонда ғана мұғалімнің шығармашылық әрекеті тәрбие жұмысын нәтижелі ұйымдастырудың қажетті жағдайы бола алады.

    6. Сыныптан тыс тәрбие жұмысын ұйымдастыруға оқушыларды түгелдей қатыстыру, әрқайсысының талап-тілегін ескеру, оларға нақты көмек көрсетіп, қабілетін шыңдау, ол үшін оларды үздіксіз жаттықтырып отыру қажет. Мұның өзі жүйелі және жоспарлы шығармашылық еңбек арқылы іске асады.

    7. Оқушыларға белгіленген шараның тақырыбын, мақсат, міндеттерін алдын-ала таныстырып, оларға қажетті материалдар табу үшін тапсырма берілуі тиіс. Оқушылар мұғалімнің тапсырмасын орындай отырып, тақырыптың мән-мазмұнына қанығады, пайдалы жағын ұғынады.

    8. Тәрбие жұмысының барлық түрлерінде оқушыларды қоғамдық пайдалы істерге белсенді араласуына, олардың қоғамдық белсенділігі мен өздігінен жұмыс істеуге құштарлығын тәрбиелеу.

    9.Сыныптан тыс жүргізілетін жұмыста әр шәкірттің ерекшелігі мен бейімі, талабы еске алынуы тиіс.

    10.Мектеп оқушыларының сабақтан тыс уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың әрқайсысының тұлғасын қалыптастыруда, ең алдымен педагогикалық басшылықты дұрыс ұйымдастырған жағдайда және мұғалімдермен оқушылардың мызғымас ынтымақтастығына қол жеткізгенде мүмкін болмақ. Ол үшін мектеп әкімшілігі мен сыныптан және мектептен тыс тәрбие жұмыстарын ұйымдастырушылар оқу-тәрбие процесі жүйесінде тәрбиелік мүмкіндіктерді кеңінен пайдалануда озат тәжірибелерді жинақтауға айрықша маңыз берген жөн.

    2.4.6. Сыныптан тыс тәрбие жұмысын ұйымдастыру шарттары

    1. Балада өзіне қатысты жағымды қатынасты қалыптастыру және өзін-өзі бағалаудың әділдігін қамтамасыз ету. Бұндай қатынас баланың одан әрі дамуының негізі болады. Себебі, тәжірибе көрсеткендей «қиын балада» өзі туралы жағымсыз көзқарас қалыптасқан. Тәрбие жұмысы барысында мұғалімдер оны не күшейтеді, болмаса өзіне деген жағымды әсерді өзгертеді. Соған орай дұрыс ұйымдастырылған сыныптан тыс тәрбие жұмысы оқу процесіндегі шектеуді жоюға мүмкіндік береді және баланың өзі жөнінде жағымды көзқарасының қалыптасуына, өзінің күш-қайратына сенімінің орнауына жағдай туғызады.

    2.Балада ынтымақтастық, ұжымдық өзара әрекет ету дағдысын қалыптастыру. Егерде балада өзіне қатысты жағымды көзқарасы бар жағдайда жолдастарымен тіл табысу, олардың пікірін тыңдау, өзара міндеттерін бөлісу, басқа адамдардың мүддесін ескеру, оларға көмектесу секілді біліктілігі қалыптасқан жағдайда, онда толығымен ұжымдық өзара жағымды әрекеттесу дағдысы қалыптасады.

    3.Балада әртүрлі көркемөнер әрекеттерінің түрімен тікелей танысу арқылы ондағы қажеттілікті қалыптастыру. Оған баланың қызығушылығын, жеке-дара қабілеттерін және қажеттілігін ескеру негізінде қалыптастыру. Басқа сөзбен айтқанда, сыныптан тыс жұмыста бала өзіне пайдалы әрекетпен шұғылдануы тиіс және оны өздік тұрғыдан ұйымдастыра алуы қажет.

    4.Баланың дүниетанымының компоненттері: адамгершілік, эмоциональдық, ерік-жігерін қалыптастыру. Сыныптан тыс жұмыстарында бала адамгершілік түсінік арқылы қоғамдық мораль және мінез-құлық нормаларын меңгереді. Эмоциалық сала шығармашылық әрекетте эстетикалық көзқарас арқылы қалыптасады.

    5. Баланың таным қызығушылығын дамыту. Мұндай міндетті жүзеге асыруда сыныптан тыс жұмыс сабақта және сабақтан тыс әрекеттің сабақтастығын қамтамасыз етеді. Өйткені сыныптан тыс жұмыс сабақтағы тәрбие міндеттерімен тығыз байланысты болады, мұндай көзқараста ол оқу процесінің нәтижесін арттыруға бағытталған. Баланың таным қызығушылығын дамыту, бір жағдайда, ол оқыту процесіне нәтижесін арттырса, екінші жағдайда, балаға тәрбиелік ықпалын күшейтеді.

    Жоғарыда аталған сыныптан тыс жұмыстарды ұйымдастыру шарттары оның негізгі бағыттарын анықтайды. Нақтылы атқарылатын әрекетке, сынып және мектептің жағдайының ерекшелігіне байланысты олар нақтыланып, өзгертілуі мүмкін.

    Оқушылардың сыныптан тыс тәрбие жұмысын ұйымдастыру – аса күрделі мәселе. Жыл бойына 165 демалыс күні, мереке, демалыс күндері, күнделікті сабақтан тыс бос кездері – осының бәрі белгілі бір нақты тәрбиелік мақсатты көздеп, оқушылардың рухани мүдделерін қарқынды байытуға қызмет атқаруы тиіс. Сондықтан жоғарыда аталған шарттарды практикалық әрекетте жүзеге асыру, тәрбие жұмысын ұйымдастыруда белгілі бір жүйеліктің болуын қажет етеді. Ол жеке-дара немесе көпшілік жұмыстарында қолданылуы мүмкін. Ол үшін,

    1. Тәрбие міндеттерін зертеп тану және оны белгілеу. Бұл кезең оқушылардың және сынып ұжымының психологиялық-педагогикалық ерекшеліктерін зерттеп тануға бағытталған. Соның негізінде тәрбиенің нәтижелі ықпалын және сынып жағдайына қатысты тәрбие міндеттерінің ең өзекті міндеттерін анықтауға болады.

    Бұл кезеңнің мақсаты – педагогикалық жағдайды шындық тұрғысынан бағалау және ең қажетті міндеттерді таңдауда және оны жүзеге асыруда қажетті өзгеріс енгізуді анықтауға септігін тигізеді.

    Зерттеп тану жұмыстары, бізге мәлім педагогикалық зертеу әдістері арқылы жүргізіледі (бақылау, әңгіме, сауалнама, тәжірибе жүргізу т.с.с.). Солардың ішінде ең көп тараған әдіске бақылау жатады. Оның көмегімен мұғалім оқушы немсе оқушылар ұжымына қатысты ақпарат жинайды. Әңгіме жүргізу тек жалғыз бір оқушымен ғана шектелмейді, сыныптың алдына қойған мақсат, міндеттеріне сәйкес оқушылар ұжымымен, олардың ата-аналарымен және сол сыныпта жұмыс істейтін пән мұғалімдерімен де жүргізіледі. Осындай әрекеттің нәтижесі сынып жетекшісінің белгілі бір мәселеге қатысты көзқарасын кеңейтіп, ұстанымын қалыптастырып қана қоймайды, сонымен бірге кәсіби шеберлігін жетілдіріп, кешенді бағдарлама құруға септігін тигізеді.

    Оқушылардың ұжымын зерттеу жұмыстарында социометрия әдісі маңызды рөл атқарады. Оның көмегімен мұғалім сыныптағы оқушылардың танымал немесе танымал еместігі, ондағы жеке шағын «топтардың» барын анықтауға және жалпы олардың өзара қарым-қатынасына қатысты маңызды мағлұматтарды жинастырады.

    2. Болашақта атқарылатын сыныптан тыс тәрбие жұмысын үлгілеу. Оның міндетін мұғалім өзінің көзқарасында, пайымында сол атқарылатын шараның ұйымдастыру формасына қатысты үлгісін алдын-ала ойластыратын болады. Оған оның мақсатын, міндеттерін, басымды қызметін болжау жатады. Соған сәйкес оның мазмұны, ұйымдастырудың формасы және әдіс-тәсілдері анықталады.

    3. Үлгіні практикада жүзеге асыру. Ол алдын ала ойластырылған сыныптан тыс тәрбие шарасын нақты педагогикалық процесте практика жүзінде жүзеге асыруды көздейді.

    4. Атқарылған тәрбие шарасын сараптау, талдау жұмысы. Мұнда алдын-ала белгіленген үлгіні нақтылы атқарылған тәрбиелік шараның нәтижесімен салыстыруға, ондағы жетістіктер мен кемшіліктерді табуға және оның салдарын жоюға сай жұмыстарды атқаруға бағытталған. Сонымен бірге мұнда келесі атқарылар сыныптан тыс тәрбие шарасының мақсат, міндеттерін белгілеу маңызды болады. Бұл кезеңнің тағы бір ерекшелігі болашақта атқарылар істердің міндеттерін, мазмұны мен ұйымдастыру формаларына қатысты мәселеде мүмкін болған жағдайда қайта қарап, түзету енгізіп отыруға септігін тигізеді.

    2.4.7. Сыныптан тыс тәрбие жұмысының нәтижесін талдау жұмыстары

    Мектептің тәрбие жұмысының мақсаты оқушылардың интелектуалдық, шығармашылық, тұлғалық сапасының дамуына ықпал ететін, тәрбие жүйесінде сабақтан тыс ұжымдық шығармашылық әрекеттерін ұйымдастыру, олардың қоғамда әлеуметтенуіне және бейімделуіне жағдай жасау. Осы бағытта атқарылған жұмыстардың нәтижесі мен сапасын анықтауда талдау жұмыстарының маңызы ерекше.

    Талдау (анализ) – бұл тәрбие жұмысының нәтижесінің жоғары немесе төмен, жағымды немесе жағымсыз екендігін және жетістікке немесе сәттілікке немесе сәтсіздікке алып келу себебін анықтау процессі, бұл белгілі бір жетістікке жетудің немесе тәрбие жұмысындағы келеңсіздікті жоюдың жолын анықтау болып табылады. Бірақта, бұл тәрбие процессінің белгілі бір кезеңін аяқтаған жағдайда ерекше маңызға ие болады. Мәселен, оқу жылы – бұл кезеңнің бір бөлігі. Соған байланысты, қандай да болмасын басшылықтың талдау жасай білу біліктілігі күнделікті жұмыста көрініс тауып отырады.

    Ақпаратты жинау және талдау барысында шығармашылық топтың біріккен жұмысы табысты болмақ. Олардың қатарына сынып жетекшілері бірлестігінің басшысы, тәжірибелі сынып жетекшілері енеді. Соның барысында олар жаңа оқу жылына жасалған жоспарға көмектеседі.

    Талдауды тәрбие жұмысының мақсаты қалай жүзеге асты және міндеттер қалай шешімін тапты, міне осыларды таладудан бастаған жөн. Содан кейін мектептің тәрбие жұмысының белгілі бір бағытына талдау жүргізу қажет. Мәселен, оқушылардың өзін-өзі басқару ұйымдары, патриоттық тәрбие, көпшілік-спорттық немесе физкультура-шынығу немесе қосымша білім беру, ата-аналармен және т.б. жұмыстарының нәтижелері бойынша талдау жасау. Бұл жағдайда тәрбие жұмысының нәтижелілігінің негізгі көрсеткіштерін анықтауға бағытталған өлшемділік-бағыттылық (критериально-ориентированный анализ) талдауды қолданамыз.

    Тәжірибе көрсеткендей, талдауға қатысты жазба жұмыстарын жеңілдету үшін, тәрбие жұмысының жағдайына байланысты сапалық, қолжетімділік, нақты ақпараттар болғаны жөн. Сондықтан ақпаратты жинау – талдаудың ең маңызды буыны.

    Ақпаратты жинау барысында әртүрлі тәсілдерді пайдаланған жөн: педагогикалық байқау, мұғалімдер мен оқушылар тарапынан сауалнамалардың әр түрлігі, анкеталық жұмыс және т.б. Ол үшін әртүрлі әдістерді қолданған жөн: «Ұжымдық портрет», «Оқушылар және мәдениет», «Сенің оқуға қатынасың», «Менің мектепке қатынасым», «Мұғалім, оқушы, ұжым», мектепішілік бақылау нәтижесіне жасалған анықтамалар, педагогикалық кеңес пен жиналыстардың хаттамалар және т.б.

    Ақпараттарды жинау көздерінің бірі – бақылау. Мектепішілік бақылау тәрбие процесі және оның нәтижесіне қатысты дер кезінде ақпараттар алу, талдау және бағалау, сондай-ақ процесте тәрбиелік қатынастардың дамуына түзетулер енгізу, оның тиімді жұмыс жасауына ықпал ету үшін қажет.Сондықтан тәрбие жұмысына қатысты мектепішілік бақылауды жоспарлау барысында да, ең алдымен талдау жұмыстарының нәтижесіне сүйену қажет.

    Жинақталған ақпараттар талданады, салыстырылады, қорытындыланады, қажеттілігіне орай әртүрлі сызба, таблица жұмыстары жүргізіледі (педагогикалық мониторинг). Нәтижесінде жаңа оқу жылына тәрбие жұмыстарының мақсаты мен міндеттері анықталады.

    2.4.8. Сыныптан тыс тәрбие жұмысының эстетикалық тартымдылығын арттыру
    Мектептегі оқу-тәрбие процесін демократияландыру мен гуманитарландыру, қоғамымыздағы негізгі міндеттердің бірі. Бұл міндетті шешу, оқушы жастарға эстетикалық білім және тәрбие берумен, бұл педагогикалық процеске мұғалімдердің даярлық дәрежесін қамтамасыз ету мәселесімен тікелей байланысты. Себебі, ол адам баласының жақсы еңбегінде, әдемі бастамаларында, атқарған тамаша істерінде, дене бітімінің жақсы үйлесімділігінде, жан дүниесінің кіршіксіз тазалығы секілді ұғымдарда өзіндік бейнесімен орын алады. Сондықтан да біздің қоғамда адамдардың жан-жақты үйлесімді дамуы, оған әрбір тұлғаның өз өмірін «әдемілік заңы» бойынша құруға материалдық және рухани негіз жасалған, бұлар қоғаммен бірге үнемі дамып отырады. Сол үшін де қоғамның әрбір азаматы осы мүмкіншіліктерді барынша, әрі орынды пайдалана білуге дайын және тәрбиелі болуы тиіс.

    Бүгінгі қоғамды қайта құру жағдайында әрбір адамның, соның ішінде оқушы жастардың эстетикалық мәдениетінің қалыптасуы айрықша маңызға ие. Соған орай мектеп оқушылары мен жастардың өнер саласының әр түрімен айналысуы, нәтижесінде көркемөнерпаздар ұжымының оқтын-оқтын байқауының, сурет көрмелері мен балалар фестивалдарының ұйымдастырылуы біздің қоғамымыздың өскелең жас ұрпағына эстетикалық тәрбие беріп, эстетикалық мәдениетін дамытуға ерекше маңыз беруі деп бағалаймыз.

    Эстетикалық тәрбие, ол тәрбиенің басқа салаларымен де (ақыл-ой, адамгершілік, еңбек, дене, экология т.с.) тығыз байланысты. Сондықтан да адамның эстетика саласындағы тәрбиелік деңгейі, оның барлық іс-әрекетінде көрініс береді.

    Кезінде, эстетикалық тәрбиенің мәнін аша келе А. В. Луначарский, эстетика саласынан білім беру, балаларға арналған қайсыбір өнерді қарапайым түрде оқыту деп түсінуге болмайды, керісінше, олардың сезім мүшелері мен шығармашылық қабілеттеріне жүйелі түрде әсер ететін оқуды, одан оқушылардың ләззат алып, оны өздері жасай білу мүмкіншіліктерін дамыту деп түсіну керектігін айтқан. Еңбек пен ғылым саласынан берілген білімде эстетика қамтылмаса, онда сол білімнің жансыздығы - деп оған айрықша мән берген.

    Сондай-ақ, жапон елінде “эстетика саласынан білім алмаған адам, экономикалық тұрғыдан да тиімсіз” – деген көзқарас қалыптасқан екен. Бұл бізге де қатысты мәселе. Бұл бүгінгі өркениет талабы.

    Дегенмен де эстетикалық тәрбиенің кейбір міндеттері әр кезде, не болмаса барлық жағдайда біздің қалауымызша атқарылып отырған жоқ. Оның себебі, бүгінгі күнге дейін мұғалімнің эстетикалық даярлық сапасының деңгейі, немесе оның шегі барынша нақтылы анықталмаған, оқушылардың эстетикалық тәрбиесінің дамуына қандай мұғалім нәтижелі әрі оң ықпал тигізеді, ол үшін оқушылардың эстетикалық тәрбиесіне қажетті даярлықтың негізгі компоненттері қандай болып белгіленген, т.с.с. мәселелер өз шешімін таппауда. Кейбір мұғалімдердің қайсібір музыкалық аспапта ойнай білуі, билей немесе сурет салу біліктілігі, мұндай маңызды педагогикалық процесті шешуде педагогикалық қабілеттері жеткіліксіз. Ол үшін педагогикалық оқу орындарында арнайы даярлық жүйесін меңгеру қажет.

    Ауыл мектептері жағдайында жүргізілетін бүкіл тәрбие жүйесінің, соның ішінде эстетикалық тәрбие жұмыстарының ерекшеліктерін де ескеру қажет. Ондағы мұғалім эстетикалық тәрбиеге қатысты міндеттерді оқушылармен ғана емес, сондай-ақ олардың ата-аналарымен, жалпы ауыл тұрғындарымен де жүргізуі шарт. Сол үшін де ауыл мектептерінің мұғалімдерінің эстетикалық мәдени даярлық сапасына аса мән берілуі тиіс.

    Мектептегі қабырға газетінің сапасы төмен болуы, көркемөнерпаздар ұжымының орындау шеберлігі мен жүріс-тұрысындағы кемшіліктер, оқушылардың және оқушылар мен ұстаздардың өзара қарым-қатынасындағы олқылықтар, сыныптан тыс шаралардың педагогикалық талапқа сай атқарылмауы т.с.с. кейбір келеңсіз жағдайлар оның эстетикалық тартымдылығын төмендетеді. Соған орай, оқушылардың этетикалық талғамы мен жағымды да әсерлі мінез-құлқы және көтеріңкі көңіл-күйнің әсерленуіне кері ықпалын тигізеді.

    Мектеп көлемінде өткізілген кейбір тәрбиелік шараларға (тақырыптық тәрбие сағаттары, таңертеңгіліктер, мектеп кештері, дәстүрлі мейрамдар, «Ал, қане қыздар!», «Ал, қане ұлдар!» байқаулары т.б.) қатысып, нәтижелеріне талдау жасағанда байқағанымыз, көптеген орындаулардың сапасының төмен дәрежеде болуына куә болдық.

    Кейбір мектептерде өткен мәдени шаралардың 43-іне қатыса отыра, солардың ішінде 19-ы 12-ден 30 минөт мөлшерінде өз уақытынан тым көп кешігіп басталғанына, оларды ұйымдастыру және өткізу барысында да кемшіліктердің болғанын назар аудардық. Мысалы, оқушылардың сахнада өздерін дұрыс ұстай алмауы, сахнадағы орны мен жүріс-тұрысындағы ретсіздік, үйлесімсіздік, көрермендер арасында айқай-шудың немесе әбігердің тууына себепкер болды.

    Сондай-ақ, тағы бір мектепте 8 наурыз «Халықаралық әйелдер күніне» орай ұйымдастырылған шарада 5 а және 5 б сыныптар арасында хордан жарыс өткізілді. Оған шет тілі пәнінің мұғалімі басшылық жасады. Оның барысында аталып отырған мұғалім мардымды тәртіп, қимыл әсемдігін көрсетпеді. Әрі, оқушыларды алдын ала дұрыс дауыс ырғағы мен қимыл үйлесімділігіне баулымағаны және сахна төріне кімнің бұрын немесе кейін шығатыны, тіпті кімнің қайда тұратындығы да анықталмағаны байқалды. Соның нәтижесінде, сахна жай тобырға айналып, біреулерді-біреу иығынан қағып, әсіресе ер балалар қыз балаларға қыр көрсетіп, орынға талас туды. Соңында, мұғалім абыр-сабырды зорға дегенде басып, хор басталды. Орындаушылардың дауыс ырғағының талапқа сай біркелкі болмауы, өлеңнің мәтінін дұрыс жаттамауы, әннің өз дәрежесінде орындалмай, тіпті өз шегіне жете алмай қалуына себепкер болды. Ал, көрермен қауым онан тиісті ләззат ала алмады.

    Мектеп өмірінде кездесіп қалатын мұндай олқылықтар, ұйымдастырылып отырған шаралардың тәрбиелік маңызына кері әсерін тигізуімен қатар, мұғалімдер мен оқушылар арасында күйгелектік, қызбалық, жөнсіз әбігер, өзара келіспей қалушылықтың болуын туғызады.

    Әрине, жоғарыда аталған жағдайда оқушылар қауымын кіналау орынсыз. Түптеп келгенде, бар айып мұғалімдердің, оны ұйымдастырушылардың еншісінде. Олардың осындай мәдени-бұқаралық шараларды өз дәрежесінде дайындау және өткізуге салғырттық танытып, аса мән бермеуінде, оған қажетті педагогикалық-эстетикалық білім, біліктерінің жоқтығында. Соның нәтижесінде, оқушыларға белгілі бір бағытта бағдар беру және оған дұрыс басшылық жасау болмаған. Мұндай көзқараста, біріншіден, ұйымдастырылған шараның эстетикалық тартымдығы нашарласа, екіншіден, педагогикалық әрекеттің ықпалына теріс әсерін тигізеді.

    Керісінше, кейбір тәжірибелі мұғалімдерден «Жақсы өткізілген сабақ», «Әдемі кеш» деген сөздерді есту кез-дейсоқтық емес. Мұндай бағалардың терең де, мазмұнды эстетикалық-педагогикалық ойды байқауға болады. Себебі, мектептегі оқу-тәрбие процесі тұтастай бүгінгі жас, ертеңгі азаматтың өз өмірін «әдемілік заңымен» тәрбиелеуге міндетті. Ол осы процесті эстетикалық тұрғыдан тартымды етіп ұйымдастырумен байланысты.

    Көрнекті кеңес педагогы В. А. Сухомлинский Павлыш орта мектеп өмірін осы әдемілік заңы тұрғысында ұйымдастырды. “Ертегілер бөлмесі”, “Арман бұрышы”, “Әдемілік бұрышы”, “Көгілдір аспан астындағы мектеп”, “Таңғажайып арал” – міне, осындай тәрбиелік маңызы бар тамаша аттардың өзінен ғана оның мектеп оқушыларының өмірін эстетикалық тартымдығы жағынан жоғары құруға тырысқанын көреміз. Осыған орай, В. А. Сухомлинский бұл мектепке “Қуаныш мектебі” деп ат қойған.

    Сондықтан, алдыңғы қатарлы озық мектептер тәжірибесі көрсеткендей, көптеген мұғалімдер бүгінде оқу-тәрбие процесінде оқушылардың өмірі мен іс-әрекетін эстетикалық тәрбиеге қатысты талаптарды ескере отыра ұйымдастыруға мән беріп, оның ықпалы мен тартымдылығын арттыруда өздері де үлес қосуда.
    1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   27


    написать администратору сайта