Главная страница
Навигация по странице:

  • 3.2. Сынып жетекшісінің мектеп әкімшілігі және пән мұғалімдерімен жұмысы

  • Дайындық жұмыстары.

  • Бақылау сұрақтары

  • 3.3. Сынып жетекшісінің жеке оқушымен жұмысы

  • Абенбаев С. ТЖТӘ, 2016. Оқулық (1). Алматы 2016 Бл ебегімді азастанны педагогика ылымына танымал, крнекті педагогалым, педагогика


    Скачать 0.6 Mb.
    НазваниеАлматы 2016 Бл ебегімді азастанны педагогика ылымына танымал, крнекті педагогалым, педагогика
    Дата10.10.2022
    Размер0.6 Mb.
    Формат файлаdocx
    Имя файлаАбенбаев С. ТЖТӘ, 2016. Оқулық (1).docx
    ТипДокументы
    #725725
    страница24 из 27
    1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   27

    Бақылау сұрақтары
    1.Сынып жетекшісінің ата-аналармен атқаратын жұмыстарының маңыздылығы қаншалықты?

    2.Ата-аналармен жүргізілетін жұмыстағы сынып жетекшісінің негізгі міндеттері мен қызметі қандай?

    3.Сынып жетекшісінің ата-аналармен жүргізетін жұмысының дәстүрлі формалары мен ұйымдастыру технологиясы қандай?


    3.2. Сынып жетекшісінің мектеп әкімшілігі және пән мұғалімдерімен жұмысы
    3.2.1. Сынып жетекшісінің мектеп әкімшілігі және пән мұғалімдерімен жұмысының мазмұны мен бағыттары
    Сынып жетекшісі мектеп жағдайында оқушылардың оқу-тәрбие жұмысына қатысты міндеттерді шешуде, ол мектеп әкімшілігі және пән мұғалімдерінің көмегіне арқа сүйейді.

    Кезінде, А. С. Макаренко өз тәжірибесіне сүйене отыра, бірде-бір тәрбиешінің жеке тұрып бала тәрбиесінде өз бетінше оң нәтижеге жете алмайтындығын, керісінше, ол мектептің педагогикалық ұжымы және ондағы қоғамдық ұйымдармен бірлесе қызмет жасау қажеттігін айтқан. Осы орайда сынып жетекшісі оқушылардың күнделікті мектептегі өмірі мен еңбегіне қатысты мәселелерді мектеп әкімшілігімен келісе отыра, әрі олардың қолдауы, көмегі негізінде ұйымдастырады. Оған мысалы, мектептің ішкі еңбек тәртібі, санитарлық-гигиеналық режімі, қауіпсіздік-техникалық ережелерінің орындалуы, қоғамдық пайдалы және оқудан тыс тәрбие жұмыстары т.б. мәселелерді жатқызуға болады.

    Мектеп әкімшілігі педагогикалық кеңестің бекіткен жоспары бойынша жұмыс істейді. Сынып жетекшісі мектеп жоспары бойынша белгіленген шаралардың орындалуы барысында өз сыныбындағы оқушылардың оған қатынасын айқындап, оның орындалуына жауап береді, әрі оларды ұйымдастыруға көмектеседі. Мектеп директорының оқу және тәрбие жөніндегі орынбасарларымен өз сыныбына қатысты мәселелерді өзара бірігіп шешеді. Өзінің сыныбындағы оқушыларының сапалы білім алып, тәрбиеленуіне жағдай жасауда, мектеп әкімшіліктерінің барлық құрылымдары мен пән мұғалімдерін оның жұмысын жақсартуға тартады.

    Сынып жетекшісі мен пән мұғалімдері арасындағы өзара байланыстың қандай мәнісі бар?

    Сынып жетекшісі және пән мұғалімдері сыныптағы педагогикалық процестің тұтастығын, мақсаттылығын бірлесе қамтамасыз етеді. Олар оқушылар ұжымы және жекелеген оқушымен жұмыс барысында жалпы білім беру және тәрбие мәселесіне қатысты міндеттерді бірлесе шешеді: оқушылардың таным белсенділігін арттыру, шығармашылық қабілеттерін, дербестігін, жауапкершілігін дамыту т.с.с. Мұндай жұмыстың нәтижелі болуы, көбінесе ондағы мақсат пен міндеттердің, соған сәйкес нақтылы бір сыныпта жұмыс істейтін мұғалімдердің педагогикалық әрекетіндегі түсінушілік пен өзара үйлесімділіктің болуына тікелей байланысты. Сондықтан, кез келген мұғалім өзінің кәсіби және тәрбиелік әрекеттерінің нәтижелі болуын қамтамасыз етуде осы бағытта жетекшісімен күш жігерін біріктіру немесе үйлестіруге мүдделі болады. Оның негізгі ұйытқысы және ұйымдастырушысы – сынып жетекшісі. Ол үшін төмендегідей міндеттерді шешуі тиіс:

    -сол сыныптағы пән мұғалімдерінің дара ерекшеліктерін, олардың балалармен тәрбие жұмысын ұйымдастырудағы мүмкіншіліктерін танып білу;

    -пән мұғалімдерінің педагогикалық әрекетінде балалармен қарым-қатынасының ерекшеліктерін танып білу;

    -пән мұғалімдері мен сыныптағы оқушылардың, мұғалімдер мен ата-аналардың өзара қарым-қатынасындағы үйлесімділік жағдайын реттеп отыру;

    -педагогикалық әрекеттің жалпы мақсатын анықтап, оған қол жеткізуде барлық қатысушы жақтардың өзара әрекеттерін ұйымдастыру;

    -пән мұғалімдерінің балалар және ата-аналармен тәрбие жұмыстарын ұйымдастырудағы мүмкіндіктерін педагогикалық тұрғыдан дұрыс пайдалану тиімділігін қарастыру.

    3.2.2. Сынып жетекшісінің пән мұғалімдерімен өзара байланысының формалары мен мазмұны
    Сынып жетекшісі мен пән мұғалімдерінің өзара байланысының негізіне жатады:

    -балалар, олардың өзара қарым-қатынасы, оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру және оның нәтижесі туралы өзара ақпар алмасу;

    -күрделі мәселелерді шешуде өзара көмек, өзара қолдау көрсету;

    -сыныптың және әрбір оқушының нәтижелі жұмыс істеуіне мүдделі болу;

    -педагогикалық мәселелерді шешудің жолдарын бірлесе қарастыру, сыныптың алдына қойылған мақсат пен міндеттерін атқаруда бірлесе күш жұмсау;

    -атқарылған шаралардың нәтижесін бірлесе талдау;

    -сынып ұжымымен немесе жекелеген оқушымен болашақта атқаратын жұмыстарын бірлесе анықтап, белгілеу.

    Сынып жетекшісі оқушылар ұжымымен жұмысындағы жалпы мақсат пен міндеттерін анықтауға, оның жолдарын және негізгі педагогикалық құралдарын белгілеуге, сабақтан тыс тәрбие жұмысын ұйымдастыруға сол сыныпта сабақ беретін пән мұғалімдерін тартады, олардың оқу-тәрбие жұмыстарындағы әрекетін, оқушылар ұжымымен және жекелеген оқушылармен жұмысын үйлестіреді. Сонымен қатар, оқушылардың оқу-танымдық, тәрбиелік мүмкіншіліктерін танып білуде зерттеу жұмыстарын ұйымдастырады. Олармен бірлесіп әртүрлі диагностикалық карталарын құрып, дайындайды.

    Кейбір балалардың оқу қабілеттерін анықтап бағалауды олардың ата-аналарымен және пән мұғалімдерімен бірлесе жүргізеді. Мұндай жағдайда әртүрлі мәліметтерді салыстырып, талдаудың және оның нәтижесімен мұғалімдерді таныстырып отырудың маңызы ерекше.

    Бір жағдайда, сынып жетекшісі балалар жайында мұғалімдерден, ата-аналарынан және өзінің педагогикалық әрекетінен алған әртүрлі мәліметтерді күнделікті тәрбие жұмысын ұйымдастыруда пайдаланады. Ал, екінші жағдайда, сол сыныптағы пән мұғалімдерінің сынып туралы нақтылы көзқарасын орнықтырып, мүмкін болған жағдайда, қосымша тың мәліметтермен қаруландырып отырады. Ол пән мұғалімдерінің педагогикалық әрекетін, олардың оқушы-лармен жұмыс істеу тәсілдерін алдағы уақытта алдын-ала болжап, түзетіп отыруға жағдай жасайды. Сондықтан, пән мұғалімдерін балалар мен сынып ұжымын зерттеп тануда, оның амал-тәсілдерін таңдауға, педагогикалық процестің өн бойын болжауға оларды тарту орынды. Себебі, олар сыныппен жұмыс істеу барысында өздерінде туындап отырған мәселелерін ескере отырып, соған сәйкес тәрбие жұмысының нәтижесін арттыруға, оның мазмұнын толықтыруға пайдасын тигізері анық.

    Сынып жетекшісі пән мұғалімдерін балалардың даму динамикасы, олардағы жетістіктер мен қиындықтары және отбасындағы өзгерістері туралы үнемі жүйелі түрде хабардар етіп отыруы тиіс. Сол үшін де пән мұғлаімдерімен кеңесіп, одан шығу жолдарын іздеуде бірлесе отыра өзара іс-қимыл жасау қажеттігі туындайды. Сондай-ақ, ол пән мұғалімдері мен ата-аналардың қарым-қатынасын реттеп, олардың бала тәрбиесіне қатысты мәліметтер алмасуды, оқушылардың үй тапсырмасын нәтижелі орындауға қажетті кеңес беруін қамтамасыз етуді көздеп, өзара кездесуін ұйымдастырып отырады.

    Әсіресе, пән мұғалімдерін сыныптағы тәрбие жұмысының мақсатын анықтап, соған сай жоспар құруда оларды тартудың да маңызы зор. Сынып жетекшісі тәрбие жоспарын құру, жаңа идеяларды және оларды жүзеге асыруда нақтылы формаларды іздеу барысында пән мұғалімдеріне төмендегідей сұрақтарға жауап берулерін ұсынады:

    1. Сыныпта қандай мәселе бірінші кезекте шешімін табуы керек деп ойлайсыз?

    2. Бұл мәселені шешуде қандай шараны ұйымдастыру қажет деп ойлайсыз?

    3. Сіздің қатысуыңызбен қандай шара немесе жұмыс формасын ұйымдастыру қажет деп ойлайсыз?

    4. Сіздің пән бойынша оқушылармен қандай сабақтан тыс жұмысты өткізу қажет деп ойлайсыз?

    5. Ата-аналармен қандай мәселені кеңесу керек деп ойлайсыз?

    Сынып жетекшісі бұл сұрақтардың жауабына қатысты материалдарды ұжымдық жоспарлау барысында қолданады, оқушылардың қызығушылығын ескере отырып, пән мұғалімдерінің ұсыныстарын жоспарға енгізеді. Тіпті, ол жоспарлау барысында пән мұғалімдерінің оқушылармен бірлесе кеңес құруына ынталы болады.

    Мұндай жұмыстардың әрбір кезеңінде оның нәтижесіне бірлесіп талдау, қорытынды жасау маңызды. Әсіресе, оны балалар ұжымымен бірлесе атқарған абзал. Сондай-ақ, жаңадан келген мұғалімдерге ерекше назар аудару қажеттігін де естен шығармау керек. Олар үшін сыныптағы жағдай жеткілікті таныс болмағандықтан, сынып ұжымы және жекелеген оқушылардың ерекшеліктерімен, сыныптың жай-күйімен, ондағы мақсат, міндеттермен, ондағы тәрбиені жұмысының барысымен т.с.с. ең қажетті деген мәліметтермен бірінші кезекте таныстырып отыру тиімді болмақ.

    Сынып жетекшісі және пән мұғалімдері сыныпқа қатысты өзара бірлескен жұмыстарын жүзеге асыруда өздерінің қызметін нақты белгілеп алғандары жөн.

    Сынып жетекшісінің және пән мұғалімдерінің өзара әрекетінің бір формасы педагогикалық консилиум. Мұның ерекшелігі оларда бала тәрбиесіне қатысты бірыңғай көзқарасты және әрекеттегі үйлесімділікті қалыптастыруға ықпал етеді. Белгілі бір нақты сыныпта жұмыс істейтін барлық мұғалімдерге оқушы жайында жан-жақты мәлімет алуға мүмкіндік туғызады: психологиялық, физиологиялық ерекшеліктері, дене және ақыл-ойының дамуы, жеке-дара қабілеті, мүмкіндіктері мен қиындықтары т.с.с.

    Мұғалімдер оқушыларды бақылау нәтижесін талдай отыра, мәліметтермен алмасады, туындаған мәселе болса, оны шешудің жолын бірлесіп қарастырады және баламен жұмыста қызметті бөліседі.

    Сынып жетекшісі мен пән мұғалімдері қоян-қолтық жұмыс істеген жағдайда оқу-тәрбие процесінде айтарлықтай оң нәтижеге жетуге болады. Ол үшін сынып жетекшісі өз сыныбында сабақ беретін әрбір мұғалімнің жұмыс істеу тәсілін жақсы білуі керек. Әрбір мұғалімнің сабағына жиі кіріп, олармен сынып ұжымы жайлы әңгімелесіп отыруы қажет. Осындай жұмыс түрлері арқылы ол оқу-тәрбие жұмысын жақсартуға ықпал етеді.

    Сынып жетекшісі пән мұғалімдерінің сабағына кіргенде, тек оқушыларды бақылаумен шектелмей, мұғалімнің сыныппен жұмыс істеуіне де көбірек назар аударғаны жөн. Мұғалімдер оқушыларға қойылатын бірыңғай талапты жүзеге асыра ала ма, олардың үсті-басына, оқу-құрал жабдықтарына, сыныптың тазалығына бақылау жасай ма, жеке оқушыларға ықпал етуде сынып жетекшісі белгілеп берген жоспарды басшылыққа ала ма, оқушыларға үй тапсырмаларын үйін-төгіп көп бермей ме, бір мұғалімнің жүргізген сыныптан тыс жұмыстары басқа мұғалімдерге кедергі жасамай ма, мұғалім оқушыларға кею, ұрсу, тілдеу сияқты дөрекілік көрсетпей ме, міне, осындай тәрбиенің көптеген түйінді мәселелері сынып жетекшісінің үнемі зер салып отыруын талап етеді.

    Сынып жетекшісі өзі жетекшілік ететін сыныптағы барлық пән мұғалімдерінің сынып жайлы айтқан пікірлерін ылтипат қоя тыңдап, сол сыныпта жүргізілетін оқу-тәрбие жұмысын солармен ақылдаса және әрбір оқушының өзіндік жеке ерекшеліктерімен санаса отыра жүзеге асыруға ұмтылғаны абзал.

    Мектеп өмірінде мынандай жағдайлар да жиі кездеседі. Кейбір мұғалімдер қит етсе болғаны, оқушылар үстінен сынып жетекшісіне шағымдар жасап жатқанын байқауға болады.

    Осыдан кейін, сынып жетекшісі сабақ аяқталысымен оқушыларды қалдырады да, оларға зеки бастайды.

    Әрине, сынып жетекшісі мұғалімдердің ескертпелеріне құлақ аспауға құқы жоқ. Дегенмен, әрбір мұғалімнің шағымынан кейін, оқушыларды мазалаудан пайда жоқ. Мұның өзі сынып жетекшісінің де, шағым жасаған мұғалімнің де беделін кемітеді, сөйтіп балалар оларды сыйламайтын болады.

    Керісінше, сынып жетекшісі мұғалімдерден түскен шағым бойынша ізінше сыныпқа барып оқушыларға ұрыспай, болған кемшіліктің себеп-салдарын байсалды түрде шешуге тырысса және ондай жағдайды болдырмаудың әдіс-тәсілдерін іздестірсе, ол әлдеқайда пайдалы болар еді.

    Ол үшін, сынып жетекшісі мұғаліммен кең түрде әңгімелесіп, оған сабақты қалай өткізу керектігі немесе оқушылармен тығыз қарым-қатынас орнатуда қандай тәсілдер қолдану қажеттігін т.б. педагогикалық кеңестер бергені жөн.

    Сонымен қатар пән мұғалімдерімен жеке-дара әңгіме өткізіп отыруда кейбір туындайтын жанжал немесе қиыншылықты бір-біріне алдын ала ескертіп отыру, пәндік үйірме жұмыстарын, әртүрлі жоспарланған шараларды (олимпиада, байқау, апталық т.б.) ұйымдастыру төңірегінде пікір алмасу т.с.с. іс-қимылдары жайында мәселелерді талқылап отырғандары тиімді болар еді.

    Қорыта айтқанда, сынып жетекшісінің пән мұғалімдерімен бала тәрбиесінде өзара бірлескен жұмыстарының формалары әртүрлі болып келеді. Оның нәтижелі болуы, көбінесе олардың өзара тығыз қарым-қатынаста, белгілі бір нақты нәтижеге қол жеткізуде екі жақтың өзара ынталы болуына байланысты.

    Сынып жетекшісі пән мұғалімдерін оқушылардың ата-аналарымен де бірлесе жұмыс істеуге тартады, олардың бір-біріне сенімді, сыйласымдылық қарым-қатынасының орнығуына ықпал жасайды. Оған сыныпқа қатысты мәселелерді талқылауға арналған ата-аналар жиналысының ықпалы ерекше. Мұндай жағдайда пән мұғалімдері көбінесе оқушыларға қатысты өздерінің ойларын айтуға келеді. Сондықтан, пән мұғалімдерінің оқу бағдарламалары мен жаңа оқулықтарының ерекшеліктерімен ата-аналарды таныстырып отырғандары тиімдірек. Соған сәйкес ондағы қиыншылықтарды шешуде бірлесе талпыныс жасағандары нәтижелі.

    Осындай жұмысқа қатысты шартты түрде алынған ата-аналар жиналысының үлгісін ұсынамыз.
    3.2.3. Бірінші тоқсандағы оқу жұмысының қорытындысына арналған оқушылар, ата-аналар және пән мұғалімдерінің бірлескен жиналысының үлгісі

    Күні, айы, жылы

    Мақсаты: оқушылардың бірінші тоқсандағы оқу жұмысының нәтижесін арттыруда олардың жауапкершілігін қалыптастыру. Оған ата-аналарды тарту.

    Дайындық жұмыстары.

    1. Оқушылардың бірінші тоқсандағы оқу жұмыс-тарының нәтижесіне талдау жасау.

    2. Оқушыларға анонимдік тұрғыда сауалнама сұ-рақтарын жүргізу.

    3. Пән мұғалімдерімен әңгімелесу.

    4. Қаралып отырған мәселені талқылауға қатысты оқушылар тобын дайындау.

    Өту барысы.

    1. Сынып жетекшісінің кіріспе сөзі.

    2. Сыныптағы оқушылардың бірінші тоқсан бойынша оқу жұмыстарының нәтижесіне талдау. /Сынып жетекшісі, оқу секторы, директордың оқу-тәрбие жұмысындағы орынбасары/.

    3. Оқушылармен қаралып отырған мәселеге сай ортақ пікірді қалыптастыруға арналған сұрақтарды талқылау:

    -оқу жұмысының нәтижесіне сіздің көзқарасыңыз қандай?

    -оқуда жақсы нәтижеге қол жеткізуде нендей нәрсе кедергі болды?

    -сыныпта оқу жұмысының сапасын арттыруды қалай ұйымдастыруға болады?

    4. Оқушылардың сауалнама сұрақтарына берген жа-уаптарын талқылау.

    5. Алдын-ала дайындаған оқушылардың жұмыс то-бының пікірін тыңдау.

    6. Пән мұғалімдері мен ата-аналар пікірін тыңдау.

    7. Жиналыстың шешімін әзірлеу тобын тыңдау.

    8. Шешім қабылдау.
    Бақылау сұрақтары
    1.Сынып жетекшісінің мектеп әкімшілігі және пән мұғалімдерімен жұмысының мәнісі неде?

    2.Сынып жетекшісінің пән мұғалімдерімен өзара байланысының негізіне не жатады?

    3.Сынып жетекшісі мектеп әкімшілігі және пән мұғалімдерімен жұмысында қандай міндеттерді қарастыруы тиіс?

    4.Сынып жетекшісі пән мұғалімдерімен жұмысында қандай мәселелерді бірлесе шешеді?


    3.3. Сынып жетекшісінің жеке оқушымен жұмысы
    3.3.1. Сынып жетекшісінің жеке оқушымен жұмысының маңызы мен шарттары
    Жеке оқушымен жұмыстағы мақсат – оның тұлғалық дамуына педагогикалық тұрғыдан жағдай жасауды, оның жеке басының жан-жақты қалыптасуын және күш-жігерінің артуын қамтамасыз ету. Соған орай, оқушымен жеке жұмыстың мәні – оның тұлғасын әлеуметтендіру, оның өзінің жетілуі мен өзін-өзі тәрбиелеуге деген қажетсінуін тәрбиелеу. Оның нәтижесіне қол жеткізу, соған орай ұйымдастырылған тәрбие жұмысының әртүрлі формалары немесе әдістерін таңдауға ғана байланысты болмайды, керісінше оған оның өзін қатыстырумен жемісті болмақ.

    Шындығында, мұндай көзқарас оқушылардың мектеп жағдайындағы өмірінде жиі болып тұрмайды. Керісінше, оқушымен жеке жұмыс, оған үнемі ескертпе жасау, зеку, кею, ұрсу, сөгу жағдайында болып отырады. Сондықтан, мұндай жұмыс барысында мұғалімдерден оған қатысты асқан сезімділікті, кішіпейілділікті, қайырымдылықты, ілтипаттылықты, ықыластылықты, зер салуды және қамқорлық жасауды қажет етеді. Ол үшін мынандай жағдайларды ескеруі тиіс:

    1. Бала жанын жақсы түсіну. Яғни, оның сезімін, көңіл-күйін, ықыласын, тілегін, қажеттілігін. Себебі, бала үшін барлық мәселе маңызды. Ол жас ерекшелігіне қарай қызба, тәжірибесі аз, ерік-жігері баяу және ақылға қарағанда сезімге берілуі, әсерленуі басым болып келеді. Мұндай жағдай, оның келешек өміріне күшті әсер етеді. Сондықтан, сынып жетекшісі болсын, мұғалімдер болсын оның жанын түсінетіндігін байқатып отыруы тиіс. Бұл оның бала тарапынан жіберілген кемшіліктері немесе оғаш іс-қимылдарымен бөлісуді және онымен үнемі келісетіндігін білдірмейді. Керісінше, дер кезінде оған көмектесуге, ағаттық жіберу себебін анықтап, оны болдырмаудың жолдарын іздеуге мүмкіндік туғызады.

    2. Баланың таңдау еркіндігін қолдау. Сынып жетекшісі белгілі бір әрекеттің нәтижесіне қол жеткізуде “тек өзімнің айтқаным ғана болады” деген көзқараста емес, керісінше баланың көзқарасымен санасып, оның таңдау еркін қолдап отыруы тиіс. Оған қандайда болмасын қысым көрсетуге, күштеуге болмайды. Мұғалімнің көзқарасына сай келмейтін шешім болса да, баланың пікірін сыйлау қажет. Мұндай жағдайда сынып жетекшісінің міндеті – өзінің қабылдаған шешімін орындатуға баланы мәжбүр етпеу, керісінше оның дұрыс таңдау жасауына жағдай туғызу.

    3. Оқушының тұлғасын қалыптастыру және дамытуда, оны әлеуметтік тұрғыдан қорғау. Адам баласы ақиқат өмірдің заңдылықтары негізінде қалыптасып дамиды. Ендеше, сынып жетекшісінің бұл бағыттағы атқаратын қызметі – баланың дамуына және тұлға ретінде қалыптасуына мүмкіндік беретін жағдайды туғызу. Ол үшін, оның өмірден өз орнын табуға, дербестік қасиетін қалыптастыруға, қиын жағдайдан шығу-дың жолын таба білуге көмектесуі қажет. Олай дейтініміз, мектеп өмірінде әрбір оқушының тұрақты немесе қиын-қыстау кезеңі болады. Мұндай жағдайда оқушының жеке басын жетік білетін мұғалім ғана, оның дұрыс жолға түсуіне және өзін-өзі түсінуіне, өмірден өз жолын таңдай білуіне көмектесе алады. Ол үшін сынып жетекшісі баланың өзінің өмір сүру ортасын қалыптастыруы және оның тұлғалық сапасының қалыптасу процесіне жағымды ықпал ететін ортасын ынталандырып отыруы тиіс. Оған ата-аналар мен басқа да тәрбие мекемелерін қатыстыру шарт.

    4. Мақсатты әлеуметтік қолдау көрсету. Бұл бағытта баланың өте күрделі, қиын-қыстау жағдайында тұрақты қолдау көрсетуді қажет етеді: көп балалы және табысы аз отбасына, мүгедек, жетім балаға, босқын немесе оралман отбасына т.с.с.
    3.3.2. Сынып жетекшісінің жеке оқушымен жұмысының әдістемесі
    Сынып жетекшісіне бұл қызметті дұрыс өз дәрежесінде атқаруға көмектесетін әртүрлі психологиялық және педагогикалық тәсілдер бар. Оған оқушылардың қазіргі өмір жағдайын дұрыс түсінуге лекция оқу, әлеуметтік-психологиялық тренинг өткізу, практикум жүргізу, педагогикалық жағдаят және ойын ұйымдастыру. Бұлар, біріншіден оқушының тұлға ретінде өзін-өзі тәрбиелеуіне қызмет етсе, екіншіден, әртүрлі қиын-қыстау жағдайдан қателеспей шығуда тұрақты тәжірибе жинауға және өзінің күш-жігерін молайтуға мүмкіндік береді.

    Қазіргі педагогиканың өктемшілдік педагогикадан айырмашылығы мұғалімдер мен оқушылардың өзара ынты-мақтастық қарым-қатынасын қолдау. Осы тұрғыда сынып жетекшісінің жеке оқушымен жұмысындағы негізгі ұстаным, ол өзара түсіністік, сенім көрсету, оқушының жеке басын сыйлау, қамқорлық жасау т.с.с.

    Өзара қарым-қатынас жасау мүмкіндігі мұғалім мен оқушының белгілі бір әрекет барысында бір-біріне ықпалы және ол тек танымдық кеңістікте ғана емес, сонымен бірге тұлғалық өрісте де қайта жаңғыруға нақтылы ықпал етеді. Мұндай өзара қарым-қатынас тікелей және жанама әсер ету түрінде болады.

    Тікелей әсер ету мұғалімнің оқушыға белгілі бір талап қою немесе ұсыныс жасау түріндегі тікелей ықпалы. Дегенмен де оқушының өміріне үлкендер тарапынан үнемі ықпал ету әсері дау-жанжалдың тууына септігін тигізуі мүмкін. Сондықтан, кейбір жағдайда оқушыға көбінесе жанама әсер ету нәтижелі болып келеді. Оның мәні, мұғалім өзінің ықпалын оқушыға емес, керісінше оның ортасына бағыттайды (сынып оқушыларына немесе жолдастарына). Оқушының әлеуметтік өмірін өзгерте отыра, мұғалім оның өзінің тұлғалық сапасын өзгертеді. Жанама ықпал ету, баланың көбінесе жасөспірім, жеткіншек шағында қолда-нылады, Себебі, ол оның жас ерекшелігіне сай өтпелі кезеңіне сәйкес келеді.

    Кез келген оқушының сыныпта ерекше қарым-қатынас жасайтын құрбысы болады. Ол оның пікірімен санасады, ой бөліседі және жүріс-тұрысы да бірге болады. Олай болса, мұғалім сол оқушыға ықпал ету арқылы, оларды өзіне ынтымақтастыққа тартады.
    1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   27


    написать администратору сайта