Абенбаев С. ТЖТӘ, 2016. Оқулық (1). Алматы 2016 Бл ебегімді азастанны педагогика ылымына танымал, крнекті педагогалым, педагогика
Скачать 0.6 Mb.
|
3-тарау. МЕКТЕПТІҢ ТӘРБИЕ ЖҮЙЕСІНДЕ СЫНЫП ЖЕТЕКШІСІНІҢ АТА-АНАЛАР, МЕКТЕП ӘКІМШІЛІГІ ЖӘНЕ БАЛАЛАРДЫҢ ҰЙЫМДАРМЕН ЖҰМЫСТАРЫ3.1. Мектептің тәрбие жүйесінде сынып жетекшісінің ата-аналармен жұмысы 3.1.1. Сынып жетекшісінің ата-аналармен атқаратын жұмыстарының маңыздылығы В. А. Сухомлинский оқушылардың ата-аналарымен жұмыс істеудің маңызына ерекше назар аударып: «Тек ата-аналармен бірге, жалпы күш-жігерді біріктіру арқасында мұғалімдер балаларға үлкен адамдық бақытты беруі мүмкін», – дейді. Олай болса, отбасы мектеппен бірге тәрбиелік ортаның тұтастай негізгі ықпал ету факторларын жасайды. Сондықтан да педагогикалық әрекетте мектептің жалпы міндеттерінің көлемінің тым кеңдігіне қарамастан, ата-аналармен жұмыстың маңызы ерекше. Қазіргі мектепте жағдай көптеп өзгеруде: оқу және тәрбие процесінің құрылымы мен мазмұны, соған сай мұғалімдер мен оқушылардың көзқарастары, олардың өзара қарым-қатынасы, сабақтың ұйымдастыру формалары мен өткізу технологиясы, көптеген оқу пәндерін оқытудағы жаңа көзқарас, сонымен қатар сыныптан тыс тәрбие жұмысы. Мектепті басқару ісі біртіндеп демократиялық бағытты ұстануда. Яғни, педагогикалық әрекеттегі үшбұрыш: мұғалім – оқушы - ата-анаға қатысты жағдай да жаңа демократиялық қарым-қатынасқа ие болуда. Олай болса, осы қарым-қатынасты реттеп отыратын әкімшілік-басқару жүйе де ендігі жерде келмеске кетті. Бүгінде мектептің ата-аналармен жұмысының кейбір дәстүрлі түрлері өзінің маңызын жоюда: ата-аналар жиналысы, ата-аналар лекториясы мен университеттері, ата-аналардың ашық күні, ата-аналардың жұмыс орындарымен байланыс, баланың отбасына бару т.с.с. Дегенмен де тәжірибелі мұғалімдердің көзқарастарында, ол олай болуы тиіс емес еді. Соған орай түйіні шешілмеген мәселелерді шешуде мұғалімдер мен оқушылар, ата-аналар мен оқушылар өзара байланыссыз жалқы қалып отыр. Әсіресе, мұндай жағдай мұғалімдердің ата-аналармен ынтымақтастық қарым-қатынасына кері әсерін тигізуде. Бүгінде бала тәрбиесінде олардың бір-біріне айтар ақыл-кеңесі ауадай қажет. Ол үшін ата-аналар балаларды тәрбиелеу ісінде мектеппен қарым-қатынас орнату, тікелей байланыс жасауды басты міндетіміз деп есептеуі тиіс, өйткені, олардың өз балаларын тәрбиелеудегі жетістіктері сынып, мектеп ұжымының оқу-тәрбие жұмысының нәтижесіне тікелей байланысты. Мұндай жағдай оқу-тәрбие процесінің мазмұнын, сапасын және тиімділігін жақсарту үшін отбасы мен мектептің ынтымақтасып жұмыс істеулерін қажет етеді. Мектептің ата-аналармен жүргізетін жұмысының ерекшелігі осы екі жақтың байланысы мен әрекет бірлігінің түрақтылығынан көрінеді. Бүл тұрақтылықты ең алдымен сынып жетекшісі қамтамасыз етеді. Ол мектеп пен отбасы арасындағы ынтымақтастықты ұйымдастыруда жетекші қызмет атқарады. Мектептің баланы тәрбиелеуге қатысты саясатын отбасының түсінуі, оның жұмысына тікелей байланысты. Мұндай жағдайда отбасыны негізгі тапсырыс беруші және баланы тәрбиелеуде мектеппен одақтас ретінде қарастырған жөн. Сондықтан да сынып жетекшісінің осы бағыттағы жұмысының негізіне мектеп пен ата-аналар және балалардың өзара қарым-қатынасы мен әрекетінде өзара бірлікке, ынтымақтастыққа қол жеткізу басты міндет болуы тиіс. Ол өзара сенім мен құрмет, өзара көмек пен қолдау, бір–біріне шыдамдылық көрсету негізінде ынтымақтастықтың басты шарты ретінде қарастырылуы қажет. Дегенмен, мектеп оқушыларымен жұмыс істеу көп ізденуді, көп еңбек етуді қажет етеді. Әсіресе, сынып жетекшісіне жүктелер жауапкершілік мол. Оны оқушылардың ата-аналарымен тығыз байланыста болған жағдайда ғана талапқа сай атқара алады. Ол үшін ата-аналар бала тәрбиесінде мектепке тұрақты көмек көрсетуді өз борышым деп санауы тиіс. Сынып жетекшісінің ата-аналармен қоян-қолтық жұмыс істеуі мақсатты түрде өте ұзақ мерзімді қажет ететін процесс. Ол баланың отбасы тәрбиесіндегі ерекшеліктері мен жағдайын жан-жақты әрі жүйелі зерттеуді қажет етеді. Олай болса сынып жетекшісінің ата-аналармен жұмыс істеу қажеттілгі неде? - баланың өмірін ұйымдастыруда, оның тәрбиесіне қатысты мәселелерді шешуде ата-аналармен ортақ көзқарастың болуында; - баланың отбасы мен мектеп жағдайындағы дамуын және оның әлеуметтенуін тиімді ұйымдастыру мақсатында тәрбиенің бірыңғай ұстанымдарын басшылыққа алуда; - баланың әлеуметтік-педагогикалық және психологиялық даму жағдайын ескере отыра, тәрбиенің мақсаты және міндеттерін дұрыс анықтау, оларды жүзеге асырудың болуында; - баланың жан-жақты үйлесімді дамуы үшін тәрбиелік ықпалды тиімді және нәтижелі ұйымдастыруда; - балаға мектеп пен мектептен тыс тәрбие мекемелерінің, ата-аналар мен жұртшылықтың педагогикалық қолдауын ұйымдастыруда; - баланы әртүрлі ортада, әртүрлі жағдайда жан-жақты жақсы танып білуі үшін; - балаға ықпал етудің жалпы тәсілі мен техникасын ойластыруда, әр түрлі өмір жағдайында оның тұлғасына әсер етуде күш-жігерді біріктіру үшін; - сынып жетекшісі, оқушылар және ата-аналардың жағымды көңіл-күйін, өзара жағымды түсіністік пен ынтымақтастық қарым-қатынасын орнықтыруда т.с.с. Осыдан барып мектеп пен отбасы тәрбиесінің жағымды факторларға негізделген өзара қызметінің маңыздылығы айқындалады. 3.1.2. Ата-аналармен жүргізілетін жұмыстағы сынып жетекшісінің негізгі міндеттері мен қызметі 1. Ата-аналармен тұрақты байланыс орнату. Ондағы мақсат: отбасыны, оның мүшелерінің өзара қарым-қатынасы мәдениет деңгейін, отбасының жеке басқа ықпалын, ата-ананың педагогикалық білім дәрежесінің жай-күйін анықтап, кеңес беріп, оларды бала тәрбиесіне ортақтастыру. 2. Отбасы мен мектептің балаға қоятын талаптарының бірлігін қамтамасыз ету. Ондағы мақсат: өмір сүріп отырған қоғамға сай белгілі-бір мінез-құлық нормаларын балаға үйрету, жаттықтырудың жүйелілігін, тұрақтылығын қамтама-сыз ету. Сол сыныптағы дәріс беретін мұғалімдерді ата-аналармен ортақ іске ұйымдастыру. 3. Ата-аналар ұжымын құру. Бұл күрделі, әрі жауапкершілігі мол маңызды міндет. Бұл бағытта ата-аналар комитетін құру, оның жұмыс жоспарын жасау, оларды мектептегі қоғамдық жұмысқа қатыстыру және т.б. жұмыстарды міндеттейді. 4. Ата-аналардың педагогикалық білім дәрежесі мен мәдениетін үнемі арттырып отыру. Ол үшін ата-аналардың жаппай педагогикалық білім алын ұйымдастыру. Ол үшін баспасөз беттерінде, радио, көгілдір экран арқылы, педагогикалық білімдер жетілдіру университеттерінде, лекторияларда, семинарларда, ғылыми-практикалық кон-ференцияларда, ана-аналар жиналыстарында педагогикалық білімдерді насихаттау. Сынып жетекшісі жоғарыда аталған міндеттерге сай 5 қызметті атқаруы тиіс. 1. Ата-аналарды сыныптағы оқу-тәрбие процесінің мазмұнымен және әдістемесімен таныстыру. Сынып жетекшісі ата-аналар жиналысының бірінші отырысында осы мәселеге қатысты өзінің ұстанымы мен педагогикалық көзқарасын баяндайды. Оның мақсаты және міндеттерімен, соған сай өзінің әрекет ету бағдарламасы және тәсілімен, тәрбие жоспарымен таныстырады. Ата-аналармен бірлесіп оны жүзеге асыру жолдарын қарастырады. Осындай отырыс-қа сол сыныпта сабақ беретін пән мұғалімдерін және мектеп әкімшілігін де шақыру мүмкіншілігі қарастырылады. Мұғалімдер өздері жүргізетін пәндердің ерекшеліктері, мазмұны мен әдістемесі және оқушылардың үй тапсырмасын орындау жұмыстарына қатысты мәселелермен ата-аналарды таныстырады. 2. Ата-аналармен педагогикалық және психологиялық ағарту жұмыстарын ұйымдастыру. Сынып жетекшісі бұл бағытта ата-аналардың педагогикалық және психологиялық білімдер жүйесін меңгеруіне, балаларды әлеуметтік ортадағы мінез-құлқын жақсы білуіне сай, оларға ағартушылық қызмет жүктейді. Қазіргі мектеп жағдайында ата-аналардың жалпы білім деңгейі сөзсіз артуда. Бұл олардың педагогикалық көзқарастарында қателіктің болмауына сенімдерін орнық-тырады. Дегенмен де педагогикалық және психологиялық зерттеулер нәтижесі ата-аналардың психологиялық-педагоги-калық мәдени деңгейлерінің төмендігіне үнемі назар аударады. Сол үшін, бүгінгі таңда қоғамның және ата-аналардың оған деген сұранысы күннен-күнге артуда. Осы орайда, әрбір сынып жетекшісінің алдында тұрған міндет ата-аналар және мектеп жағдайына тура келетін жұмыс істеу формаларын таңдау. Сондықтан, мұнда мектеп тәжірибесінде ата-аналармен педагогикалық және психоло-гиялық ағарту жұмыстарына қатысты өзін-өзі ақтаған кейбір дәстүрлі формаларды атаймыз. 3. Ата-аналарды балалармен бірге әрекетке қатыстыру. Мұнда тәрбиелеу ортасын кеңейту, оқушы тұлғасының дамуына ықпал ету өрісін арттыру, сабақтан тыс тәрбие әрекетін ұйымдастыру, осы әрекеттер барысында мұғалімдер, ата-аналар мен балалардың өзара қарым-қатынасын жақсаруды көздейді. Мектеп тәжірибесінде ата-аналарды балалармен бірге әрекетке қатыстырудың әр түрлі формаларын қолданылады: - сабақтан тыс әр түрлі тәрбиелік шараларға қатыстыру (мәдени жорық, саяхат, кеш, спорттық жарыстар, т.с.с); - жалпы мектеп көлемінде өткізілетін дәстүрлі шараларға қатыстыру (мектеп бітірушілермен кездесу, соңғы қоңырау, жаңа жыл шыршасы, халықаралық әйелдер мейрамы, наурыз, оқушылардың жазғы демалысы өткізу т.б.); - балалардың сабақтарына, олимпиада, кештерге, апталықтарға, ата-аналардың ашық есік күніне т.б.; - мектептің кәсіптік бағдар жұмыстарына қатысу (еңбек адамдарымен кездесу, өндіріске саяхат, кәсіби бағдар бөлмесін жабдықтау жұмыстары); - өздерінің мамандықтарына сай факультативтік және үйірме жұмыстарын ұйымдастыру; - балалардың аула клубтарын құруға; - мектептің және сынып кеңестерінің жұмыстарына; - мектептің немесе сыныптың жөндеу жұмыстарына, ауланы көгалдандыру қатысу, кітапхана қорын молайтуға, көрмелер ұйымдастыруға; - мектептің немесе сыныптың әртүрлі шараларын ұйымдастыру және оларды өткізуге өндіріс және фирмалар арқылы материалдық көмек сұрау т.б. 4. Отбасы тәрбиесіне қатысты ата-аналарға педагогикалық-психологиялық кеңес беру. Бұл бағытта кейбір отбасында бала тәрбиесіне қатысты туындап отырған мәселеге байланысты көмек көрсету, ақыл-кеңес беру. 5. Ата-аналар белсенділерімен жұмыс және ата-аналардың әртүрлі қоғамдық ұйымдарымен, жұртшылықпен өзара әрекеттесуі. Сынып жетекшісінің бұл бағыттағы жұмыстары ата-аналардың комитетін құрып, оның мүшелеріне белгілі бір бағытта тапсырмалар беру, олардың жұмыстарын ұйымдастыруға кеңес беру, қолқабыс көрсетуден басталады. Кейбір ата-ана өз балаларының сыныпта атқарып жүрген қоғамдық жұмыстарына барынша қолдау көрсетеді. Мысалы, баласы спорттық шараға, мәдени жорыққа жауапкер болса, оның ата-анасы да өз мүмкіндігінше баласына қолдау көрсетіп, оған қажетті материалдарды табуға көмектесіп отырады. Мұндай ата-аналарды сынып өміріне араластырып отыру да сынып жетекшісінің осы бағыттағы жұмысына жатады. Сонымен бірге сынып жетекшісі бұл бағытта ата-аналардың жалпы мектеп көлеміндегі және аумағындағы қоғамдық ұйымдарымен де мектепке қатысты жалпы мәселелерді ортақтаса шешуде бірлесе жұмыс жүргізеді (ата-аналар комитеті, кеңесі, құқық қорғау мекемелері т.б.). 3.1.3. Сынып жетекшісінің ата-аналармен жүргізетін жұмысының формалары мен ұйымдастыру технологиясы Ата-аналардың өз балаларының жан дүниесін жақсы түсінуі, оларға отбасында дұрыс та тиімді тәрбиелік орта тудыру үшін, бала тәрбиесіне қатысты білімі және біліктерін ұдайы көтеріп отыруы қажеттілігін өздері түсінуі тиіс. Сол үшін де мектептің, сынып жетекшісінің ата-аналармен педагогикалық жұмыс жүргізуі, оның бағытын дұрыс ұйымдастырып отыруы міндеттелінеді. Соңғы жылдары педагогикалық әдебиеттерде «ата-аналарды тәрбиелеу» деген ұғым пайда болуда. Ондағы көзделген мақсат ата-аналарға бала тәрбиесіне қатысты педагогикалық кеңес, оқуды ұйымдастыру, соған сәйкес олардың педагогикалық білімдерін үнемі жетілдіріп отыруды көздейді. Ғалымдардың айтуынша, әр елде, сонымен қатар отандық педагогикада жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесіне сай, ата-аналар балаларын тәрбиелеу барысында белгілі бір айтулы қиыншылықтарға кездеседі. Сондықтан да оларға мұғалімдердің ақыл-кеңестері, практикалық көмектері аса қажет. Олардың ұйымдастыруындағы ақыл-кеңес тек отбасы жағдайы сәтсіз ата-аналарға ғана қажет емес, сонымен бірге отбасы тәрбиелі ата-аналарға да керек. Себебі, қоғамның қарқынды дамуы осы бағытта жаңа талаптар қоюда. Сондықтан, ата-аналарға бала тәрбиесінде, біріншіден, педагогикалық білімдерді жинақтауға, екіншіден, олардың өздерінің тәрбиелік жағдайы мен дамуын міндеттейді. Егерде мектеп пен ата-аналардың тәрбиелік өзара әрекетін бірлікте ұйымдастырса, мұндай жағдай бала тәрбиесінде өз жемісін беретіні анық мәселе. Ол мектеп тәжірибесінде мұғалімдердің ата-аналармен кездесуін, ата-аналар жиналысын ұйымдастыру, ата-аналар комитетін құру, ата-аналар белсенділерімен жұмыс істеу, ата-аналар үшін әңгімелер мен дәрістер ұйымдастыру, көнференция өткізу секілді жұмыстар барысында атқарылады. Ата-аналармен жеке кездесу Сынып жетекшілерінің, мұғалімдердің ата-аналармен жеке кездесуі мектеп өміріне дәстүрге айналған. Оқушылардың отбасына бару, ата-аналарды мектепке шақыру арқылы сынып жетекшілері олармен кездеседі. Ата-аналармен әңгімелесудің барысында баланың мінез-құлқы, ынтасы мен қабілеті, қызығушылығы мен бейімділігі, отбасы мүшелерімен, жолдастарымен қарым-қатынасы жайлы түсінік алады. Сонымен бірге, сынып жетекшілері ата-аналарды балаларының үлгерімі, қоғамдық жұмысқа белсенділігі, кейбір қылықтары туралы мәліметтермен таныстырады. Оқушылардың күн режімі, оларды еңбекке баулу, үйге берілген тапсырмаларды орындау жайлы ата-аналарға педагогикалық кеңес береді. Ата-аналарды мектепке шақырып сөйлесудің де маңызы өте зор. Ата-аналармен әңгімелесу мазмұны әртүрлі тақырыптарға байланысты. Мәселен, бала жақсы оқыды, тәртібі де жаман емес, бірақ қоғамдық пайдалы жұмысқа қатысуға ынтасы жоқ. Бүл жөнінде ата-аналарды күн бұрын ескерту, оларға дұрыс кеңес беру өте қажет. Ғылымның кейбір салаларында баланың дарындылығын дамыту мәселесі жайлы, ал кейде ата-аналарды баланың өрескел қылықтары үшін де шақыруға тура келеді. Міне, осы жағдайларға ата-аналармен кездесіп, оларға педагогикалық кеңес беру сынып жетекшілерінің, мұғалімдердің, мектеп басшыларының борышы, нақты көмегі. Мектепте кездесу үшін ата-аналар күні белгіленеді. Осы күні олар мектепке келіп, тәрбие оқу мәселелері жайлы пікір алысады, қажетті педагогикалық кеңестер алады. Ата-аналар жиналысы Ата-аналар жиналысы мектеп бойынша жылына екі рет, сыныптар бойынша төрт рет өткізіледі. Жиналысты дұрыс ұйымдастырып өткізуге ата-аналар комитеті мен ата-аналар белсенділері және мектеп басшылары сынып жетекшілерімен бірдей жауап береді. Ата-аналар жиналыс-тарында оқу-тәрбие жұмысы қаралады, оның сапасын жақсартудың негізгі жолдары белгіленеді. Кейбір ата-аналар отбасылық тәрбие жайлы есеп береді. Жиналыстарда сынып жетекшілері ата-аналарды сынып ұжымының оқу-тәрбие жоспарымен, ал мектеп басшылары оқушылар және ата-аналар комитетінің іс-жоспарларымен таныстырады. Мектеп өмірінде тақырыптық ата-аналар жиналыстарын өткізіп отырудың зор тәрбиелік мәні бар. Мүндай жиналыстардың мақсаты - ата-аналарды психологиялық-педагогикалық білім мен тәжірибе жаңалықтарымен таныстыру, ой қорыту. Селолық жерлерде ата-аналардың жұмыс жағдайын, жер шалғайлығын ескеріп, жиналысты сол жерге барып өткізуге де болады. Ол үшін, мектеп ұжымы алыстағы мал шаруашылығы отарында қызмет істейтін оқушылардың ата-аналарымен өткізілетін жиналыстарды жыл басында жоспарға енгізеді. Жоспар бойынша сынып жетекшілері, мұғалімдер оқу-тәрбие мәселелері жайлы, педагогикалық тақырыптарға, халықаралық жағдай туралы дәрістер оқиды, әңгімелер өткізеді. Мұндай жиналыстар ата-аналармен кең пікір алысу дәрежесінде өткізілуі тиіс. Мұғалімдердің басшылығымен оқушылар – көркем-өнерпаздар үйірмесінің мүшелері ата-аналар алдында өнер көрсетеді. Ата-аналар жиналысының хаттамасы /Күні, айы, жылы. Уақыты/ Кімдер қатысты………………………………………………………… Тақырыбы………………………………………………………………… /Немесе/ Күн тәртібі: 1)………………………………………………………………………… 2)………………………………………………………………………... 3)………………………………………………………………………… Жарыссөзге қатысқандар…………………………………………… Ұйымдастыру және басқа да сұрақтар………………………............. Ата-аналардың сұрақтары, ескертпелері, ұсыныстары………………………………………………………………. Қабылданған шешім………………………………………………........ Төраға…………………………………../ Хатшы…………………………………./ Ата-аналардың ашық есік күні /Күні, айы, жылы, уақыты/ Кімдер болды……………………………………………………………. Кімдер арнайы шақырылды………………………………………. Ата-аналар комитеті Ата-аналар жұртшылығының тұрақты органы - ата-аналар комитеті. Ол мектеп ұжымымен бірге жұртшылықтың көмегін пайдалана отырып, оқу-тәрбие және шаруашылық жұмыстарын жақсартудың шараларын жасайды, оларды іске асырудың барлық мүмкіншіліктерін қарастырады. Ата-аналар комитеті айналысатын басты мәселелер: мектеп және сыныптар бойынша ата-аналар жиналыстарын, кон-ференцияларын, семинарларын өткізуге көмектесу; университетке ата-аналарды тарту, қатысуларын бақылау; үлгірмейтін және “қиын” балаларды шефке алу, сынып жетекшілеріне көмектесу; үйірме жұмыстарын басқару; балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру; экскурсияларды, жорықтарды, ұйымдастыруға қатысу; мектеп үйін жөндеу т.б. Ата-аналар комитеті мүшелерінен және ата-аналар белсенділерінен түрақты комиссиялар құрылып, олар мектеп жұмысының кейбір түрлерін педагогикалық ұжым мүше-лерімен одақтасып бірге басқарады. Мысалы, оларға оқу-тәрбие жұмысы, педагогикалық насихат, қоғамдық пайдалы және өнімді еңбек, мәдени көпшілік жұмысы т.б. жатады. Ата-аналар белсенділерімен жұмыс Белсенділер мектептің барлық жұмысына қатысады, ата-аналармен қарым-қатынас жасайды, пікір алысады, оларға көмек көрсетеді, ата-аналар конференциясын және жиналыстарын, оқушылардың үйірме жұмыстарын өткізуге көмектеседі, еңбек тәрбиесін, қоғамдық пайдалы жұмысты және өнімді еңбекті ұйымдастыруда өз үлесін қосады. Мектеп үйін, спорт алаңын жөндеу жұмысына қатысады. Жеке отбасымен жұмыс істейді, бала тәрбиесіне салқын және жауапсыз қарайтын ата-аналарға ықпал жасайды, кейбір, әсіресе қиын балаларды шефке алады, оларға қажетті көмек көрсетеді. Ата-аналар белсенділері мұғалімдер ұжымының үлкен тірегі. Сондықтан, мектеп басшылары, ата-аналар белсенділерімен арнайы жұмыстар жүргізеді. Олар үшін семинарлар, коллоквиумдер ұйымдастырып, тәрбие үрдісі мен ұстанымдары, әдістері мен тәсілдері, баланың жасына қарай дене және психикалық даму ерекшеліктері жайлы теориялық және практикалық біліммен белсенділер мүшелерін қаруландырады. Ата-аналар үшін әңгімелер мен дәрістер Педагогикалық және психологиялық тақырыптарға сай ата-аналарға түрлі әңгімелер және дәрістер өткізіледі. Олардың мазмұны ата-аналардың білім дәрежесіне, тілектері мен мүдделеріне сай болуы тиіс. Әсіресе, мектеп жайлы газет және журнал беттерінде жарияланған озат тәжірибелерге әңгімелер мен дәрістерде үлкен мән беріліп, оның күн тәртібіндегі өзекті мәселе екендігі ата-аналар арасында дұрыс насихатталуы керек. Әңгімелер мен дәрістердің мазмұны балалардың жас және дербес ерекшеліктеріне сай баяндалуы қажет. Жоғары сынып оқушыларымен өткізілетін тәрбие жұмысы мазмұнының өзіндік ерекшеліктері бар. Оқушылар ғылым негіздерін игереді, адамгершілік, еңбек тәжірибесінің барысында, олардың көзқарастары қалыптасады, қоғамдық пайдалы және өнімді еңбекке тікелей қатысады, өзінің сүйген мамандығын таңдау үшін мамандардан тұжырымды кеңестер алады. Демек, өмірге, еңбекке өзін-өзі даярлауға бет бұрады. Тәрбие жұмыстарының осындай басты мәселерін еске алып, мектеп мұғалімдері, ауыл шаруашылық мамандары, инженерлер, дәрігерлер, заң қызметкерлері балалардың ата-аналарымен әңгімелер өткізеді, дәрістер оқиды. Ата-аналар үшін мұндай ағартушылық жұмыс алдын ала белгіленген бағдарлама бойынша, негізінде әрбір ата-аналар жиналысының бастапқы бөлімінде белгілі бір мамандарды немесе озық тәжірибелі мұғалімдерді шақыру барысында жүргізіледі. Конференция өткізу Отбасы тәрбиесінің басты мәселелері жайлы пікір алысу негізінде параллельді сыныптарды қатыстыру барысында ата-аналарымен конференциялар өткізіледі. Конференцияға жұртшылық және еңбек ұжымдарының уәкілдері де қатыса алады. Конференцияда талқыланатын тақырыптар күні бұрын ұсынылады. Мысалы: “Балаларды тәрбиелеуде мектеп пен отбасының ынтымақтастығы”, “Отбасындағы тәрбиеде жұртшылықтың рөлі”. Сонымен бірге кейбір отбасында бала тәрбиесі жайлы тәжірибелер еске алынып, конференцияларда ата-аналардың: “Үйге берілген оқу тапсырмасын орындауда мен балама қалай көмектесем”, “Біздің отбасындағы еңбек тәрбиесі”, “Отбасында бала бос уақытын қалай пайдалану керек” сияқты баяндамалары тыңдалады. Әдетте конференцияны мектеп басшыларының біреуі немесе ата-аналар комитетінің төрағасы я болмаса озат мұғалім ашады. Содан кейін баяндамалар талқыланып кең түрде пікір алысу болады. Конференция өз жұмысын қысқа әдістемелік кепілдеме қабылдаумен аяқтайды. Конференция кезінде көрме ұйымдастырылып, отбасылық тәрбие тақырыптарына түрлі экспонаттарды көрсетуге болады. Олар ата-аналардың үлгі істері, отбасылық тәрбие жайлы педагогикалық әдебиеттер, олардың тізімі, оқушылардың отбасындағы күн режімі, отбасы тәрбиесі туралы жасалған баяндамалардың мәтіні, теле және кинофильмдердің тізімі т.б. Конференция соңында бала тәрбиесіне байланысты фильм көрсету т.б. Ата-аналар лекторийлері Бұлар мектептердің, балалар бақшаларының, мәдени сарайлары мен үйлерінің жанынан ұйымдастырылады. Лекторий жұмысы бір немесе екі жылға жоспарланып, онда арнаулы бағдарлама бойынша ата-аналар үшін дәрістер оқылады. Облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институттары мен облыстық педагогикалық білім қоғамы лекторийлердің бағдарламасын жасап, өздерінің біріккен кеңесінің мәжілісінде бекітеді. Мысалы, мынадай тақырыптарды ұсынуға болады: 1. Қоғамдық және отбасылық тәрбие, олардың бірлігі. 2. Балалар мен жеткіншектерді еңбекке даярлауда, сүйген мамандығын саналылықпен таңдауда өнеркәсіп, ауыл шаруашылық өндірістерінің тәрбиелік рөлі. 3. Жыныс тәрбиесі, жастарды некелік-отбасылық өмірге дайындау. Ата-аналар университеттері Ата-аналарға, жұртшылыққа жүйелі педагогикалық білім беретін ата-аналар университеттері және халық университеттерінің жанынан педагогикалық факультеттер ұйымдастырылады. Университеттерде оқу мерзімі екі жыл. Оқу сабақ кестесі бойынша жүргізіледі. Университетке түсетін адамдар мектеп жанындағы ата-аналар комитеті арқылы қабылданады. Университетке түскендер педагогика, балалар психологиясы, жас ерекшелік физиологиясы, мектеп гигиенасы мәселелерінен және халықаралық жағдайдан, өнер, медицина, құқық және заң тақырыптарынан дәрістер тыңдайды, семиналарға қатысады, рефераттар жазады. Университетті тыңдаушылар бірінші оқу жылының аяғында сынақтар, ал екінші оқу жылының соңында емтихан тапсырады. Университетті бітіргендерге куәлік беріледі. Мектеп тәжірибесінде озық ойлы шығармашылықпен жұмыс істейтін мұғалімдер ата-аналармен жұмыс істеу барысында жоғарыда аталған дәстүрлі формалардан басқа бейдәстүр формаларында қолданады. Дегенмен де мектеп пен отбасының өзара қарым-қатынасының нәтижелі болуы көбінесе педагогикалық тұрғыдан дұрыс таңдалған қарым-қатынас пен өзара әрекет формасына байланысты. Олардың негізіне міндетті түрде 5 жағдайды ескеру қажет. 1. Оқушыға қатысты жағымды қарым-қатынастың болуы. Мұндай жағдай, тіпті қиын оқушыға да қатысты болуы шарт. 2. Мұғалімдердің ата-аналар тарапынан болатын кеңестеріне өте мұқият назар аударуы. 3. Оқушы тұлғасында пайда болған жағымсыз құбылыстың себебін бірлесіп анықтау, талдау және оны жоюдың тәсілін бірге қарастыру. 4. Оқушы тұлғасына немесе сынып ұжымына нәтижелі әсер етудің формалары мен тәрбиелік ортасын табуда бірлесе іс-қимыл көрсету. 5. Мұғалімдердің ата-аналарымен қарым-қатынасында педагогикалық әдептің, этиканың қатаң сақталуы. Олай болса, мұғалімдермен, сынып жетекшісі және ата-аналардың өзара жағымды қарым-қатынасын ұйымдастыруға сай жоғарыда аталған бес жағдайдың межеге айналуы, бала тәрбиесіндегі олардың өзара тәрбиелік-ұйымдастырушылық әрекетін біртіндеп жоғары деңгейде нәтижелі болуға септігін тигізеді. |