2021-22 Философия Дәріс (2). Философия кафедрасы
Скачать 212.1 Kb.
|
ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ ФИЛОСОФИЯ ЖӘНЕ САЯСАТТАНУ ФАКУЛЬТЕТІ ФИЛОСОФИЯ КАФЕДРАСЫ FIL 2102 «ФИЛОСОФИЯ» ПӘНІ БОЙЫНША ДӘРІСТЕР Құрастырған: философия ғылымдарының докторы, профессор НҰРЫШЕВА Г.Ж. Пән бойынша ОӘК Философия және саясаттану факультетінің Ғылыми кеңесінде БЕКІТІЛГЕН. №12 Хаттама, 26.06.2021 Философия кафедрасының 16.06.2021 мәжілісінде қарастырылып, ұсынылған. Хаттама №41, 16.06.2021. Факультеттің әдістемелік бюросы ұсынған. Хаттама №11, 18.06.2021 Алматы, 2021 №1 тақырып. Философияның пайда болуы. Философияның пәні мен әдісі (1-2 апталар, 2 сағат) Философиялық білімнің негізгі сипаттары Философияның қызметтері Философияның адам және қоғам өмірінде атқаратын рөлі Философия ғылымының мәнін және мақсатын анықтау үшін философия туралы философия тарихында айтылған анықтамаларды қарастырып көрейік, себебі, Карл Ясперстің сөзімен айтсақ, “философиялық пайымдау дегеніміз философия тарихына үңілу”. Антика дүниесінің данышпандары философия туралы былайша пайымдаған екен: Сократ: “Философия - ойлау арқылы ақиқатқа, білімге жету”. Геродот: “Философия - білімді, ақылдылықты сүю”. Аристотель: “Философия - ғылымдар негізі”. Орта ғасырдың діни ойшылдары: Аврелий Августин: “Философия - ақылдылыққа құштарлық”. Томас Аквинат: “Философия - барлық ақиқаттың негізі болатын ақиқат (Құдай) туралы ілім”. Француз философы Мишель Монтень: “Философияның қайғылы, іш пыстыратын нәрселерге еш қатысы жоқ. Даналықтың ерекше бір белгісі - ақылдың көмегімен өмірді қуанышты сипатта ғана қабылдау, ол жан жарасын жеңілдетеді, ауруды жеңуге көмектеседі”. Жаңа Дәуір ойшылы Томас Гоббстың пікірінше, “Философия адамның ақыл-ойы, ол жаратушы тәңірдің барлық істерін зерттеуші, осы істердің ретін, себептерін, салдарын анықтауға көмектеседі”. Рене Декарт: “Философия - даналық, адам танып-біле алатын заттар туралы егжей-тегжейлі, жан-жақты білім”. Неміс философы И.Г.Фихтенің пайымдауынша, “Ғылыми даму барысында оның шеңберінен шығып кеткенімен, философия адамның ақыл-ойымен тығыз байланысты”. Осы анықтамаларға сүйеніп, философиялық білім және оның негізгі белгілері туралы тұжырымдар жасасақ: Философия даналықпен, ақыл-оймен байланысты. Философия терминінің өзі грек тілінен аударғанда phileo - сүйемін, sophia - даналық дегенді, басқаша айтсақ, даналыққа құштарлық дегенді білдіреді. Философияның басы - таңдану. Сократ “Менің білетінім - мен ештеңе білмеймін, басқалар оны да білмейді” дегендей, таңданған адам заттың, құбылыстың себебіне тереңдеп үңіледі, философиялық пайымдау жасауға ұмтылады. Философиялық білімге еркіндік, тәуелсіздік тән. Адам философиялық білім жинауға өз еркімен ұмтылады. Тәуелділік философияны көркейтпейді. Грек философиясының еркін, кең түрде дамып, философиялық ойлаудың керемет үлгілеріне қол жеткізгені, керісінше, идеологияға негізделіп, еркін ойлауға тиым салынған кеңестік заман философиясының мазмұны бұл пікіріміздің жақсы мысалы. Философия ақылды ойлау мәдениетін қалыптастырады. Бұл - байыпты, ғылыми, толерантты, еркін, творчестволық ойлау. Философия жауабын табу қиын, тез арада шешу мүмкін емес, күрделі мәселелерді зерттеумен айналысады. Мысалы, адам өмірінің мәні мәселесі, табиғат, қоғам, және адамның арақатынасы мәселесі мәңгілік мәселелер болып саналады. Философияның анықтамасы: Философия - бар болып отырғанды (сущее) тұтас, элементтері бірі-бірімен тығыз байланысты түрде қарастыратын, оның даму заңдылықтарын зерттейтін ғылым. Осы бар болып отырғанның арасындағы басты элемент - Адам, сондықтан ол философияның ең басты зерттеу объектісі. Қазақ халқының көрнекті жазушы-философы М.Әуезов өзінің “Философия жайынан” еңбегінде айтқандай: “Философия... - кең ақыл, терең қиял шығарған, адамның жанын тәрбиелейді, жүрегін ағартып, адамшылығын арттырып, ақтылыққа сүйрейді. Философия: адамның қайдан жаралғанын шешпек; адамның жанын, ішкі халін тексермек; адамның дүниеге келген мақсатын тексермек. Философия адамшылық жолындағы қараңғы қалтарыстарда қолға ұстаған шамшырақ”. Бұл ойларды неміс философы И.Канттың сөздерімен толықтыруға болады: “ Мен не біле аламын? Мен не істеуім керек? Мен не нәрсеге үміттене аламын? Адам дегеніміз не? Бірінші сұраққа метафизика жауап береді, екіншісіне – мораль, үшіншісіне - дін, төртіншісіне - антропология. Бірақ осының бәрін антропологияда жинақтауға болады, себебі алдыңғы үш сұрақ соңғыға кіреді. ...Адамға аса қажет білім болса, ол мен оқытып отырған, адамға дүниеден өз орнын табуға көмектесетін ғылым және одан адам болу үшін не істеуді үйренуге болады”. Философияның қызметтері: көзқарастық - философиялық көзқарас көзқарастың жоғарғы деңгейі болып табылады. Көзқарас - адамның өзі, қоғам, дүние туралы өзіндік ой-пікірлерінің күрделі құрылымнан тұратын жиынтығы. Оның құрамдас бөліктері ретінде білімді, ақыл-ойды, сезімдерді, үміт-ұмтылыстарды, наным-сенімдерді, құндылықтарды, күдік-күмәндарды және тағы басқаларды атауға болады. Көзқарастың мифологиялық, діни түрлері белгілі, олардың да адам өміріндегі маңызы ерекше. Бірақ философия ғана жан-жақты, ғылыми, терең, толыққанды көзқарасты қалыптастырады. рационалды жүйелеу - философия адам тәжірибесін теориялық деңгейде тұжырымдайды, ғылыми емес, қарапайым бақылаулардың және ғылыми танымның нәтижелерін философиялық деңгейде қорытып-сараптайды, дұрыс-бұрысын айырып, белгілі бір жүйеге келтіреді. сыни - философиялық ұғымдар мен категорияларды, заңдарды игеру, философия тарихымен, оны жасаушы философиялық тұлғалармен танысу, олардың ілімдерін зерттеу адамға өз өміріне, қызметіне, қоғамдағы орнына тереңірек үңілуге, сыни тұрғыдан талдауға үйретеді. Философия ғылымының көмегімен адам өз өмірін қайта құруға талпынады деуге болады. Ол жеке адамның ғана емес, бүкіл қоғамның тыныс-тіршілігін сыни сараптан өткізеді, адам мен қоғамның ақиқатқа жету жолындағы қателіктерін жоюға ықпал етеді. болжам жасау - философия жеке адамның да, бүкіл қоғамның да болашағын болжауға септігін тигізеді, жаңа көзқарас-идеялардың негізін салады. Әрине, болашақты түгелдей жоспарлау мүмкін емес. Бірақ философияның көмегімен адам өзінің басты мақсаты - саналы тіршілік етуші адам атына сай өмір сүру сатыларын, өмірлік мақсаттарын, қысқа өмірде қажет болатын негізгі ұстанымдарын жалпы түрде болса да анықтап алады. гуманистік - философия адамды дүниедегі ең басты құндылық деп таниды. Философия ғылымының көмегімен адам өзін ардақтауды, өзімен бірге өмір сүріп отырған басқа адамдарды бағалауды, өзінің бойында адамшылық қасиеттерді тәрбиелеп-дамытуды үйренеді. практикалық - неміс философы Гегель философияны өмір көшінен үнемі кеш қалып жүреді деп сынаса да, қазіргі философияның, онымен айналысатын философ мамандардың негізгі мақсат-міндеті оның практикалық сипатын зерттеу болуы деп ойлаймыз. Жан-жағынан адам, өмір, қоғам, дүние, табиғат туралы түсініксіз сұрақтар қаумалап, өмірден, қоғамнан өз орнын таба алмай қиналған қазіргі заман адамына құрғақ теориялар мен шым-шытырық абстракциялардан пайда шамалы, оған өзінің кім екенін, дүниеге келгендегі мақсатын түсіндіріп беретін, алдынан күнбе-күн тосып отырған қиыншылықтарды жеңуге көмектесетін, бір сөзбен айтсақ, практикалық сипаты бар философия қажет. Бірақ, бұл пікірден философия күйбең тіршіліктің пендешілік қажеттіліктерін түсіндіруді қанағат тұтып қоюмен шектелуі қажет деген тұжырым туындамауы керек, керісінше, ол әрбір адамды терең толғаныс-ойларға жетелеп, өткінші нәрселерден мәңгілік, мызғымас құндылықтарға бойлауға шақыруы тиіс. Философияның адам мен қоғам өміріндегі орны аса зор: философия жеке адамның, әсіресе, жоғары оқу орнында білім алушы маманның Тұлға ретінде қалыптасуына маңызды ықпал етеді. Философия адамға өмірлік бағыт-бағдар береді. Философия дұрыс, ақылды ойлай білуге, өзі туралы тереңірек ойлануға әсерін тигізеді. Швейцария философы Ю.Бохенский философияның қоғамдағы, адам өміріндегі рөлі туралы айта келіп, ұғымдар әлемінде өзімен-өзі өмір сүруші, адамдардың көбі үшін түсініксіз жан ретінде қабылданатын қарапайым философтың оны қоршаған басқа адамдардың, жалпы қоғамның санасына күшті әсер ететіндігін ескертеді, философ өз ойымен әуелі бір адаммен, сонан соң екінші, үшінші адаммен, бірте-бірте бүкіл қоғаммен бөлісіп, философиялық ой көпшілікке түсінікті болған жағдайда бүкіл адамзаттың бейнесін өзгерте алады деген болатын. Жоғары білім беру саласында дайындалған маманның кәсіптік деңгейімен бірге адамгершіліктік-рухани және әлеуметтік келбетінің де биік болуы қазіргі кезеңде ерекше өзекті. Осы тұрғыдан алғанда университет қабырғасында білім алушы жастардың қарапайым индивид-пенде емес, өзіне, қоғамға, өмірлік үрдістерге деген терең көзқарасқа ие тұлға болып қалыптасуына айқындаушы әсер ететін философия ғылымы мен оны жастарға жоғары оқу орындарында оқытатын философ мамандарға қойылып отырған талаптардың маңызы арта түсіп отыр. Ойымызды қорыта келсек, философия ғылымы адамға өзі өмір сүріп отырған орта - табиғат пен қоғамның даму заңдылықтары туралы, өзінің осы жүйеде алатын орны, өмірі, өмірлік мақсат-міндеттері туралы жан-жақты теориялық білім беретін, адамның көзқарасын қалыптастыратын, сонымен қатар практикалық сипатқа ие, қазіргі заман адамына аса қажетті ғылым болып табылады. №2 тақырып. Болмыс. Онтология және метафизика (3-апта, 1 сағат) Болмыс категориясы. Болмыстың түрлері Материя категориясы. Қозғалыс. Кеңістік және уақыт Болмыс категориясы - философиялық категориялардың арасындағы ең бастысы. Бұл ұғымға анықтама берсек, болмыс - бар болып отырғанның, өмір сүріп отырғанның барлығын қамтитын және олардың ең маңызды қасиетін - бар болу, нақты өмір сүруді білдіретін категория. Оған мағынасы жағынан жақын ұғымдар ретінде “космос”, “дүние”, “табиғат” ұғымдарын атауға болады, бірақ “болмыс” категориясы кең және ауқымды, мазмұны жағынан терең. Болмысқа қарсы категория - “болмыс емес” (небытие) немесе “болмау” (қазақ тіліндегі философиялық әдебиетте “бейболмыс” ұғымы да қолданылып жүр). Болмысты жалпы түрде реалдыжәне идеалды деп бөлуге болады. Реалды болмысты өмір сүру, бар болу деп, ал идеалды болмысты мән атайды. Реалды болмыс кеңістіктік-уақыттық сипатқа ие, қайталанбайтын, индивидуалды заттардың, үрдіс-процестердің, әрекеттердің, адамдардың нақты өмір сүруі. Идеалды болмыс мәңгі, уақытқа тәуелсіз, өзгермейді. Құндылықтар, идеялар, ұғымдар осындай сипатқа ие. Кейбір философтар идеалды болмысты ақиқат болмыс деп таниды. Болмыстың осылайша жалпы бөлінуін одан әрі жіктесек, оның мынадай түрлерін атауға болады: тірі және өлі табиғаттың заттары, қасиеттері және қатынастары болмысы; адам болмысы; әлеуметтік болмыс; рухани болмыс; материалдық заттар мен олардың түсінік, ұғым, теория түрінде бейнеленетін идеалдық образдары болмысы. Тірі және өлі табиғаттың заттары, қасиеттері және қатынастары болмысынқоршаған орта деген ұғым арқылы бейнелеуге болады. Қоршаған орта бірінші және екінші табиғат деп бөлінеді. Бірінші табиғат – адамнан бұрын пайда болған, оған дейін өмір сүргеннің бәрі. Оның санасынан тәуелсіз табиғат заттары, процестері және күйлері. Табиғат кеңістік пен уақытта шексіз, табиғат болмысы өзгермелі, объективті, реалды. Онсыз адам өмірі мүмкін емес, бірақ табиғатқа белгілі бір дәрежеде мән беретін, оны қабылдайтын - адам. Екінші табиғат - адам бірінші табиғат материалдарын өз еңбегі мен білімінің көмегімен өңдеуінің нәтижесінде жасаған заттар дүниесі, ол табиғи материал мен нақты индивидтердің рухани қызметінің және бұл заттардың әлеуметтік қызметтері мен міндеттерінің ажырамас бірлігі. Бірінші табиғат пен екінші табиғат бір-бірімен тығыз байланысты, сонымен қатар, өзіндік ерекшеліктерге ие. Екінші табиғат көптүрлі, ол әлеуметтік-тарихи болмыс, адам болмысына жақындау, бірақ ол адамнан салыстырмалы түрде тәуелсіз. Адам – табиғаттың бөлшегі, сондықтан адам денесінің болмысына да болмау, пайда болу, қалыптасу, күйреу және басқа күйге көшу тән. Бұл фактор адамды өз денесін күтуге мәжбүр етеді, онсыз адам болмысы мүмкін емес. Жеке адамның болмысы тек физикалық денемен шектелмейді, ол оның рухани болмысын, ішкі жан дүниесін де қамтиды. Тәнін ғана емес, көне гректер адам болмысының басты көрсеткіші ретінде қарастырған жанын күту, оны жетілдіру де адам үшін басты міндеттердің бірі. Адам болмысы әлеуметтік болмыс арқылы мәнді. Болмыстың түрлері саналуан болғанымен, олар бір-бірімен тығыз байланысты және бірлікте. Бұл тұжырымды соңғы кезде қарқынды дамып отырған синергетика (synerqeia – ынтымақтастық, бірлесе әрекет ету) ғылымы немесе ашық жүйелердің өзін-өзі ұйымдастыруы теориясы жақсы дәлелдеп отыр. Болмысты жан-жақты түрде философияның саласы онтологиязерттейді. Болмыс, оны құрайтын заттар, құбылыстар, процестер сантүрлі болғанымен, осының бәрін біріктіретін бір бастау болуы мүмкін деген мәселе философтарды ерте заманнан-ақ ойландырды және бұл мәселе бойынша пайымдаушыларды плюрализм, дуализм, монизм ілімдерінің өкілдері ретінде бөлуге болады. Дүниенің өзгермейтін, жойылмайтын бір бастауын, негізін бейнелейтін философиялық категория субстанция деп аталады. Плюрализм - дүниенің көптүрлілігін, бұл түрлердің бір-бірінен тәуелсіздігін мойындайды. Дуализм - дүниенің екі, материалдық және идеалдық бастауы бар дейді, ал монизм бір ғана бастау туралы тұжырымдайды. Монизм идеалистік және материалистік монизм болып бөлінеді. Алғашқысы дүниенің негізі ретінде идеалдықты таниды. Мысалы, Платон барлық нәрселердің негізі ретінде идеяны, ал Гегель абсолюттік идеяны жариялады. Ортағасырлық христиан және мұсылман ойышылдарының да басым көпшілігі осы монистік көзқарасты ұстанды, бірақ дүниенің негізі құдайдеп пайымдады. Материалистік монизм дүниенің бастауы материалдық дейді. Бұл көзқарастың өкілдеріне көне гректердің Милет мектебінің ойшылдарын, Ренессанс ғалымдар Н.Кузанский мен Дж.Бруноны, марксизм философиясын жатқызуға болады. Ғылымның дамуы дүниенің бір, материалдық негізі бар екендігін дәлелдеді деуге болады. Антика философтары материя (лат. materia - зат, материал) ретінде барлық нәрселер одан пайда болып, кейін оған айналатын затты түсінді. Мысалы, Демокрит материалдық және идеалдық дүниедегі өмір сүруші нәрселердің бәрі бөлінбейтін, өте кішкентай бөлшектерден - атомдардан тұрады деп түсіндірді. Гераклит барлық нәрселер оттан жаратылған деген пікірді ұстанды. Дүниенің атомистік бейнесі материяны атомдардан тұратын, кеңістікте өмір сүретін, мызғымайтын, қозғалысқа ие және тағы басқа қасиеттері бар зат деп қарастыратын түсінікті орнатты. Бірақ 19-ғасырдың соңы мен 20-ғасырдың басындағы ғылыми жаңалықтар, атап айтқанда, электронның ашылуы, оның материалдық бөлшек емес, энергия ретінде қарастырылуы, рентген сәулелерінің, радиоактивтіліктің ашылуы материяны дүниенің негізі деп тануды жоққа шығарғандай болды. Ғалымдар материя жоғалды, энергия ғана қалды, яғни субстанция деп энергияны тану қажет деген пікір айта бастады. Бұл қателік материяны оның құрылымы мен қасиеттері арқылы ғана, яғни, физикалық шеңберде ғана түсінуден туындаған еді. Шындығында материяның философиялық ұғымы өзгерген жоқ. Осы мәселенің басын ашып айтқан В.И.Ленин болды. Өзінің “Материализм және эмпириокритицизм” еңбегінде ол материяның бірнеше жан-жақты анықтамасын берді, және, біздің ойымызша, бұл анықтама (қазір біз В.И.Лениннің көптеген идеяларынан бас тартып отырғанымызға қарамастан) өзінің маңызын осы күнге дейін жойған жоқ. Материяның лениндік анықтамасы мынадай: “Материя адамға түйсіктері арқылы берілген, көшірілетін, суретке түсірілетін,олардан тәуелсіз өмір сүре отырып түйсіктері арқылы бейнеленетін объективті реалдылықты белгілеуге арналған философиялық категория». Бұл анықтаманы В.И.Ленин: «...материя дегеніміз біздің сезім мүшелерімізге әсер ете отырып түйсік туғызатын нәрсе...», «материя ұғымы бізге түйсіктеріміз арқылы берілген объективті реалдылықтан басқа ештеңені білдірмейді» деп толықтыра түседі (В.И.Ленин. Шығармаларының толық жинағы., 18-т., 131, 149, 283 бб.) Осы анықтамадан материяның онтологиялық мәнін түсінуге болады: материя – жалғыз субстанция, өзінің себебі, ол жаратылмайды және жойылмайды, оның қасиеттері - қозғалыс, кеңістік, уақыт, жүйелілік, өзін-өзі ұйымдастыру және сана (соңғы қасиет адамға ғана тән). Материяның басты қасиеті - қозғалыс, материясыз қозғалыс, қозғалыссыз материя жоқ. Болу деген қозғалыста болуы дегенді білдіреді. Қозғалысты кез-келген өзгеріс деп түсіндіруге болады, ол материяның сыртқы емес, ішкі, ажырамас қасиеті, ол объективті, мәңгілік және абсолютті. Сонымен қатар, қозғалыс салыстырмалы, себебі ол өзгеріп отыратын, әрбіреуі өзіндік маңызға ие нақты формалар арқылы көрініс табады. Материалдық дүние таусылмас, шексіз, яғни қозғалыстың формалары да сансыз көп. Қозғалыс формаларының Ф.Энгельс 19-ғасырда жасаған классификациясы қазіргі кезде ғылымның жаңалықтарымен толықтырылып, кеңейе түсті, бірақ негізін сақталды деуге болады. Ол қозғалыстың механикалық, физикалық, химиялық, биологиялық және әлеуметтіктүрлерінатап көрсетті: «Әлемдік кеңістіктегі қозғалыс – жеке алғандағы аспан денелеріндегі шағын массалардың механикалық қозғалысы, молекулалардың жылу немесе электр немесе магнит тоғы ретінде тербелісі, химиялық ыдырау және қосылу, органикалық өмір – қозғалыстың формалары міне осындай, олардың бойында – біреуінде немесе бірнешеуінде бірден –дүниедегі әрбір жеке атом әрбір осы сәтте болып отырады» (К.Маркс, Ф.Энгельс. Шығармалары, 20-т., 561 б.). Ф.Энгельс материяның объективті өмір сүретін түрлері мен оларға тән қозғалыс түрлеріне сүйене отырып табиғат туралы ғылымдардың классификациясын (жіктемесін) жасайды: механика – аспан денелерінің және жекелеген аспан денелерінің салыстырмалы түрде шағын массалары туралы ғылым; физика – молекулярлық қозғалыс туралы ғылым (сол кезде оның негізінде жылу ғана емес, жарық, электр, магнит құбылыстары түсіндірілді); химия – атомдардың қосылуы мен ажырауын зерттейді; биология – ерекше күрделі химиялық қосындылар болып табылатын белоктық денелердің өмір сүру тәсілі – өмір туралы ғылым. Материя түрлері мен қозғалыс түрлерінің байланысын Энгельс денелердің үлкен түрлерінен шағын түрлеріне қарай жүре отырып қарастырады. Прогрессивті даму атомнан басладаы. Табиғат дамуының барысында денелердің химиялық құрылымының күрделенуі нәтижесінде материяның жаңа түрі – тірі белок пайда болады. Оған қозғалыстың ерекше, жоғары түрі – өмір тән. Тірі табиғаттың одан әрі дамуы адамның және оның ерекше қызметі – еңбектің пайда болуына әкеледі. Қоғамдық өмірдің материя қозғалысының формасы ретіндегі ерекшелігі – қоғамдық адамның саналы, белгілі бір мақсатқа бағытталған еңбектену қызметі. |