2021-22 Философия Дәріс (2). Философия кафедрасы
Скачать 212.1 Kb.
|
Информациялық қоғам – социологиялық және футурологиялық концепция, қоғамдық дамудың басты факторы деп өндірісті және ғылыми-техникалық және басқа информацияны есептейді. Информациялық қоғам концепциясы постиндустриалдық қоғам теориясының бір түрі, негізін қалағандар – З.Бжезинский (1928), Д.Белл (1919-2011), Э.Тоффлер (1928). Қоғамдық дамуды “стадиялардың ауысуы” деп қарастыра отырып, информациялық қоғам теориясын жақтаушылар оның қалыптасуын экономиканың ауыл шаруашылығы, өндіріс және қызмет көрсету экономикасынан кейінгі “төртінші”, информациялық секторының басымдылығымен байланыстырады. Сонымен қатар, олар капитал мен еңбек индустриалдық қоғамның негізі ретінде информациялық қоғамда өз орындарын информация мен білімге береді деп тұжырымдайды. Информациялық технологияның революциялық іс-әрекеті информациялық қоғамда таптар әлеуметтік жағынан жіктелмеген “информациялық қоғамдастықтармен” алмастырылады (Е.Масуда). Дәстүрлі, тым үлкен, қолапайсыз корпорацияларға Тоффлер “шағын” экономикалық формаларды – үйде отырып атқарылатын жеке қызметті қарсы қояды. Олар адам болмысының “инфо”, “техно” және басқа салаларымен бірге информациялық қоғамның құрылымына енгізілді. Теледидар, компьютерлік қызмет және энергетиканың синтезі негізінде “жаһандық электронды өркениет” жобасы – “телекомпьютерэнергетика” жобасы ұсынылды (Дж. Пелтон). “Компьютерлік революция” біртіндеп дәстүрлі баспаны “электрондық кітаптармен” (бұл құбылыс қазір біз өмір сүріп отырған қоғамда ерекше күшейді – Г.Н.) алмастыруға әкеледі, идеологияны өзгертеді, жұмыссыздықты қамтамасыз етілген демалысқа айналдырады (Х.Эванс). Әлеуметтік және саяси өзгерістер информациялық қоғам теориясында “микроэлектрондық революциялардың” тікелей нәтижесі ретінде қарастырылады (бұл пікірдің дұрыстығын 2011 жылы араб мемлекеттерінде болған саяси өзгерістер дәлелдеді – Г.Н.). Демократияның дамуы информациялық техниканың таралуымен байланыстырылады. Тоффлер мен Дж. Мартин бұл саладағы басты рөлді “телекоммуникациялық кабельдік жүйеге” жүктейді, ол азаматтар мен үкімет арасындағы екіжақты байланысты қамтамасыз етіп, саяси шешімдерді қабылдауда олардың пікірлерін ескеруге мүмкіндік береді. “Жасанды интеллект” саласындағы жұмыстар адамның өзін информациялық тұрғыдан түсіндіру мүмкіндігі ретінде қарастырылады. Информациялық қоғам концепциясы гуманистік бағыттағы философтар мен ғалымдардың тарапынан сынға ұшырады, олар технологиялық детерминизмнің әлсіздігін және қоғамды компьютерлендірудің жағымсыз саладарларына назар аударуда. “Информациялық қоғам” ұғымын осы концепцияның негізін салушылардың алғашқы ғылыми жұмыстарын мысалға ала отырып қарастырайық. Э.Тоффлер өзі енгізген “информациялық (немесе постиндустриалдық) қоғам” ұғымының тікелей анықтамасын ешқашан берген емес. Ол анықтаманы сипаттама түрінде, қазіргі өмір үшін жаңа және қазіргі немесе жақын болашақтағы ұрпақтың өмірін түбірімен өзгертетін элементтерді тізбелеу арқылы береді. Тоффлер “Футурошок” еңбегінде “индустриалдық қоғамның орнына супериндустриалды қоғам” келеді деген болатын. Оның кітабының бүкіл мазмұнында бұл қоғамның мүлдем жаңа сипаты туралы ой көрініс тапқан. Оның пікірінше, жаңа пайда болып келе жатқан бұл өркениеттің көптеген ерекшеліктері дәстүрлі индустриалдық қоғамға қайшы келеді. Бұл техникалық жағынан өте жоғары бола тұра, антииндустриалды өркениет. “Үшінші толқын” мүлдем жаңа өмір салтын әкеледі, ол диверсикацияланған, қайта туындай алатын, фабрикалардағы жинау жүйелерінің көпшілігін ескіріп қалған етіп көрсететін энергия көздеріне, жаңа (“нуклеарлы емес”), белгісіз бір отбасына, жаңа, “электрондық коттедж” деп атауға болатын институтқа, болашақтың түбірімен өзгертілген мектептері мен корпорацияларына негізделген. Қалыптасып жатқан өркениет мінез-құлық тәртібінің жаңа кодексін әкеледі және бізді энергияның, қаржы құралдарының және биліктің шоғырлануы шекарасынан тысқа шығарады. “Информациялық қоғам” (басқаша айтқанда, “постиндустриалды қоғам”) деп аталатын концепциясының негізін салушылардың бірі Д.Белл алғашқылардың бірі болып оның негізгі ерекшеліктерін бөліп көрсетті. Оның бұл ұғымға берген анықтамасы тарихилығымен қызықты, яғни ол жаңа қоғамның мәнін қазіргі қоғамда болып жатқан өзгерістер арқылы анықтайды, сол арқылы “революциядан кейінгі” қоғамды қазіргі қоғамнан ерекшелендіретін сипаттарды атап көрсетеді. Д.Беллдің пайымдауынша, осы жүзжылдықта экономикалық және әлеуметтік өмір үшін, білімді өндіру тәсілі үшін, сонымен қатар адамның еңбек қызметі үшін маңызды, шешуші рөл атқаратын нәрсе – телекоммуникацияларға негізделген жаңа әлеуметтік өмір салты болып табылады. Компьютер орталықтық рөл атқаратын ақпарат пен білімді ұйымдастыру мен өңдеудегі революция постиндустриалдық қоғамның қалыптасуымен қатар жүреді. Телекоммуникациялық революцияны түсіну үшін постиндустриалдық қоғамның үш аспектісі ерекше маңызды: 1) индустриалдық қоғамнан қызмет көрсету (сервис) қоғамына көшу; 2) технологиялық инновацияларды жүзеге асыру үшін кодталған теориялық білімнің шешуші маңызы; 3) жаңа “интеллектуалдық технологияларды” шешімдерді қабылдаудың жүйелі сараптауы мен теориясының шешуші кілтіне айналдыру. Т.Стоуньер информация ұғымының жан-жақты сипаттамасын береді және оның экономикалық және әлеуметтік құндылықтардан ерекше айырмашылығын көрсетеді, осы арқылы жаңа кезеңнің түбегейлі өзгешелігін және оның келуімен тарихта мүлдем басқа кезеңнің міндетті түрде басталатыны туралы идеяны тұжырымдайды. Оның түсінігінше, аспаптар, құрал-саймандар мен машиналар затқа айналдырылған еңбек бола отырып, шын мәнінде затқа айналдырылған информация. Бұл идея капиталға, жерге және экономиканың еңбек затқа айналдырылған кез-келген басқа факторына қатысты алғанда ақиқат. Еңбектің информацияның қосымшасы емес бір де бір өндіруші қосымша тәсілі жоқ. Капиталды қордалаған сияқты информацияны да қордалауға және болашақта қолдану үшін сақтауға болады. Постиндустриалдық қоғамда ұлттық информациялық ресурстар – оның негізгі экономикалық құндылығы, байлықтың ең үлкен бастауы. Ел өзінің ұлттық байлығын үш негізгі тәсіл арқылы көбейте алады: 1) капиталды үнемі қордалау; 2) әскери басып алу және территорияны кеңейту; 3) “ресурс еместерді” ресурстерге аударатын жаңа технологияны қолдану. Технология дамуының жоғары деңгейіне байланысты постиндустриалдық экономикада ресурс еместерді ресурстерге айналдыру жаңа байлықтар құрудың негізгі принципіне айналды. Информация адамдардың бірлесе қызмет етуіне ықпал етеді және адамның білімін ұлғайтады. Телекоммуникациялық және информациялық революцияның нәтижесінде инвестициялық және басқару саясатының өзгеруін, жаңа экономикалық қатынастардың қалыптасуы маңызды. А.Турен постиндустриалдық қоғамда инвестициялар индустриалдық қоғамдағы секілді өндіріс құралдарын өндіруге ғана салынбайды, одан тереңірек – өндірістегі басқару саласын да қамтиды деп атап көрсеткен болатын. Бұл екі формада жүзеге асады: 1) ғылым мен техникаға инвестиция салынуының нәтижесінде жаңа өнім өндіру; 2) өзін-өзі басқару, яғни, информация мен коммуникациялардың күрделі формасын қолдана білу қабілеті. Постиндустриалдық қоғамда экономикалық жүйенің барлық элементтері қоғамның өзіне бағытталған әрекеті арқылы қамтылады, ол бағдарланған, жоспарланған қоғам. Г.Кан информациялық қоғамның мәнін түсіну үшін “интеллект” және “информация” ұғымдарын, яғни руханилық пен материалдықты бөліп қарастыру қажеттігін ескертеді. “Информация” және “интеллект” ұғымдарының арасындағы айырмашылық жасанды, бірақ аса маңызды. “Информация” салыстырмалы түрде формалды, бірақ жеңіл қолжетімді болуға ұмтылады. “Интеллект” кеңірек және арнайы, оның ресмилігі мен формалдығы азырақ. У.Дайзардтың ойынша, жаңа информациялық ғасырды бейнелеу анықтамалардың тұтас бір калейдоскопына ұласты. Дж.Лихтхайм – постбуржуазиялық қоғам, Р.Дарендорф – посткапиталистік қоғам, А.Этциони – постмодернистік қоғам, К.Боулдинг – постөркениетті, Г.Кан – постэкономикалық, С.Алстром – постпротестанттық, Р.Сейденберг – посттарихи, Р.Барнет – постмұнайлы және тағы басқалары. Яғни, бұл анықтамалар Д.Белл енгізген постиндустриалды қоғам ұғымымен және біздің ғасырға тән солу, ақырды күту сезімімен байланысты. У.Дайзардт пост деген сөздің өзі адам санасының шектеулігін көрсетеді, жаңа қоғамды бейнелеу үшін жаңа ұғым қажет деп есесптейді. Информациялық қоғамдағы адам. Тарихты зерттеудің “өркениеттік” әдісінің негізін салушылардың бірі К.Ясперс қазіргі заманның ерекше, “техницистік” өркениетінің пайда болу себептерін талдайды, ол бұл өркениетті өркениеттің арнайы типі деп атап көрсетеді.Өркениеттердің тым тез ауысуының басты себебі ретінде ол техниканың логикалық түрде аяқталуы, адам мен табиғаттың арасындағы көпір болып табылатын машиналардың пайда болуы деп есептейді, себебі олар, К.Ясперстің ойынша, адамдардың психологиясын өзгертті және оларды тарихтың жаңа белесіне дайындады және оны техниканың логикалық түрде аяқталуы болып табылады. К.Ясперстің пікіріне назар аударсақ, еңбек құралдарын қолдана білу ретінде техника адамдар пайда болғаннан бері өмір сүріп келеді. Ежелгі дүниенің ұлы мәдениеттерінде, әсіресе батыс дүниесінде, жоғары дамыған механика зор және ауыр заттарды тасуға, ғимараттар тұрғызуға, жолдар мен кемелер салуға, машиналарды құрастыруға мүмкіндік берді. Бірақ бұл техника адамның шамасына сәйкес, ол көре алатын нәрселер шеңберінде қалды. Оның бұлшық еттерінің күші арқылы, жануарлардың күштерін, тарту күштерін, от, жел, суды қолдана отырып өндірілген нәрселер адамның табиғи ортасының шеңберінен сыртқа шықпады. XVIII ғасырдың соңынан бастап бәрі өзгерді. К.Ясперс дәл сол кезде адам өмірінің техникалық жағын тұтасымен қамтыған секіріс болды деп есептейді, себебі адамдар ғасырлар бойы осы бағытта талпыныстар жасағаннан кейін және адамдардың арманында олар үшін алғышарттар жасалған техницистік, технократиялық көзқарас қалыптасқан соң XIX ғасырда барлық армандарды соңында қалдырған жүзеге асыру басталды. Машиналар – тұтыну өнімдерін автоматты түрде өндіретін машиналар ашылды. Бұрын қолөнерші жасайтынды енді машина жасайтын болды. Батыста осылайша XIX ғасыр кәсіпкерлерінің экономикалық қадамдары басталды, оның нәтижесінде бұрынғы қолөнер, міндетті түрде қажет аздаған салалары болмаса, негізінен алғанда жойылды және техникалық тұрғыдан қажетсіз қылық жасағандар аяусыз жойылып отырды. Сонымен, қазіргі заманғы техникалық дүниенің пайда болуында жаратылыстану ғылымдары, өнертапқыштық рухы және еңбекті ұйымдастыру өзара тығыз байланысты. Бұл үш фактор бірге рационалдылыққа ие. Олардың ешқайсысы да жеке алғанда өз бетімен қазіргі заманғы техниканы жасай алмас еді. Ясперстің пікірінше, бұл факторлардың әрқайсысының өзіндік бастаулары бар және басқа факторлардан тәуелсіз проблемалармен байланысты. Э.Тоффлер “Үшінші толқын” еңбегінде жаңа қоғамдағы адам қызметінің ең маңызды деген салаларын да: отбасын, үйді, тұрмысты қарастырады. Оның болжамдарына эмпирикалық пен утопиялықтың элементтері тән болғанымен, олар қатаң ғылыми ізденістерге және статистикалық мәліметтерге негізделген. Э.Тоффлер “Электрондық коттедж” теориясын ұсынады. Бұл теорияға жүгінсек, өндіріс саласындағы түбегейлі өзгерістер міндетті түрде әлеуметтік өзгерістер әкеледі. Біздің ұрпақ өмір сүрген дәуірдің өзінде-ақ ірі фабрикалар мен мекемелер жартылай бос қалып, қоймалар мен тұрғын үйлерге айналады. Тамаша бір күні біз әрбір үйде “ақылды” жазу машинкасы, тіпті көшірме машинасы немесе компьютерлік пульті мен телекоммуникациялық құрылымы бар арзан “жұмыс орнын” жасай алсақ, онда үйде отырып атқаратын жұмысты ұйымдастыру мүмкіндіктері тез өсер еді. Кейбір футурологтар екіжақты байланыс жүйесін дамыту үйде атқарылатын еңбекті кеңейтуге мүмкіндік берер еді деп есептейді. Жұмыс орындарын үйге аудару қоршаған ортаны ластауды азайтып, оны қалпына келтіруге жұмсалатын шығындарды азайтар еді. Әлеуметтік факторлар да электрондық коттедж құру бағытында жұмыс істейді. Жұмыс күні қысқарған сайын жұмысқа барып-келуге жұмсалатын салыстырмалы уақыт көбейеді де, мұндай “күйбең қозғалыстар” абсурд, иррационалды болып көріне бастайды. Ал бұл соншама уақытын бостан-босқа жұмсағысы келмейтіндердің және өндірісті ақылдырақ ұйымдастыруды қалайтындардың санының көбеюіне ықпал етпей тұрмайды. Соңында, қоғамда болып жатқан терең құндылықтық өзгерістер де сол бағытта әрекет жасайды. Тоффлер түптеп келгенде, электрондық коттедж құру психологиялық салдарлар туғызатындығын теріске шығармайды. Оның ойынша, жұмыскер көбірек ене бастаған абстрактылық символдар дүниесі жаңа еңбек саласы бізге бөтен, және белгілі бір деңгейде қазіргіден гөрі жансыз деген ой тудырар еді. Бірақ басқа деңгейде үйдегі жұмыс өзінің үйіндегілермен де, көршілермен де тікелей эмоциялық қатынастарды тереңдетеді дейді Тоффлер. Болашақтың отбасы. Біз бүгін отбасының ыдырауы туралы үнемі естиміз. Тоффлердің пікірінше, отбасы туралы айтқанда оның көптүрлі формалары туралы емес, отбасының нақты, “екінші толқын” тудырған типі туралы айтылады: асыраушы-күйеу, үй шаруасындағы әйел және балалар. Билік отбасын қалпына келтіру туралы айтқанда “екінші толқын” тудырған осы нуклеарлы отбасына меңзейді. Бірақ біз нуклеарлы отбасын шынымен де қайтадан қалпына келтіргіміз келсе, бізге тарихтың жүрісін тежеуге тура келер еді. Себебі, біз отбасының өлімінің куәгерлері емес, “екінші толқынның” отбасы жүйесінің ыдырауы мен отбасының көптеген жаңа түрлерінің пайда болуының куәгерлеріміз. Информация құралдары мен өндірістің демассификациясымен қатар отбасының демассификациясы жүруде. Техникалық жағынан дамыған елдер бүгін отбасының көптеген түрлерінің куәсі болып отыр. Шаруашылықты біріге отырып жүргізу үшін біріккен коммуналар (қауымдар), қартайған адамдар топтары, этникалық азшылықтар арасындағы рулас топтар, келісім-шартқа негізделген және сериалдық (кезеңдік) некелер, әйелі мен күйеуі әртүрлі қалаларда жұмыс істейтін және т.б отбасылар. Тоффлер: отбасының қандай формалары жоғалады, қандайы кең тарайтын болады – ол “отбасының қасиеттілігі” туралы уағыздарға емес, техниканың дамуы мен еңбекті ұйымдастыруды қандай бағытқа бұратындығымызға байланысты болады” - деп тұжырымдайды. Просьюмердің пайда болуы. Просьюмер (ағылш. producer + consumer – кәсіби тұтынушы немесе өндіруші-тұтынушы) терминін Э.Тоффлер өндіруші мен тұтынушының арасындағы айырмашылық біртіндеп жоғалатын экономиканың пайда болуын болжамдау мақсатында ұсынды. Бұл термин “өзі үшін өндіруші” мағынасында да қолданылады. “Бірінші толқын” кезеңінде адамдардың көбі өздері өндірген нәрселерді тұтынды. Олар, қарапайым түрде айтқанда, “тұтынушылар” болды. Өнеркәсіп революциясы өндіріс пен тұтыну функцияларын айырып, өндіруші мен тұтынушыны тудырды. Қазіргі уақытта өндірушіні тұтынушыдан айырып тұрған шекара бұрынғыдан аз. “Просьюмердің” маңызы артып келеді. Оның дәлелі ретінде көптеген өнеркәсібі дамыған көптеген елдерде өзіне көмектесу топтарының тез өсіп отырғанын келтіруге болады. Уақыт өте келе толығымен автоматтандыру тұтынушыға – қажетті процестерді реттейтін компьютер арқылы – оған керек өнімді құрастыруға мүмкіндік береді. Яғни, қорытындысында тұтынушы қазіргі заманғы, бірте-бірте құрып бара жатқан өндірістегі конвейерде жұмыс істейтін жинаушы секілді, өндіріс процесінің дәл сондай бөлігіне айналады. Бір сөзбен айтқанда, “Бірінші толқын” қоғамында билеуші рөл атқарған “просьюмер” қоғамына қайта оралу басталған сияқты болады. Бірақ, әрине, бұл қазіргі заманғы техникамен қамтамасыз етілген, электрондық коттеджде жұмыс істейтін және қазіргі заманғы өмір салтын ұстанатын “просьюмер”. Д.Белл болашақтың адамы болмысының екі мәселесіне назар аударады: 1) қалалардағы өмір және урбанизация процесі. Олар бүгінгі күннің өзінде қала тұрғызушыларға да, экологтарға да көптеген сұрақтарды туғызып отыр; 2) жаңа қоғамның әлеуметтік пропорциялары, яғни бұрынғы рулық элитаны білім элитасы ығыстырып шығара бастайды. Д.Беллдің көзқарсына сүйенсек, бүгін мамандар “желілік қалалардың” пайда болуын болжап отыр, оларда классикалық европалық қалаларға тән орталық алаңдар мен сауда орталықтары болмайды. Б.Ф.Скиннер дамыған коммуникация дәуірінде қазіргі заманғы тым үлкен және басқаруға ыңғайсыз қалалардың орнын кішкене қалалар жүйесі басады деп болжамдайды. Бұл болжамдардың дұрыс-бұрыстығы белгісіз: қалалардың өмірі мен өлімі – ұзаққа созылатын тарихи процесс. Бірақ өзгеретін нәрсе – “урбанизм” концепциясының өзі. Л.Верт өзінің “Урбанизм өмір салты ретінде” деген эссесінде урбанизмге “жоғары дәрежедегі интерактивті, мобильді және саяси сезімтал өмір салты” деген анықтама беріп, оны отбасы және шіркеу институттарына негізделген кішкене қалалар немесе ауылдардағы өмірге қарама-қарсы қойған болатын. Бұрын қоғамдардың көбі элитарлы және жабық болған еді, себебі аристократия тым тұйық болды. Бұған қарама-қарсы қазіргі заманғы қоғамдар ашық бола бастады және де білім мен техникалық біліктілік элитаға кірудің міндетті түрде шартына айналды, ал мұндай қозғалыстың негізі білім бола бастады. Постиндустриалдық қоғамда элита – білгір, білімді адамдар элитасы. Мұндай элита интеллектуалдық қызметпен байланысты институттар – зерттеу ұйымдары, университеттер және тағы басқа институттар – шеңберінде билікке ие, бірақ олардың үлкен саясатта ықпал етуі сирек. Саяси сұрақтар техникалық мәселелермен тығыз байланысты бола бастағандықтан “білім элитасы” мәселелер қоя алады, жаңа сұрақтарды қозғай алады және мүмкін сұрақтардың техникалық шешімдерін ұсына алады, бірақ ол “иә» немесе “жоқ” деп айту билігіне ие емесе. Осы тұрғыдан қарастырғанда “білім элитасы” жаңа билік элитасы бола алады деген артықтау айтылған пікір секілді. Бірақ , дұрыс нәрсе – қазіргі қоғамда элитаризм өсіп келеді, оған “білім элитасының” әртүрлі топтары, әсіресе жастар топтары үлкен ықпал етіп отыр. “Информациялық қоғам” концепциясы авторларының жаңа социумдағы адам өмірі туралы түсініктері аздап ертегіге және утопияға ұқсас. Олардың идиллиялық армандары мен “ауадан жасалған сарайлары” осындай. Олар “адамның материалдық проблемаларын шешіп, жұмыстан азат етіп және бос уақытын көбейтіп, бақытты ете салуға болады” деген идеяны басшылыққа алады. Бірнеше рет дәлелденгендей, бұл көзқарастың кемшіліктері жеткілікті. Адамның жаңа қоғамдағы өмірін оны бірнеше элементтерге бөліп қарастыру арқылы талдайық. |