2021-22 Философия Дәріс (2). Философия кафедрасы
Скачать 212.1 Kb.
|
Діннің пайда болу себептері мен мәні туралы мәселе философия тарихында көптеген философтардың зерттеу объектісі болды. Дін туралы ғылым - дінтануда діннің тамырлары деген ұғым қалыптасқан, бұл ұғым діннің пайда болу себептерін, әлеуметтік, гносеологиялық және адамгершіліктік мәнін ашады. Діннің басты, анықтаушы тамыры немесе себебі ретінде көптеген ғалымдар әлеуметтік себептерді атайды. Бұл себеп алғашқы қауымдық қоғам адамдарынан жақсы көрінеді. Кездейсоқтық үстемдік еткен алғашқы қауымдық қоғам адамдары табиғаттың дүлей күштеріне қарсы тұруға дәрменсіз, оларға тәуелді болды. Стихиялық табиғат күштерін билеуге, өзіне бағындыруға, қоғамдық қатынастарда күнделікті туындап отырған мәселелерді шешуге қажетті практикалық құралдары жоқ адамдардың сүйенгені өзінің санасының, қиялдауының жемісі - фантастикалық күштерге деген сенім болды. Діннің пайда болуының осы әлеуметтік себептерін қазіргі заманда да көруге болады. 90-жылдардың басында бүкіл посткеңестік кеңістікте діннің өте тез қарқынмен дамуы байқалды. Бұрынғы жүйе күйреп, жаңа бағыттар, жаңа қоғамдық қатынастар әлі анықталмаған сол кезеңде адамдардың бойын шарасыздық, қорқыныш, үмітсіздік биледі, өмірлік бағыт-бағдарын жоғалтқан адамдардың көпшілігі өздеріне қажет күш-қуатты, сенімді діннен іздеді. Діннің гносеологиялық тамырлары болып адамның танымдық және психологиялық қызметі негіздерінде қалыптасу мүмкіндігі жағдайлары, алғышарттары, мүмкіндіктері есептеледі. Таным процесі екі жақты - танымның объективті мазмұнын және оның субъективті формаларын (түйсік, қабылдау, елестету, ұғым, пікір және т.б.) қамтитыны белгілі. Діни санада осы үрдістің екінші жағы басымырақ. Елестетуге, логикалық аналогиялар мен абстракциялар жасауға қабілеттілік тым әсіреленіп, танымдық бейнелердің нақты заттардан ажыратылу қаупі пайда болады. Рационалдық танымға көбірек назар аударудың нәтижесінде ұғымдарда дүние субъективті бейнеленеді. Діннің әлеуметтік және гносеологиялық тамырларымен қатар психологиялық тамырларын да атап кеткен дұрыс. Бұрын белгісіз, жаңа әлеуметтік өзгерістер, қатынастар, жағдайлар жеке адамның бойында да, қоғамда да жағымсыз эмоциялар тудыратыны күмәнсіз. Әрине, адамдардың бәрі бірдей дінге бас ұрмайды. Бірақ психологиялық-эмоциялық жағынан алғанда тұрақсыз, абстрактылық ойлауға, қиялға, әсірелеуге, елестетуге көбірек бейім адам дінді тезірек қабылдайды. Діннің функциялары: әлеуметтік функциясы - дін қай заманда да қоғамдық процестерді басқару, қоғамда тұрақтылық сақтау, ұлттық менталитет қалыптастыру қызметтерін атқарып отырды. адамгершіліктік функциясы - дін жалпыадамзаттық моральдық қасиеттерді насихаттап, индивидтің адамгершілік келбетін өзгертуге үлесін қосады. компенсаторлық - адам қиындық-дағдарысқа ұшыраған кезеңдерде дін көмекке келіп, қайырымсыз дүниені о дүниедегі мәңгілік бақытқа үмітпен алмастырады, адамға сенім-жігер, рухани күш береді. Ақыл мен сенімнің арақатынасы мәселесіне философия тарихында үш көзқарас бар: 1) Сенімді, діни сенімді ақыл-ойдан жоғары қою, оны “Құдайдың жаратылыстан жоғары сәулесі, нағыз ақиқат” деп түсіну; 2) сциентистік көзқарас сенімге негізделген дінді ақылға негізделген ғылымнан төмен қояды және діни сенім түбінде жоғалады деп есептейді; 3) “екі ақиқат” - сенім мен ақыл-ой қатар өмір сүре алады деп мойындау; Бірінші көзқарас Ортағасырлық христиандық және мұсылман философиясында басым болды. Аугустин, Тертуллиан, Аквинат адамды ақыл адастырады, сондықтан құдайды және ол жаратқан дүниені танып-білу үшін сенім жеткілікті деп есептеді. Тертуллиан: “Сенемін, себебі абсурдты”. Сенім мен ақылдың арақатынасын түсіндіруде Аквинаттың рөлі ерекше. Ол сенімді жоғары қоя отырып, оны біржақты қолдамай, ақыл мен сенімнің арасындағы ортақ жақтарын да талдауға, олардың таным объектісіннің бір екендігіне және таным тәсілдер бірін-бірі толықтыра алатынына назар аударуға ұмтылды. Кейінірек оның ілімін жалғастырушылар неотомизм бағытын қалыптастырды, 1879 жылы папа Лев XIII бұл бағытты христиандық католиктік діннің негізгі қағидаларын дұрыс түсіндіретін жалғыз философия деп жариялады. Бірақ қазіргі заманғы томизм антропологиялық сипатта, құдайды ғана емес, адамды да құндылық деп таниды, “адамның өмір сүруі”, “экзистенция” ұғымдарын енгізді. Екінші көзқарас Қайта Өркендеу, Жаңа Дәуір кезеңдеріндегі ғылыми-техникалық революциядан бастау алып, 20-ғасырда, әсіресе кеңестік қоғамда ерекше дамыды. Бұл құбылыс діни сенімнің төмендетілуіне, дінге сенушілердің қудалануына әкелді. Үшінші көзқарас Жаңа Дәуір ғылымының өкілі Ф.Бэконның еңбектерінде кездеседі. Менің ойымша, осы “екі ақиқат” принципін құптауға болады. Қазіргі заманғы қоғам осы ұстаным бойынша өмір сүріп отыр десек, қателеспейміз. Ақыл мен сенімнің, ғылым мен діннің гармониясынан, бір-біріне түсіністікпен қарауынан қоғам ұтпаса, ұтылмайды. Жеке адам деңгейінен қарастырсақ, құдайға соқыр сеніп, діни салт-дәстүрлерді орындап, сол арқылы өзін діндар адам ретінде көрсетіп, мақтану, ал күнделікті өмірде зұлымдық жасау, өзіңнен басқаны ойламау, яғни сенімді ақылмен ұштастырмау мүлдем қате. Діни сенім бостандығы - адамның негізгі және ажырамас құқықтарының бірі. Біздің қоғамымыз ұзақ жылдардан кейін осы түсінікке келді. Қазақстан Республикасы Конституциясының “Адам және азамат” деп аталатын екінші бөлімінің 19-бабының бірінші тармағы және 22-бабының бірінші және екінші тармақтары Қазақстанның әрбір азаматы діни бостандыққа құқылы екендігін заң түрінде бекітеді. Сонымен қатар, әрбір адам басқа дінді ұстанған адамға да, құдайға сенбейтін адамға да түсіністікпен, шыдамдылықпен қарауы тиіс. Сонда ғана адамдардың арасында достық, сыйластық, ынтымақтастық қалыптасып, қоғамдағы тұрақтылық сақталады. №14 тақырып. Мәңгілік ел – Жаңа Қазақстан философиясы (15-апта, 1 сағат) Жаңа Қазақстан қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобасы. Адамзат дамуының қазіргі кезеңінде, жаһанданудың жаңа сатысы – мемлекеттердің десуверенденуі жағдайында өзін сақтап қалуға ұмтылған елдер үшін, соның ішінде, посткеңестік ел болып есептелетін Қазақстан үшін қоғамдық құрылымның барлық саласын модернизациялау өзекті болып отыр. Бұл процестің табысты жүзеге асырылу әдетте мемлекет басшылығының оны саналы түрде ұғынып, жүйелі жүргізуіне байланысты. «Мәңгілік Ел», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» және тағы басқа ресми бағдарламалық құжаттар еліміздің саяси басшылығы осындай қажеттілікті жақсы түсініп отырғанының нақты дәлелі. Модернизация, жаңғыру ісі қоғамдық сананың құрамдас бөлігі болып саналатын тарихи сананы дамытумен тікелей байланысты, себебі еліміздің әрбір азаматы өз елінің әлемдік мәдени кеңістігіндегі орнын, ұлтының тарихын, белгілі тұлғаларының өмірі мен қызметін, адамзат тарихындағы рөлін танып-білмесе, ешқандай жаңғыру табысты болмайды. 1991 жылдан бастап нығая түскен тәуелсіздік рухы ұлттық бірегейлікті сақтауға және одан әрі нығайта түсуге деген беталысынан бүгінгі күнге дейін айныған жоқ. Оның ішінде, ұлттық руханиятты қайта жаңғырту, ұмыт болып бара жатқан ұлттық кодымызға қайта оралу және ежелгі дүниеден қазіргі дейін ұрпақтан ұрпаққа жеткізе отырып сақтаған құндылықтарымызды әлемге паш етіп, еліміздің әлемдік тарихи-саяси сахнадағы мәртебесін арттыру – Қазақстан ғылымының, әсіресе, қоғамдық ғылымдардың басты міндеті ретінде айқындалды. Осы міндетті жүзеге асыру мақсатында «Мәдени мұра» бағдарламасынан бастап, «Рухани жаңғыруға» дейінгі бағдарламалар қолға алынды және олар үзіліссіз жүргізілеп келеді. Біз зерттеп отырған тақырып та осындай стратегиялардың талаптарынан туындап отыр. Үшіншіден, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында түркі мәдениетінің негізгі жетістіктері баяндалған еді. Ол: «Бүгінде төл тарихымызға оң көзқарас керек. ...Ең бастысы, біз ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз» дей келіп, «Көпшіліктің санасында тарихи үдерістер, негізінен, тұлғаландыру сипатына ие болатыны белгілі» деп атап көрсетті және тарихымызда өшпес із қалдырған атақты тұлғалардың ұлы есімдерін кеңінен насихаттау ісі бойынша шараларды жүзеге асыру міндетін белгіледі. Адамзаттың ойшылдары Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150-жылдығы мен Абайдың 175-жылдығының биыл әлем деңгейінде атап өтіліп жатқандығы да осы ұсынысты жүзеге асыруға бағытталған істердің жалғасы екені күмәнсіз. 2017 жылы 12 сәуірде Елбасы, Қазақтанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жариялаған болатын. Бұл – Ұлы Дала еліндегі Мәңгілік Ел мұраттарын жүзеге асырудың руханияттық астарларына байланысты ұсынылған бағдарлама. Өйткені, кез-келген мемлекет, тек экономикалық өрлеуді ғана мақсат етіп, қоғамдық өмірдің мәдени-рухани саласының өркендеуін назардан тыс қалдыратын болса, онда мұндай мемлекет дамудың жоғары сатысына жете алмайды. Бұл мақала – Қазақстан қоғамы дамуының қазіргі кезеңі үшін аса қажет және гуманитарлық ғылымдардың дамуына ерекше бір серпін беретін туынды. Мақалада талданған негізгі мәселе – қоғамдық сананың, жеке сананың рухани жаңғыруы, себебі қоғамдық сананың белсенділігі болмай, ол қоғамдық болмысты енжар бейнелеумен ғана шектелетін болса, қоғам өзінің түпкілікті мақсатын жете алмайды. Сананың жаңғыруын негізінен гуманитарлық ғылымдар жүзеге асыратыны белгілі. Жастардың, әсіресе, жоғары білім беру саласында дайындалған маманның кәсіптік деңгейімен бірге адамгершіліктік-рухани және әлеуметтік келбетінің де, өзіндік және ұлттық санасының биік болуы қазіргі уақытта өзекті мәселеге айналды, сондықтан гуманитарлық ғылымдар саласы мамандарының міндеттері бұрынғыдан да күрделеніп, маңыздылыққа ие болып отыр. Жаңа гуманитарлық жүйенің сипаты аталған мақалада анық айқындалған. Ең әуелі ол Елбасы айтқан прагматизмге негізделген болуы тиіс дер едім. Прагматизм – қазіргі заманғы философияның белгілі бағыты. Басты ұстанымы – пайдалы нәрсе ғана ақиқат. Елбасы осы идеяны мықты негіздеген. Яғни, жеке адам да, тұтас ұлт та сән-салтанат, орындалмайтын арман, қиял, жалған идеологиялар қуып өмір сүрмей, нақты міндеттер мен мақсаттар қойып, оларға жетуге еңбектенуі тиіс. Жастардың болашағы олардың өздерінің нақты мақсаттарға ұмтылуына, еңбектенуіне тікелей байланысты екендігі сөзсіз. Гуманитарлық сала мамандары басты назар аударуы тиіс тағы бір мәселе мақалада айтылғандай, ұлттық бірегейлікті сақтау, онсыз ұлт дамымайды. Батыс мәдениеті жаулаған қиын заманда ұлттық кодымызды өзіміздің тілімізді, мәдениетімізді, салт-дәстүрлерімізді, құндылықтарымызды өркендету арқылы сақтап қала аламыз. Бірақ бағдарламада атап көрсетілгендей, олардың ең үздігін таңдап алу арқылы ғана әлемдік өркениетке үйлесімді қосыла аламыз, бәсекеге қабілетті боламыз. Гуманитарлық ғылымдар Елбасы айтқан білімнің салтанатына ұмтылуы тиіс. Білімге деген құштарлық қазақтың бойында қалыптасқан ерекше қасиеттердің бірі. Мұны кезінде миссионерлер де жақсы байқаған. Ендігі міндет – қазіргідей қиын заманда білім мен ғылымның маңыздылығын жастардың санасына бұрынғыдан да мықты сіңіру, олардың классикалық түрлерін игеруді насихаттау және іс жүзінде жүзеге асыру. Дамудың мақалада айтылған эволюциялық жолы да біздің салаға қатысты. Осыған дейін елімізде гуманитарлық білімнің жақсы деңгейі қалыптасты, оны революциялық жолмен бұзудың қажеті жоқ. Өткен ғасыр революциялардың халық үшін қаншама қасірет әкелетіндігін дәлелдеп берді. Біз дамудың эволюциялық жолын, яғни сананы оята отырып, қоғамды біртіндеп өзгерту жолын таңдадық. ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялылары да осы жолды қалап, «Оян, қазақ!» деп жар салып, ұйықтап жатқан қазақтың санасына «Қазақ», «Айқап», «Сарыарқа» газет-журналдары, өздерінің шығармалары арқылы әсер еткен болатын. Өзгерістер біртіндеп жүргізілуі тиіс, сол арқылы жаңа сапаға жетуге болады. Осы мақсатқа бағытталған істердің бірі – «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы. Бұл жобаның еліміздің білім беру жүйесі мен ғылымының дамуына елеулі ықпал еткені сөзсіз. Осы жоба аясында 100 оқулық шетел тілдерінен аударылып, жарыққа шықты. Қазақ жастары өздерінің білімін шетелдік әдебиетпен толықтыру мүмкіндігіне ие болды. Оны осы «Философия» пәні бойынша беріліп отырған әдебиеттер тізімінен жақсы байқауға болады. Дерек Джонстон, Энтони Кенни, Реми Хесст, Бертран Рассел, Маккинон Б., Фиала Э. және тағы басқа ғалымдардың философиялық оқулықтары «Философия» пәні бойынша білім сапасын жақсартатынын күмәнсіз. |