2021-22 Философия Дәріс (2). Философия кафедрасы
Скачать 212.1 Kb.
|
Кеңістік және уақыт- материяның маңызды атрибуттары. Кеңістік - материя болмысының объективті, жалпы, заңды формасы, ол әртүрлі жүйелердің көлемге ие екендігін, өзара орналасқандығын, құрылымдылығын және бірге өмір сүретіндігін сипаттайды. Реалды кеңістік – тіршілік етушілерді іс жүзінде бөлудің, сонымен қатар біріктірудің тұрақты көрсеткіші. Ол үш өлшемді, кез-келген кеңістіктік қатынастар үш өлшем–координаталар (ұзындық, ен, биіктік) арқылы сипатталады. Салыстырмалылық теориясы төрт өлшемділікті қолданады, үш өлшемге төртінші өлшем - уақыт қосылады. Уақыт - әртүрлі жүйелердің жағдайларының созылғандығын, ретпен жүруін сипаттайды, материя болмысының объективті, жалпы және заңды формасы. Уақыт бір өлшемді, бірбағытты, қайта оралмайды, ылғи да өткеннен болашаққа қарай жүреді. №3 тақырып. Сана. Сана және тіл (4-апта, 1 сағат) Сананың генезисі туралы түсініктер Сана және бейсана Сана және өзіндік сана Сана мәселесі философиядағы басты және күрделі, түсіндіруге қиын мәселелердің бірі, себебі сананы көру, өлшеу, сезім мүшелері арқылы қабылдау мүмкін емес, бірақ сана адамның жануарлар дүниесінен ерекшелігін көрсететін факторлардың бірі, сана арқылы адам мен оны қоршаған ортаның арасындағы байланыс жүзеге асырылатыны күмәнсіз. Сондықтан да философия тарихында “сана”, “жан”, “бейсаналық” ұғымдарының төңірегінде үнемі пікірталастар жүріп отырды және олар қазір де жалғасуда. Сананы түсінудегі әртүрлі көзқарастарды біріктіріп, екі үлкен топқа бөлуге болады: материалистік - сананы материяның дамуында пайда болатын табиғи қасиеті деп түсіну; идеалистік- сананы материяға жат, одан алғашқы, жаратылыстан тыс пайда болатын рухани субстанция деп ұғыну. Жаратылыстану ғылымдарының дамуының нақты жетістіктері сананың мәні, генезисі туралы сауалдарға жауап берді деп айтуға болады. Түйіндеп айтсақ, сана туралы ғылыми көзқарас мынадай: сана ерекше түрде ұйымдасқан материяға - адам миына ғана тән қасиет. Оның дәлелі ретінде адамның миы зақымданғанда оның ойлау, психикалық қызметі бұзылатынын айтсақ жеткілікті. Сананың табиғаты қоғамдық, яғни ол тарихи эволюция нәтижесінде қоғамда қалыптасты және сананың дамуы қоғамдық ортада ғана мүмкін болмақ. Сананың қалыптасуының алғышарты ретінде еңбекті атауға болады. Еңбектің арқасында адам өзінің күнделікті өмір сүруіне және табиғаттың дүлей күштерінен қорғануға қажетті нәрселерді жасады, табиғат заттарының жаңа қасиеттерін ашты, ой-өрісін кеңейтті, еңбек құралдарын бірте-бірте жетілдіре түсті. Еңбектің дамуы қоғамда өмір сүріп отырған адамдарды жақындатты, олардың бір-біріне бірдеңе айту қажеттілігі туды, араласу құралы ретінде тіл пайда болды. Еңбек пен тіл адамның миын, сезім органдарын дамытты, есту, көру, сезу, қабілетін күшейтті, санасын қалыптастырды. Абстракциялауға, тұжырым жасауға құштарлық еңбек пен тілге қайта әсер етті, оларды дамытуға жаңа күш берді. Сана, сонымен қатар, бейнелеудіңжоғарғы формасы. Бейнелеу барлық материяға тән қасиет. Объективті өмір сүретін заттар, құбылыстар, процесстер бір-біріне үнемі әсер етіп отырады және белгілі бір дәрежеде өзгерістерге ұшырайды. әрбір зат, құбылыс өзі әсер еткен нәрседе өзінің “ізін”, бейнесін қалдырады. Бейнелеудің сатылары: қарапайым бейнелеу-бейнелеудің бұл түрінде субъект объектінің белсенділігін туғызбайды (мысалы, заттың судың немесе айнаның бетінде бейнеленуі). информациялық бейнелеу- бейнеленуші бейнелеушінің бойында белсенді әрекет, өзгерістер жасайды. Мұндай бейнелеу тірі табиғатта да, қоғамда да кездеседі. Мысалы, дәріс оқушы ұстаздың студенттің санасында жаңа ойлар оятуы, қарапайым бір клеткалы жануарлар мен өсімдіктердің тітіркенуі. әлеуметтік бейнелеу- қоғамдық болмыстың жеке және қоғамдық санада, ой-пікір, көзқарас, идея, теорияларда бейнеленуі. Бейнелеудің ең жоғарғы формасы деңгейіне көтерілгенге дейін сана материяның төменгі формаларының эволюциясының сатыларынан өтті. Олар: тітіркену- өсімдіктердің ыстық-суыққа, тәулік уақытына, басқа сыртқы әсерлерге реакциясы. сезімталдық - жануарлар дүниесіне тән. Организм өзіне биологиялық жағынан алғанда қажетті емес, сонымен бірге биологиялық тұрғыдан бейтарап, бірақ онымен қосыла отырып, информациялық маңызы бар нәрсеге реакция бере алады, яғни түйсік туғызады. Мұндай бейнелеу тірі организмнің ішкі жұмысын, информацияны қорыту жұмысын күрделендіріп, нерв жүйесінің негізін қалайды. Мысалы, аңдар өз жауларын көргенде организмінің барлық мүмкіндіктерін жинақтап, шабуылға немесе қорғануға дайындалады. Бірақ жануарлар ой қорытуға қабілетсіз. психикалық бейнелеу- нерв жүйесімен тығыз байланысты. Субъект пен объектінің бір-біріне әсері негізінде психикалық образ (бейне) қалыптасады, ол нерв клеткаларында сақталып, керек уақытында қажетке асады. адам санасы- бейнелеудің ең жоғарғы түрі. Өзіндік сана - адамның өзін саналы тіршілік етуші ретінде түсіне білуі, өзіне деген сыни көзқарасы, өз мүмкіндіктерін бағалай білуі. Өзіндік сана рефлексия феноменімен тығыз байланысты. Рефлексия - тұлғаның өзі туралы ойлануы, ішкі рухани дүниесінің тылсым қатпарларына үңілуі. Адам рефлексиясыз өзінің жанында не болып жатқанын түсіне алмайды. Рефлексия деңгейі әртүрлі болуы мүмкін. Рефлексиясы жоғары, өзін танып-білуге, өзіне сыни көзқарас қалыптастыра білген адам міндетті түрде өзгереді. Сана және өзіндік сана туралы айтқанда саналылықаспектісін міндетті түрде қарастыру қажет. Саналылық - адамның өз қылықтарының қоғамдық салдарларын, қоғам алдындағы парызын түсінуі. Саналылық тұлғаның іс-әрекеттерінің адамгершіліктік-психологиялық сипаттамасы болып табылады, адамның өзінің мүмкіндіктері мен мақсаттарын көре білу қабілетіне негізделеді және ол жаны сау тұлғаның қасиеті. Бейсаналылық (бессознательное) - адам түйсінбейтін психикалық құбылыстардың жиынтығы. Оларға биологиялық түрде тұқым қуалау арқылы берілетін инстинктілер, автоматты түрде жасалатын іс-қимылдар стереотиптері, сезімдік және интеллектуалдық интуиция, түс көрулер, гипнотикалық күйлер және т.б жатады. Тақырыпты қорытындыласақ, онтология - философияның күрделі де маңызды салаларының бірі. Болмыс, материя, қозғалыс, сана мәселелері философияның классикалық мәселелері болып саналады. Оларды зерттеу көне заманнан бастап, қазіргі күнге дейін жалғасып келеді және бұл бағыттағы ізденістердің өзектілігі зор деуге болады. №4 тақырып. Таным. Таным және шығармашылық (5-апта, 1 сағат) 1.Таным – шындықты бейнелеу формасы 2.Ақиқат ұғымы. Ақиқаттың критерийлері 3.Агностицизм, скептицизм. Рационалдық және иррационалдық Таным - адамдардың білімге жетуге бағытталған белсенді қызметі. Таным мүмкін бе? Философтардың басым көпшілігі адамның дүниені танып-білу қабілетіне сенеді (гносеологиялық оптимизм). Танымды жоққа шығарушы бағыт агностицизм (грекше – agnostos- танылмайтын) нақты таным мүмкін емес, адам материалдық жүйелердің, табиғат пен қоғам заңдарының нақты мәнін танып-біле алмайды деп есептейді. Осыған ұқсас бағытскептицизм дереалды шындықты танып-білу мүмкіндігі күмәнді деген пікірді ұстанады. Мысалы, грек ойшылы Пиррон «заттарды сезім арқылы да, ақыл-ой арқылы да ақырына дейін танып-біле алмаймыз» десе, оның отандасы Тимон «мен заттың тәтті екенін сеземін, бірақ шынында да тәтті ме – оны айта алмаймын» деп пайымдайды. Жалпы алғанда,скептицизм – философияға қажет элемент, себебі күмәндану, сын, терістеу догматизмге, абсолютизацияға қарсы және скептицизм адамды тереңдікке жетелейді. (Қазіргі заман адамына, әсіресе жастарға өмірдің заттары, құбылыстары, өзін қоршаған адамдар туралы күмәндана жүрген артық етпейді – Г.Н.). Танымның негізгі екі түрі бар. Олар –қарапайым стихиялық эмпирикалық және ғылыми таным. Осы екеуінің арасында әсіресе қазіргі заманда кең өріс алып отырған ғылымнан тыс, парағылымдық (пара - грекше para қасында, жанында, маңында) таным бар екенін де ескерте кетеміз. Ол ғылыми терминдерді қолданады, бірақ ғылымдардың басым көпшілігі олардың ғылымға қатысы жоқ деп есептейді (астрология, алхимия, магия, бақсылық, спиритизм және т.б.). Парағылымдық таным түрлері қоғам дағдарысы кезеңдерінде кең өріс алады. Еліміз үшін өтпелі кезең болған 90-жылдары бұл құбылысты біздің қоғам да басынан кешкені есімізде. Таным процесінде негізгі рөлдісезімдік және рационалдық таныматқарады.Сезімдік таным дегеніміз-дүниені, оны құрайтын заттар мен құбылыстарды сезім мүшелері арқылы танып-білу. Сезімдік танымның үш формасы бар: сезіну, қабылдау, елестету. Сезіну- қарапайым сезімдік бейнелер, материалдық заттардың жекелеген қасиеттерінің, сапаларының, жақтарының (мысалы, түсінің, иісінің, түрінің, жұмсақтығының немесе қаттылығының) адам санасында бейнеленуі. Қабылдау сезінулердің негізінде қалыптасады және қасиеттердің жиынтығы заттың тұтас бейнесін жеткізеді. Елестету - сезімдік танымның күрделі формасы, себебі елестетуде сезіну мен қабылдаудың бұрынғы нәтижелері сақталып, санада заттың бейнесі қалыптасады. Елестету процесінде есте сақтау мен қиялдау үлкен рөл атқарады. Рационалдық танымныңжоғарғы сатысы - абстрактылық ойлау. Ұғым - ойлаудың формасы, ұғымда реалды заттар мен құбылыстардың жалпы, мәндік, қажетті қасиеттері бейнеленеді. Пікір - заттың қасиетін, ерекшелігін, басқа заттармен байланысын анықтайтын ойды жеткізу формасы. Ой түйіндеу - пікірлер арасында байланыс орнату арқылы логикалық жолмен жаңа білім алу. Танымның субъектісі - объектіге бағытталған белсенді қызметті жүзеге асырушы, танып-білуші, материалдық және рухани қызмет иесі. Танымның объектісі - болмыстың субъектінің танып-білу қызметі бағытталған, оған қарсы тұрған бөлігі. Субъект пен объект диалектикалық бірлікке ие. К.Поппер субъектісіз таным теориясын ұсынады. Бірінші дүние болып физикалық жағдай дүниесі саналады. Екінші дүниеге психикалық дүние, сана жағдайындағы дүние жатады. Үшінші, субъектісіз дүние тәуелсіз, кітаптарда, ғылыми білім дүниесінде тәуелсіз өмір сүреді, бүкіл адамзаттың игілігіне айналады. Таным – субъект пен объектінің өзара әсері. Таным үрдісінде алдыңғы білім – субъектінің бойындағы білім, дағды, ұстанымдар ерекше рөл атқарады. Олар логикалық түрде тілде көрініс табады. М.Полани көрінбейтін білім, тұлғалық білім ілімін қалыптастырды. Бұл – индивидуалдық субъектінің практикалық жолмен, бірге жұмыс жасау барысында, жеке қатынастар арқылы жинаған білімі. Метод - (грек тілінде metodos) мақсатқа жету тәсіл-әдісі, белгілі бір түрде реттелген практикалық және теориялық танымдық қызмет. Ғылыми методтар эмпирикалық және теориялық болып бөлінеді. Эмпирикалық методтар қатарына бақылау, салыстыру, өлшеу және эксперимент кіреді. Бақылау - объектіні белгілі бір мақсатқа бағытталған түрде жүйелі қабылдау. Бақылау ғылыми зерттеуді алғашқы материалмен қамтамасыз етеді. Бақылауға мақсатқа бағытталғандық, жүйелілік және бақылау жүргізуші субъектінің белсенділігі тән. Салыстыру - объектілердің ортақ жақтары мен ерекшеліктерін анықтау мақсатымен оларды қатар қойып қарастыру методы. Егер объектілер эталон ретінде алынған объектімен салыстырылса, мұндай салыстыру өлшеу деп аталады. Өлшеу процесіне субъект (өлшеуші), объект (өлшенуші нәрсе) және өлшем бірлігі, өлшеу аспабы, өлшеу методы қатысады. Эксперимент - experimentum (тәжірибе, сынау) эмпирикалық танымның күрделі және тиімді методы, зерттеуші-экспериментатор объектіге белсенді әсер етеді, оның қасиеттерін анықтауға ықпал ететін жасанды жағдайлар жасайды. Теориялық методтар. Идеалдау - назарды заттың бір қасиеттерінен аударып, оның басқа қасиетін бөліп алуға - абстракциялауға негізделіп, идеалды объектілерді, яғни нақты өмірде жоқ, бірақ оларды зерттеу күрделі жүйелерді жеңілдетуге көмегін тигізетін объектілерді ойша құрастыру. Формалдау - формалданған жүйелердегі білімнің кейбір салаларын жасанды тілдердің көмегімен зерттеу методы. Абстрактылықтан нақтылыққа өту. Абстрактылық білім - объект туралы толық емес, біржақты, мазмұны объектінің жеке жақтары болып табылатын ұғымдар мен категорияларда бейнеленген білім. Нақты білім (konkretus - қоюланған) - жан-жақты, толық, объектіні оның жақтарымен байланыстарының жиынтығы ретінде бейнелейтін білім. Тарихи және логикалық методтар. Тарихи метод объектінің тарихын, өткен жолын егжей-тегжейлі зерттейді. Логикалық метод объект тарихын кездейсоқ құбылыстардан тазартып, тек негізгі, маңызды жақтарын қамтиды, соның нәтижесінде тарихи процестің логикасын, даму заңдылықтарын анықтайды. Танымның мақсаты - ақиқатқа жету. Ақиқат - объект туралы сезімдік және интеллектуалдық таным арқылы алынған, шындыққа сәйкес келетін білім. Адасу - дұрыс екендігіне белгілі бір дәрежеде сенім бар, бірақ объективтік шындыққа, ақиқатқа, затқа, нақты жағдайларға, логикалық заңдарға сәйкес келмейтін түсінік, ой немесе ойдың бағыты. Жалған - адасудың әдейі жасалған түрі. Ғылыми процесс қателіктерсіз мүмкін емес. Объективтік ақиқат - таным субъектісінен, адамзаттан тәуелсіз ақиқат. Абсолюттік ақиқат - объектісін дәл бейнелейтін, ол туралы жан-жақты, толық, ақиқаттығы ешқашан күмән тудырмайтын, қоғам мен ғылым дамыған сайын жаңа фактілер арқылы дәлелденіп отыратын білім. Салыстырмалы ақиқат - зат туралы негізінен дұрыс, бірақ шектелген, әлі де болса толық емес, таным процесінде одан әрі нақтыланып, тереңдетілетін білім. №5 тақырып. Білім, ғылым, техника философиясы (6-апта, 1 сағат) Ғылыми таным. Ғылымның пайда болуы, негізгі даму кезеңдері. Ғылымды зерттеу аспектілері Ғылымның динамикасы. Ғылымдағы дәстүрлер мен жаңалықтар Техника философиясы Ғылыми таным - таным мен білімнің ең жоғарғы формасы, ол адамға дүние туралы объективтік білім жинауға мүмкіндік беріп, оған өзін тұлға ретінде қалыптастыруға, белгілі бір көзқарасқа ие болуға және өмір мен қоғамнан өз орнын табуға көмектеседі. Ғылыми танымның ерекшеліктері. Ғылыми танымның зерттеу объектісі қарапайым таным объектісіне қарағанда күрделі, ол көбіне қарапайым сана әлі игермеген, оның танымдық шеңберінен тыс объектілерге бағытталған. Ғылыми таным белгілі бір мақсатқа бағытталған және алдына осы мақсаттан туындайтын белгілі бір міндеттер қояды. Ғылыми танымның арнайы құралдары мен метод-әдістері бар. Ғылыми қызметтің нәтижесі - ғылыми білімге дәлдік, айқындық, жүйелілік және негізделгендік тән. Ғылыми білімді өндіріс пен күнделікті тәжірибеде тексеру жеткіліксіз. Ол объект туралы мейлінше дәл, эксперименттік бақылау арқылы дәлелденген, өзіне дейінгі білімдерден туындаған және оларды жүйелі түрде құрастырып, пайдалана білген білім болуы тиіс. Ғылыми танымда ерекше ғылым тілі қалыптасады. Ғылым процесі арнайы дайындықтан өткен субъектілердің қызметі арқылы жүзеге асады. Ғылым дегеніміз не? Бұл сұраққа жауап берудің оңай еместігінің дәлелі ретінде оның қашан пайда болғандығы туралы пікірталастың әлі күнге толастамай отырғанын айтуға болады. Ғалымдардың бір тобы ғылым ежелгі дүниенің антикалық кезеңінде, яғни, осыдан 2,5 мың жыл бұрын пайда болды десе, енді бір ғалымдар нағыз ғылым тек Жаңа Дәуір кезеңінде, шамамен 18-ғасырда қалыптасты деген пікірді ұстанады. Мұндай пікірталастың себебі ғылымның күрделі және санқырлы құбылыс екендігінде. Ол бір жағынан алғанда білімдердің, теориялық қағидалар мен методтардың жүйесі, сонымен бірге қоғамдық сананың формасы, қоғамдық дамудың рухани жемісі, қоғам дамуын басқару құралы, өндіргіш күш, күрделі информациялық жүйе және т.б. Осы әртүрлі салалардың мамандары ғылымға әртүрлі анықтамалар береді және олардың ешқайсысын да теріске шығаруға болмайды. Әртүрлі анықтамаларды қорыта келіп, ғылымның жалпы анықтамасын беретін болсақ, ғылым - табиғат, қоғам және адам туралы білімдер өндіруге бағытталған зерттеу қызметі саласы. Бұл анықтамадан ғылымның зерттеу пәні туралы түсінік алуға болады. Ғылым ең әуелі адамды қоршаған орта - табиғатты зерттеуге бағытталған қызметтің жемісі ретінде дүниеге келді. Бірте-бірте қоғам туралы ғылыми түсініктер жинақтау қажеттігі туындады. Бірақ ғылым үрдісіндегі басты тұлға, ғылымның басты субъектісі де, объектісі де - адамның өзі. Адамның қатысуынсыз ғылымның қалыптасуы мүмкін емес, сонымен бірге, адам өзін түсінуге, өз мүмкіндіктерін анықтауға, табиғат пен қоғамның ғана емес, өз болашағын болжауға көне заманнан бастап осы күнге дейін талпынып келеді және бұл үрдіс адам жер бетінде қанша өмір сүрсе, сонша жалғаса бермек. Ғылымның функциялары. Ғылым күрделі әлеуметтік қызмет-функциялар атқарады. Бұл функциялар ғылымның өзінің дамуымен бірге үнемі өзгеріп, толықтырылып және ғылымның дамуына өзіндік әсерін тигізіп отырады. Қазіргі ғылымның үш әлеуметтік функциясын атап көрсетуге болады: мәдени-көзқарастық; өндіргіш күштер функциясы; 3) әлеуметтік күштер функциясы. Ғылымның генезисі және негізгі даму кезеңдері. Ғылымның генезисі, қоғамдағы қызметі және дамуының қозғаушы күштері мәселесі бойынша интерналистік, экстерналистік және позитивистік концепциялар бар. Интернализм ғылымның пайда болуы мен дамуына философиялық ой тікелей әсер етті деп есептейді және қоғамның әлеуметтік-экономикалық, саяси құрылымы мен сол қоғамның ғылымының арасында ешқандай байланыс болуы мүмкін емес деген пікірді ұстанып, ғылымның ішкі факторларын абсолютке айналдырады. Экстернализм бұл концепцияға қарсы. Оның өкілдерінің пікірі бойынша, ғылымға сыртқы факторлардың әсері мықты. Позитивизм: ғылым нақты, тәжірибеден өткен, дәлеледенген фактілерге сүйене отырып дами алады, абстрактылық ойлау мен метафизикалық түсініктер ғылым үшін пайдасыз. Біздің ойымызша, ғылымның пайда болуына, эволюциясына, қоғамда атқаратын қызметіне жоғарыда аталған факторлардың бәрі де белгілі бір дәрежеде ықпалын тигізеді және ол әр дәуірде әртүрлі болуы мүмкін. Сондықтан оларды бір-біріне қарсы қойып, немесе бір-бірінен бөліп алып, белгілі бір факторларды абсолютке айналдыру дұрыс емес. Ғылымды зерттеуші ғалымдар ғылымның даму кезеңдері туралы әртүрлі пікірлер айтады. Олардың бір тобы ғылым көне заманда қалыптасты десе, енді бір ғалымдар ғылым қоғамның ерекше саласы ретінде Жаңа Дәуірде пайда болды деп тұжырымдайды. Біздің пікірімізше, ғылымның даму кезеңдері туралы мейлінше дұрыс пікірді ұсынған қазіргі заманғы Ресей ғалымы В.В.Ильин. Ол ғылымның дамуын классикалық, классикалық емес және неоклассикалық емес деп жіктейді. Бұл жіктеуді ғылымның классикалыққа дейінгі кезеңімен (ғылымның алғашқы бастаулары десек те болады) толықтырған дұрыс секілді деп ойлаймыз. Себебі, классикалық ғылым кезеңіне дейін ғылым ұзақ уақытқа созылған “нағыз ғылымға” дейінгі қалыптасу кезеңінен өтті. Алғашқы қауымдық қоғам дамуының мыңжылдық практикасы ғылымды қалыптастыра алған жоқ. Білім күнделікті өмірдің қажеттіліктерін қанағаттандыруға ғана бағытталып, одан жоғары көтеріле алмады. Алғашқы қауымдық қоғамда өмір сүрген адамдар дүние туралы білім жинамады деуге болмайды, бірақ заттар туралы объективтік білім оларды субъективтік қабылдаумен тығыз байланысты еді, яғни, объективтік білім элементтері мен субъективтік сана арасында шекара болмады, табиғат құбылыстары адам және оның өмірімен байланысты түсіндірілді. Адам ойы таза теориялық білім деңгейіне көтерілуі үшін оның дәстүрлі практикалық бағытталғандығын бұзу қажет еді. Ескі сананы күйрету санаға тікелей әсер ету арқылы емес, сана бейнелеп отырған дүниені түбірімен қайта түсіну арқылы жүрді. Дүниеге деген жаңа көзқараста заттар адамға байланысты емес, объективті, заттар мен адам жеке-жеке, бір-біріне қатысты, бірақ тәуелсіз нәрселер ретінде пайымдалды. Осындай ерекшелік көне гректерге тән еді. Ғылымды зерттеуші ғалымдардың бәрі дерлік ғылымның отаны көне Греция деп мойындайды. Гректер Египет пен Вавилон империяларында бірнеше жүзжылдықтарға созылған соғыстардан аман қалған, ұзақ уақыт ескерілмеген білімдерді қабылдап алды және жәй қабылдап қана қоймай, өздерінің ақыл-ойының, ойлау қабілетінің күштілігі арқасында өздерінің білімдерін қоса отырып жаңа дәрежеге көтерген, оларға абстрактылық және рационалдық сипат берген халық болды. Ғылым дамуының классикалық кезеңі 16-ғасырдан басталды деуге болады. 16-ғасыр – адам рухының қайта өркендеген кезеңі. Қалалардың көбеюі адамның сезімдері мен өмірлік құндылықтарының жаңа деңгейде дамуына оң әсерін тигізді. Университеттер пайда бола бастады, олар әлі күнге дейін ғылым ордасы болып есептеледі. Өркендеу дәуірінде елеулі ғылыми жаңалықтар дүниеге келді, осы кезеңде ғылым мен өнерді біріктірген ғұламалар өмір сүрді. Олардың бәрінің есімдерін және ашқан жаңалықтарының бәрін бірдей атап шығу мүмкін емес. Ең басты тұлғаларға тоқталсақ: Леонардо да Винчи (1452-1519) - ұлы суретші және қазіргі жаратылыстану ғылымының пионері; Николай Коперник (1473-1543) поляк астрономы, дүниенің гелиоцентристік жүйесін ашты; Джордано Бруно (1548-1600) - әлем біртұтас, шексіз, үнемі өзгеріп отыратын монадолардан тұрады деп тұжырымдады; Галилео Галилей (1564-1642) - Жер айналып отырады, дүниені математика, механика ғылымдарының, ақыл-ойдың көмегімен тануға болады деп пайымдады. Одан бергі ғылымдағы негізгі революциялық жаңалықтар - атом бөлшектерінің ашылуы, атом бомбасының жасалуы, космосты игеру, ғылым жетістіктерінің өндіріс саласына көптеп енгізілуі немесе ғылымның өндіргіш күш ретінде қарқынды дамуы, электроника және кибернетика салалары жетістіктерінің адамның өмір сүруін жеңілдету үшін қолданылуы, яғни, адамның күнделікті тұрмысында ғылымның кең орын алуы. Бұл классикалық кезең Галилей мен Пуанкареге дейінгі 16-20 ғасырларды қамтиды. |