Главная страница
Навигация по странице:

  • Балалар және білім беру.

  • Саяси, әлеуметтік және қоғамдық өмір.

  • Қазіргі Қазақстандағы әлеуметтік стратификация

  • Саяси жүйе. Саясат дегеніміз – әлеуметтік субъектінің басқа субъектілерге немесе объектілерге қатысты саналы түрде жүргізетін қызметі.

  • Ішкі функциялар

  • Қоғамдық сана және оның түрлері.

  • қоғамның өзін-өзі, өзінің қоғамдық болмысын және қоршаған ортаны түйсінуінің (осознание) нәтижесінде пайда болатын қоғамдағы әртүрлі пікірлердің, теориялардың, идеялардың, діни сенімдердің жиынтығы

  • Қоғамдық сана және жеке сана.

  • 2021-22 Философия Дәріс (2). Философия кафедрасы


    Скачать 212.1 Kb.
    НазваниеФилософия кафедрасы
    Дата01.11.2021
    Размер212.1 Kb.
    Формат файлаdocx
    Имя файла2021-22 Философия Дәріс (2).docx
    ТипДокументы
    #260333
    страница8 из 11
    1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

    Үй және отбасы. Классикалық “нуклеарлы отбасының” ыдырауы қазіргі уақытта шындыққа айналды. Отбасы түрінің бірлігін неке мен бірге тұрудың көптүрлілігі ауыстырды. Мұндай отбасылар саны әлемдік деңгейде біртіндеп көбейіп келе жатыр (өкінішке орай, дәстүрлі отбасының негізі мығым деп саналатын Қазақстанда да пайда бола бастады). Басым көпшілік оны қолдап отырған жоқ., сондықтан отбасының класссикалық түрі болашақта сақталады деп ойлаймыз. “Электрондық коттедж” идеясына келетін болсақ, ол ыңғайлы және үнемді болғандықтан, қазір кеңінен тарап отыр. Бірақ адамдардың басым көпшілігі басқалармен араласу мүмкіндігін туғызатын жұмыс түрлерін қалайды, себебі “Меннің” “Басқамен” тірілей және тікелей араласуына жететін ештеңе жоқ.

    Балалар және білім беру. Әрине, ақпараттық қоғам заманы білім берудің көп түрлерін жеңілдетті және әрбір адамға жақындатты. Бірақ балаларды теледидар арқылы оқыту практикалық нәтижесін бермегендіктен жүзеге аспады деуге болады. Соңғы уақытта жоғары білім саласында қашықтықтан оқыту әдісі қолданыла бастады, бұл туралы Елбасының Қазақстан халқына 2012 жылдың 14 желтоқсанындағы Жолдауында да айтылды.

    Саяси, әлеуметтік және қоғамдық өмір. ХХ-ХХІ ғасырлардағы ақпараттық төңкеріс адамдардың арасындағы ақпараттық-коммуникативтік байланысты қаматамасыз етіп қана қойған жоқ, олардың өмір салтын өзгертіп, ғалам тұрғындарының коммуникативтік кеңістігін кеңейтті, ақпараттық процестердің жаһандануы пайда болды. Бұқаралық ақпарат құралдарының дамуы, олардың халықтың барлық топтарын қамтуы көпшіліктің санасына әсер етудің (оны билеудің десе, дұрыстау болар) кең мүмкіндіктерін ашып, әлемдік мәдениеттің интеграциясын қалыптастырды және адамның мінез-құлқының түрлерін (кейде адам шошырлық) көбейтті. Қажеттілікті қанағаттандырудың, көңіл көтерудің шексіз және таусылмайтын мүмкіндіктерінің пайда болуы мәдениет үшін қауіпті болып саналатын аномия сияқты құбылыстың тереңдеуінің себебіне айналады.

    Кез-келген ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндігіне ие болған адамның санасында өзінің басқа адамдармен бірдей, тең екендігі туралы пікір қалыптаса бастайды. Өзінің психологиялық қабылдауында өз “Менінің” “Басқамен” теңдігі туралы сезім қазіргі заманғы адамның тұлғалық қасиеттерінің қалыптасуындағы индивидуалдықты күшейтеді, сонымен қатар, он өзі сияқтылардың санына қосып жібереді және өзінің имиджін аңызға айналдыру мен абсолюттік теңдіктің қияли әлемінің психологиялық негізін тудырады.

    Жаңа қоғамның, ақпараттық қоғамның басты белгілерінің бірі – оның жылдам және үзінді түрінде дамуы. Бұл белгілер әсіресе тұлғаралық коммуникацияда, қызмет көрсету саласында ерекше байқалады және дәл осы салалар адамға көбірек әсер етеді. Қазіргі заманғы коммуникативтік кеңістікке адамның ғана емес, әлеуметтік институттардың да тез орын ауыстыруы, тұлғаралық ұзақ араласуға уақыттың жоқтығы, адамдар арасындағы байланыстың қысқаруы тән. Әртүрлілік ағайындық, отбасылық және достық қарым-қатынастарға да енді, олар модульдік сипатқа ие болды, яғни коммуникацияның әрбір мүшесін алмастыруға болады, ол өзіндік қайталанбастығын жоғалтып, тобырдың адамына айналды.

    Мұндай қауіп экономикалық, ұлттық, рухани, әлеуметтік және тағы басқа да өзгешеліктердің жылдам жойылуына алып келіп отырған жалпыға ортақ бірегейлік үстемдік құрған әлемдік ақпараттық қоғамның құрамдас бір бөлігі саналатын қазіргі Қазақстанға да төніп тұр. Өндірістік қоғамдағы бірегейлік және ерекшеліктерді жоюшы үрдістер постиндустриалды қоғамда да жылдам дами бастады. Ғылым мен техниканың дамуы өмір сүру жағдайлары бірдей әлемдік ақпараттық өркениетті құрды. Ақпараттық қоғамның адамзаттың жалпы дамуында, әсіресе, экономика мен қаржы жүйесінде, ғылым, білім, өнер салаларында жағымды жағы, әрине, жетерлік. Біртұтас әлеуметтік ортада ақпараттық қоғам араласпайтын ешбір аймақ жоқ деуге болады.

    Әйтсе де мұндай бірегейлік құрамында Қазақстан да бар жақында ғана егемендігін алып, дамудың тәуелсіз жолына түскен елдер үшін біршама қауіпті. Ақпараттық қоғам өрістеген дәуірде өркениетті елдер, алдымен, білім беру жүйесін күшейту арқылы интеллектуалдық әлеуетті көтеруге, адам ресурстарына айрықша көңіл бөлетіні белгілі. Сондықтан да ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев ақпараттық қоғам барынша дамыған дәуірде өзінің мемлекеттік және ұлттық мүдделерін қорғауға, басқа елдермен бәсекеге түсуге қабілетті интеллектуалдық ұлт қалыптастыру мәселесін көтерді және бұл идеясын Қазақстан халқына 2012 жылдың 14 желтоқсанындағы Жолдауында да дамытты.

    Ақпараттық технологиялардың адамның шығармашылық қабілеттері мен интеллектуалдық әлеуетін күшейтетіні сөзсіз. Бірақ сонымен бірге ол әлеуметтік қайшылықтарға, этникалық тұтастықтың бұзылуына да әкеледі. Өкінішке орай, тұлғаның бұлайша тозуы қазіргі ақпараттық қоғамда өмір сүріп жатқан біздің азаматтарымыздың, әсіресе, жастардың арасында да кездеседі. Сондықтан дәл бүгінгі таңда қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті мен ұлттық ділінің ерекшеліктерін сақтай отырып, тәрбие мен білім беру жүйесін түбегейлі жаңарту қажет және “адам-адам” және “адам-қоғам” қатынастарына көлеңке түсірмейтін құндылықтардың қалыптастырылуын, тұлғаның бойындағы ақпараттық қажеттікпен қатар өзге де мәдени және әлеуметтік мүдделер өзіндік орын алатын жалпы және кәсіби мәдениет деңгейлерін көтеру мәселелерін қадағалау қажет.

    Жеке тұлға мен әлеуметтің өзара қатынасы ақпараттық қоғам дәуірінің келуімен және виртуалдық өмір мәдениетінің кең таралуымен байланысты қысымның да арта түскенін көрсетеді. Сондықтан да сыртқы кері күштерге төтеп бере алатын, оған тез бейімделуінің нәтижесінде әлеуметтік өмірдің барлық саласындағы мәдениеттің өзегі болып, гуманистік мәнге ие болатын тұлғаның өзінділігін сақтау аса маңызды орын алып отыр.

    Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев жоғарыда аталған Жолдауында: “Адамның әлеуеттік дамуына бағытталған біздің саясатымыздың арқасында жастардың қазіргі талантты толқынын қалыптастыра алдық”, - деп нақтылады. Десек те бұл салада әлі де шешімін таппаған мәселелер бар, сондықтан қазіргі заманғы интеллектуалдық тұлғаны дамытудың жаңа өлшемдерін анықтауға тиіспіз.

    Біз тез қалыптасып жатқан постиндустриалдық ақпараттық қоғамды ғылыми-теориялық тұрғыдан түсініп, сараптауға дайын болмай шықтық. Сондықтан осы жұмысты жүргізуді қолға алу – уақыт талабы. Қазіргі жастардың, әсіресе студенттердің интеллектуалдық деңгейін көтеру мәселесі оларды ақпараттық қоғамда өмір сүруге бейімдеумен ғана шектелмейді, оны олардың өздері жасау қабілеттерін қалыптастыруды көздейді. Ақпараттық қоғамның ерекшеліктерін арнайы зерттеген ғалым Д.Белл әлденеше рет атап көрсеткендей, бұл қоғамда инновация мен білім беру қызметін қатар қамтитын университеттердің орны бөлек.

    Біз бұл пікірге “жастардың қалыптасуына осы университеттерде оқытылатын қоғамдық ғылымдардың, соның ішінде философияның рөлі ерекше” деген өз ойымызды қосар едік.

    Әлеуметтік жүйе. Әрбір қоғам әлеуметтік жүйеге ие, оған отбасылық-ағайындық, ұлттық-этникалық, территориялық, таптық, кәсіби, демографиялық қауымдастықтар мен әлеуметтік институттар (ұжымдар, ұйымдар, топтар және т.б.) кіреді. Көріп отырғанымыздай, қоғамның әлеуметтік жүйесі өте күрделі.

    Тарихи даму барысында адамдардың тұрақты топтары қалыптасты, олардың алғашқысы – ағайындылық негізінде пайда болған рулық-тайпалық қауымдастықтар. Бұл қауымдастықтармен бірге отбасы мен некенің формалары пайда болды, олар да топтық отбасынан моногамдық отбасына дейінгі күрделі даму жолынан өтті. Моногамдық отбасының бір түрі – нуклеарлы деп аталатын отбасы, ол жұбайлар мен олардың балаларынан тұрады. Әлеуметтік микродеңгейде отбасы әлі күнге дейін ең тұрақты, мызғымас қауымдастық болып келеді. Әрине, соңғы уақытта, әсіресе Батыс Европада, біржынысты отбасылардың пайда болып, тіпті кейбір мемлекеттерде олардың заңдастырылып отырғаны да белгілі. Бірақ адамзат түбінде дәстүрлі отбасын таңдайтыны сөзсіз.

    Әлеуметтік макродеңгейде ең тұрақты тарихи қоғамдастық – ұлт. Ұлттың анықтамасы: территориясы, экономикалық байланыстары, тілі, мәдениеті мен мінез-құлқы ортақ адамдардың тарихи қауымдастығы. Ұлтты табиғи, биологиялық құрылым ретінде қарастыруға болмайды, оның негізінде әлеуметтік қатынастар мен байланыстар жатыр.

    Әлеуметтік жүйені тағы бір маңызды элементі – таптар. Миллион жылдан астам өмір сүрген алғашқықауымдық құрылыстағы ұжымдық меншіктің орнын жеке меншік басты, нәтижесінде таптар немесе мүдделері қарама-қарсы, қоғамның әлеуметтік құрылымында ерекше орын алатын әлеуметтік топтар пайда болды. Оның басты алғышарттары – еңбектің қоғамдық бөлінуі, өндіріс құралдарына меншіктік қатынас.

    Марксизмнің көрнекті өкілі В.И.Ленин (1870-1924) таптардың анықтамасын былайша тұжырымдады: “Таптар деп адамдардың қоғамдық өндірістің белгілі бір тарихи жүйесінде алатын орнына, олардың өндіріс құралдарына қатынасына (көбіне заңдарда бекітілген және рәсімделген), еңбекті қоғамдық ұйымдастырудағы рөліне, яғни олар ие қоғамдық байлықты алу тәсіліне және мөлшеріне қарай ерекшеленетін үлкен топтары аталады”.

    Таптар негізгі және негізгі емес болып бөлінеді. Негізгі таптар қоғамда үстемдік етіп отырған өндіріс тәсілімен, ал негізгі емес таптар бұрынғы немесе жаңа қалыптасып келе жатқан материалдық өндіріспен байланысты.

    Кез-келген қоғамда таптармен қатар, зиялылар немесе интеллигенция өмір сүреді. Зиялылардың қоғам дамуындағы рөлі ерекше. Оларды халықтың, ұлттың санасы деп сипаттауға болады. Негізінен алғанда ой еңбегімен айналысушы интеллигенция қоғамның экономикалық-әлеуметтік жағдайын сараптап, даму үрдісіндегі қателіктерін көрсетіп, болашағын болжап отырады. К.Маркс интеллигенцияның екі түрін атап көрсеткен болатын: өзінің ғана қамын ойлайтын утилитарлық және халықтың жағдайын ойлайтын нағыз интеллигенция. Біздің ойымызша, интеллигенцияның ақиқат мәнін ашатын екінші топ, халықпен бірге болатын, қай уақытта да жаны ашып, “жақсы өмір” (Платон) үшін онымен бірге күресетін адамдар тобы. Мұндай ақиқат, нағыз интеллигенцияның үлгісі ретінде 20-ғасырдың басындағы қазақ зиялыларын айтуға болады. Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытовтар бастаған көзі ашық азаматтар қазақ қоғамын, қазақтың өмірін өзгерту, дамыған елдер мен ұлттардың деңгейіне жеткізетін жол сілтеу мақсатында аянбай қызмет етті. Биліктің қай түрі болсын интеллигенциямен жақын болуға, оны өзіне тартуға, ал ойлары жүзеге аспаған жағдайда олармен күресуге ұмтылатыны кездейсоқ емес.

    Қазіргі әлеуметтік философия әлеуметтік стратификация және әлеуметтік мобильділік теориясын ұсынады. Әлеуметтанушылар қазіргі қоғамды геология ғылымында қабылданған терминді қолдана отырып, страталарға, ерекше қабаттарға бөледі. Адамдар әртүрлі белгілерге байланысты страталарға жіктеледі. Бұл белгілер мамандық, білім, табыс, мәдени даму деңгейі, өмір салты, саяси билік дәрежесі және тағы басқа болуы мүмкін. Көбіне страталарға бірнеше белгілер бойынша бөлінеді (көпөлшемді стратификация), яғни бір адамды бір мезгілде бірнеше стратаға жатқызуға болады. Мысалы, бір адам жоғары білімі барлардың стратасына да, шағын бизнесі барлардың стратасына да, басшылардың немесе қызметшілердің стратасына да кіруі мүмкін.

    Страталарға бөлінген қоғамның ерекшелігі – әлеуметтік мобильділігі, ол горизонтальді (көлденең) және вертикальді (тік) болып бөлінеді. Горизонтальді мобильділік – адамдардың бір қабаттың ішінде орын ауыстыруы, мысалы бір мамандықтың өкілінің осы мамандық бойынша басқа мекемеге жұмыс орнын ауыстыруы. Тік мобильділік – адамдардың төменгі қабаттан жоғары қабатқа орын ауыстыруы. Батыс әлеуметтанушыларының пікірінше, ашық қоғам болып саналатын батыс қоғамына тік мобильділік тән және адамдардың бәрінің жоғары көтерілу мүмкіндіктері бірдей. Олар алты “әлеуметтік лифт” бар деп көрсетеді: 1) экономика, бизнес саласы; 2) саясат; 3) әскери қызмет; 4) шіркеу: 5) ғылым: 6) неке. Яғни, қоғам – адамдарды жоғары қабаттарға көтеретін лифтілерге толы құрылым секілді. Бірақ, адамдардың бәрі бірдей қоғамның жоғары қабатына шыға алады деуге болмайды, көптеген елдерде, тіпті демократия мықты дамыған мемлекеттердің өзінде де қатаң қоғамдық иерархия сақталып отыр, өз ортасынан озып шығып, жоғары таптың қатарына қосылған жұмысшылардың саны аз. Ақпараттық қоғам заманы қоғамның әлеуметтік құрылымына өзгерістер енгізіп, ғылыми-техникалық интеллигенция мен қызмет көрсету салалары мамандарының санын арттырды.

    Қазіргі Қазақстандағы әлеуметтік стратификация туралы айтатын болсақ, белгілі әлеуметтанушы, әлеуметтік ғылымдардың докторы, профессор Г.Б.Шөптібаеваның жіктеуі бойынша қазіргі заманғы Қазақстанда үш тап бар: байлар, орташалар және кедейлер.

    Жоғары тапқа жататындар: билігі, жеке меншігі және ақшасы барлар. Жоғары тап: 1) билеуші элита: президенттік, парламенттік және үкіметтік құрылымдардың жоғары лауазымды шенеуніктер; 2) ірі бизнесмендер, олардың арасында заңды және заңсыз, қылмыстық жолмен байығандар бар.

    Орта тап: 1) орта және ұсақ кәсіпкерлер, мемлекеттік аппараттың шенеуніктері, банк, элиталық мектептер, емханалар қызметкерлері; 2) табысы төмендеу, бірақ өмір сүруге қажетті кірісі бар адамдар.

    Әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттері – орта тап өкілдері басым мемлекеттер, Қазақстанның да мақсаты сондай. Жапонияда халықтың 90%, АҚШ, Германия, Англияда – 80%, Европаның дамыған елдерінде 80-90% орта тап құрайды. Қазақстанда шамамен 30%.

    Төменгі тап: жұмыссыздар, зейнеткерлер, банкрот мекемелердің қызметкерлері және т.б., шамамен алғанда 15%. Төменгі тап үш топқа бөлінеді: 1) жоғары төменгі топ немесе кедейлер – тапқан табысы өмір сүруіне жететін және сәл артылатын адамдар; 2) орташа төменгі топ немесе ушыққан кедейлік – әрең-әрең күн көретіндер; 3) төменгі төменгі топ немесе ең кедейдер – бомждар. Кедейлер ауылдық жерде көп, адамдардың ауылдан қалаға көшуінің себептерінің бірі де осы (Г.Б.Шөптібаева. Әлеуметтану. Оқулық, Алматы, 2011)

    Саяси жүйе. Саясат дегеніміз – әлеуметтік субъектінің басқа субъектілерге немесе объектілерге қатысты саналы түрде жүргізетін қызметі. Әлеуметтік субъект ұғымы әлеуметтік топтарды, таптарды, ұлттарды, партияларды және басқа да қоғамдық ұйымдарды, ең бастысы – мемлекетті қамтиды. Саясат әртүрлі: экономикалық, қаржы саясаты, демографиялық, жастар саясаты, ұлттық саясат, халықаралық саясат және т.б.

    Осы әртүрлі саясаттың арасында ең басты орын алатын – саяси саясат, немесе шын мәніндегі саясат. Ол – таптардың, әлеуметтік топтардың, партиялардың мемлекеттік билікті сақтап қалуға немесе оған жетуге бағытталған қызметі. Саясаттың басқа түрлері мемлекеттік билік арқылы жүргізіледі. Көне гректер саясат деп мемлекетті басқара білуді түсінді.

    Саясат мемлекетке қатысты таптардың арасындағы қатынастардың барлығын қамтиды, бұл қатынастар негізінен алғанда осы қоғамда үстемдік етіп отырған таптардың көзқарастарын қамтамасыз етеді, себебі қоғамдық таптар мен топтар мемлекеттің билігіндегі басқару құралдары арқылы өздерінің мүдделерін жүзеге асыруға тырысады. Олардың түпкілікті мүдделерінің негізінде мемлекеттік саясаттың мазмұны қалыптасады. Бірақ мемлекетке қауіп төнген уақытта мемлекет өзінің террриториясын мекендеп отырған барлық таптар мен ұлттардың мүддесін қорғайды.

    Саяси қатынастардың жиынтығы қоғамның саяси жүйесін құрайды. Оған мемлекет, саяси институттар және белгілі бір қызметтерді атқаратын ұйымдар (саяси партиялар, кәсіподақтар, жастар ұйымдары және т.б.). Саясатты жүзеге асыруда саяси идеология мен саяси сана маңызды рөл атқарады.

    Мемлекет атқаратын қызметтер (функциялар) ішкі және сыртқы болып бөлінеді. Ішкі функциялар қоғамдық тәртіпті және мемлекеттегі әлеуметтік қатынастар жүйесін сақтауға бағытталған. Олардың ішіндегі маңыздысы – экономикалық функция, себебі жоғарыда ескерткеніміздей, мемлекеттің экономикалық дамуы оның қалыпты өмір сүруінің салыстырмалы түрде алғанда (руханилықты да ескермеуге болмайды) басты көрсеткіші болып табылады. Мемлекет мынадай экономикалық мәселелерді шешуге белсенді қатысады: мүліктік қатынастарды реттеу, қоғамдық өндіріс үрдісін қадағалау, экономиканы жоспарлау және болжамдау және тағы басқалары.

    Сонымен қатар, мемлекет әлеуметтік функцияларды да атқарады. Мемлекеттің тікелей араласуын қажет ететін салалардың арасында жұмыссыздықты азайту, халықты жұмыспен қамтамасыз ету, күнкөріс деңгейі төмендерге көмектесу, білім, денсаулық, зейнетақы салаларын қадағалау сияқты маңызды салалар бар. Скандинавия мемлекеттері бұл мәселелер бойынша әлемдегі жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді деуімізге болады.

    Мемлекеттің сыртқы функциялары: елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, басқа мемлекеттермен қатынастар орнатып, өз мүддесін қорғай білу, мемлекеттің “өмірлік кеңістігін” кеңейтуге, географиялық орны мен стратегиялық ұстанымдарын жақсартуға, шикізат мен энергия көздеріне қол жеткізуді қамтамасыз етуге бағытталағн геосаясат жүргізу.

    Мемлекеттің саяси жүйесіне құқық та – мемлекет пен құқық қорғау органдары қорғайтын әлеуметтік нормалар мен қатынастар – кіреді. Мықты дамыған мемлекеттерде құқық жүйесі мен халықтың құқықтық санасының арасында белгілі бір жоғары дәрежеде үйлесімділік болады және әрбір мемлекет осыған ұмтылуы тиіс.

    Қоғамдық сана және оның түрлері. Адамазт тарихындағы әрбір қоғамның өзіндік рухани жүйесі бар. Адам рухани өмірге ие жалғыз тіршілік етуші, себебі тек адам ғана санаға ие және соның нәтижесінде рухани өндірісті қамтамасыз етеді. Қоғамның рухани жүйесі қоғамдық санада бейнеленген.

    Қоғамдық сана - қоғамның өзін-өзі, өзінің қоғамдық болмысын және қоршаған ортаны түйсінуінің (осознание) нәтижесінде пайда болатын қоғамдағы әртүрлі пікірлердің, теориялардың, идеялардың, діни сенімдердің жиынтығы. Ол қоғамдық болмысты бейнелейді, бірақ салыстырмалы түрде белсенді, яғни, қоғамдық болмысты пассивті бейнелеп қана қоймай, өзі де қоғамдық болмыстың дамуына белсенді әсер етіп отырады.

    Қоғамдық сана және жеке сана. Жеке сана мен қоғамдық сананың арақатынасын жеке мен тұтастың арақатынасы ретінде қарастыруға болады. Жеке сана қоғамдық сананың бөлігі, оның құрамында қоғамдық сананың элементтері ылғи да болады. Адам өмірге келгенде қоғамда өзіне дейін қалыптасқан өндірістік қатынастарға, қоғамның экономикалық негізіне ғана емес, рухани мәдениет пен мәдени құндылықтар дүниесіне қадам жасайды. Сондықтан да жеке адам қоғамдық сананың принциптерімен және шектеулерімен санасуға мәжбүр.

    1. Осы тұрғыдан қарастырғанда қоғамдық сана біршама өзінділікке ие, жеке санадан тәуелсіз, одан жоғары тұрды.

    2. Сонымен қатар, қоғамдық сана белгісіз бірдеңе емес. Әрбір нақты дәуірдің, әрбір халықтың қоғамдық санасының біршама “тұлғалық”, жекелік сипаты бар. Мысалы, әлемдік философия ғылымының дамуына Сократтың, Аристотельдің, Канттың, Гегельдің, Абайдың қосқан үлестері зор. Яғни, қоғамдық сана мен жеке сана өзара диалектикалық байланыста. Жеке сана қоғамдық сананы байытады, ал жеке сана қоғамдық сананың жетістіктері арқылы жетіліп, дамып отырады.

    3. Мұндай байланыстың диалектикалық болатын себебі - ол қайшылықты. Жеке сана идеялар өндірісінің маңызды құрылымы бола отырып, кейде оған қарсы да тұрады, дәстүрлерге, үстемдік етіп отырған қоғамдық сананың ережелері мен қағидаларына қарсы әрекет жасайды және дамиды. Осылай болмаса, қоғамдық сананың прогрессивті болуы мүмкін емес, ол тоқырауға ұшырайды.

    4. Қоғамдық сана мен жеке сананың бірлігі екеуінің де бір объектіні - қоғамдық болмысты бейнелейтіндігінен де көрінеді. Бірақ, мұндай бейнелеу мазмұны жағынан әртүрлі. Әрбір индивид қоғамдық сананы жалпының жекелік, өзіндік ерекшеліктер призмасы арқылы бейнелейді.

    5. Жеке сана қоғамдық санаға толығымен кірмейді.

    6. Қоғамдық сана мен жеке сананың арасындағы сәйкестік, үйлесімділік қоғам дамуының анықтаушы факторы болып табылады.
    1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11


    написать администратору сайта