Главная страница
Навигация по странице:

  • Адам өмірінің мәні.

  • Өмірдің мәні мәселесін ұғыну арқылы адам өзінің бүкіл тағдырын айқындай алады

  • Мәнді өмір өлімнің өзін мәнге ие етеді

  • 2021-22 Философия Дәріс (2). Философия кафедрасы


    Скачать 212.1 Kb.
    НазваниеФилософия кафедрасы
    Дата01.11.2021
    Размер212.1 Kb.
    Формат файлаdocx
    Имя файла2021-22 Философия Дәріс (2).docx
    ТипДокументы
    #260333
    страница4 из 11
    1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

    Өмірдің мәні – философияны мәңгілік мәселесі.

  • Өмірмәндік категориялар. Өмір және өлім

  • Руханилық – адам өмірінің мәні.

    Адам өмірінің мәні. Өмірдің мәні мәселесін адамзаттың рухани мәдениеті тарихындағы ең басты мәселелердің бірі деуге болады. Өмірдің мәні туралы ойланбаған адам, өмірдің мәнін түсіндіру мақсатында ізденбеген философиялық мектеп жоқ шығар.

    Индивидтің тұлға ретінде қалыптасу деңгейі де оның осы мәселені өзі үшін анықтау дәрежесіне тікелей байланысты, себебі өмірдің мәні адамға дайын күйінде берілмейді, оны түсініп, санасына сіңіру және жүзеге асыру адамның тек өзінің қолында. Өмірдің мәні мәселесін ұғыну арқылы адам өзінің бүкіл тағдырын айқындай алады десек, артық емес. Өкінішке орай, өмірмәндік сауалдар адамның санасында көбіне тым кеш, өмірдің қызылды-жасылды дәурені өтіп, бойдан қуат, ойдан сәуле кеткен кезеңде туындайды. Мәнсіз өмір өкіндіріп, өмірдің мәнінің жауабын таба алмай, адам дағдарысқа тап болады, философия тілімен айтсақ, гиперрефлексияға ұшырайды. Бұл құбылыс адамның өзі үшін де, ол өмір сүріп отырған қоғам үшін де аса қауіпті.

    Нақты мәселелерді зерттеумен шектелетін басқа ғылымдардай емес, адам қызметімен тікелей байланысты, адам, оның өмірі туралы іргелі мәселелерді тереңдеп тексеретін философия ғылымы ғана осындай гиперрефлексияға тап болған адамның жанын жазып, өмірмәндік мәселеге сабырлы көзқарас қалыптастырады, сол арқылы тұйықтан шығуға ықпал етеді. Өмірдің табалдырығынан енді аттағалы отырған жас адамға да мәнді өмірді таңдауға көмектесетін ғылым – философия. Өмірдің мәні мәселесінің философия тарихындағы барлық дерлік бағыттардың жалпы, ал ХХ ғасырдағы экзистенциализмнің негізгі зерттеу объектісіне айналуы да сондықтан.

    Өмірдің мәні психологиялық және этикалық категориялар болып та саналады. Бірақ бұл ғылымдар көбіне адам өмірдің мәнін таба алмай немесе жоғалтып, экзистенциалдық вакуумге түскен жағдайларда көмекке келеді. Философия болса, мәселенің алдын алуға, оны теориялық жағынан тереңдеп түсінуге, адамның адам ретінде мәнді өмір сүруіне қажетті өмірлік жол таңдауға ықпал ете алады. Философия адамды жан‑жақты зерттеуші ғана емес, оның рухани келбетін қалыптастырушы екенін де баса айту керек.

    Өмірдің мәні мәселесінің түбіне эмпирикалық жолмен бойлауға да, өзінің ғана емес, басқа адамның өмірінен үйрене отырып та жетуге болады. Бірақ бұл жол тым ұзақ, оны таңдаған адам өмірдің мәнін кеш түсініп, өмір көшінен қалып қоюы мүмкін.

    Ал философия ғылымының көмегіне жүгінген адам өз бойында дұрыс, логикалық ойлау жүйесін қалыптастыру арқылы өмірмәндік мәселенің түбіне тереңдеп бойлай алады және адам, өмір, қоғам туралы философия берген біліміне сүйене отырып, өмірдің әртүрлі жағдайларынан жол тауып, қысылмай шығады.

    Өмірдің мәні мәселесінің қиындығы адам табиғатының күрделілігімен тығыз байланысты. Дүниеде адамнан жұмбақ ештеңе жоқ. Адам тіршілік етуші ретінде жарық дүниеге келген уақыттан бері өзін‑өзі танып білуге талпыныс жасап келеді. Бірақ, басқа ғылымдарды айтпағанның өзінде, адамды негізгі зерттеу объектісіне айналдырған дін мен философия адам болмысын толық ашып берді деп айта алмаймыз. Өркениеттің тарихи дамуының әрбір кезеңі адам табиғатын түсіну ісіне белгілі бір жаңалық, азды‑көпті үлес қосып отырғанын жоққа шығармасақ та, адамның өзі әлі күнге дейін ашық проблема күйінде қалып отырғанын мойындауымыз керек. Сократтың “Өзіңді‑өзің танып біл!” қағидасын басшылыққа ала отырып, өзінің ішкі дүниесін тереңдеп тексеруге ұмтылған адам өзі ойламаған қиындықтарға тап болары сөзсіз. Индивид өзін танып‑білудің тура жолы жоғына және “Адам дегеніміз кім?” деген сауалға түпкілікті жауап болуы мүмкін емес екендігіне көзі жетеді, ол өзі үшін де, басқалар үшін де шешілмес проблема болып қала береді.

    Бір‑біріне тамшыдай ұқсас индивидтер жоқ екендігі белгілі. Әрбір адамның кім екенін оның өзіне де, басқаға да түсіндіріп беретін дайын анықтама берілмеген, оны іздеп табу керек. Адам экзистенциясының қиындығы да осында. Адам бұл мәселенің түйінін тарқатудың қиындығынан қорқып, оны елемеуге тырысқан сайын немесе алдамшы шешім қабылдап, өзін де, басқаларды да өтірік алдарқатқан сайын, мәселе ушыға түседі. Сондықтан да адам ерте ме, кеш пе (әрине, ертерек болғаны дұрыс) өмірмәндік мәселені шешу жолына түсуі тиіс.

    Адам өмірінің мәні категориясының мазмұны да өзіне жақын басқа ұғымдардың негізінде қалыптасады, солар арқылы жаңа, бұрынғыдан да күрделі мазмұнға толады. Бұл категориялардың арасындағы ең негізгісі – «өмір» категориясы.

    Өмір – адам тіршілігінің негізі, оның сан алуан қажеттіліктері мен талап‑тілектерін, мақсаттары мен жоспарларын жүзеге асыруының жалғыз, абсолюттік мүмкіндігі. Өмір болмаса адамның өзі де, өмірдің мәні туралы ойлары да, іс‑әрекеті де, қуаныш‑қайғысы да болмайды. Өмірдің мәні туралы ойланып, өмірмәндік гиперрефлексияға берілмес бұрын адам осыны ойлаған жөн. Көне гректерше айтсақ, Prіmum vіvare deіnde phіlosophare – әуелі өмір сүру, содан кейін ғана философиялық ойлау. Қандай жағдай болмасын, өмір мәнге ие, “өмір мәнсіз” деген эгоистік және субъективтік принцип жарық дүниенің баға жетпес құндылығын төмендете алмайды. Өмір – адамға берілген болмыс, оның мәні – адамның осы болмыстың барлық көріністерінен мән іздей отырып өмір сүруінде. Бірақ бұл ізденісті өмірді тәрк етуге айналдыруға болмайды. Аталған құбылыс әсіресе ой еңбегімен айналысушы адамдарға, интеллектуалдарға тән. Олардың көбі өмірді нақты сезіне білуден өмір туралы пайымдауды жоғары қояды да, өмірдің өзінің құндылығын бағалауға дәрменсіз күйге ұшырайды.

    Бір жағынан алып қарағанда, адамның өмірдің мәні туралы терең ойға берілуі құптауға тұрарлық құбылыс. Өмірмәндік толғаныс – адамның тұлғалық сипаты, себебі бұл іс кез‑келген адамның қолынан келе бермейді. Бірақ өмірдің мәні туралы мәселені тым әсірелеу, ақыл‑ойды сезімнен, нақты іс‑әрекеттен ажырату (гиперрефлексия) адам үшін де, ол өмір сүріп отырған қоғам үшін де қауіпті. “Өзін‑өзі танумен” тым әуестенген, рационалдық танымды сезімдік танымнан жоғары қойған адам өзін қоршаған дүниенің қызығына көңілі толмай, өзінің ішкі дүниесінен ғана жұбаныш тауып, оны тым асыра бағалап, томаға‑тұйық, өзімен‑өзі өмір кешуге ұмтылады. Мұндай адамдар өмір көшінен сырт қалғандай әсер тудырады. Әрине, бір рет қана берілетін өмірді қалай кешу әркімнің өз еркі. Бірақ тым оқшау өмір кешу, философия тілімен айтсақ, жаттану, өмірдің құндылығын бағаламаудың, өзін өмірден де, басқа адамдардан да жоғары құндылық ретінде қате түсінудің жемісі секілді. Бұл туралы орыс философы Н.Н.Трубников жақсы айтқан. Оның пайымдауынша, жаттану дегеніміздің өзі бос сөз. Жаттану туралы айтудан жалықпайтын, өзінен жоғары тұрған әлеуметтік дүниені зұлымдықтың бастауы ретінде қарастыратын адам адамнан тыс және адамнан жоғары ешқандай да әлеуметтілік, ешқандай да реалдылық жоқ екендігін, әлеуметтіктің өзі индивидуалдықтан басталатындығын ұмытып кетеді. Ішкі дүниесіндегі қайшылықтарға жауап беруден қашқан адам өзінің микроортасы мен микросоциумында “ештеңе өзгертуге қабілетсіз болғандықтан ол өзінің билігі жүрмейтін жалпы социум жөнінде айтудан танбайды. Мұндай адам өз өмірінің мәнсіздігі мен өмірдегі сәтсіздіктерінің себебін өзінен емес, өмірден, қоғамнан, өзін қоршаған адамдардан іздейді, соларды ғана кінәлап, жаттану мен өгейсіну, өмірдің мәнсіздігі, дүниенің қисынсыздығы туралы жар салады”. Бұл пікірмен толығымен келіспесек те, негізінен алғанда жаны бар ой. Әрине, адамның жаттануындағы қоғамның рөлін жоққа шығаруға болмайды, бірақ негізгі жауапкершілік индивидтің өзінде екендігін ұмытпаған жөн.

    Неміс философы Г.Риккерт те өмірді ұғынуды адам уайымымен, қайғыруымен байланысты қарастырады, бірақ оның көзқарасы біз қарастырған жаттанған адамның түсінігінен өзгеше. Г.Риккерттің пайымдауынша, қазіргі адам үшін ең басты нәрсе “уайымдау” болса, осы “уайымдаудың басты объектісі – өмір”. Г.Риккерт бұл жерде “уайымдау” ұғымын экзистенциалистік түсінікте, тереңдеп ойлану мағынасында қолданып отыр. Адам әдетте не туралы терең ойланады, уайымдайды? Өзін мазалаған, жан‑жақты танып‑білгісі келген нәрсені ғана адам уайым объектісіне айналдырады. Риккерттің терең ойлауды уайыммен салыстыруы кездейсоқ емес. Уайым мен қайғыны басынан кешкен адам ғана өмірдің соңында өлім бар екенін бұрынғы тыныш өмірдегіден анығырақ түсінеді, өмірдің, тіршіліктің құндылығын бағалай біледі. Қазақтың өмір мен өлімді салыстыра келіп, “Мың күнгі тамұқтан бір күнгі жарық”, “Өлі арыстаннан тірі тышқан” немесе “Тірі адам тіршілігін жасайды” деп, өмірді жоғары бағалауы да сондықтан.

    Ойымызды қорытсақ, қазіргі заманғы жастарға өмір туралы мынадай үш тұжырымды ұсынуға болады:

    1. Өмір туралы көбірек ойлан.

    2. Өмір – баға жетпес құндылық, оған жететін ештеңе жоқ, сондықтан әр күніңді бағалап өмір сүр.

    3. Маңдайға жазылған өмірді гүлдендіруге, жандандыруға, мәнді өткізуге тырыс.

    Бұл іс адамның өз қолында. Өмірге мән беретін адамның өзі, оның іс‑әрекеті. Дүниеге екі келмек жоқ, сондықтан өмірден өз орнын тезірек тауып, мәнді өмір сүруге де адамның өзі жауапты.

    Өмірдің құндылығын және оның мәнін анықтаушы – өмірмен диалектикалық бірлікті құрайтын өлім. Ол өмірден тыс нәрсе емес, үнемі қатар жүріп отырады, өмір бар жерде өлім міндетті түрде бар, ол өмірдің екінші жағы. Философия ғылымында өлім мәселесі өмірдің мәні секілді “мәңгілік”, шешімі қиын мәселелер қатарында. Бұл түсінікті де. Өлім туралы ойлану қарапайым адам үшін өмірдің мәні туралы пайымдаудан да қиынырақ. Осы сауалдың төңірегінде ой қозғаудан адам мүмкіндігінше қашып бағады, себебі өлім кім‑кімге де қорқынышты, бірақ одан құтылу мүмкін емес. Жақын адамыңды жоғалту, өліммен бетпе‑бет келу адам өмірінің шектеулігі жөнінде ойландырмай қоймайды. Күнделікті өмірдің күйбең тіршілігіне алданып, өлімнің бар екендігін ұмытып кететін пенде өмірінің қайғылы кезеңдерінде өмір өзінің дамуын тоқтатқандай күй кешіп, күйзеліс пен қорқынышқа, үрей мен шарасыздыққа ұшырайды. Ол өзін қоршаған дүниенің шындығына тереңірек үңіліп, “Түбі бір өлім болса, өмір сүріп керегі не? Өмір Соломон айтқан “күйбең тіршілік” болғаны ма?” деген сұрақтар оның бойын билей бастайды. Мұндай толғаныс әрбір адамға тән десек, артық айтқан болмас.

    Ресейлік зерттеуші Н.В.Волохованың пікірінше, осындай көзқарас қазіргі заманғы мәдени санаға көбірек тән. Бұл тұжырымға ол өлімге адамзат мәдениетінде қалыптасқан қатынастың үш түрін саралай отырып келген екен:

    1) Өлім – иллюзия. Бұл пікірдің экзистенциалдық базисі – субъектінің оны

    қоршаған орта, социум, космоспен және жалпы болмыспен толық ұласып, бірігу сезімі. Өзі өмір сүріп отырған қоғамның ажырамас бөлшегіне айналған, онымен қайғысы да, қуанышы да ортақ адам өлімнен қатты қорқа бермейді, себебі өлім алдындағы қорқынышты бірге бөлісетін ортасы бар.

    2) Өлім – трагедия. Субъект өзінің қайталанбас, ерекше жаратылған адам екендігіне сенімді, өзін басқа дүниеден оқшау ұстайды, соның нәтижесінде өлімді жалғыз қарсы алуға мәжбүр және бұл күресте өзінің дәрменсіздігін түсінеді.

    3) Өлімді өмірдің екінші жағы ретінде ғана, маңызы жоқ нәрсе деп қабылдау. Бұл көзқарас өз мүмкіндіктерін жүзеге асыра алмай, өмірден күдерін үзіп, тағдырға мойынсұнған, болмыстың қайнаған қазанына көппен бірге көзін жұмып түсіп кеткен адамға тән. Өмір мұндай адамдарға абсурд, саналы түрде реттеуге бағынбайтын нәрсе, өмір де, өлім де мәнсіз болып көрінеді.

    Қазіргі қоғамда өмір сүріп отырған адамдардың көбінің өмір мен өлімге көзқарасы осындай деген пікірмен толықтай келіспесек те, бұл тұжырым бізді бей‑жай қалдырмасы анық. Оның Артур Шопенгауэрдің өлімді адам қорқатын зұлымдық емес, керісінше, ізгілік және құрметті қонақ, еш мәні жоқ өмірден құтқарушы ретінде қарастыратын ілімімен ұқсастығын байқау қиын емес. Өмірдің қайғы мен қорқыныш, қайыршылық пен кедейшілікке толы қараңғы жақтарын ашып көрсеткен Шопенгауэр философиясының пессимизмін ғана емес, оның адамның эстетикалық пайымдауы мен адамгершілік жетілуіне, жігерінің мықтылығына да үміт артқанын да естен шығармағанымыз жөн. Мәселе өлімнің заңдылығын мойындап қана қоюда емес, адамның өліммен бетпе‑бет келгенде экзистенциалдық дағдарыстан шыға білуінде, оны жеңуінде. Адамның өмірмәндік мәселені шешу деңгейі, өмірінің мәнді‑мәнсіздігі, оның тұлға ретіндегі сипаты осы жерде анықталады. Ясперстің терминін қолдансақ, өлім адам өмірінің мәнін ашып көрсететін “шекаралық жағдай”.

    Мәнді өмір өлімнің өзін мәнге ие етеді. Адамның өмірі қандай құнды және мәнді болса, өлімі де сондай құндылық дәрежесіне сай болады. Мысалы, Сократтың өлімі аңызға айналып, ұрпақтан ұрпаққа мәнді өлімнің үлгісі ретінде жетіп отыр. Көзі тірісінде мыңдаған адамды мәнді өмір сүруге талмастан үйреткен, өзінің ісі арқылы өмірін мәнмен толтырған данышпан өлімін де еш қорқынышсыз, тайсалмастан қарсы алып, дұшпанын да, досын да тамсандырды, сол арқылы өліміне өшпес мән берді.

    Мақсатсыз, мәнсіз өмір кешкен адамның бойында, керісінше, өлім алдында жан түршігерлік қорқыныш пайда болады, өкінішті өмірі туралы ой оның жанын жегідей жеп, тыныштық бермейді. Өмірінің мәніне жете алмаған адам өлімін де мәнге толтыра алмайды.

    Көріп отырғанымыздай, өлім – адам өмірінің сыны. Оның өмірі қандай болса, өлімі де сондай болмақ. Философиялық тұрғыдан келсек, адам өлемін деп емес, өмірді бағаламай, оған қызмет етіп үлгермей, соңында еш із қалдырмай өмір сүрдім деп қорқуы керек.

    Өмірден өз орнын таба білу адамның өмірлік мақсатымен және оны таңдай білумен тығыз байланысты, яғни өмірдің мәні категориясын толығырақ түсіну үшін мақсат категориясын айқындау қажет. Адам өміріне мән беретін – оның мақсаты. Өмірдің мәнін іздеу дегеніміздің өзі ең әуелі адамның түпкілікті мақсатын, нақтырақ айтсақ, өз болмысының негіздерін, өмірдің жоғары құндылықтарын анықтауы. Адам өмірі өмірлік мақсаттарға негізделгенде ғана мәнді. Мақсатсыз адамның өмірі бос, мазмұнсыз, жалған өмір мұндай адамдар үшін артында бір белгі қалдырмай, көрген түстей болып өте шығады. Адамдардың көбінің өкінішті өмір кешуінің де басты себебі – осы өмірлік мақсаттың болмауы. Орыстың теолог ойшылы В.В.Розанов өмірлік мақсатты адамның санасымен тікелей байланысты қарастырады. Оның пікірінше, адам екі түрлі өмір кешуі мүмкін: бейсана (немесе санасыз) және саналы өмір. Санасыз өмір сүрген адамның өмірін сыртқы себептер басқарады, ал саналы өмірдің қожайыны – мақсат.

    В.В.Розановтың бұл пікірі дұрыс деп ойлаймыз. Әрине, адам өміріне сыртқы себептердің әсерін жоққа шығаруға болмайды. Адам өзі өмір сүріп отырған ортада қалыптасқан жағдайларға, қоғамның басқа мүшелеріне белгілі бір деңгейде тәуелді. Бірақ, осы себептерге мойынсұнып, өзі тірлік қылмай немесе басқаның айтқанымен жүріп өмір кешсе, адамның санасыз жануардан айырмашылығы қайсы? Мақсатты адам бұл сыртқы жағдайлардың билігіне еруі мүмкін, бірақ уақытша ғана. Өмірлік мақсатын саналы түрде анықтаған адам қандай жағдайда болмасын өзіндік болмысын сақтап қала алады, өзінің ақыл‑ойына сүйене отырып, көздеген мақсатына бүгін болмаса, ертең жетеді. Саналы түрде таңдалған мақсат адамның ішкі күшті діңгегі немесе қараңғыда жол көрсетер шамшырағы десек те болады.

    Мақсатты сана деңгейінде түсініп қана қою өмірдің мәнін ашу үшін жеткіліксіз. Адам мақсат пен өмірдің мәні туралы сөз жүзінде айтып қана қоймай, оны ісімен дәлелдей алса ғана өзінің тұлғалық дәрежесін көрсете алады. Яғни, мақсат тек сананың категориясы ғана емес, ол адамның қызметтік‑практикалық мәнін сипаттайды. Іс‑әрекетпен ұштастырылмаған мақсат құр арман күйінде қала береді.

    Мақсаттар ең биік және қарапайым болып жіктеледі, онсыз мақсат та, сол арқылы анықталатын өмірдің мәні де жалпы, бұлдыр нәрсеге айналуы мүмкін.

    Ең биік мақсат – руханилыққа жету. Руханилық – тек адамға тән маңызды қасиеттердің бірі. Адам табиғатынан биологиялық және әлеуметтік тіршілік етуші ретінде материалдық дүниеге және өзінің күнделікті болмысынан тысқары дүниелерге ұмтылуға бағытталып жаратылған. Абайдың сөзімен айтсақ: “Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды, һәм өзі өспейді:, қуат таппайды. Біреуі білсем демеклік, ... көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен; үйренсем екен деген”.

    Материалдық дүниеге деген талпыныс арқылы адам өзін өмір сүруге қажетті нәрселермен қамтамасыз етеді. Мұндай өмірді қарапайым тіршілік десек дұрыс секілді және оны қанағат еткен адамның жануардан айырмашылығы шамалы. Ал көрсем, білсем, үйренсем деу, яғни руханилыққа ұмтылу мәнді өмір сүруге талпынған адамға ғана тән. Ол өзінің күнделікті мұқтаждарын қанағаттандырумен, қарапайым тілмен айтсақ, қарын тойдырып, ұйқы қандырумен шектелмейді, өзін де, өзінен тыс дүниені де тереңірек түсінуге, көбірек білуге тырысады, осы мақсатпен көп оқып, көп ізденеді. Адам баласы игеруге ұмтылған бұл дүниелер өнер, ғылым, дін, философия болуы мүмкін. Бірақ руханилық білімділікпен шектелмейді.

    Рухани құндылықтарды әлеуметтік‑философиялық тұрғыдан тереңдеп талдаған ғалым С.Е.Нұрмұратовтың сөзімен айтсақ, руханилықтың негізгі келбеті – адамның өз бойындағы барлық жақсы қасиеттерін әлемге паш етуге дайындығы, яғни, ақылын, дарынын, қабілетін, шеберлігін, ішкі нұрын, жүрек жылуын адамдарға, табиғатқа, ғаламға беруге ұмтылысы.

    Руханилықты, адамгершілікті өмірлік мақсат етіп таңдау – оңай іс емес. Байқап қарасақ, адамның өмірі түгелімен үлкенді‑кішілі, ірілі‑ұсақты, маңызды‑маңызсыз таңдау жасаудан тұрады екен, бұл маңдайға жазылған нәрсе. Солардың ішіндегі ең бастысы және ең қиыны – өмірлік таңдау жасау. Әлеуметтік өмірдің дайын үлгілерін қабылдай салып таңдау жасау мүмкін емес. Тұлғаның өмірлік таңдауы жан‑жақты және күрделі. Ол адам өмірінің алғы шарты, сонымен бірге қорытындысы, оған адам өмірмәндік ізденістің, өзі және дүние туралы терең ойланып‑толғанудың нәтижесінде келеді. Таңдау арқылы адам өзінің болашақ өмірінің “жоспарын” жасап, іргесін қалайды, сол арқылы өмірінің мәніне жетуге бір табан болса да жақындап, өз өмірінің негізгі идеясын анықтайды және оны өзінің өмірлік мақсатын жүзеге асыруға арналған қызметіне бағыт‑бағдар беруші ретінде таңдайды.

    Таңдау – адамның өмір және дүние туралы толғанысы ғана емес, ол тұлғаның болмысты терең сезінуі. Өмірдің мәнін таңдау әрбір тұлға үшін үлкен сын, ешкім де бұл іске бей‑жай қарай алмайды. Өмірлік таңдау тұлғадан өмір туралы жәй ойланып қана қоймай, оны өзінің жаны мен тәні арқылы өткізуді, өзінің қайғысы мен қуанышына айналдыруды талап етеді. Бұл іс ілуде біреудің қолынан келеді десек, қателеспеспіз. Дұрыс таңдау жасау – тұлғаның кемелденіп‑толысқандығының және қайыспас мінезге ие екендігінің бірден‑бір көрсеткіші. Соңғы фактордың орны бөлек, себебі таңдау жасаған адам өзінің болашақ тағдырын да анықтайды, оны жүзеге асыру үшін тұлғаға ақыл‑ой, күш‑жігер және таңдаған жолдан тайдырмас ішкі сенім, мықты мінез қажет.

    Таңдаудың абсолюттік және салыстырмалы сипаты бар. Таңдау жасайтын адамның өзі, ол тұлғаның еркіндігі мен шығармашылығының нәтижесінде дүниеге келеді, сондықтан да абсолютті. Бірақ таңдау адам өмірі мен әлеуметтік қызметінің белгілі бір шарттарына азды‑көпті тәуелді, яғни салыстырмалы. Адам белгілі бір қоғамда өмір сүреді, сол себепті оның өмірлік мақсаттары дүниенің субстанционалдық негізімен, өмірдің мәдени‑тарихи контекстісімен тығыз байланысты. Өмірлік таңдау жасау адамның өз қолында болғанымен, ол жалпы адамзаттың, өз ұлты мен халқының, өмір сүріп отырған қоғамының мәдени жетістіктеріне, рухани мұраларына міндетті түрде сүйеніп, өзінің өмір жолына пайдалы көптеген өмірмәндік сабақтар алып отырады. Бірақ, таңдау жасау жауапкершілігі түптеп келгенде адамның өзінде.

    Экзистенциализм тілімен айтсақ, адам дүниеге келгенде тек тіршілік етуші, өмір сүруші ғана, оның нағыз мәні кейін пайда болады. Адам – проект-жоба, оны кескіндейтін де, жүзеге асыратын да адамның өзі. Адам болу, немесе Сартр айтқандай, “түк, мүк, түсті капуста болып шығу” адамның таңдауына байланысты. Өзінің қандай болып шықпағына адамның өзі жауапты, оның таңдауы өмірде адамның өзінің іс-әрекеттері арқылы кескіннен келбетке айналады, бос мәнді толтырады. Таңдау қате жасалғанда өмір адам күткендей болып шықпауы мүмкін, бірақ бұл жерде адамның өзінен басқа кінәлі жоқ. Таңдау жасау қиын, экзистенциалдық терминді қолдансақ, адам үнемі “шекаралық жағдайда”, белгілі қазақ философы Ғарифолла Есімнің тілімен айтсақ – “жар жағасында”. Адам өмір бойы жақсы мен жаманның, материалдық пен руханилықтың, өмір мен өлімнің, дұрыс пен бұрыстың арасында таңдау жасаумен болады. Өмірдің мәні – адамгершілікті сақтап өмір сүру десек, таңдаудың ең күрделісі – адамгершіліктік таңдау жасау екені түсінікті. Бірақ адам болып өмір сүремін деген тұлға қаншама қиын болса да, осы жолды таңдауға міндетті. Әрине, әркімнің өз еркі өзінде, адам басқа жолды таңдауға хақы бар болғанымен, оның бұрыстығына түбінде көзі жетеді.

    8 тақырып. Адамгершілік философиясы. Этика (9-апта, 1 сағат)
    1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11


  • написать администратору сайта