Главная страница
Навигация по странице:

  • ) табиғаттың сыйын адамның иемденіп, қабылдау кезеңі; 2) аграрлық экономика, индустриалдық өндіріске негізделген өндіріс кезеңі; 3) ақылды басқаруға негізделген экологиялық кезең (қазіргі заман).

  • В.Вернадский

  • Қоғамның негізгі ішкі жүйелері.

  • А.Смит

  • О.Конт

  • Информациялық қоғам. Информация

  • К.Шеннонның

  • Информацияның (ақпараттың) түрлері: Көпшіліктік

  • Информациялық қоғамның мәні және ерекшелігі.

  • Қоғамның информатизациясы (ақпараттандырылуы) дегеніміз

  • Информатизация немесе ақпараттандыру

  • 2021-22 Философия Дәріс (2). Философия кафедрасы


    Скачать 212.1 Kb.
    НазваниеФилософия кафедрасы
    Дата01.11.2021
    Размер212.1 Kb.
    Формат файлаdocx
    Имя файла2021-22 Философия Дәріс (2).docx
    ТипДокументы
    #260333
    страница6 из 11
    1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

    Қоғамның басты элементі – адам екенін естен шығармау қажет. Табиғат берген негіздерге адамдар әлеуметтік мән, әлеуметтік байланыстар, әлеуметтік-мәдени жүйелілік береді. Қоғам – ең әуелі адамның үздіксіз қызметі, қоғамға мән беретін, оны құратын, жасайтын, дамытатын да – адам.

    Қоғам жүйелердің ішіндегі ең күрделісі екендігі күмәнсіз. Бұл пікірімізге мысалдар келтірсек, қоғамның құрылымына материалдық және рухани бөлімдер кіреді; қоғам – көпдеңгейлі, иерархиялық, оның әрбір элементі өзіндік тәуелсіздікке ие және ішкі жүйелері мен элементтері бар және т.с.с. Осыған қарамастан, қоғамның өзі белгілі бір тұтастыққа ие және өмір сүруге ұмтылушы әрбір қоғам осы тұтастықты сақтауға ұмтылады.

    Қоғам және табиғат. Қоғамның табиғатпен тығыз байланысты екені айтпаса да түсінікті. Табиғат қоғамның табиғи негізі болып табылады және ол қоғамнан тәуелсіз. Қоғам мен адам табиғат аясында өмір сүреді және өмір сүруге қажет нәрселерді табиғаттан алады. Сондықтан да өмір, тіршілікті жалғастыру мәселесі адам мен қоғам үшін табиғат мәселесімен тығыз байланысты.

    Табиғат дегеніміз не? Тар мағынасында, табиғат – адам мен тірі нәрселердің бәрінің пайда болуы мен өмір сүруінің табиғи ортасы. Австриялық геолог Э.Зюсс 19-ғасырдың соңында ғылыми айналысқа “биосфера” терминін енгізді. Бұл термин барлық тірі ағзалардың жиынтығын ғана емес, олар өмір сүретін ортаны – суларды, атмосфераның төменгі бөлігін және жер қабатының жоғары бөлігін қамтиды. Биосфера тірі материяға толы. Оның тірі емес жүйелерден айырмашылықтары: зат алмасуға, көбеюге қабілеттілігі, тұқым қуалау мен табиғи сұрыптау негізінде дамуы. Биосфера екі компоненттің: тірі организмдер мен олардың өмір сүру ортасының бірлігінен тұрады, бұл орта тұтас динамикалық жүйені құрайды және үздіксіз дамып отырады.

    Табиғат пен қоғамның бір-біріне әсер ете отырып дамуын философиялық тұрғыдан талдаудың басты ұстанымдары: географиялық орта, адамның табиғатқа мақсатты түрде өзара әсер етуі үрдісі – еңбек, қоғамдық және жеке қажеттіліктерді қамтамасыз ету үшін табиғат күштері мен объектілерін мақсатты түрде қолдану болып табылатын табиғатты пайдалану.

    Географиялық орта ұғымын Э.Реклю және Л.М.Мечников енгізді. Географиялық ортаға кіретіндер: жер қабаты, атмосфераның төменгі бөлігі, жердің айналасындағы космостық кеңістік, сулар, топырақ, өсімдіктер және жануарлар дүниесі, бір сөзбен айтқанда – қоғамның өмір сүруі мен дамуына қажетті табиғат заттары мен құбылыстары. Географиялық орта ұғымын ғылымда көбіне биосфера ұғымының синонимі ретінде қолданады. Географиялық орта қоғам мен адамның әлеуметтік-экономикалық дамуына, белгілі бір географиялық ортаны мекендеп отырған халықтың психологиялық келбетіне, мінез-құлқының қалыптасуына ерекше ықпал етеді. Кезінде осы факторға француз философы Ш.Монтескье, қазақ ғалымы Ш.Уәлиханов назар аударған болатын. Географиялық ортаның қоғамның дамуын айқындаушы, басты фактор деп есептейтін бағыт – географиялық детерменизм (өкілдері: Ш.Монтескье, Ж.Ж.Руссо, Г.Т.Бокль, С.М.Соловьев) деп аталады.

    Шарль Монтескьенің (1689-1755) пікірінше, георграфиялық орналасу ерекшелігі, территорияның көлемі, ауа райы, топырақтың құнарлығы әрбір елдің даму заңдары мен адамгершіліктік құндылықтарына, яғни тарихи тағдырына тікелей әсер етеді. Ыстық ауа райы адамдарды бойында нәзіктік, жалқаулық, бейжайлық, құлдыққа икемділік тудырады, ал салқын ауа райы, керісінше, адамдарды шыңдап, талмастан жұмыс істеуге, еркіндікке ұмтылдырады.

    Георафиялық орта адамгершілік қасиеттер мен психиканың қалыптасуына әсер етіп, олар арқылы тарихи дамудың үрдісін де айқындайды. Шоқан Уәлихановтың: “Таудың түнерген тағы көркі сұлу болғанымен, көңіліңізді құлазытып, зілдей боп еңсеңізді басып тұрады... Тауда өмір сүрген соң жайдары, бейқам халық бола кою қиын. ...Сахарада тынысыңыз біртүрлі кеңейіп, ой-өрісіңіз де қанат жаза түседі, онда етек-жеңді кеңге салып, емін-еркін жүресіз...Тек сахаралықтар ғана уайымсыз, көңілі шат жүре алады”, - деген ойлары қоғам мен географиялық ортаның байланысын дәл көрсетеді.

    Географиялық детерменизмнің қағидаларын толығымен қабылдамасақ та, негізінен алғанда дұрыс деуге болады. Географиялық ортаның адамның, ұлттардың, халықтардың қалыптасуы мен дамуына әсер ететіні сөзсіз, бірақ адам, оның әлеуметтік қызметі қоғам дамуында ерекше рөл атқаратынын ұмытпау қажет. Адам талай шөлейттерді, мұзға оранған жер қабаттарын өзінің жасампаз қызметінің нәтижесінде гүлдендіріп, оларға әлеуметтік мән берді.

    Қазір географиялық орта туралы түсінік өзгерді, оған Күн жүйесінің элементі болып табылатын бүкіл планета кіреді. Адамзаттың өмір сүруі қоршаған ортаға ғана емес, космос күштеріне де тікелей байланысты, тәуелді екенін біз күн санап сезініп отырмыз (2013 жылдың 15 ақпанында Жерге құлаған метеорит (ол “Челябинск метеориті” деген атауға ие болды) бұл пікірімізді жақсы дәлелдеді).

    Қоғам мен табиғаттың байланысын, бір-біріне әсер етуі тарихын салыстырмалы түрде үш кезеңге бөлуге болады: 1) табиғаттың сыйын адамның иемденіп, қабылдау кезеңі; 2) аграрлық экономика, индустриалдық өндіріске негізделген өндіріс кезеңі; 3) ақылды басқаруға негізделген экологиялық кезең (қазіргі заман).

    Үшінші кезең адамзат үшін ең күрделі және ең жауапты болып отыр. Ғалымдар Жер бетінде шамамен алғанда 2 млн. жануар өмір сүреді және өсімдіктердің 500 мың түрі бар деп болжауда. Бірақ олардың саны жылдан жылға азаюда және оның басты себепкері – адам және оның табиғатты игеру, өзіне “бағындыру” бағытындағы қызметі. Маркстің “мәдениет өзінің артында шөлейттер қалдырады” деген сөзі, Энгельстің “табиғат өзінің кегін қатты алады” деген ойы шындыққа айналғандай. Екінші табиғат, яғни адамның қолымен жасалған табиғат бірінші (алғашқы) табиғатты ығыстырып шығаруда. Адамзаттың ойланатын уақыты келді, себебі техномассаның табиғатқа жасап жатқан антропогендік қысымы шектен шығып барады. Табиғаттың мүмкіндігі, байлығы шексіз емес екендігі ұмытылды деуге болады. Пайдалы қазбаларды өндіру жыртқыштық сипат алды, олар таусылар кез алыс емес сияқты. Азық-түлік қоры туралы да осыны айтуға болады. Жақын арада адамзатты өмір сүруге қажетті азық-түлікпен қамтамасыз ете алмай қалуымыз мүмкін. Ормандар, өзендер мен сулар, таза ауа мәселесі туралы сөз етпесек те болады, бір сөзбен айтқанда, экология мәселесі жаһандық мәселеге айналды.

    Ғалымдар бұл тығырықтан шығудың жолдарын іздестіруде. Орыс ғалымы В.Вернадский (1863-1945) кезінде “ноосфера” ұғымын енгізген болатын. Оның мәні: биосфера адамның ақыл-ойы, ғылым мен техниканың ықпалы арқылы дамып, адамның өндірістік қызметі табиғатқа зиянын тигізбейтін түрде жүргізілуі тиіс.

    Ғалымдар ұсынған тағы бір идея – табиғат пен қоғамның үйлесімді дамуы туралы “коэволюция” идеясы. Адамзат та, әрбір адам да табиғат жүйесінде өмір сүретінін ұмытпауы тиіс. Біздің ойымызша, адамзат ғылым мен техника саласында қандай тамаша жетістіктерге жетсе де, табиғатқа әмірі жүрмейді. Бэконның “Білім – күш” қағидасы табиғатқа қатысты жүзеге аспайды.

    Қоғамның негізгі ішкі жүйелері. Қоғамның негізгі ішкі жүйелері ретінде экономикалық, рухани (қоғамдық сана), саяси, әлеуметтік жүйелерді атауға болады. Олардың арасындағы маңыздысы – экономикалық жүйе, осы қоғамдық құрылымға тән өндірістік қатынастардың жиынтығы кіретін материалдық өмірді өндіру тәсілі деп сипатталатын экономика. Марксистік түсінік бойынша, экономиканың ядросы – материалдық өндіріс, бұл салада қоғамдық өнім және ұлттық табыс жасалады және өндіріс тәсілі қоғамның әлеуметтік, саяси және рухани өмірінің анықтаушы негізі. Адамзат қоғамын, оның негізін түсіндіруде көптеген теориялардың болуына қарамастан, біздің пікірімізше, марксизмнің қоғам туралы басты теориясы – тарихты материалистік тұрғыдан түсіндіру өзінің маңызын жойған жоқ. А.Смит (1723-1790) пен Д. Рикардо (1772-1823) байлықтың негізі ретінде жалпы еңбекті қарастырса, К.Маркс пен Ф.Энгельс абстрактылық еңбекті бөліп көрсетті, қосымша құнның сараптамасын берді, өндіргіш күштердің, өндірістік қатынастардың және өндіріс құралдарына жеке меншіктің қоғамның қалыптасуы мен дамуындағы айқындаушы рөлін талдады (бұл туралы келесі тақырыпта кеңірек баяндалады).

    Қоғам өмірінің экономикадан басқа субстанциясы туралы пікірлер туралы айтатын болсақ, қазіргі заманғы әлеуметтік философияның негізін қалаушылардың бірі О.Конт (1798-1857) қоғамдық өмірдің әртүрлі құбылыстарының бастауы – адамдардың біріге отырып жүзеге асыратын қызметі деп есептейді.

    Белгілі социолог М.Вебердің (1864-1920) пікірінше, қоғамның негізі – адамның басқа адамға бағытталған мінез-құлқы болып табылатын әлеуметтік әрекеті. Тағы бір әлеуметтанушы Т.Парсонс (1902-1979) әлеуметтік жүйе дегеніміз өздерінің рөлдерін орындаушы адамдардың өзара қарым-қатынастарының жиынтығы деп пайымдайды. Бір қарағанда әртүрлі болғанымен, бұл көзқарастардың ортақ жағы – олардың бәрі қоғамның субстанциясы ретінде адамның әлеуметтік қызметін атап көрсетеді, ал әлеуметтік қызмет ең алдымен экономикада көрініс табады, сондықтан экономикалық жүйе қоғамның басты жүйесі деп айтуға болады. Бірақ қазіргі батыстық әлеуметтанушылар (Д.Белл, Д.Гэлбрайт, З.Бзежинский) бұл жүйені тым әсірелеуге болмайды, себебі мықты дамыған елдер қазір тауар экономикасынан қызмет көрсету экономикасына біртіндеп ауысты, сондықтан постиндустриалды қоғамда материалдық өндірістің, экономиканың рөлі төмендей береді деп тұжырымдайды.

    Информациялық қоғам. Информация (лат. informatio, түсіндіру, баяндау, хабардар болу), ақпарат – бірдеңе туралы мәлімет. Тұрмыстық мағынасында  информация – қоршаған орта және онда болып жатқан үрдіс-процестер туралы туралы мәліметтер, оларды адам немесе арнайы құрылым қабылдайды.

    Қазіргі уақытта ғылыми термин ретінде информацияның жалпы қабылданған анықтамасы жоқ, білімнің әртүрлі саласы өз тұрғысынан сипаттайды. Американдық ғалым К.Шеннонның (1916-2001) концепциясы тұрғысынан алғанда, информация (ақпарат) дегеніміз – белгісіз нәрсенің айқындалуы.

    Информация (ақпарат) – материямен байланысты жалпы ұғымдардың бірі. Информация жағдайлардың көптүрлілігі түрінде материалдық объектілердің бәрінде бар және бір объектіден екінші объектіге олардың өзара әсер етуі барысында беріліп отырады.

    Материяның объективтік қасиеті ретінде информацияның өмір сүруі материяның белгілі іргелі қасиеттерінен құрылымдылығынан, үзіліссіз өзгеретіндігінен (қозғалыс) және материалдық объектілердің өзара әсер ететіндігінен логикалық түрде туындайды. Материалдық жүйенің және оның құрамдас жүйелерінің жағдайларының көптүрлілігі жүйе туралы информация береді. Құрылымдылығының инфинитті (белгісіз, шексіз) болуына байланысты кез-келген материалдық объектіде объективтік информация көлемі шексіз. Мұндай информация толық деп аталады. Құрылымдық деңгейдегі, жағдай-күйдің соңғы көптігі түріндегі жеке деп аталады.

    Информацияның дұрыс берілмеуі дезинформация деп аталады. Өзінің бай тарихында адамзат кітапханаларда, мұражайларда, мерзімді басылымдарда және тағы басқа жазбаша құжаттарда информацияның зор көлемін жинақтады. Қазіргі заманда байланыстың ең дамыған жүйесі – Интернет.

    Информацияны зерттеумен ғылымның екі кешенді саласы – кибернетика және информатика айналысады.

    Қазіргі заманғы кибернетика – ғылымның мультипәндік саласы, ол мынадай жоғары күрделі жүйелерді зерттейді:

    – адам қоғамы (әлеуметтік кибернетика);

    – экономика (экономикалық кибернетика);

    – тірі организм (биологиялық кибернетика);

    – адам миы және оның функциясы – сана (жасанды интеллект).

    Өткен ғасырдың ортасында ғылым ретінде қалыптасқан информатика

    кибернетикадан бөлініп шықты және ол семантикалық информацияны алу, сақтау, беру және жөндеуді зерттеумен айналысады. Осы екі сала бірнеше негізгі ғылыми теорияларды қолданады. Оларға – информация теориясы және оның кодтау теориясы, алгоритмдер теориясы және автоматтар теориясы жатады.

    Информацияның мәндік мазмұнын зерттеу жалпы алғанда семиотика деп аталатын ғылыми теориялар кешеніне негізделген.

    Информацияның (ақпараттың) түрлері: Көпшіліктік – социумның басым көпшілігіне түсінікті ұғымдарға негізделген қарапайым мәліметтер. Арнайы – тар көлемде, социумның белгілі бір топтары ғана қолданатын информация. Жеке – тұлға туралы мәліметтер. Қоғамның информациялануы мен компьютерлендіруі жалпы алғанда пайдалы болғанымен, адамға қауіп те тудырады. Ең бірінші айтатын нәрсе – тұлғаны компьютерлік қадағалау. Бұл адамның күйреуіне, құқықтарының щектелуіне, ақыр аяғында тоталитаризмге әкеледі. Демократияландырусыз компьютерлендіру адамның еркіндігін азайтып, әлеуметтік регресс тудырады. Яғни, компьютерлендіру мен информацияландыру гүлденудің кепілдігі бола алмайды.

    Байланыстың желілік құралдарының әлеуметтік салдарларының С.Канингем мен А.Портер мынадай 12 түрін айтады:

    1. Информация құралдарының көпшіліктік сипатқа ие болмауы, ол массмедианың құлдырауын тудырады

    2. Саусақтардың сандық таңбаларының пайда болуы, ол жеке еркіндіктің біршама шектелуіне әкеледі.

    3. Ин­формацияны әдейі бұрмалайтын сандық жалған көшірмелер.

    4. Азаматтар мен ұйымдарға моральдық және мүліктік кесірін тигізетін компьютерлік қылмыстар.

    5. Информацияның шектелген еркіндігі, информациялық ағындар жолындағы кедергілер, олардың маңызды емес немесе жалған информацияның күштірек ағымдарының тасасында қалып қоюы.

    6. Информациялық дискриминация, информация алуға шектеу.

    7. Информацияға ие адамдардың үлкен саясат жүргізе алуы.

    8. Легитимді ұлттық институттарға қауіп тудыратын транснационалдылық.

    9. “Банан долларлар”, информацияға қолжетімділікпен байланысты спекулятивтік капиталдың өсуі.

    10. Жұмыстың дәстүрлі түрлеріне бәсекелестік тудыратын “Тележұмыс”.

    11. Әдеттегі жұмысқа, әдеттегі араласудың орнына келетін “Телеқоғам”.

    12. Техника үстемдігі, оның дамуының әлеуметтік дамуға әсері.

    Информациялық қоғамның мәні және ерекшелігі. Дамыған елдерде 20-ғасырдың ортасынан бастап информация революциясы басталды, бұл құбылыс 70-жылдардың соңына таман күшейе түсті. Қоғамның информатизациясы (ақпараттандырылуы) дегеніміз - қоғамдық және әлеуметтік маңызы бар, экономикалық, құқықтық, саяси, әлеууметтік және басқа міндеттерді шешуге қажетті информацияны өте тез өндіру және тарату әлеуметтік-тарихи процесі.

    Информатизацияның, ақпараттандырылудың нәтижесі - информациялық, ақпараттық қоғамның құрылуы. Информациялық қоғам - қоғамдық жүйе, ол:

    1) әрбір индивид, әрбір ұжым, әрбір мекеме өзінің қызметіне қажетті барлық информацияны ала алуына мүмкіндік береді;

    2) бұл информацияны, ең бастысы, ғылыми, саяси, экономикалық, технологиялық білімдерді экспоненциалдық (ашық түрде дегенді білдіреді) өсу заңдары бойынша өндіреді;

    3) алдыңғы екі мақсатты жүзеге асыруға қажетті (бұған есептегіш машиналар мен коммуникация құралдары да кіреді) қазіргі заманғы информациялық технологияларды өндіреді және қолданады;

    4) материалдық өндіріс, транспорт, байланыс, технологиялық процестер, басқару, білім, ізденістер мен жобалау, сервис, адамдардың қызмет саласы бойына және жеке араласуының негізгі салаларын толық немесе жартылай автоматтандыруды қамтамасыз етуге қабілетті.

    Информатизация немесе ақпараттандыру – индустриалдық қоғамның жалғасы және оның қондырмасы. Информация, ақпараттың құндылығы қай уақытта да жоғары болды, біздің заманда ол бұрынғыдан да күшейе түсті. Қазіргі уақытта жер бетіндегі материалдық ресурстар (ауыз су, таза ауа, құнарлы жерлер, энергия, қазба байлық көздері және тағы басқалары) азая түссе, информация, керісінше, шексіз ресурс. Бірақ оны дамыту үшін бұрын қалыптасқан информациялық технологиялар - телефон, пошта байланысы, жазу, ауызша жеткізу - жеткіліксіз, компьютерлік және коммуникациялық технологияға негізделген жаңа информациялық технология қажет. Онсыз экономиканы, қоғамды дамыту мүмкін емес. Өндірістің кейбір салалары информация көлемін бірнеше есе арттыруды қажет етеді, бірақ бұл шығындар түбінде жемісін береді. Бұл тұжырымның тамаша дәлелі ретінде Жапонияда 1969 жылы ресми түрде жария етілген информатизацияландыру және информациялық қоғамға көшудің мемлекеттік концепциясы мен моделін айтуға болады. 1971 және 1973 жылдардағы экономикалық дағдарыстардың алдын алу мақсатымен жасалған дағдарысқа қарсы бағдарлама ретінде жасалған және жүзеге асырылған бұл шара керемет нәтижелер берді. Жапондықтар дағдарыстан мейлінше аз шығындармен шығып қана қойған жоқ, сонымен бірге әлемге әйгілі “жапон ғажабының” әлеуметтік және технологиялық негіздерін жасады. Бұл мысал біз үшін даму үлгісі бола алады. Бұл жол өте қиын, адамдардан білімді жасай білу өнері мен интеллектуалдылықты кәсіби шеберлікпен, инновациялық технологиялармен ұштастыруды талап етеді, бірақ өркениеттің жаңа сатысына көтерілудің бұдан басқа жолы жоқ, өзге жолдар тек құлдырауға апарады.

    ХХ ғасырдың 50-70 жылдары адамзаттың техника, компьютерлер мен

    ҒТР үстемдік құрған жаңа дәуірге қадам басқаны белгілі болды. Осындай толық техникаландырылған және информацияландырылған адамның өмір сүруі мен болмысы мәселесі философтарды толғандырды. Осының нәтижесінде “информациялық қоғам концепциясы дүниеге келді. Көптеген философтар информация адамзатты түбегейлі өзгертеді, оны жаңа болашақ күтіп тұр, оған жаңа атау қажет деп пайымдады. Сондықтан Э.Тоффлердің теориясы “Информациялық (ақпараттық ) қоғам теориясы деп аталды.

    Сонымен, информациялық, ақпараттық қоғам – негізінде материалдық емес, шартты түрде “информация (ақпарат) деп аталатын, адамның рухани дүниесімен де, материалдық дүниесімен де өзара әсер ететін субстанция жатқан өркениет. Ақпарат-информация бір жағынан адамның материалдық өмірін инновациялық технологиялар, компьютерлік бағдарламалар, телекоммуникациялық хаттамалар арқылы қалыптастырады, екінші жағынан бір адамнан екінші адамға көше отырып, адамдар арасындағы тұлғалық қатынастардың негізгі құралы қызметін атқарады. Осылайша, информация адамның әлеуметтік-мәдени өмірін және материалдық болмысын анықтайды.
    1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11


    написать администратору сайта