2021-22 Философия Дәріс (2). Философия кафедрасы
Скачать 212.1 Kb.
|
Тарих ұғымы. Тарихтың мәні Тарихи үрдістің бірлігі мен көптүрлілігі Тарихтағы халық және тұлға. Тақырыптың мазмұнын ашу үшін әуелі «тарих», «тарих философиясы» және «тарих ғылымының философиясы» ұғымдарының мәнін талдау қажет. Нақты тарих деп белгілі бір оқиғалардың уақыт пен кеңістікте дамуын айтамыз. Мәтіндік тарих, тарих ғылымы – өткеннің нақты оқиғаларын интерпретациялау. Адамзат эволюциясының жалпы теориясы тарих философиясы деп аталады. Осы ұғымдардың қиылысында – тарих ғылымының философиясыпайда болады. Білімдердің кез-келген формалары мен деңгейлерінің қиылысы ылғи да жаңа когнитивтік кеңістік тудырады Ресей ғалымы И.С.Конның (1928-2011) пікірінше, тарих философиясы – философияның тарихи үрдіс пен тарихи танымды интерпретациялаумен байланысты бөлімі. “Тарих философиясы” ұғымының пайда болуы француз философы Француа-Мари Аруэ де Вольтердің (1694-1778) есімімен байланысты, ол бұл терминді 1775 жылы алғаш қолданды. Оның пайымдауынша, тарих философиясы нақты тарихи оқиғалар, үрдістер, фактілер арқылы тарихи үрдістің мәнін, логикалық байланыстарын және тенденцияларын түсінуге ұмтылады. Вольтердің пікірінше, тарихи факт дегеніміз құбылыс қана, зерттеуші ой онымен шектеле және оған қанағаттана алмайды, ол тарихи оқиғалардың мәніне тереңірек бойлап, олардың пайда болуы мен дамуының мәні мен логикасына үңілуі тиіс. Бірақ Вольтердің заманында құбылыстардың мәнін зерттеуге ұмтылған ғылымдардың бәрі философиялық ғылымдар деп саналды. Мысалы, физика – табиғи философия деп аталды. Сол себепті Вольтер тарихты философиялық ғылымдардың қатарына жатқызды. Вольтердің тарихты адамның шығармашылығының нәтижесі деп есептегенін ескерте кету қажет. Әйгілі неміс философы Георг Вильгельм Фридрих Гегель (1770-1831) тарих философиясының жаңа түсінігін ұсынды. Берлин университетінде 19- ғасырдың 20-30 жылдарында осылай аталатын пәннен дәріс оқыған ол тарих философиясының ерекшеліктерін бөліп көрсетті. Мысалы, эмпирикалық тарих нақты тарихи материалды зерттейді, ал прагматикалық тарих практикалық қорытындылар мен сабақ болатын тарихи оқиғаларға бағытталған. Гегельдің анықтамасы бойынша, тарих философиясы жалпы алғандағы әлемдік тарихи үрдістің мәнін, оның біртұтас логикалық дамуын анықтауы тиіс. Оның пайымдауынша, әлемдік тарих «әлемдік рухпен байланысты», ал рухтың мәні – еркіндік, сондықтан әлемдік тарих – еркіндікті түсіну және жүзеге асырудың прогресі. Еркіндікті түсіну осы кезеңде әлемдік рухқа ие жеке халықтардың рухында көрініс табады. Тарих философиясының өз тарихы бар. Жаңа Дәуірде «тарих философиясы – тарихи даму теориясы, онда тарихты басқарушы қозғаушы факторлар мен күштер, тарихтың заңдары зерттеледі» деген пікір қалыптасты. Италия философы Джамбаттиста Виконың (1668-1744) “Ұлттардың ортақ табиғаты туралы жаңа ғылымның негіздемелері” еңбегінде алғаш рет тарихи үрдістің бірлігі мен көптүрлілігі мәселесі қойылды. Иоганн Готфрид Гердер (1744 – 1803) қоғамның дамуын құдайы бастаумен байланыстырады. Француз ағартушысы Мари Жан Антуан Никола Кондорсе (1743-1794) тарихи прогресті адам интеллектісі мен ақыл-ойының дамуымен байланысты қарастырады. Позитивизм бағыты тарих философиясының проблематикасын тарихи материалды интерпретациялаудың логикалық және семантикалық сұрақтарымен алмастырды. Бірақ 19-ғасырдың соңы-20-ғасырдың басында тарихты метафизикалық, философиялық тұрғыдан түсіндірудің жаңа нұсқалары пайда болды. Орыс философтары Н.Бердяев, Вл.Соловьев оның мәнін христиандық тарих философиясынан іздеуді ұсынды. Тарихи дамудың сипаты мен бағытталғандығы тарихи қайта айналу теориясының әртүрлі нұсқаларында (Шпенглер, Тойнби, Сорокин) көрініс тапты. Персонализм мен экзистенциализмтарихты адам дамуының тағдыры мен өмірлік проблемаларының даму аспектілерінің бірі деп қарастырды. Аналитикалық тарих философиясыменнеопозитивизмтарихшылардың зерттеу қызметінің методтары мен нәтижелерін сипаттау, тарих философиясындағы метафизиканы сынау мәселелеріне назар аударады. ХХ ғ. ғылыми-техникалық прогреске байланысты тарихтың Д.Белл,О. Тоффлер ұсынған индустриалдыға дейінгі, индустриалды және постиндустриалды кезеңдері туралы технократиялық концепциялар пайда болды. Сонымен қатар, тарихи дамудың пессимистік және эсхатологиялық болжамдары (модернизм, Ф.Фукуяма) да дүниеге келді. Постмодернизм тарихи танымдағы иррационалдылық, интуитивтілік, мән мен идеяның жоқтығы туралы ойларды ұсынды. ХХІ ғасырда тарихты зерттеу тарихи үрдістің интегративтік теориясы, тарихтың “голографиялық” бейнесін жасаумен байланыстырылды. Аталған пікірлерді қорытындылап, “тарих философиясы – тарихи дамудың жалпы теориясы, ол әлемдік тарихтың универсалдық үлгілерін, дамуын және оларды танып-білуді негіздейді” деген анықтама беруге болады. Осы теория туралы К.Ясперс “Тарихтың мәні және мақсаты” атты еңбегінде қысқа да нұсқа түрде айтқан болатын: Мән мен мақсат – тарих философиясындағы ізденістердің стратегиясы. Тарихи үрдістің бірлігі мен көптүрлілігі. Адамзаттың даму тарихы көрсеткендей, адамзат қоғамы өз дамуында қиын да күрделі сатылардан өтті. Қоғамның бай және көптүрлі мазмұны бар. Сонымен қатар, осы көптүрлілікте тоғысатын ерекшеліктерге де ие. К.Маркс қоғамды қоғамдық-экономикалық формация ұғымы арқылы қарастырып, алғашқы қауымдық, құл иеленушілік, феодалдық, капиталистік, коммунистік (социалистік) формацияларға бөлді. Бұл теорияға қарсы пікір – әлемдік үрдіс көптүрлі, бірақ бірлігі жоқ,әрбір ел, халық ерекше, олардың мәдениетін қатар қоюға болмайды. Мысал ретінде О.Шпенглердіңлокалдық өркениет теориясын, А.Тойнбидіңөркениеттердің көптігі теориясын айтуға болады. О.Шпенглердің (1880-1936) пайымдауынша, әрбір халықтың мәдениеті өзінің қайталанбас «өмірді бастан кешіру» тәсілінің негізінде қалыптасады, қатаң биологиялық ритмге бағынады, балалық, жаскелең, гүлдену, қартаю және күйреу кезеңдерінен өтеді. Ол сегіз локалдық мәдениетті атап көрсетеді: Египет, Үнді, Қытай, Араб-византиялық, Вавилон, Грек-рим, Майя (мексика), Батысевропалық. Эволюцияның жалпы циклі: мәдениеттің өзі – мәдениеттің өркендеуі, эволюцияның органикалық типі. Өркениетті Шпенглер эволюцияның механикалық типі, мәдениеттің өшуі деп түсінеді. Оның пайымдауынша, өркениет кезеңінде урбанизация, жаһандану үрдістері жүреді, олар соғыстарға, әлеуметтік жанжалдарға әкеледі және мәдениеттің орнын өркениет басқанда, мәдениет күйрейді. Осы ойларын ол кезінде кең сұранысқа ие болған “Европаның күйреуі” еңбегінде (1919) баяндады және олар қазір де аса маңызды. А.Тойнбидің (1889-1975) пікірінше, қоғам тарихи локалдық дискретті бірліктердің көптігінен – өркениеттерден тұрады және оны қалыптастыруға адамдардың аз ғана, шағын шығармашылық топтары қатысады. Локалдық өркениеттер, оның пайымдауынша, биологиялық организмдер ретінде өмірлік циклдардан өтеді және “сұрақ-жауап” заңына бағынады.Отыз сегіз өркениеттің бәрі шеңбер бойынша дамиды, төрт кезеңнен өтеді: балалық шақ, жаскелең, есею, өлімжәнесодан соң күйрейді, өзінен кейінгі өркениетке ештеңе де қалдырмайды. Оның пікірінше, жаңа өркениет тақыр жерде пайда болады. Творчестволық, шығармашылық ойлауға ие шағын топ тарихи жағдайдың сұрағына дұрыс жауап берсе, тарих дұрыс дамиды, ал жауап бере алмаса, локалдық өркениет қирап-күйрейді. Марксизм тарихты зерттеудің материалистік әдісін ұсынды. Тарихты осы әдіске сүйене отырып қарастырсақ, тарихқа тұтастық, байланыс, үзіліссіздік беріп тұрған бір негіз бар, бұл – материалдық өндіріс. Ол адам мен қоғамның өмір сүруінің қажетті шарты, бірақ қоғамды құрайтын адамдардың қызметінің бүкіл құрылымы түптеп келгенде материалдық игіліктерді өндіру тәсіліне байланысты: “материалдық өмірді өндіру тәсілі жалпы өмірдің әлеуметтік, саяси және рухани үрдістерінің алғышарты”. Яғни, қоғам – белгілі бір материалдық жүйе, оның негізін материалдық игіліктерді өндіру тәсілі құрайды. Өндіріс тәсілі дегеніміз не? Материалдық өндірісті тікелей жүзеге асыратын – адамдар. Олар өздеріне қажетті нәрселерді өндіру үшін еңбек құралдары мен саймандарын қолданады. Осылардың бәрі біріге келе қоғамның өндіргіш күштерін құрайды.Өндіріс тәсілінің екінші жағы – өндірістік қатынастар, адамдардың өндіріс процесіндегі қарым-қатынастары. Өндірістік қатынастардың айқындаушы жағы – меншік қатынастары, олардың сипаты өндіріс процесінде эксплуатацияның, не болмаса ынтымақтастықтың қалыптасуына әсер етеді. К.Маркс қоғамдық өмірді танып-білу үшін қолданылатын категориялар ретінде “базис”, “қондырма” категорияларын енгізді. Базис және қондырма – әртүрлі қоғамдық-экономикалық формацияларды біріктіруші негіз. Бұл категориялардың мағынасын ашатын болсақ, базис – қоғамның экономикалық құрылымы, басқаша айтсақ, өндірістік қатынастар жүйесі. Ғимараттың іргетасы рөлін атқаратын базистің үстінде қондырма қалыптасады. Оған кіретіндер: 1) қоғамдық сана; 2) идеологиялық қатынастар; 3) оларды бекітетін қоғамдық мекемелер мен ұйымдар. К.Маркс өндірістік практиканы адамдардың табиғатты өңдеуі десе, адамдардың қоғамды өзгертуіне, қайта жасауына немесе жетілдіруіне бағытталған қызметін адамдардың адамдарды өңдеуі деп атады. Кейінірек В.И.Ленин қатынастардың бұл екі түрінің бірін материалдық, екіншісін – идеологиялық деп белгіледі. Идеологиялық қатынастар материалдық қатынастарға тікелей байланысты түрде қалыптасады, бірақ объективтілікке де ие. Қондырма өзінің базисіне белсенді түрде әсер ете алады. Бұл адамдардың қалыптасқан қоғамдық қатынастарды нығайтуға немесе өзгертуге бағытталған қызметі саласы екендігін ұмытпау қажет. К.Маркс ұсынған қоғамдық-экономикалық формация теориясы әрбір формацияның басқаға ұқсамайтын ерекшелікке, диалектикалық сипатқа ие екендігін, қоғамдық дамудың қайшылықтылығын, өзара байланыстылығын және тәуелділігін, үйлесімді өмір сүріп отыратын көптүрлілік пен бірліктік сипатын көрсетеді. Морган-Энгельс теориясы бойынша, әлеуметтік дамудың үш кезеңі бар: жабайылық, варварлық, өркениет. Ф.Энгельстің пікірінше, қажеттілік патшалығы (адам табиғатқа қатаң тәуелді) және еркіндік патшалығы (адам өзі құрған заттық дүниені билеуші) бар. Батыс әлеуметтанушыларының өркениеттік концепциялары бойынша, үш өркениет: дәстүрлі, индустриалды және постиндустриалды өркениет бар және оларға технологиялық детерменизм тән, үш өркениеттің де негізінде – техника. Әсіресе, постиндустриалды қоғамда сапалы секіріс, өзгеріс пайда болады, компьютерлендіру, роботтандыру белсенді жүреді. Қорыта айтқанда, тарихтың, қоғамның көптүрлілігі мен ерекшелігі қатар жүріп отырады. Тарихтағы халық және тұлға.«Тарихты дамытушы, қозғаушы күш не?» деген сұраққа адамзат тарихында құдай, табиғат, өндіріс құралдары, техника, адам, сана, руханилық және тағы басқа жауаптар берілді. Марксизмнің пікірінше, тарихты жасайтын халық, көпшілік, себебі ол – 1) қоғамның өмір сүруіне қажетті барлық материалдық құндылықтарды жасайтын өндіргіш күш; 2) нақты әлеуметтік-саяси күш; 3) қоғамның дамуындағы сабақтастыққа ықпал ететін рухани мәдениетті қалыптастырады. Бұл жерді “халық” ұғымының әлеуметтік-философиялық және этникалық мағынасы бар екендігін ескерткен жөн. Тарихи үрдісті түсіндіруде марксизм “халық” ұғымын әлеуметтік-философиялық мағынада, яғни қоғамның алға жылжуына мүдделі әлеуметтік топтар мен таптардың барлығын қамтушы қоғамдастық мағынасында қолданады. Қоғамды қайта өзгерту тереңірек болған сайын, осы үрдіске қатысушылардың саны көбірек. Қоғамдық қозғалысқа қатысушылардың саны көбірек болса, оның нәтижесі де нақты бола түседі. Марксизмнің түсінігінше, тарихи үрдістің негізгі әлеуметтік субъектілері болып қоғамдық таптар, ал қоғам дамуының белгілі бір сатысында оның дамуының қозғаушы күші болып осы таптардың күресі саналады. Тарихтағы халықтың рөлі туралы марксистік теорияны Г.В.Плеханов толықтырды. Оның ойынша, халық ұлы тұлғаны ұсынады. Ол халықтың өз мүдделері мен мақсаттарын саналы түрде түсінуіне ықпал етеді және халықты осы мақсаттарға жету бағытында ұйымдастырады. Халықтың өзі тұлғалардың үлкен типтерінен тұрады және бұл ұғым миллиондаған жеке адамдарды біріктіреді. Халықтың тарихта ірі өзгерістер жасай алатындығы бәрімізге белгілі. Мысалы, халықтың құрамдас бөлігі болып табылатын іскерлер белсенді қызметі арқылы өздерін де, басқаларды да өзгертеді – аңшылар мен балық аулаушылар, әскерлер мен қолөнершілер, жер өңдеушілер мен индустриалды жұмысшылар, инженерлер мен геологтар, дәрігерлер мен ұстаздар, саясаткерлер мен менеджерлер және олар қазір де өте белсенді. Тарихтың дамуының қай кезеңінде де ойшылдардың беделі мықты болды. Пифагор ойшылдарды жарысып, сауда жасау үшін емес, қоғамды, өмірді бақылап, ойлану үшін өмір сүреді деп сипаттаған болатын. Әдебиет пен өнер адамдары сезім мен эмоция адамдары ретінде тарихтың барлық оқиғаларын жүректерінен өткізеді. Олардың болжамдары тарихтың дамуынан озып кетіп отырады. Мейірімділік өмір салтына айналған адамдар да тарихта ерекше орынға ие. Әрбір адам жеке алғанда өзіндік сипатқа ие десек, артық емес. Әсіресе, ұлы тұлғалар өзінің ортасына сай келе бермейді, сондықтан да олардың тағдырлары көбіне трагедиялық болып келеді. 18-ғасырдағы француз ағартушылары тарихты жасаушы субъект деп ұлы тұлғаларды – көсемдерді, билеушілерді, батырларды және көшбасшыларды есептеді және олардың қызметі және қабылдаған шешімдері тарихтың қозғалысын өзгертіп, адамзат тарихында сақталады деп санады. 19-ғасырдың соңы мен 20-ғасырдың басында элитаризм теориясы қалыптасты. Оның көрнекті өкілдері В.Парето (1848-1923), Г.Моска (1858-1941) және Р.Михельс (1876-1936) қоғамды екі бөлікке бөледі. Қоғамның аз бөлігін элита құрайды. Элитаның басты белгісі – қоғамдық өмірге саналы түрде және нақты ықпал ете алуы, сондықтан ол қоғамның тарихи дамуының субъектісі бола алады және халық оған өз тағдырын сеніп тапсырады. Қоғамның әртүрлі болуына байланысты элита да әртүрлі: саяси, экономикалық, әскери, мәдени, діни және тағы басқалары. Элиталардың бірнеше топтары қоғам дамуының әртүрлі кезеңдерінде бірін-бірі ауыстырып отырады. Мысалы, “арыстандар” тобы қоғамның саяси өмірін басқаруда консерватизмге, күшке жүгінсе, “түлкілер” тобы саяси қитұрқы әдістерді қолданып, келісімге келуге, консенсуске жетуге ұмтылады. Алдыңғы топ саяси тұрақты қоғамда, ал соңғылары тұрақсыз қоғамда көбірек кездеседі. Осылайша, қоғамдағы төңкерістер, В.Парето айтқандай, элиталардың күресі, олар халықтың атынан сөйлеуді сылтау етіп, өздерінің күресін жүргізеді. Тарихты зерттеуші ғалымдар тарихтың дамуындағы көпшілік, тобырдың жағымсыз рөлі туралы да айтады. Тобырға тән ерекшеліктер ретінде Ф.Ницше, З.Фрейд, Х.Ортега-и-Гассет және тағы басқа ойшылдар ретсіз әрекеттерге бейімділік, тобырлық инстинктердің пайда болуы, көшбасшының соңынан ойланбастан еру, алдап-арбағанға сеніп қалу сияқты қасиеттерді айтады. Тобырдың билігі охлократия деп аталады. Қорыта келсек, тарихты белгілі тұлғалар мен халық біріге отырып жасайды. Олар – тұтас организмнің ажырамас бөліктері. №13 тақырып. Дін философиясы (14-апта, 1 сағат) 1. Дінді философиялық тұрғыдан зерттеудің ерекшелігі. Дін –қоғамдық сананың формасы 2. Діннің әлеуметтік және гносеологиялық тамырлары. Діннің функциялары 3. Ақыл мен сенімнің арақатынасы. Діни сенім бостандығы мәселесі Дін қазіргі заманғы адам мен қоғамның рухани өмірінде ерекше орын алады. Кеңестік таптық идеология үстемдік құрған жылдары дін біржақты зерттелгені белгілі. Діннің соңғы жылдары қарқынды дамуы, қоғамда діни сенімді қабылдаушылардың санының көптеп артуы, сонымен қатар, діни экстремизм және діни терроризм сияқты жағымсыз құбылыстардың да пайда болуы дінді жан-жақты талдауды қажет етіп отыр. Қазір дінді тарих, социология, мәдениеттану, саясаттану, философия және тағы басқа ғылымдар өз ғылымдары деңгейінен, әртүрлі аспектілерде зерттеуде. Дінді философиялық зерттеудің ерекшеліктері: 1) философия діннің адам мен қоғамның рухани өміріндегі құбылыс, қоғамдық сананың формасы ретіндегі мәнін анықтайды; көзқарастың түрі ретінде зерттейді; діннің пайда болуының әлеуметтік және гносеологиялық себептерін талдайды; діннің қоғамда атқаратын функцияларын жіктейді; сенім мен ақылдың арақатынасы мәселесін қарастырады; діннің адам бойында адамгершіліктікті қалыптастырудағы рөлін көрсетеді; діни сенім бостандығы мәселесін зерттейді. Діннің анықтамасы: relegio - қасиеттілік, құдайылық - Абсолюттік бастаудың, Құдайдың бар екендігінен туындайтын және соған сәйкес мінез-құлық, өмір сүру тәртібін, өмір салтын қалыптастыратын көзқарас, дүниетаным; адамға күш беретін, тірек болатын, өзіне табындыратын тылсым күшпен байланыстылық және оған тәуелділік сезімі. Дін күрделі жүйе, ол діни сананы, діни институттарды, діни қатынастарды және діни қызметті қамтиды. Дінге: 1) діни ілім; 2) діни сезімдер; 3) діни салттар; 4) діни ұйымдар мен секталар кіреді. Діннің даму сатылары: 1) табиғи дін - бұл кезеңде табиғи күштер құдайлар сияқты болып көрінді; 2) заңдық сипаттағы дін - діни қағидалар мен ережелерді бұлжытпай орындау талап етілді; 3) ақталу діні, ол Құдайдың алдындағы күнәлілік, бүкіл болмыстың қасіреттілігі және Құдайдың мейірімділігі сезімінен туындайды. Діни сана - жаратылыстан тыс күштерге, құдайға деген сенімнен туындайтын көзқарастардың, идеялардың, нанымдардың, теориялардың жиынтығы. Діни сананың құрылымына діни психология (діни идеялардың белгілі бір жүйесімен байланысты стихиялық түрде қалыптасатын түсініктердің, сезімдердің, көңіл-күйлердің, әдет-дәстүрлердің жиынтығы) және діни идеология(діни идеялар жүйесі, оны қалыптастыру және тарату ісімен діни ұйымдар, дінбасылар, діни қызметшілер айналысады) кіреді. Діни идеологияның маңызды бөлігі болып теологияесептеледі, ол құдай, оның қасиеттері, сапалары, белгілері туралы ілімнің жүйелі баяндалуы және негізделуі. Діни сенімге деген екі түрлі көзқарас бар. Атеистіккөзқарас дін өмір шындығын бұрмалап, фантастикалық тұрғыдан түсіндіреді десе, дінді қолдаушылар оны нағыз ақиқат, танымның ең жоғарғы сатысы, адам өмірініндегі барлық сұрақтарға жауап бере алатын, қоғамдық сананың басқа формаларының бәрінен асып түсетін формасы деп тұжырымдайды. Қазіргі қоғамда екінші көзқарас басымырақ. |