Зоология. 30 ЛЕКЦИЯ омыртқасыздар зоологиясы - копия. Лекция Зоология пні, жануарлар лемі Жануарлар леміні жйесі
Скачать 2.15 Mb.
|
Құрылысы мен физиологиясы. Денесі созылыңкы, ұзындығы 0,5 мм-ден 3 метрге дейін (Megascolides australis-та). Сегменттері біркелкі (гомономды), саны 30-дан 600-ге дейін, кейде 7-9 болады. Бас қалақшасында - простомиумда көздері, антенналары, пальпалары дамымаған. Сегменттеріндегі параподиялары жойылып, тек сирек орналасқан қылтандары сақталған, сондықтан құрттарды азқылтандылар деп атайды. Әрбір сегменттінде 8 дана қылтаны болады, олар бүйір және құрсақ жағында жұптасып жатады. Денесінің соңында аналь бөлімі - пигидиум орналасқан. Жіңішке созылмалы кутикуланы түзетін тері эпителиясы кілегейлі без клеткаларына бай. Бұлар әсіресе белдеу төңірегінде көбірек. Эпителидің астында жақсы жетілген сырты сақина тәрізді, іші - тығыз орналасқан ұзына бойы бұлшықеттерден құралған тері-бұлшықет қапшығы жатады. Кең, жақсы дамыған целом қуысы диссепиментпен және құрсақ мезентериімен бөлінген. Аркд мезентериясы жоқ. Іш қуысы целотелимен астарланған. Ас қорыту жүйесі дененің простомиум сегментінде орналасқан ауыз тесігінен басталып, ауыз қуысынан, жұтқыншақтан, өңештен (кейде жемсаудан), бұлшық етті қарыннан, ортаңғы және артқы ішектен, аналь тесігінен тұрады. Жауын құртының (Lumbricus terrestris) өңешіне үш жұп ерекше ізбесті бездер (моррен бездері) ашылады. Олар қан тамырларымен тығыз байланысты және қандағы жиналған карбонаттарды шығару қызметін атқарады. Ізбест безінің сұйығынан өңешке өтеді де, гумин кышқылдарының әсерін әлсіретеді (нейтрализациялайды). Ортаңғы ішектің арқа жақ қабырғасында ішегіне терең енген тифлозоль деп аталатын қатпарлар ұзына бойлай орналасқан. Олар ішектің бетін ұлғайтып, қорек сіңіргіш қызметін жақсартады. Олигохеттердің негізгі қорегі өсімдік қалдықтары және детрит. Зәр шығару жүйесі метанефридиялы, сегменттеліп орналасқан нефридиялардан тұрады. Құрылысы көпқылтанды құрттар жүйесіне үқсас. Ортаңғы ішекгің және қан тамырларының сыртқы бетін жауып тұратын хлорагогенді клеткалар да зәр шығару қызметін атқарады. Хлорагогенді клеткалардың ыдырау өнімдері бір-біріне қосылып, жабысып "коңыр денешіктерді" түзейді, бұлар целом қуысына өтеді де, ерекше арқа поралары арқылы сыртқа шығарылады. Тыныс алуы бүкіл денесімен өтеді. Терісіндегі капиллярлар тығыз тор түзейді де, газ алмасуды қамтамасыз етеді. Қан айналу жүйесі көпқылтандылардың жүйесіне ұқсас: арқа және құрсақ қан тамырларынан тұрады. Әрбір сегментінде осы негізгі тамырларды жалғастыратын сақиналы тамырлары болады. Дененің алдыңғы бөліміндегі (7-13-ші сегменттердің тұсында) сақина қан тамырлары жуандау болып келеді және олар бұлшықеттің жиырылуы арқылы арқа тамырындағы қанды денесінің артқы жағынан алдыңғы бөлігіне айдап отырады, сондықтан, оларды бүйір немесе "сақиналы жүрек" деп те атайды. Негізгі қан тамырларынан және сақиналы тамырларынан капиллярлар тарайды. Олар ішекті торлап жатады. Ішектен қорытылған заттар капиллярлар арқылы қанға өтіп бүкіл денеге таралады. Қан айналу жүйесі тұйық. Жауын құртының қанында еріген гемоглобин болады, сондықтан оның қаны қызыл түсті. Нерв жүйесі барлық буылтық құрттарға тән жұп жұтқыншақ үсті, жұтқыншақ асты ганглиядан, жұтқыншақ айналасындағы коннективтен және құрсақ нерв тізбегінен құралған. Нерв түйіндерінен денесінің бөлектеріне нервтер таралады. Сезім мүшелері нашар жетілген, көздері болмайды, бірақ жауын құрттар терісінде жеке шашырап орналасқан сезгіш клеткалары арқылы жарықты сезеді. Жыныс жүйесі гермафродитті. Жыныс мүшесінің құрылысы, орналасуы, сан мөлшері жағынан бірқатар ерекше өзгешеліктері болады. Олигохеттердің жыныс жүйесінің құрылысын және дамуын жауын құртын (Lumbricus terrestris) алып қарастырайық. Жыныс жүйесі денесінің 9-15-шы сегменттер аралығында орналасқан. Аталық бездері ұсақ денелер түрінде 10-шы және 11-ші сегменттерінде капсуланың (қабығы) ішінде жұптасып орналасқан. Капсуланы диссепименттен түзілген үш жұп аталық қапшығы орап жатады. Аталық безінде қалыптасқан сперматозоидтар капсула арқылы аталық қапшығына өтіп, онда пісіп жетіліп, қайтадан капсулаға түседі. Сперматозоидтардың сыртқа шығуына арнайы тұқым жолдары қатысады. Олардың бір ұшы кірпікшелі воронка тәрізді кеңейіп капсуланың ішіне ашылады, ал екінші ұшы 15-ші сегментте жыныс тесігімен аяқталады. Аналық жүйесі тұқым бездерінен және тұқым жолдарынан құралған. Екі аналық безі 13-ші сегментте орналасып, тұқым жолы 14-ші сегментте жыныс тесігімен сыртқа ашылады. Аналық жыныс жүйесіне ұрық қабылдағыш қапшығы да жатады. Олар екі жұп терең тері ойығы түрінде 9-10-шы сегменттерінде орналасқан. Шағылыс кезінде басқа құрттың сперматозоидтарын жинайды. Жыныс жүйесіне белдеудің де жанама қатысы бар. Жауын құртының белдеуі 32-37-ші сегменттер аралығында орналасқан. Ұрықтану кезінде осы аймақтағы топтасқан бір клеткалы кілегейлі бездер ісініп сыртқа кілегейлі заттарды шығарады. Олар белдеуді айнала қоршап тұратын муфтаны (тоғын) түзеді. Кейін муфта денесінен бөлініп жұмыртқа пілләсіне айналады. Жауын құртының ұрықтануы айқасу нәтижесінде іске асады. Екі құрт бас жағымен біріне-бірі қарама-қарсы жылжып жақындасады. Бір құрттың белдеуі екіншісінің ұрық қабылдағышына қарсы орналасады (9-10-шы сегментке). Екеуі де белдеу жағынан ұрық шырышын бөліп шығарады да, соған сперматозоидтарын (15-ші сегменттен) құяды. Осы кезде ұрық қабылдағыштар шырышқа түскен сперматозоидтарды ішіне тартып алады: бір қүрттың ұрық қабылдауышы екінші құрттың сперматозоидтарын ішіне тартады. Ұрықтарын алмастырып болғаннан кейін екі құрт бір-бірінен ажырайды. Біраз уақыттан кейін әрбір құрт денесінің белдеу бөлігінен кілегейлі заттарды шығарып, белдеуді айнала қоршап тұратын муфтаны түзейді. Сонан кейін құрт бас жағымен қозғалып, муфта дене қимылының арқасында бірте-бірте алдыңғы жағына қарай жылжи бастайды. Муфта 14-ші сегментке жеткен кезінде, түқым жолынан жұмыртқалар шығып муфтаға өтеді. Муфта жоғары жылжып 9-10-шы сегменттерге жеткенде, ұрық қабылдағышта жиналған екінші құрттың сперматозоидтары муфтаға құйылады да, осы жерде ішіндегі жұмыртқаларды ұрықтандырады. Осыдан кейін муфта бас бөлімінен сырғып топыраққа түседі. Оның ашық ұштары жабысып муфта пілләға айналады. Пілләнің ішінде жұмыртқа спиральды детерминативті жолымен бөлшектеніп, жас құрттар қалыптасады. Олар пілләні жарып, сыртқа шығып, өсіп, ересек жауын құртына айналады. Личинкалық даму сатысы болмайды. Олигохеттер жыныстық көбеюмен катар жыныссыз жолмен де көбейеді: архитомия және паратомия жолымен. Архитомия жағдайында кұрттың денесі бірнеше бөліктерге немесе сегменттерге ыдырап, олардың әрқайсысы қайтадан қалпына келіп, тұтас организм пайда болады. Осылайша, Lumbriculus variegatus және Enchytraeus туысының өкілдері көбейеді. Паратомия жағдайында құрттың денесінде регенерациялық аймағы пайда болады да сегменттер тізіле бастайды: алдыңғы аймақтан артқы бөлімі, ал артқы аймақтан бас бөлімі құрылады. Артқы бөлімнің алдыңғысынан бөлінуінің баяулығы сонша, әрбір жас особь пайда болғалы жаңа бөлінуге дайындала бастайды. Осылайша Stylaria lacustris, Chaetogaster limnaei, Aeolosoma және басқаларында 4, 6 немесе одан да көп особьтан тұратын тізбек пайда болады, кейін әр тізбек жеке особьтарға бөлініп кетеді. Олигохеттердің регенерациялық қабілеті күшті дамыған, әсіресе жыныссыз жолымен көбейетіндерде. Мысалы, Lumbriculus туысының өкілдері 9-13 үзілген сегменттен, тіпті бір сегменттен де қайтадан жетіліп, тұтас организмге айналады. Классификациясы. Азқылтандылар класы екі отрядқа бөлінеді: найдоморфа Naidomorpha және люмбрикоморфа - Lumbricomorpha. Найдоморфа отряды - Naidomorpha Бұл отрядқа тұщы суларда тіршілік ететін Aeolosomatidae, Naididae, Tubificidae тұқымдасының өкілдері жатады. Enchytraeidae-лар топырақта кең тараған. Тұщы суда мекендейтін түрлері су түбінде жорғалап немесе інге кіріп тіршілік етеді. Tubificidae тұқымдасының өкілдері (Tubifex tubifex) тұнбаның ішіне, 50-100 мм тереңдігіне бас жағын кіргізіп алып, денесінің артқы бөлігін судың бетіне шығарып бір қалыпты теңселмелі қозғалыс жасайды. Бұлар су түбіндегі тұнбамен қоректеніп, ішегінен өткізіп, оның құнарлылығын арттырады. Tubifex-тер өзендерде, көлдерде кең тараған және жиі кездесетін жануарлар. 1 м 2 - жерде мыңнан астам особьтары кездеседі. Балықтардың жемі ретінде және суды шіріктерден тазарту жағынан маңызы зор. Enchytraeidae тұқымдасының өкілдері де топырақта кең тарап, жиі кездесетін құртгар. Топырақты ішегінен өткізіп оның құнарлылығын арттырады. Люмбрикоморфа отряды - Lumbricomorpha Бұл отрядқа негізінде топырақта тіршілік ететін Lumbricidae тұқымдасының Lumbricus, Eusenia, Allolobophora, Dendrobaena туыстары жатады. Тропикалық топырақтарда Megascolecidae тұқымдасының ірі түрі Megascolides australis кездеседі және Branchiobdellidae тұқымдасының өкілдері шаянтәрізділердің паразиттері болып келеді. Топырақта тіршілік ететін Lumbricidae жауын құрттарының ауыл шаруашылығында алатын маңызы зор. Олар топырақта індерін қазып, өсімдік тамырының топыраққа еркін жайылуына ықпалын тигізеді, судың, ауаның топыраққа еркін өтуін реттейді. Індерін қаза отырып топырақтың астыңғы қабатын жоғары бетіне көтеріп, қопсытып араластырады. Алға жылжи жүре топырақты жұтып алып, ішегінен өткізіп, сыртқа копролит деп аталатын нәжістерін шығарады. Олар топырақты қарашірікке байытады. 1 гектар жердегі құрттар жылына 10-30 тоннаға дейін топырақты құнарландырады. Сонымен қатар, індеріне жапырақ, шөп, өсімдіктердің қалдықтарын тасып, олардың тез шіріп, гумусқа айналуына әсер етеді. Жауын құрттары топырақтағы процестерге күшті әсер етеді. Жауын құрттары басқа жануарларға да жем. Жауын құрттарының топырақ үшін маңызын, биологиясын, тіршілігін алғашқы рет Ч. Дарвин "Жауын құрттарының әрекеттерімен жердің өсімдік қабатының пайда болуы және олардың тіршілік ету әрекеттерін бақылау" (1881) деген еңбегінде көрсеткен. СҮЛІКТЕР КЛАСЫ - HIRUDINEA Теңіздерде, тұщы суларда және топырақта тіршілік ететін 400 түрі белгілі, еркін қозғалатын жыртқыштар немесе жануарлардың қанымен қоректенетін эктопаразиттер. Сүліктерде сегменттер саны тұрақты, параподиялары, қылтандары болмайды. Бас (простомиум) және аналь (пигидиум) бөлімдері жоқ. Денесінің алдыңғы және артқы жағында сорғыштары дамыған. Целом қуысы редукцияланып, лакунарлық жүйеге айналған. Ішкі мүшелерінің арасы паренхимаға толы. Көпшілігі гермафродиттер, тікелей (личинкасыз) дамиды. Құрылысы мен физиологиясы. Сүліктер дене пішіні жағынан жалпақ құрттарға ұқсас. Денесі арқа-құрсақ жағына қарай қысылған, ұзындығы 20 см-ге дейін. Сыртқы жіңішке сегменттері ішкі ірі сегменттеріне сәйкес емес. Әдетте бір ішкі сегментіне 3-5-ке дейін сыртқы жіңішке сақина сәйкес келеді. Сүліктердің денесі 33 сегменттен (Acanthobdella отрядында - 30) түзілген, олардың алдыңғы төртеу қосылып алдыңғы сорғышты, артқы жетеуі - артқы сорғышты құрайды. Параподиялары, қылтандары, қармалауыштары және желбезектері жоқ, тек Acanthobdella туысының өкілдерінде алдыңғы 5 сегментінде қылтандары болады, бұл олардың азқылтанды құрттарға жақындығын көрсетеді. Денесі тығыз кутикуламен қапталған, оның астын кілегейлі без клеткаларға бай эпителий астарлап жатады. Эпителий клеткалардың түбінде көптеген түрлі түсті түйіршіктелген пигментті клеткалары шашыраңқы орналасқан. Сүліктердің түсі - осы пигменттердің түсі. Эпителидің астында сақина тәрізді әрі өте күшті дамыған ұзына бойы бұлшықеттер орналасқан. Сонымен қатар дорзо-вентральды бұлшықетгері де бар. Ішкі мүшелерінің арасын паренхима толтырған, целом қуысы нашар дамып, жіңішке түтікшеге, лакунарлық жүйеге айналған, тек қана Acanthobdellida отрядының өкілдерінде ғана ересек күйінде целом сақталып қалған. Ac қорыту жүйесі - алдыңғы, ортаңғы және артқы ішектер. Алдыңғы сорғышының түбіңде орналасқан ауыз тесігі ауыз қуысына, одан жұтқыншаққа жалғасқан. Жұтқыншақтың құрылым ерекшеліктері - негізгі систематикалық белгілер.Тұмсықты сүліктерде (Rhynchobdellida) жұтқыншақта етті түтік немесе тұмсық 1 болады. Ол ауыздан уақытша шығып, қорегіне қадалуға қабілетті. Жақтылар отрядының (Gnathobdellida) ауыз қуысыңда үш хитинді тістері болады, біреуі арқа және екеуі бүйір. Олар тісті ара сияқты жақты құрайды. Қоректену кезінде сүліктер жағымен (тістерімен) иесінің терісін тесіп, сол жерден қанды сорады. Жұтқыншаққа бір клеткалы сілекей бездері ашылады. Медициналық сүліктің (Hirado medicinalis) сілекей бездері гирудин (Hirudin) деп аталатын, қанды ұйытпайтын қасиеті бар ерекше белоктық зат бөліп шығарады. Сүліктер жаралаған жерден қанның көп уақытқа дейін тоқтамай ағатыны осы гирудиннің бөлінуінен. Осыған байланысты сүліктің ішегіне түскен қан бірнеше айға дейін ұйымайды. Жұтқыншақ жіңішке әрі қысқа өңеш арқылы ортаңғы ішекке жалғасады. Ортаңғы ішектен тұйықталған бірнеше бүйірлік қалталары тарайды (медициналық сүлікте 10-11 жұп). Бүйірлік қалталары бар бөліктерді кейде қарын деп те атайды. Осыған сүліктің сорған қаны жиналып, сақталады. Қалталардың артқы жұбы дененің соңына дейін созылып жатады. Ортаңғы ішек артқы ішекке жалғасып, ол артқы сорғыштың үстінде орналаскан аналь тесігімен аяқталады. Кейбір еркін тіршілік ететін сүліктер ұсақ жануарлармен қоректенеді. Зәр шығару жүйесі - метанефридиялы. Бір қабатты клеткаларымен қапталған нефридиялық түтіктері дененің бүйір жағында метамерлі орналасқан. Бұл түтіктер нефропора (шығарғыш тесіктер) арқылы сыртқа ашылады. Медициналық сүлікте 17 жұп нефридиялары бар. Сүліктердің нефридияларының негізгі ерекшелігі - нефростома (кірпікшелі воронка) мен нефридиялық түтігі жалғасқан жерінде екеуінің де ұшы тұйық бітеліп, нефростомаға жиналған несеп заттар оның қабырғасы арқылы нефридия түтігіне осмостық жолымен сіңіріледі де, сыртқа шығарылады. Нефростома кеңейген ұшымен бүйір жағындағы синустың (целомның қалдығы) ішіне, жіңішке жағымен тұйықталған резервуарға ашылады. Целом қалдықтарының қабырғаларында дән тәрізді клеткалар жинақталған. Оларды "ботриодты тканьдер" деп атайды. Азқылтандылардағы хлорагогенді клеткаларға ұқсас. Тыныс алу мүшесі дамымаған, бүкіл денесімен, ал теңіздерде тіршілік ететін Branchellion туысының өкілдері дене сегменттерінің бүйіріндегі орналасқан желбезектері арқылы тыныс алады. Қан айналу жүйесі целомға байланысты әр түрлі құрылысты. Қылтандылар (Acanthobdellida) отрядының өкілдерінде целом қуысы сақталып, ішіндегі жатқан ұзын арқа және құрсақ қан тамырлары сақиналы тамырларымен жалғасып, тұйықталған. Тұмсықты (Rhynchobdellida) сүліктер отрядының өкілдерінде целом қуысы редукцияланып, оның қалдығы 4 ұзына бойы созылған түтіктер немесе лакуналар (синустар) түрінде болады: арқа, құрсақ және екі бүйірлі. Олар бір-бірімен көлденең сақиналы өзектер торымен байланысады. Арқа және құрсақ лакунаның ішінде арқа және құрсақ қан тамырлары бар, ал екі бүйір лакуналары қан тамырларымен қатыспай, қабырғаларының жиырылуының нәтижесінде, целом сұйық затын дене бойымен өткізіп отырады. Сөйтіп тұмсықты сүліктердің қан тамырлары мен лакуналар жүйесі сақталады. Ақырында, жақты (Gnathobdellida) сүліктер отрядының өкілдерінде қан тамырлары түгелімен жойылып, қан айналуды лакунарлық жүйе атқарады . Лакунарлық жүйенің сұйық заты қан сияқты қызыл (еріген гемоглобині болуынан) және ішіңде амебоцид клеткалары кездеседі. Сонымен, сүліктерде қан айналу жүйесі мен целомның арасындағы байланыс субституцияға негізделген (латынша substitutio - ауыстыру, алмастыру). Демек, пайда болу жолы әр түрлі, бірақ физиологиялық жағдайы бірдей екі мүшенің алмасуы - бір мүшенің жойылып, оның орнына екінші мүшенің ауысуы. Нерв жүйесі буылтық құрттарға тән жұп жұтқыншақ үсті, жұтқыншақ асты ганглиядан, екі жұтқыншақ айналасындағы коннективтен және құрсақ тізбегінен құралған. Нерв түйіндерінен дене бөліктеріне нервтер таралады. Құрсақ тізбегі 20 және сдан да көп ганглиялардан тұрады, әрқайсысы бір сегментке сәйкес. Жұтқыншақ асты ганглиясы 4 ганглияның қосылуынан, ал артқы ганглиясы ірі 7 ганглияның қосылуынан пайда болған. Сүліктерде кең тараған сезім мүшелерінің бірі - әрбір сегментінде бір қатар көлденең орналасқан "бокал тәрізді" (кейде сезім бүршігі деп те атайды) мүшелер. Бокал тәрізді мүше - ұзынша келген сезгіш эпителиальды клеткалар, бұларға нерв ұштары жалғасады, денесіне жанасқан әсерді сүлік сол арқылы сезеді. Сезгіш эпителиальды клеткалар тобын сыртынан мөлдір вакуольдеры бар ірі клеткалар қоршаған. Бокал тәрізді мүшенің қызметі әлі зерттелмеген, бірақ химиялық әсерді сезеді деп болжайды. Көптеген сүліктерде алдыңғы сегменттерінде болатын бокал тәрізді мүшелерінің біршама бөлігі көзге айнала алады. Көздері 1-5-ке дейін жұп болып, дененің алдыңғы бөлімінде орналасады. Медициналық сүліктің көздері пигментгі бокал түрінде болады. Бокалдың ішінде толып жатқан ірі көру клеткалары болады. Терінің астындағы паренхимада орналасқан көздің бокалдары сыртынан қара пигментпен қапталған. Бокалдың ортасынан көру нервтері өтеді, әрбір көру клеткасына нервтің ұшы жалғасады. Осындай құрылысты көздердің көру қызметі жарық пен қараңғыны ғана ажыратады. Жыныс жүйесі - гермафродитті. Медициналық сүліктің (Hirudo medicinalis) аналық жүйесі ұрық қапшығының ішінде орналасқан, тек бір жұп жұмыртқа безінен тұрады, одан жұмыртқа жолы шығып қысқа жатынға қосылады. Жатын кең бұлшыкетті қынапқа жалғасады. Жыныс тесігі құрсақ жағында аталық шағылыс мүшесінің жанында ашылады. Аталық жыныс жүйесіндегі 9 жұп аталық бездері тұқым қапшықтарының ішінде, денесінің ортаңғы бөлігінде метамерлі орналасқан. Ұрық қапшықтарының әрбіреуінен жіңішке ұрық түтікшелері тарайды, олар оң және сол жақтағы ұрық жолына ашылады. Ұрық жолдары дененің алғашқы үштен бір бөлігіне келіп домалақтанып ұрық қалтасын түзейді. Екі ұрық жолы осы қалтадан шығып, бірігіп так ұрық шашатын түтігіне ұласады. Түтік бұлшықетті шағылыс мүшенің ішінде орналасып жыныс тесігімен аяқталады. Тұқым бүрку түтігіне қосымша бездер ашылады. Сүліктердің кейбір түрлерінде (Haementaria, Glossiphonia туысынан) шағылыс мүшесі дамымаған. Бұл жағдайда сперматозоидтар безді заттардан түзілген сперматофора деп аталатын сопақша келген қалташаның ішіне шығарылады. Аталықтары сперматофораны сүліктің аналық жыныс тесігіне жабыстырады немесе сүліктің қынабына енгізеді. Сперматофорадан шыққан сперматозоидтар жатынға түсіп, жұмыртқаларды іштей ұрықтандырады. Барлық сүліктердің жұмыртқаның ұрықтануы іштей өтеді. Ұрықтанған жұмыртқаларын сүліктер пілләнің ішіне салады. Сүліктердің денесінің алдыңғы сегменттері аралығында белдеуше аймағы болады (медициналық сүлікте 9-10-сегментінде). Белдеушенің сілекей тері бездері ісініп шырышты пілләні шығарып тұрады. Медициналық сүліктің ұзындығы 2 см-ге дейін жететін пілләнің ішінде 20-ға жуық жұмыртқалары болады. Пілләлар су түбінде немесе су жағалауларында кездеседі. Helobdella stagnalis, Pratoclepsis tessellata-ның пілләсі құрсағына жабысқан. Жұмыртқаларының бөлшектенуі олигохеттердікіне өте ұқсас спиральды детерминативті жолмен өтеді. Ұрықтарының даму сатысында кірпікшелерінің, целом қуысының болуы байқалады, кейін олар жойылып кетеді. Ересек формасының қалыптасуына D бластомераның ұрпағы маңызды қызмет атқарады. Осылардың 5 жұп ірі телобласт клеткаларынан 10 ұзын алқап клеткалары шығады кейін екеуінен мезодермальдық алқап, екеуінен құрсақ нерв тізбегі, қалған алтауынан эктодерма қабаты пайда болады. Жалпы құрылысымен сүліктер азқылтанды құрттарға ұқсас. Екеуінде де тұқым бездері тұқым қапшығының ішінде орналасады, жұмыртқаларын пілләнін ішіне салады, дамуы личинкасыз. Ерекшелігі: жұмыртқаның ұрықтануы олигохеттерде сырттай (пілләнін ішінде), ал сүліктерде іштей өтеді. |