Зоология. 30 ЛЕКЦИЯ омыртқасыздар зоологиясы - копия. Лекция Зоология пні, жануарлар лемі Жануарлар леміні жйесі
Скачать 2.15 Mb.
|
СЕМСЕРҚҰЙРЫҚТЫЛАР КЛАСЫ - XIPHOSURA Семсерқұйрықтылар қазіргі кезде құрып кетуге жақын, саны аз ғана, не бары 5 түрі бар, палеозой эрасында кең тараған, теңіздерде тіршілік ететін буынаяқтылар. Ұзындығы 50-90 см, ал Limulus polyphenus-тың ұзындығы 0,5 м болып келеді. Қазіргі кездегі семсерқұйрықтылар тропикалық және субтропикалық теңіздерде тараған, біреулері Limulus polyphenus - Атлант мүхитында, Солтүстік және Орталық Америка жағалауларында, қалғандары Малай архипелагында, Филиппин және Жапон аралдарында (Tachypleus, Carcinoscorpius), су жағалауларында 4-10 метр тереңдігінде тіршілік етеді. Аналықтары жұмыртқаларын судың жағасындағы құмға салады. Семсерқұйрықтылардың қалдықтары триас дәуірінен табылған, ал Hemiaspis силур дәуірінен белгілі. Құрылысы мен физиологиясы. Денесі жалпақ, баскеуде мен құрсақ бөлімі біріккен, сегменттері қозғалмалы, құрсағы ұзын семсер тәрізді өсіндімен бітеді. Баскеуде бөлімі үлкен арқа қалқанымен жабылған, онда екі жұп көздері бар. Денесінің төменгі жағында, аузының алдында үш бунақты қос хелицерасы, ал 5 жұп жүру аяқтары ауыз жанында орналасқан. Бұлардың бірінші жұбы - педипальпасы қалған жүру аяқтарына ұқсас, тек бір бұтақты шайнағыш өсіндісімен ерекше. Жүру аяқтары жорғалаудан басқа қорегін ұстау және ұсақтау қызметін де атқарады. Баскеудесінің 7-ші сегментіндегі хилярий деп аталатын бунақталмаған жұп аяқтары тікенектермен қаруланған. Құрсағындағы 6-жұп аяқтары жапырақтәрізді, тек бірінші жұбы қорғаныш тақтасына айналып - желбезек қақпақшасы деп аталады. Құрсағындағы семсертәрізді ұзын өсіндісінің құрамына тельсоннан басқа құрсақтың ақырғы үш сегментінің жұрнағы кіреді. Ac қорыту жүйесі. Ауыз тесігі хитинді кутикуламен көмкерілген өңешке, ал ол үлкен бұлшықетті хитині бар, әрі тісшелермен қаруланған шайнағыш қарынға жалғасады. Қарындағы ұсақталған қорек зат ортаңғы ұзын ішекке өтіп, одан әрі бауыр түтікшелері арқылы бауырға түсіп, сонда клеткаларының ішінде қорытылады. Қорытылмаған қорек заттар артқы ішектен аналь тесігі арқылы сыртқа шығарылады. Зәр шығару мүшесі - қос коксальды безінен құралған. Әрбір бездің ұзын имек түтікшесінің бір ұшында - бір-біріне жалғасқан қапшық тәріздес өсінділері болады, олар түрі өзгерген целомодукталар. Зәр шығару тесігі бесінші жүру аяқтың "кокса" деп аталатын бірінші бунағының жанында ашылады, сол себептен де бұл бездерді коксальды деп атайды. Қан айналу жүйесі. Қан айналу жүйесі жақсы дамыған. Ұзын түтік тәрізді жүрегі 8 қос остийден тұрады. Жүректің артқы жағы тұйық, ал алдыңғы жағынан аорта және оның екі бүйірінен 4 қос артерия кетеді. Бұл артериялар бүйір бағанасына бірігеді. Артериядан шыққан гемолимфа дененің ішкі мүшелерінің арасындағы қуысқа, одан соң синусты жүйеге жиналып, сол арқылы жүрек жанындағы қуысқа (перикардияға), ақырында остийлері арқылы жүрекке құйылады. Семсерқұйрықтылардың гемолимфасының құрамындағы тыныс алу пигменті-гемоцианин гемолимфаға көкшіл түс береді. Нерв жүйесі ми ганглиясынан, жұтқыншақ маңындағы сақина коннективадан және құрсақ нерв тізбегінен құралған. Миы мүшеленбеген, бірақ көру орталықтарынан жойылып кеткен мұртшаларын немесе антеннулаларын нервтендірген ганглиялар қалдықтары бар. Миға жұтқыншақ маңындағы сақина коннективасы жалғасқан, ол хелицераны, баскеудедегі жүру аяқтарын және желбезектерді нервтендіреді. Құрсақ нерв тізбегінде 6 ганглиялары бар. Ганглияның соңғысы біріккен ганглия түйіндерінен құралған. Құрсақ нерв тізбегіндегі ганглиялардан шыққан нервтер дененің бүйірінде ұзына бойы жатқан нерв бағанасына жалғасады. Сезім мүшелері. Семсерқүйрықтылардың екі жұп көздері болады. Көздерінің бірінші жұбы - қарапайым көзшелер баскеуденің арқа жағында, мидың үстіңде, ал екіншісі - күрделі көздері көзшелердің жанында орналасқан. Күрделі көздер көптеген бір-біріне тығыз орналасқан ұсақ көзшелерден тұрады, ол үстіңгі жағынан мөлдір хитинді кутикуламен көмкерілген. Жыныс жүйесі. Семсерқұйрықтылар дара жыныстылар. Жыныс бездері қосарланған және бұтақталған, өзара түтік тәрізді қапшықтарды құрайды. Олардың ұрық шығару жолы құрсақтың бірінші сегментіндегі желбезек қақпақшасының астында сыртқа ашылады. Эмбриональды дамуы метаморфоз жолымен өтеді. Жұмыртқадан шыққан личинканың сегменттері толық, бірақ құрсағы жетілмеген, құрсағында аяқтары болмайды. Құрсағы кішкентай қалқаншамен бітеді. Личинка құрылым жағынан трилобиттерге өте үқсас, сондықтан трилобитті личинка деп аталады. АЛЫП ҚАЛҚАНШАЛЫЛАР КЛАСЫ - GIGANTOSTRACA Буынаяқтылар типінің толығымен жойылып кеткен класы. Бұлар палеозой эрасында суда тіршілік еткен ірі жануарлар, 200-ге жуық түрі болған. Қазба түрлері құм тастарында, Шотландияның ерте замандағы қызыл құмында табылған. Денесі баскөкіректен және артына қарай жіңішкерген 12 сегментті ұзын құрсақтан құралған. Құрсағы алдыңғы және артқы бөлімдерге бөлінген. Соңғы сегменті аналь қалқаншасына (тельсонға) айналып тақта, тікенек немесе ине түріне өзгерген. Алдыңғы құрсағында түрі өзгерген жапырақ тәрізді жыныс қақпақшалары және төрт жұп желбезек аяқтары болған. Баскөкірек бөлімі бірігіп тұтас біткен қалқаншамен жабылған, оның жоғарғы жағында қарапайым көзшелері, ал бүйірінде күрделі көздері орналасқан. Хелицералары қысқыш тәрізді. Кейбіреулерінде педипальпа мен бірінші жұп аяқтары қармалауыштарға айналып, ал артқы аяқтары ескектәрізді болып жүзу қызметін атқарған. Eurypterus туысының өкілдері силур мен кембрий дәуір шөгінділерінде кездескен. Бұлар жыртқыштар, су түбінде тіршілік еткен, ұзыңдығы 1,8 метрге жететін алып жануарлар . ӨРМЕКШІТӘРІЗДІЛЕР КЛАСЫ - ARACHNIDA Өрмекшітәрізділер құрлықта тіршілік ететін, өкпемен немесе трахеямен тыныс алатын буынаяқтылар. Денелері - баскеуде және құрсақ болып екіге бөлінеді. Ал кенелерде (Асагі) баскеуде мен құрсақ бөлімі бірігіп кеткен. Баскеуде бөлігінде 6 жұп аяқтары орналасқан, оның бір жұбы ауыздың үстінде, ал қалған 5 жұбы ауыздың артқы жағында орналасқан. Аяқтарының алғашқы жұбы - хелицералары (сһеіісегае) қысқарған екі-үш буыннан тұрады, ол қысқыш немесе тырнақ тәрізді. Көпбуынды аяқтарының екінші жұбы - пышақтәрізді және олар қорегін ұстау мүшесінің қызметін және сезу қызметін атқарады - бұлар педипальпалар (pedipalpi), ал қалған 4 жұбы - жүргіш аяқтары. Денесінің артқы бөлігі - құрсақ - әдетте сегменттелген. Өрмекшітәрізділер қласында оншақты отряд, 60000-нан астам түрлері бар. Ұзындығы 0,1 мм-ден 17 см-ге дейін. Құрылысы мен физиологиясы. Өрмекшітәрізділердің денесі екі бөліктен: баскеуде және құрсақтан тұрады. Баскеудені - акрон және 7 сегмент құрайды (7-ші сегмент жетілмеген). Сольпуталарда және кейбір төменгі сатыдағы түрлерінде 4 жұп алдыңғы аяқтарының сегменттері біріккен, ал баскеуденің қалған 2 сегментіне құрсақ сегменттері жалғасады. Осылай, сольпугаларда - денесінің алдыңғы бөлігі трилобиттердің басының сегменттелуіне ұқсас (акрон және 4 сегмент) - ол пропелътидий бөлігі және екі бос аяқтары бар кеуде сегменттері мен сегменттелген құрсағы болады. Сольпугалардың денесі - өрмекшітәрізділер класының басқа өкілдеріне қарағанда көбірек сегменттелген. Құршаяндарда да баскеудесі біріккен, құрсағы 12 сегментті (Gigantostraca сияқты), ол 7 сегментті жалпақ алдыңғы құрсаққа және жіңішке 5 сегментті артқы құрсаққа бөлінеді. Денесі уы бар, имек инелі тельсонмен аяқталады. Мұндай сегменттелу жалған құршаяндарға, пішеншілерге, кейбір кене түрлеріне және буынқұрсақты өрмекшілерге тән (бұларда құрсағы екі бөлімге бөлінбейді). Дене сегменттерінің бірігуінің тағы бір кезеңі - көптеген өрмекшілерде және кейбір кенелерде байқалады. Оларда баскеуде ғана емес, сонымен қатар құрсағы да буындарға бөлінбеген, бірақ өрмекшілерде олардың арасында қысқа және тар жіңішке мықын болады, олар дененің 7-ші сегментінен пайда болған. Дене сегменттерінің толық бірігіп, тұтасып кетуі кене отрядтарының өкілдерінде байқалады. Жоғарыда көрсетілгендей, баскеудеде 6 жұп аяқтары орналасқан. Олардың алдыңғы 2 жұбы қоректі ұстау және оны ұнтақтау қызметін атқарады - бұларды хелицералар және педипальпалар деп атайды. Хелицералар ауыздың алдыңғы жағында орналасады, өрмекшітәрізділерде олар қысқа қысқыш түрінде болады (сольпугалар, құршаяндар, жалған құршаяндар, пішеншілер, кейбір кенелер т. б.). Кейде хелицералар тырнақтәрізді қозғалмалы буынымен аяқталады (өрмекшілерде) немесе стилет сияқты болады. Ол (кенелерде) жануарлардың денесін тілу қызметін атқарады, сол арқылы олар қоректенеді. Хелицералар әдетте үш буыннан тұрады, ақырғы буыны қысқыштың қозғалмалы бармағының қызметін атқа-рады. Екінші жұп аяқтары - педипальпалар, бірнеше буыннан тұрады. Шайнайтын өсінділердің көмегімен педипальпаның негізгі буынында қорек ұнтақталып майдаланады, содан кейінгі буындар қармалауыш, ұстағыш қызметін атқарады. Кейбір өкілдерінде (құршаяндар, жалған құршаяндар) педипальпалар күшті ұзын қысқыштарға айналған, ал кейбіреулерінде жүру аяқтарына ұқсас. Қалған 4 жұп (6-7 бунақты) баскеуде аяқтары жүру қызметін атқарады. Өрмекшітәрізділердің құрсағындағы аяқтары дамымай түрі өзгерген күйінде сақталады. Мысалы, құршаяндар құрсағының бірінші сегментінде жұп жыныс қақпақшалары, екіншісінде сезу мүшелерінің қызметін атқаратын жұп айдарлы, тарақтәрізді қосалқылары бар. Сондай-ақ құршаяндардың, жалған құршаяңдардың, кейбір өрмекшілердің өкпе қапшықтары, өрмекшілердің өрмек жіптерін бөлетін өрмек сүйелдері де аяқтарының өзгеруінен пайда болған. Өрмекшітәрізділердің арғы тегіңде құрсақ сегменттеріндегі жетілген аяқтарының болғаны күмәнсіз. Алайда, көптеген өрмекшітәрізділер ұрығының дамуы барысында құрсағындағы аяқ нышандары пайда болып, кейін дамымай сол күйінде қалады. Хелицералылардың жабыны кутикула мен оның астындағы гиподерма мен базальды мембрана қабаттарынан тұрады. Гиподерма клеткаларының шығарған заттарынан құрылатын кутикула үш қабатты. Оның сыртқы қабаты жұқа, денедегі ылғалды сыртқа шығармайтын липопротеинді заттарға бай. Бұл құрылым хелицералылардың құрлыққа шығуына және олардың ең құрғақ жерлерді мекендеуіне жағдай туғызды. Тері эпителидің туындыларына улы бездер және усыз өрмек бездері жатады. Біріншісі - өрмекшілерге, құршаяндарға, екіншісі - өрмекшілерге, жалған құршаяндарға, кейбір кенелерге тән. Ac қорыту жүйесі эктодермальды алдыңғы, энтодермальды ортаңғы және эктодермальды артқы ішектен құралған. Алдыңғы және артқы ішектері қысқа, ортаңғысы ұзын. Алдыңғы ішегі әдетте кеңейген, кутикуламен астарланған және күшті бұлшықеттермен қапталынған, сұйық асты соруға бейімделген (насостың қызметін атқаратын) жұтқыншақ пен қарыннан тұрады. Алдыңғы ішекке шырыш бөлетін жұп сілекей бездері ашылады. Өрмекшілерде, осы бездердің және бауырдың ферменттерінің белокты ыдырату қабілеті жоғары. Өрмекші өзінің өлтірген жемтігінің денесіне осы бездердің сөлін жіберіп, қоректі ішектен тыс қорытады да, кейін қорытылған сұйықтандырылған қоректі сорып алады. Осылайша, қорытылған қорек жұтқыншақ пен қарын арқылы ортаңғы ішекке түседі. Ортаңғы ішектің құрсақтағы бөлігіне бауырдың өзектері ашылады, ол ас қорытатын ферменттерді бөледі және қоректі сіңіруге көмектеседі, сонымен қатар бауыр клеткаларының ішінде ас қорыту процестері де өтеді. Ортаңғы ішектің тұйықталып аяқталатын тармақтары, өздерінің сілекей шығару әрекетімен қатар ішектің сорғыш беттерін кеңейтіп, асты сіңіруге көмектеседі. Артқы ішегі аналь тесігімен сыртқа ашылады. Өрмекшітәрізділерді көпшілігі - жыртқыштар, бірақ омыртқалы жануарлардың қанымен, өсімдіктердің шырынымен және өсімдіктердің қалдықтарымен қоректенетін түрлері де бар. Зәр шығару жүйесіне Мальпиги түтікшелері және коксальды бездері жатады. Мальпиги түтікшелері энтодермальды ортаңғы ішектен пайда болып, ортаңғы мен артқы ішектің шекарасында орналасып, бір жағы тұйықталып екінші жағымен ас қорыту жолына ашылады. Олар жалпақ эпителий қабатымен астарланған, клеткаларында және түтікше қуысында көптеген гуанин дәндері болады. Гуанин өрмекшітәрізділердің зәр шығаруының негізгі өнімі, сыртқа сұйық түрінде емес, құрғақ кристалл түрінде шығарылады. Бұл құрлықта тіршілік етуіне байланысты ішкі ылғалды үнемдеуге бағытталған. Мальпиги түтікшелері тек ересек түрлерінде болады. Коксальды бездер мезодерма клеткаларынан пайда болады, олар өрмекшітәрізділердің ұрығында және жас кезінде жетіліп, ересек түрлерінде біршама жоғалады. Коксальды бездер баскеуденің 2-ші сегментінде орналасқан, түрі жұп қапшық тәрізді. Эпителилі қапшықтан ілмек тәрізді бұрандалған түтікше шығады да, ол зәрлі қуықка айналып, зәр шығару тесігімен аяқталады . Олар 3-ші немесе 5-ші жұп аяқтарының түбінде сыртқа ашылады. Эпителилі қапшық целомодуктаның кірпікшелі воронкасына сәйкес болып келеді. Тыныс алу мүшелері әр түрлі: не жапырақтәрізді өкпелері, не кеңірдектері (трахеялары), не өкпелер мен кеңірдектері кездеседі. Өкпе қапшығымен құршаяндар, қылаяқтылар, төменгі сатыдағы өрмекшітәрізділер тыныс алады. Құршаянның алдыңғы құрсағының астыңғы 3-6-шы сегменттерінде 4 жұп тыныс саңлаулары немесе стигмалары (stigma) өкпе қапшығына келіп жалғасады. Өкпе қапшықтарының ішінде бір-біріне жақын орналасқан жапырақтәрізді өсінділері бар, ал олардың арасы тар, бос қуыстық. Бос кеңістікте ауа, ал өкпе жапырақшаларын қан тамырлары торлаған. Сольпугалардың, пішеншілердің, жалған құршаяндардың, кейбір кенелердің тыныс алу мүшесі - трахеялар. Құрсақтың 1-2-ші сегменттерінде (сольпугаларда кеуденің 1-ші буынында) жұп тыныс алу саңлаулары немесе стигмалары бар. Әрбір стигмадан дененің ішіне қарай ұзын, жұқа, тұйықталған ауа өтетін түтікшелер немесе трахеялар тарайды. Трахеядан тараған ұсақ трахеолалар әрбір мүшеге жалғасып, оларды ауамен қамтамасыз етеді. Жалған құршаяндарда және кенелерде бұл түтіктер бұтақталмаған, бір бунақты. Өрмекшілер отрядының өкілдерінде тыныс алу мүшелерінің екеуі де (жапырақты өкпе қапшығы мен трахеялар) кездеседі. Олар - құрсақ бөліміңде орналасқан жұп өкпе қапшығы және сыртқа екі стигмамен ашылатын жұп трахея шоғыры. Өрмекшілердің Caponiidae тұқымдасында өкпе мүлдем жоқ, тек жалғыз 2 жұп трахеясы болады. Өрмекшітәрізділердің өкпесі және трахеясы бір-біріне байланыссыз пайда болған. Өкпе қапшығы күмәнсіз ертеде пайда болған мүше. Өкпенің эволюция барысында қалыптасуы, түрі өзгерген құрсақ желбезек аяқтарымен байланысты деп есептеледі, ал олар өрмекшітәрізділердің суда тіршілік еткен арғы тегіңде болған және олар семсерқұйрықтылардың желбезекті құрсақ аяқтарына ұқсас. Әрбір осындай аяқ дененің ішіне қарай бата орналасқан. Аяқтарының бүйір жары денеге жабысып, өседі. Өкпе қабырғаның алдыңғы бөлігі - аяқтың негізінен, ал өкпе жапырақшалары арғы тегінің құрсақ аяқтарының артқы жағында орналасқан желбезек тақталарынан пайда болған деп болжамдайды. Кеңірдектер (трахеялар) өкпе қапшығынан тәуелсіз пайда болған. Олар эктодермальды, дененің сыртқы хитинді кутикуланың ішке қарай жымырылып кеткен өсіндісі болып табылады. Трахея түтікшелері хитинді кутикуламен астарланған. Кейбір өрмекшілердің және кенелердің тыныс алу мүшелері жойылып, бүкіл денесімен тыныс алады. Қан айналу жүйесі ашық. Құршаянның жүрегі ұзын түтік тәрізді, алдыңғы құрсақ бөлімінде ішектің үстінде орналасқан және оның бүйір жағында 7 жұп саңылаулары (остиялары) бар. Басқа өрмекшітәрізділерде жүректің құрылысы біршама қарапайым. Мысалы, өрмекшілерде жүрегі қысқарған, 3-4 жұп остиялары ғана болады, пішеншілерде 1-2, кенелерде 1, ал кенелердің көпшілігінде өте ұсақ болуына байланысты жүрегі тіпті жойылып кеткен. Жүректің алдыңғы, артқы (құршаяндарда) немесе тек алдыңғы жағынан (өрмекшілерде) қолқа тамырлары шығады. Бұдан басқа кейбір түрлерінде жүректің әрбір камерасының бүйірінен жұп артерия тамырлары тарайды да, олардың соңғы тармақтары үзіліп, гемолимфа лакуна, синус жүйесіне құйылады. Синустардан лакуналардан жиналған гемолимфа жүрек маңы (перикардия) қуысына, одан кейін остиялары арқылы жүрекке құйылады. Өрмекшітәрізділердің гемолимфасының құрамында тыныс алу пигменті - гемоцианин болады. Нерв жүйесінін құрылысы буылтық құрттардікіне ұқсас, бірақ құрсақ нерв тізбегіндегі ганглиялары бірігіп шоғырланып орналасуға бағытталған. Миы екі бөлімді: алдыңғы - протоцеребрум (көздерін нервтендіретін) және тритоцеребрум (хелицераларды). Басқа буынаяқтыларға тән (шаянтәрізділер, көпаяқтылар, насекомдар класы) мидың аралық бөлімі - дейтоцеребрум барлық хелицералыларда жойылған, себебі оларда антенналары жоқ. Құрсақ нерв ганглияларының тізбегі құршаяндарда сақталған. Оларда жұтқыншақ үсті ганглиясы немесе миы және жұтқыншақ маңы коннективасы бар, ал жұтқыншақ асты ганглиясы баскеуде ганглияларымен бірігіп үлкен түйінге айналған, одан 2-6-шы жұп аяқтарына нервтер таралған, ал құрсақ бөлігі бойында 7 ганглиялар түйіні құрсақ тізбегін құрайды . Сольпугаларда күрделі баскеуде ганглиясынан басқа құрсақ нерв тізбегінде тағы бір үлкен түйіні болады. Өрмекшілерде бүкіл нерв тізбектеріндегі ганглиялары баскеуде ганглиясына бірігіп кеткен. Пішеншілермен, кенелердің миы мен баскеуде ганглиясының арасында шектелу байқалмайды, сондықтан нерв жүйесі бұларда өңештің айналасында тұтас түйінді нерв сақина жасайды. Сезім мүшелері жақсы жетілген және әр түрлі. Өрмекшілердің педипальпаларындағы ретімен орналасқан түктері механикалық әсерлерді қабылдайды. Ауа тербелістерін сезетін арнайы түктер - трихоботриялар педипальпаларында, аяқтарында және дененің жоғарғы жағында, ал химиялық өзгерістерді сезетін және иіс сезу қызметін атқаратын лира тәрізді мүшелері кутикулада шағын саңылаулар түрінде орналасқан. Олардың түбіндегі жарғақшаларын нерв талшықтары торлап жатады. Көздері қарапайым, баскеуденің дорзальды жағында әдетте бірнеше - 12, 8, 6, ал кейде 2 көзі болады. Құршаяндардың жұп ірі көздері баскеуденің ортанғы бөлігінде, ал 2-5 жұп көздері бүйірінде орналасқан. Өрмекшілердің 8 көздері 2 доға түрінде орналасқан, алдыңғы доғаның ортаңғы көздері басқаларына қарағанда ірілеу келеді. Құршаяндар бір-бірін 2-3 см, ал кейбір өрмекшілер 20-30 см қашықтықтан көре алады. Өрмекшітәрізділердің улы және усыз бездері гиподерма клеткаларынан дамыған. Улы бездері өрмекшілерде, құршаяндарда, кейбір жалған құршаяндарда және кенелерде болады. Өрмекшілерде олар хелицералардың түп жағында орналасып, сыртқа хелицера тырнағының ұшында ашылады. Құршаяндарда улы бездері құйрығының ең соңғы бөлігінде орналасып, сыртқа арнайы иненің ұшына ашылады. Өрмек бездері тек өрмекшілер отрядының өкілдерінде ғана бар, олар құрсағының төменгі жағында орналасып, сыртқа өрмек сүйелдерінің төбесінде ашылады. Кресті өрмекшінің (Araneus diadematus) үш жұп өрмек сүйелдері бар. Өрмек бездерінің пішіні әр түрлі: алмұрт, түтік, ампула, бұтақты ағаш тәрізді. Олардан бөлінген сұйық зат ауада тез қатады да, өрмек жібіне айналады. Бұларды өрмекшілер тор құру, ұстап алған жемтігін орап тастау, жұмыртқа пілдесін жасау үшін қолданады. |