Сахна жне актер алы сз
Скачать 0.58 Mb.
|
(Этика) Этика (лат. etnica Этика — тәлім-тәрбие туралы ілім. Сөздің қазақша баламасы — әдеп. Әдеп — адамдардың арақатынасын қалыптастырып, олардың руханн дүниесін азып-тозудан, азғындаудан арашалайтын мөлдірлік, тазалық ұғымы. К. С. Станиславскийдің этикалық программасының іргетас негізін аса маңызды қоғамдық және эстетикалық мұраттардан тамыр тартқан реалистік өнер функциясы қалайды. Театр мұраты — көрермендер көңілін аулайтын сайқымазақ дүние тудыру емес, оларды тәлім-тәрбиеге баулитын, ізгілікке, әдептілікке тәрбиелейтін, еңбекке шабыттандыратын рухани қазынасы мол өнер туындысын сомдап шығару. Театр өнеріне әдептілік, қоғамдық, әлеуметтік, азаматтық көзқарас тұрғысынан зер салу — К. С. Станиславский этикасының программалық позициясының басты бағытын анықтайды. Сахна өнерінің қоғамдағы орны, атқаратын қызметінің әлеуметтік мазмұны, алдына қойған көркемдік мақсат-мұраты — К. С. Станиславский басшылық еткен театр коллективінің күллі ішкі творчестволық ауа райы, труппа құрамының структуралық ерекшелігі, репертуар саясаты сияқты этикалық платформа негізіне қазықталған. Әлеуметтік әдеп тұрғысынан алып қарағанда К. С. Станиславский театр өнеріне аса зор тарихи жүк артты. Оның зерделеуінше дүние жүзі халықтарының басын қосып, достыққа, туысқандыққа үндейтін әлемдік мекеме — театр болып саналады. Сондықтан да Шекспир, Шиллер, Мольер, Ибсен, Метерлинк шығармаларыи сахнаға қойып, репертуар аясын халықаралық аренаға шығарып, өзінің этикалық мұраттарына сай әлемдік театларды достыққа тартты. Қоғамдық этика тұрғысынан реалистік өнердің демократиялық, бұқаралық тенденциясын — қоғамдық құрылысымыздың негізі деп уағыздады. Азаматтық әдеп тұрғысынан көз салғанда, театр — коллективтік өнер: «Актеру нужна солдатская дисциплина» деп, этика жалауын сахна реформаторы аталмыш қанатты сөзді алтын әріппен ойып жазып кетті. К. С. Станиславскийдің әлеуметтік, қоғамдық, азаматтық зтикасының идеялық пафосын осындай мөлдір принциптермен безбендеген абзал. Театрдың алдыңғы қатардағы саяси-көркемдік позициясын, қоғамдық орнын белгілеу этиканың атқаратын роліне саяды. Ендеше, күллі театр қызметіне басшылық ететін қоғамдық-саяси орган — Станиславский этикасы. Театр —жер жүзі ұлыларының тудырған ұлы шығармаларын қауым мен қоғам алдында терең талдап, түсіндіріп беретін әлеуметтік аудитория. Әлемдік алыптардың қауырсын қаламынан қашалып өмірге келген кейіпкерлердің кемел ойы мен асыл арманын жырлайтын көркемдік мекеме. Театр — жақсылық пен жалғандық жалғасқан майдан алаңы. Абзал ойдың алыптары атыс салған күрес даласы. Эсхил мен Софокл, Шекспир мен Шиллер, Пушкин мен Гоголь күш сынасқан шеберлік аренасы. Оның сайын сахнасында Т. Сальвини, Э. Дузе, С. Бернар, Дж. Гилгуд, М. Дальский, М. Емолова, В. Качалов, М. Чехов кіндіктерін кескен. Сол сырлы сахнадан сұлу саз бен шерменденің шері шырқалған. Сондықтан К. С. Станиславский: Театр — ғимарат, Артист — абыз деген. «Театрға бас сұқпас бұрын қақырынып-түкірініп ал. Ал, ішіне кірген соң, бұрыш-бұрышына түкірмейтін бол. Алайда көпшілік жағдайда актерлер өз театрына: өсек, өштік, қастық, жала, қызғаныш, майда-шүйде жалған намыс сияқты әр турлі тұрмыстық жексұрын нәрселерді ілестіре келеді. Соның нәтижесінде, театр — өнер ғимараты емес, түкіретін, қоқыр-соқыр мен жуынды төгетін жерге айналады» (К. С. Станиславский, Сочинения, том 3. с. 243) деп жазған да сол кісі. Театрдың коллективтік роль атқаратыны әлмисақтан белгілі. Коллективтік өнер гармониялық тұтастықты тілейді. Ол әр тараптан бас қосқан: драматург, режиссер артис те, суретші, композитор, мүсінші, әнші, биші сияқты гармониялық үйлесімін тапқан сахналық бірліктің топтасқан ұйымы. Осындай бірлік тауып, қоғамдасқан үлкен топты театр тілінде «ансамбль» деп атайтыны көпшілікке тағы аян. Осы «ансамбльді» ыдыратып алмай, ие болу — театрдың басты борышы саналады. Аталмыш миссия театр адамдарына ортақ үлес есептелініп, негізгі жауапкершілік жүгі сол мекеменің басшыларына жүктеледі. Алайда, театр қызметін дұрыс басшылыққа алу үшін әмбеге бірдей ортақ заң керек. Ол заң — театрдың қоғамдық, моральдық, творчестволық сипатын демократиялық жолмен жүзеге асыра алатын саяси әрі көркемдік әділ орган болу керек. Міне, сондай заң К. С. Станиславский тұңғыш рет өз қолымен қадасын қаққан «Әдеп» ілімі болып табылады. Әдеп — қоғамдық, моральдық, творчестволық болып әлеуметтік үш тарауға бөлінеді. Қоғамдық әдеп Театр — мемлекеттік мекеме болғандықтан қоғамға қызмет етеді. Актер — қоғам азаматы! К. С. Станиславский: «Актер — слуга народа» десе, Театр да, Актер да — қоғамның құлы! Театр — қоғамның моральдық сипаты болса, Актер — театрдың моральдық сипаты. Екеуі де қоғам үшін еңбек етеді. Қоғам — театрдың моральдық тазалығын әлеуметтік басшылыққа алса, Театр — қоғамға кір жұқтырмау жағын қадағалайды. Қоғам мен Театрдың мемлекеттік міндеті — демократиялық социализмнің сара саясатын сахна арқылы терең талдап, бейнелеп беру. Олай болса, театрдың творчестволық ауа райы (атмосфера) дұрыс қалыптасып, еркін қанат қағу үшін қоғамға төмендегідей жауапкершілік жүктеледі: а) актер әл-ауқаты келгенше дұрыс тамақтану керек, б) ол үшін театрда тамағы жұғымды асханасы немесе дәмді астары мол жақсы жабдықталған буфеті болу шарт, Актердің уақытында дұрыс тамақтануы, оның творчестволық көңіл күйінің әсерлі болуына, рухының биік болып асқақ ой ойлауына, өнімді еңбек етуіне игі әсер етеді. в) актерлер үзбей жаттығулар жасап тұруға тиіс, г) ол үшін театрда жаттығулар (акробатика, би) өткізетін арнайы орын: кіші зал, шеберхана (мастерская) сияқты спорт құралдарымен жабдықталған бөлмелер болу керек. Мұндай гигиеналық шаралар: актердің қимыл-іс еркіндігі мен тән сұлулығын көркемдікке баулитын пластикалық тәрбие үшін қажет. а) актер көркемдік әсер бұлағынан жиі сусындап тұру керек, б) ол үшін театрдың өз музейі, кітапханасы болса өте жақсы. Көркемдік әсер алу үшін, актерлерге творчестволық командировкаға шығып тұруға, шетелге саяхат шегуге, көпгеген театрлармен тәжірибе алмасып тұруға жағдай туғызған абзал. Әлемдік музейлер мен галереяларды аралап көру, көрмелерге қатынасу, көне ескерткіштермен танысу, әр түрлі адамдармен араласып, олардың мінез- құлқын, психологиясын зерттеу творчество адамына зор санаткерлік азық береді. Актер ғылыми танымдық мәселесіне де мықтап ден қою керек, оларға: а) табиғатпен тілдесу (зерттеу), әр түрлі адамдардың тілін, дінін, жаны мен тәнін, күллі өмірін, тарих пен этнографиясын, тұрмыс-салтын зерттеп-білу, б) дүние жүзі халықтарының әдебиеті мен мәдениетін, тарихы мен шежіресін, ән-күйі мен киім-кешегін зерттеу жатады. Міне, осындай ауадай қажет творчестволық шараларды іске асыру үшін актерлерге қоғамның қамқорлығы қажет. «Артистің қоғамдық хал-ахуалы мәз емес. Оның ролі мен маңызын өмірде түсінетіндер өте санаулы. Артист қызметінің сырт жағдайы аса қиын. Артист жұрттың бәрі демалып жатқанда, күндіз де, кеште де жұмыс істеп жатады. Күндізгі уақыттың көпшілігін артист қараңғы жерде, кулистің сасық ауасы мен шаңының ішінде өткізеді. Артист жарық пен ауа тұрмақ, мезгілімен ішетін асы мен түнгі демалысынан да жиі қағылады, өйткені жүйкеге тиетін жұмыс, зорығу ұйқысын қашырады. Кезбе тіршілік (ұзақ жүретін гастрольді айтады. М. Б.), материалдық жағынан жетіспеушілік пен діңкеге тиетін жұмыс, адам организмінің әл-қуаты мен қадір- қасиетін әлсіретіп, артистің онсыз да ауыр тұрмыс жағдайын одан сайын нашарлатып жібереді. Әманда «тәні саудың — жаны сау». Тән мен жан саулығы артист творчествосы үшін өте-мөте қажет. Артистің ауыр тұрмысы таланттың қанат жаюына кері әсер етеді» (там же, с. 424—425) деп К. С. Станиславский актер қауымының «ауыр тұрмысын» ашып айтса, оларды материалдық әм моральдық жағынан қамтамасыз ету де қоғамға жүктеледі. Артист қызметінің қиындығы мен жағдайсыздығы артистерді әр түрлі жағдайларға кіріптар етуге, творчестволық позициясынан айрылып қалуға, кез-келген ымырашылдыққа көне кетуге, кездейсоқ қателіктерге ұрынуға, жалтақтыққа салынуға, жігерсіздікке баруға, жағымпаздыққа үйір болуға, арын айырбастауға, ішкілікке салынуға, нәтижесінде — өзінің артист атағынан, көркемдік идеалынан айрылып қалуға мәжбүр етеді. Осыларды сарапқа салып, Театрдың ішкі, сыртқы моральдық ауа райын жіті қадағалап отыру — қоғамды қ э т и к а ғ а жатады. ІІ. Моральдық әдеп Әдеп — өнегелікке, тәлімгерлікке баулитын ілім. Ол — сахна өнерінің моральдық сипаты,— адамның рухани дүниесін азып-тозудан, ластанып-бұзылудан сақтандырып, жалпы адамдар арасындағы қарым-қатынастарды қалыптастыратын өнегелі тазалық желісіне негізделген тәлім-тәрбие жүйесі. Артист барлық азаматтар сияқты қоғамдық этиканың заңдылықтарын терең түсініп, оған мүлтіксіз бағынуы тиіс. Артист этикасы — сахна санаткерлерінің әдептілік, тәлімдік қасиетін белгілейтін профессионалдық тар арналы сипатына жатады. Іргетасы негізгі коғамдық әдеппен тамырлас. Жалғыз ғана өзгешелігі: сахна өнерінің ерекшеліктеріне сай икемделген. Ал, сахна ерекшелігі күрделі әрі сан қилы. Біз сахна өнері — коллективтік өнер екенін айттық. Кез келген коллектив мүшесі өз алдына дара өнер жасаушы бола тұра көркемдік гармония заңдылықтарына сай, олар өзара бір-бірімен тығыз творчестволық байланыста болады. Бірін-бірі сыйлау, қас-қабақпен түсінісу, еңбегін құрметтеу — ішкі ережеге саяды. Осындай өнеріміздің жағдайына қарай икемделген тәлімдік көріністер артист этикасын тудырады. Жалпы коллективтік өнерге қойылар көркемдік талап көзі творчествоның өз психологиясы мен физиологиялық ерекшеліктерінен арна алады. Бұл жерде творчестволық жігер мен талант басты роль ойнайды. Сондықтан да артист этикасы творчестволық жігер мен талант табиғаты онын характері сияқты ерекшеліктерімен үндес болу болғандықтан, артист этикасының басты мақсаты — құш керек. Талант пен творчестволық жігерге тән нәрсе: құштарлық, құмарлық әм творчестволық іс-әрекетке құлшыну тарлық, құмарлық, әсерлік талаптарына бөгет болатын себеп-салдардың жолын кесу. Өйткені, артист іс жүзінде творчествосының қадамын аштырмайтын не сан бөгесін мен бөгеттердің неше түрлі қиындықтарын бастан кешуге мәжбүр болады. Адалын айтқанда, көпшілік жағдайда бір-біріне кедергі жасайтын артистердің өзі. Кейбіреулері сахна өнерінің биік мақсат-мұраттары мен оның психологиялық әм физиологиялық ерекшеліктерін жете түсінбеуден, қателіктен бөгет жасаса, ал кейбіреулері қызғаныштан эгоистік тұрғыдан саналы түрде әдейі жасайды. Ондайлар сахналас серігінің творчестволық жетістігін көре алмай іші күйеді. Оны кекетіп, мұқатып, жасытып, жабырқатуга күш салады. Ол үшін әзіл мен қалжың түрлерін қару қылып пайдаланады. Мұндай жағдайлар, әсіресе, жолдасының ойнаған ролінде кеткен кем-кетік кемшіліктерді келемеждеу арқылы істелінеді. Сырттан қарағанда зілсіз болып көрінетін әзіл мен мысқылдың залалы мен зардаптары актер творчествосына кері әсер етеді. Ащы әжуа, мірдей мысқыл, қаскүнем қалжың — өнердің қас жауы. Удай кекесін, зәрлі келемеж актердің творчестволық жігерін жасытып, өнерге деген құштарлық құлшынысын, мейір мен меселін тойтарады. Қысылу, қымтырылу, ұялу, қызару белең алады. Аталмыш қас- күнемдік кесепат, таланттың тереңдеп тамыр жаюына құрылған тор, шиеленген шідер. Мұндай кер кеткен кері құбылысқа режиссер болып, көркемдік кеңес болып, театрдың кәсіподағы болып тізе қосып, тыйым салу— моральдық әдепке жатады. Коллективтік творчество саласында жиі кездесетін келесі бір үлкен апат—жұмыс процесі кезіндегі немқұрайлылық, жайбарақаттық. Репетиция үстіндегі бір актердің сүлесоқ әрекеті күллі коллективке жайылып, қажырлы жұмыстың берекесін қашыруға себеп болады. Аталмыш індет-өнер практикасында ең қауіпті, ең азапты құбылыс. Мұның өзі сахналық өнер — коллективтік өнер екенін ескермеуден туатын қорытынды. Театр тарихында орын тепкен тағы бір кесел — атаққұмарлық пен даңққұмарлық. Өзін-өзі жарнамалау. Даңқ пен дақпыртқа құмартып, мақтанның, соңына түсу. Жалынып, жағынып жүріп сахна сымшыларына өзі туралы мақтау мақалалар жазғызу. Арын сатып атақ алу. Талантты адамдарды сырттан жамандап, оның қыр соңына түсу. Өзін-өзі зор тұтып, басқаларды қор тұту. Өзгелерден өзін биік ұстау. Сәл артықшылығын сезсе, мұрнын шүйіріп дандайсу. Басқалардың пайдалы пікірі мен достық сынын елемеу. Жалған табыстан бас айналу сияқты мансапқорлық театрдың творчестволық ауа райын ластап, өнер мен таланттың аяғына тұсау салады. Солай десек, Станиславскийдің этикалық программасының іргетас негізінде өнерге деген тұнықтық, эстетикалық тазалық мұраттарынан желі тартқан ізгі идеялық мөлдір ілім бар. Өнер адамдарына Станиславский әдебін моральдық жолбасшылыққа алу парызы жүктелген. Театрдың міндеті — көрермен қауымының көңілін көтеретін ойын-сауық базарын ұйымдастыру емес, олардың рухын көтеру, ізгілікке тәрбиелеу. Актердің де атқарар міндеті — сол. «Театр — екі жүзді алдаспан; бір жағы жарық үшін күрессе, екінші жағы — түнек үшін күреседі. Театрдың көрермендерге ізгілік шашатын әсер қуаты қандай болса, оның азғындыққа, құлдыраушылыққа, талғамды ластауға, тазалықты былғауға, ерсі құмарлықты қоздыруға, тоғышарлық әдепсіз әдемілікке қызмет ету әсер қуаты да сондай» (К. С. Станиславский. Статьи, Речи, Беседы. Письма. стр 242) деп К. С. Станиславский театрдың күрделі қос қырын: бірі — ізгілік үшін күрессе, екіншісі — жауыздық үшін күресетінін талдап түсіндіріп, өнер адамдарын әдепсіз болудан сақтандырып, ізгілікке шақырады. Сөйтіп, өз заманының, өз уақытының алдыңғы лектегі озат ойлы перзенті К. С. Станиславский театрдың алдына азаматтық биік идеал миссиясын көлденең тартты. Творчество мен этика бір принципте өмір сүру керек екенін, ол принцип — бірлік, тұтастық екенін, азаматтық биік мұрат — сол бірлік принципіне дақ түсірмеу екенін үнемі айтумен болды. Тәртіп пен этика нормасы театрда төменнен де (коллектив), жоғарыдан да (басшылар) тең праволы жағдайда қалыптасу керек. Егер театр басшылары этика мен тәртіп тұрғысынан өздерін жоғары сатыда көрсете алмаса, театр коллективінің арнаулы топтарының күш салғанына қарамастан тәртіп түзелмейді. Сондықтан да К. С. Станиславский, қарапайым сахна жұмысшыларынан бастап, атақты артистер мен даңқты режиссерлерге дейін театр этикасына мүлтіксіз мойын ұсынуын қатаң түрде талап етті. Әсіресе, театр басшыларының ролін айрықша бөліп айтты. «Жүздеген адамдардың сенімі мен қожалығын қолына алған кісіден іскерлік пен парасаттылық, тіпгі одан да биік ар-ұждан тазалығы талап етіледі. Бұл театрдың режиссері мен әкімшілігіне аса зор, аса қиын талап қойылып отыр деген сөз. Аты аталған адамдардың этикасы мен тәртібі басқаларға үлгі болу керек. Басқаларға талап қоя білу үшін, алдымен сол талапты өзі орындауға тиіс. Егер іс пайдасы үшін өзгелер режиссура мен әкімшілдіктің беделінің қамын жеуге міндетті болса, онда соңғылар өз беделін қуаттау үшін өзгелердің істегенін істеуге міндетті; басшы адамдарға тән сыпайылық, іскерлік, үлгілі қызметкер қасиеттеірінен басқа әділ де бола білу қажет» (К. С. Станиславский, сочинения, том 5, с. 435) деп К. С. Станиславский театр басшыларының әділ де парасатты болуын қалайды. Өкінішке орай, іс жүзінде театр басшыларына осы айтылған әдептілік, әділдік, парасаттылык қасиеттері жетпей жатады, жетпей жатса бір сәрі-ау, мүлде болмай жатады. ...О, Тәңірім! Театрда істеген жылдарымызда қандай директорлармен істес болмадық?!. Театрдың ішкі, сыртқы шаруашылығына бел шешіп араласпай кабинетіне кіріп алып, кешке дейін дос-жарандарына телефон соғудан басқа түк бітірмей, қол қусырып қарап отырғандарды да көрдік-ау. Спектакльдің киім- кешегі мен декорациясы дайын болмай, жарғақ құлағымыз жастыққа тимей шырылдап зыр жүгіріп жүргенімізде, селт етпей отырушы еді-ау, шіркіндер... Репетициядан кешігіп қалмайық деп жаяу-жалпы салпақтап, жанымыз мұрнымыздың ұшында жүргенде театрдың жеңіл машинасына қатын-баласын тиеп алып, қонақтан қонаққа барып қағанағы қарық, сағанағы сарық болып қызара бөртіп той тойлап жүретіндерін қайтерсің. Не театрдын тәртібінде, не творчествосында шаруасы болмаушы еді- ау. Тәртіп бұзған актерлерді жөнге саламыз деп жанталасып жүргенде, оларды режиссерге қарсы айдап салып қарап отырушы еді-ау, қасқалар! Режиссерді актерлерге, актерлерді режиссерға айдап салып, «бөліп ал да, билей бердің» саясатын саналы түрде әдейі жүргізіп, өздері қалтарыста жан бағып, қара басының тыныштығын күзеткендерді де бастан кештік-ау. Есесіне, басшылардың алдында құрдай жорғалап, «жатып — жастық, иіліп — төсек болып» иіліп-бүгіліп жүріп, күндердің күнінде омырауына қалалық Кеңестің депутаты белгісін тағып шыға келетіндеріне де төздік-ау. Басқасын былай қойғанда, роль бөлуге араласып, басты-басты кейіпкерлерді өзінің жекжат-жұраттары мен «дос-жарандарына» бұрғыштап, дау-жанжал шығарып, театрдың творчестволық ауа райын бүлдіретін. Коллективке жік салып, топ-топқа бөліп араздық шығаратын. Енді біреулері қарамағындағы қыз-қырқынға көз салып, адамның ар-ұятын аяққа таптаудан ұялмайтын. Директордың нақ сүйеріне айналған әлгі актриса, театр қожалығын қолына алып, әкімдік жүргізе бастайтын. Мұның өзі коллективтің наразылығын туғызып, аяғы үлкен ұрыс-жанжалға жалғасатын. Сөйтіп, театрдың творчестволық этикасына моральдық нұқсан келтіретін. Енді бір директорлар даңғой, мақтаншақ, араққұмар, картақұмар болып келетін. Соның салдарынан театрдың мүлкіне қол салып, ұрлыққа көшетін. Бас бухгалтермен тіл табысып алып, тақияда тамтық қоймайтын. Нәтижесінде, спектакль мен актерлер материалдық үлкен зардап шегетін. Осы жағдайлардың бәрін бастан кешкен, театрдың «кухнясын» жетік білетін К. С. Станиславский: «Іс жүзінде театр басшылары көбіне-көп әділеттілік қасиеттен ада болғандықтан опық жейді. Кейбір басшылардың жеке адамның талантына іңкәрлікпен ден қоюы труппаның шайқалуына мәжбүр етсе, базбіреулер билік құрғанға мастанып мәз болады, ал үшінші біреулері дандайсу, жалған намыс, атаққұмарлық әділеттен тайдырса, төртінші біреу әдепсіздіктен зиян шегеді, т. с. Талантсыздық, өз ісін білмеушілік, іс басқарудағы жүйесіздік пен жоспарсыздық сияқты, тағы басқадай кінәрат басшының беделін түсіреді. Бәрінен де труппадағы бағынышты адамдарының ішінен әйел жынысына басшының махаббат сезімінің оянуы аса қауіпті» (там же, с. 435) деп, ащы да болса ашық айтып, театр басшыларын аталмыш індеттерден қатты сақтандырады. Сондай-ақ, әкімшілдік басшыларынан сахна қызметкерлерінің ауыр еңбегіне адал қарауды талап етеді. Өйткені, артист қызметі өте ауыр жағдайда етеді. Ертеңді-кеш күннің көзін көрмей, таза ауа жұтпай, уақтылы тамақ ішпей, ауырып-сырқағанына қарамай, қалжырағанша еңбек етеді. Тікелей адам психологиясына байланысты болғандықтан олардың жұмысы жүйкені жұқартып, көп жағдайда актерді тұралатып тастайды. Тіпті, кей шақтарда адамның мүмкіншілігінен тыс істер істейді. «Өнер — құрбандыкты қалайды» дейтін К. С. Станиславскийдің лұғатын іске асыру жолында аянбай тер төгіп, қатты зорығады, өлермендікке дейін барады. Ендеше, актер творчествосын бүге-шігесіне дейін түк қалдырмай толық зерттеген ұлы ұстаз: «Егер артист өз ісін сүйсе, онда ол шындап, риясыз, шексіз сүйеді. Бұл құрмет тұтуды қажет етеді. Көпшілік жағдайда басшылар әкімшілігін орынсыз пайдаланып, адамның жан дүниесінің ең ізгі сезіміне жататын суреткердің нәзік сезімін аяп, аялауды естерінен жиі шығарып алады. Адамның дарқын дарынымен, жүйке-тамыр, таза пиғылымен істес болғанда абайлап іс қылу керек» (там же, с. 435—436) деп театр әкімшілігінің алдына қатаң талап қояды. Театрдың мақсаты — драматург тудырған сахналық шығарманың «ішкі тіршілігін», яғни ойы мен идеясын сомдау. Ол үшін актерлерге көтеріңкі көңіл күй, творчестволық бап қажет. Театрдың әкімшілік басшылары бұл туралы қам жеуге тиіс. Алайда іс жүзінде артистер мен әкімдер арасында үзілмейтін қақтығыстар толассыз жүріп жатады. Сахна мен кеңсе арасындағы керіс пен кергілес, кейде кескілескен күреске ұласып, коллектив талқысына дейін түсуге барады. Жалындаған жанжал өрті көпшілік жағдайда әкімдердің бюрократтығынан, менменшілдігінен, артистерді адам екен деп сыйламаушылықтарынан туындап жатады. Театрдың жылдық сметасын солар бекітеді, қай спектакльді қою керектігін солар таңдап, солар шешеді. Артистердің айлық ақысын тағайындайтындар да солар. Кабинеттерін су жаңа мебельдермен безендіріп, қарамағындағы техникалық штаттарды шектен тыс көбейтіп, спектакльге бөлінген бюджетті талан-таражға салып, декорация мен актерлерге тиісті қаражатты қайыршылыққа жеткізетін де әкімшілдік басшылар. Театрдың табысы мен жеңісі солардың басшылығының арқасында болып жатқандай олардың санасына сіңіп кеткен. Спектакль мен актердің бағасын беріп, риза, риза еместігін білдіріп, төрелік айтушылар да солар. Қабақтарын қарс жауап алып, маңғаздана басып, театрдың ауа райын ширықтыратындар да әкімдер. Осындан әрі надан, әрі бюрократ әкімдердің талайымен істес болып, әбден ығыр болған К. С. Станиславский: «Театрда, театр кеңсесінің өз орнын білгені жөн болар. Ол қызмет орны, театр мен өнерге өмір әкелетін — кеңсе емес, сахна. Көрермендерді театрға тартып, оның даңқы мен атағын шығаратын да кеңсе емес, сахна. Өнерді жасайтын да кеңсе емес, сахна. Қоғамның жақсы көретіні де кеңсе емес, сахна,- қоғамға тәлімдік игілігін тигізіп, әсерге бөлейтін де кеңсе емес, сахна. Ақшаны табатын да кеңсе емес, сахна т. б... ...Театрдағы бәленің басы да, өнерді қиратушылар мен»қанаушылар да солар. Театрда қаптап кеткен артист еңбегін қанаушы арсыздар мен кеңсе қайраткерлері сияқты типтерге бойымдағы бар ашу-ызамды төгуге менің тіпті тілім жетпейді» (К. С. Станиславский, сочинения, том 3, с. 265) деп қаны қарайып отырып жазады. Біздің табиғатымызға тән адалдық, ақкөңілдік нәзік сипатымызды шеберлікпен пайдалана білетін театр кеңсесі, сонау театр дүниеге келген есте жоқ ескі заманнан бері артистерді қанаумен келеді. Таңның атысы, кештің батысы творчестволық арман мен қиял қуып, бір жағы репетиция мен спектакльдерге қатысып қатты қажыған актер қауымы тез ашуланып, тез ренжитін қызба болады. Темперамент пен эмоция тасқыны бунағандықтан өмірде актерлер өздерін өздері қорғай алмайтын шарасыз жандар категориясына жатады. Осыйдай әлжуаз мінездеріне сай олар тек қаналуға, пұшаймандықка, өмір бойы опық жеп өкініп өтуге жаралғандай. Артистердің сондай «әлсіз» сырын біліп алған кеңсе мен әкімшілдік басшылары оларды моральдық жағынан да, материалдық жағынан да аямай қанауға әбден дағдыланып алған. Театр әкімшілігі мен кеңсе қайраткерлерінің ішінде өз ролін терең түсініп қызмет атқаратындар жоққа тән. Әйтпесе, өнер мен өнер адамдарының жанашыр жақыны солар болуы керек қой. Жаңа қойылым кезінде зыр жүгіріп, керекті маталарды іздеп тауып, киім тіккізіп, декорациямен жабдықтап, бар жағынан қамтамасыз етіп, қамқор болатын солар емес пе? Көрермен залы мен артистердің киініп-шешінетін бөлмесін таза ұстап, тыныштық орнататындар да театр әкімшілігі ғой. Мінсіз тәртіп, сахна сыртындағы әбігерсіздік, міне, осылардың бәрі артистің сахнадағы творчестволық көңіл күйіне игі әсер ететінін олар білуге тиіс. Мұндай ізгілік жағдай туа қалғанда актер еңбегінің көркемдік деңгейі биіктеп, сахнадан алған эстетикалық ләззатына көрермендердің де көсегесі көгеріп, бір жасап қалмай ма? Ендеше, бұл тек, артистердің ғана емес, әкімшілік пен кеңсе қайраткерлеріңің де, айналып келгенде, театрдың абыройы емес пе? Театрдың абыройы — әкімшілік басшылары мен кеңсе қайраткерлерінің де, режиссер мен актерлердің де, түптеп келгенде, қоғам мен әлеуметтік ортаның да абыройы ғой. «Келіп жатқан көрермендермен алғаш жүздесетін театрдың кез келген қызметкері, швейцар, гардеробщик, билеттер, кассирден бастап, әкімшілдік, кеңсе, директор, қыл аяғы, ақын және композитормен бірігіп, өнер жасаушы артистерге дейін— күллісі өнердің негізгі,мақсатына тұтастай бағынып қызмет етеді. Театр қызметкерлерінің бірі қалмай түгелдей спектакльдің қабырғасын қалаушылар болып табылады» (там же, с. 264) деп К. С. Станиславский: өнердің ортақ мұра екенін, өнердің көркемдігі үшін көрермен болып, театр , болып күресу керек екенін лұғат етсе, спектакльдің дәл басталар алдында киімі мен сахнаға ұстап шығатын заттары дайын болмай костюмер, гример, бутафорлармен айғайласып, қатты ашынып жүрген артистерді театрларымыздан күні бүгінге дейін жиі кездестіруге болады. Әмбеге ортақ көркем- өнер ісі саласында өзінің аса маңызды қызметінің ролін жете түсінбеген костюмер мен гримерге; көрермен алдына артист қалай шықса олай шықсын, бәрібір. Сахна сыртынан аттап шықпайтын олар, өздерінің зейінсіз істеген салақ жұмыстарының нәтижесін көруге де мұршалары болмайды. Мазақ пен қорлықтың көкесін сахнаға шыққан артист көреді. Батыр мен бағланның, сал мен серінің, көсем мен кемеңгердің, шешен мен ділмардың алба-жұлба болып сахнаға шыға келгенін көрген көрерменнің эстетикалық көңіл күйінің қандай боларын айтып жатудың өзі мін. Төл туындыларымыздың қаһармандарын бейнелеп жүрген артистеріміздің қару-жарақ, киім-кешегінде кездесетін салақтық кінәраттарын былай қойғанда, биік мәдениет пен ұқыптылық тілейтін Батыс классикт(ерінің — Мольер, Шекспир, Шиллер, Ибсен қаламдары туғызған зиялы кейіпкерлерінің парик, сақал- мұрт сияқты ең көрнекті атрибуттарының жуылып таралмауы, дәуір мен замана үлгісіне сай киім-кешектерінің пішілім өрнегінен өзгеріп кетуі сияқты мың сан жауапсыздық кінәраттары — театрдың көркемдік пен көріктілік сипатына дақ салатын қатерлі құбылыс. Осындай сахна қызметкерлерінің әдепсіз салақтығынан туындаған бөгеттермен, бөгесіндермен күресе-күресе қайрат-қуатын, жүйке-жігерін сарыққан актердің құр сүлдері ғана қалады. Сөйтіп, рухани азып-тозып, сүмірейіп, сахнаға сұлбасын сүйретіп шыққан артистен толыққанды творчестволық туынды күтуге бола ма? Бұл аздай әлгі костюмерлер мен бутафорлардың сахна сыртында бар даусымен айғайлап сөйлеп, артистердің сөзін естіртпей ұлан-азар шу қылып, жәрмеңкелетіп жүретіндерін қайтерсің?! Театр мен сахнада болып жатқан осындай тәртіпсіздік пен басбұзарлықты байқаған көрермен де ереуілдеп, артист бейбақтың алдына тағы бір бөгесін — көпшіліқтің айғай- шуымен күресу проблемасын тудырады. Нәтижесінде, жалғыз артист қана емес, театр зардап шегеді. Ал, қалың нөпір көрермен қауымын көркемдік тәртіпке шақыру үшін, тәртіп алдымен театрдың өзінен басталу керек. Сайып келгенде, К. С. Станиславскийдің әдеп программасы екі бағытта — актер — суреткердің нық қалыптасып, сахналық творчествосының өркен жаюы мен театрдың моральдық-идеялық сипатының әлеуметтік биік деңгейге иек арту бағытында мемлекеттік іс атқарады. Бірінші бағыт— артист творчествосының көркемдік мән- мазмұнын қалыптастыру мен қамтамасыз етуге көмек етсе, екінші бағыт — театрдың саяси ауарайын сауықтыруға қызмет етеді. Аталмыш екі бағытты бір-бірінен бөлуге немесе бір-біріне қарсы қоюға әсте болмайды. Олар ешуақытта ажырамайтын егіз, емшектес қоғами-көркемдік процестер. Солай десек, сахна өнерінің ерекшелігіне сай әдеп талаптарының биігінен көріну — кеңсе мен театр әкімшілігінің қоғамдық басты парызы. |